Мөңке бидің қартайған кезі екен. Би өзіне сәлем бере келе жатқан жиенін естіп, қарсы алуға қасындағы бір адамын жібереді де, мына сөзді жиенге айт дейді:
Кермиық кеңестен қалды
Шалқасқа шабысынан танды,
Қотыр теке қой бастады,
Қадірен ел бастады.
Хан қайғылы болды,
Би бүкір болды.
Атадан ұл озды,
Анадан қыз озды.
Сол уақыттағы қамқа тон
Көнерім тозды.
Алдынан шыққан адамның осы сөзін естіген жиені былай депті:
Кермиық кеңестен қалса,
Ақылынан танған шығар.
Шалқасқа шабысынан танса,
Азуы шалған шығар.
Қотыр теке қой бастаса
Қожа молданы құдай ұрған шығар.
Қадырген ел бастаса,
Ел озып, тозған шығар.
Хан қайғылы болса,
Халқын жеп қарны шемен болған шығар.
Би бүкір болса,
Сөзі азып, тозған шығар.
Атадан ұл озса, еркін шығар,
Анадан қыз озса, шіркін шығар.
Сол уақыттағы қамқа тон көнеріп тозса
Бұл сен айтқан сөз емес, нағашым,
Мөңке би айтқан сөз шығар-депті.
Сонда жиенінің бұл жауабын естіген Мөңке би жиенім өзімнен артық екен депті.