- БАҚЫТТЫЛАР МЕН БАҚЫТСЫЗДАРДЫ ТАНИ БІЛ, АЛҒАШҚЫЛАРҒА ҮЙІР БОЛ, СОҢҒЫЛАРДАН АУЛАҚ ЖҮР. Жолы болмаушылық — көп жағдайда ақымақтық үшін берілетін жаза. Елеусіз бақытсыздыққа есігіңді ашудан сақтан, ол соңынан көптеген басқа, әлдеқайда ауыр бақытсыздықтарды ерте келеді. Ойындағы алғашқы ереже — картаны уақытында пайдалану: кіші күзер карта алдыңғы жолғы күзердің үлкен картасынан артық. Жол айқын болмаса, ақылды, сақ адамдардың жанында бол, ерте ме, кеш пе олар жол тауып шығады.
- ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА БЕЙІМ АДАМ БОЛЫП КӨРІНУ. Билік басындағыларға оларды қайырымды санаған тиімді: бұл монархтарды жұрт көзіне ұнамды етеді. Билеушінің жалғыз артықшылығы — ол басқа адамдарға қарағанда көбірек жақсылық жасай алады. Достасуға кім дайын болса, сол дос. Бірақ қитығып, жақсылық жасағысы келмейтін адамдар да кездеседі және олар мұны қолынан келмегендіктен емес, өздерінің өркеуделігінен солай етеді: олар ізгілерге бар тұрғыдан қайшы.
- ЖАЛТАРА БІЛУ. Жалтара білу дағдысы өмірдегі пайдалы ереженің бірі болғандықтан, өзіңнің істерің мен маңызды адамдардың пікірін керек жерінде қабыл алмау одан да маңыздырақ. Мағынасыз істер құнды уақытты жеп тауысатын күйе сияқты; бос нәрсемен айналысқаннан гөрі ештеңе істемеген жақсы. Ақылды ешкімді жалықтырмайды, бірақ басқалар да сені жалықтырмайтындай күйді ұстану керек. Бәрінің бабын табуға тырысатын адамның өзіне уақыты қалмайды. Өзіңе, тіпті, достарыңды да үйір ете берме, ал олардан өзіңе бергеннен артықты талап етпе. Ынсапсыздықты ешкім ұнатпайды, әсіресе бұл адамдар арасындағы араласуға қатысты. Қанағат етушілік достық пен құрметті сақтайды, өйткені сыпайылылық шегінде болады. Сонымен, сүйіктіңді сүйсең де, рух еркіндігін сақта және қарым-қатынаста жақсы талғамға қарсы күнә жасама.
- ӨЗІҢНІҢ БАСТЫ ҚАСИЕТІҢДІ БІЛ: өз қабілеттеріңнің озығын дамыт, бірақ қалғанын да ұмытпа. Әркім өз артықшылықтарын жетік білсе, өмірде биік белестерге шыға алар еді. Өзіңнің басты дарыныңды анықтап, ықылас қой; біреулерде ақыл, біреулерде — күш-қайрат басым. Адамдардың көбі өз қабілеттеріне мән бермейтіндіктен, көп нәрседен құр қалады. Жеңіл табыс уақытша масайратады, бірақ бұл уақыт өте келе өкінішке ауысады.
- ӨЗ ПІКІРІҢ БОЛСЫН. Әсіресе бұл маңызды істерде керек. Ақымақтар ойланбайтындығынан опық жейді, істің жартысын да түсінбейтін, не зиянды, не пайданы көре білмейтін олар ойдағыдай қимылдай алмайды; олар елеусіз істерге көп мән береді және бәрін керісінше бағалайды. Көбі ақылы жоқтықтан да оны жоғалтпайды. Тереңге бойлап, көңіл түкпірінде сақталуы тиіс нәрселер бар. Ақылды адамның әр нәрсеге өз пікірі болады, бірақ терең, жоғары мағынасы бар жайға ол ерекше бойлап енеді, өйткені онда өзі ойлағаннан көп сырға кездесетінін біледі. Ойлану осылай алғашқы пікірден әрі озады.
- ӨЗ БАҚ-ТАЛАЙЫҢДЫ СЫНА — бірдеңеге қол жеткізу үшін әрекет ет. Бұл рух салмақтылығын сақтағаннан маңыздырақ. Қырықтан асқан соң денсаулық туралы Гиппократқа жалбарыну* ақымақтық болатыны сияқты, ақылды болу үшін Сенекаға жалбарыну одан да қисынсыз. Өз бақ-талайыңды қисынды басқару — ұлы өнер, дегенмен өз талайының қашан туатынын ешкім де білмейді. Жұлдыздың оңынан туғанын байқаған заматта батыл қимылда; ол батылдарды, және, арулар сияқты, жастарды ұнатады. Жолы болмайтынға талаптанып та керегі жоқ, ол үшін дұрысы шегінген, әйтпесе бақытсыздығын екі еселеп алуы мүмкін. Ал бақыт құсы қонғандар, тек алға!
/*Рим императоры Тиберийдің пікірі/.
- ҚҰПИЯ ЖЕБЕЛЕРДІ АТУ ЖӘНЕ ТОЙТАРУ — қатынаса білудің нәзік шеберліктерінің бірі. Құпия жебелер арқылы ой-ниет тексеріледі, көңіл түкпірі жасырын әрі терең зерттеледі. Бұл жебелер кейде қауіпті, опат етуі де мүмкін, күншілдік уытымен суарылған, құштарлық уына малынған осынау көрінбес найзағайлар күтпеген жерден жасындай жалт ете қалады. Тобырдың өсегі мен жекелеген адамдардың арам ниеттерінен құрылған небір қастандықтар жағдайын шайқалтпаған қаншама адамдар болмашы сөзден масқараға ұшырап, халық құрметінен айрылды. Кейде жебелер, керісінше, пайда әкеледі, ізгі даңқты нығайтады. Білім ғана олардан сенімді қорғайды, ал күнібұрын күткен соққы онша қауіпті емес.
- ТАБЫСТЫ ОЙЫНДЫ УАҚЫТЫНДА ДОҒАРУ. Тәжірибелі ойыншылардың ережесі. Лайықты шегіне білу батыл шабуылдағандай маңызды; қол жеткен нәрсе жеткілікті болғанда тоқтай біл. Үнемі жолы болғыштық әрқашан күдік тудырады; алма-кезек келу сенімдірек, қышқыл-тәтті тек тәттіге қарағанда дұрыстау. Бірінен соң бірі келген сәттіліктен кейін қайғыға тап болуың ғажап емес. Кейде бақ-талай құсы аз уақытқа қонғанмен, молынан қонады. Сол сияқты, жолы болғышқа үнемі кездесе беру бақытты да жалықтырады.
- ГҮЛДЕНІП, ТОЛЫСҚАН НӘРСЕНІ ІЗДЕУ. Табиғаттың бар құбылысы белгілі бір кезеңде толысу шағына жетеді: оған дейін олар пісіп, жетіледі, соңынан бұзылады. Бірақ өнер шығармаларының мүлтіксіз болуы сирек кездеседі, оларды әрқашан одан әрі жетілдіруге болады. Жақсы талғамның артықшылығы — тек мүлтіксіз заттардан ләззат алу қабілеті; бұл қасиет екінің бірінде кездеспейді. Ақылдың да өзінің жоғары дәрежелі толысуы болады; оны тани біл, сөйтіп өзіңді дамыт.
- ХАЛЫҚ СҮЙІСПЕНШІЛІГІ. Жаппай сұқтануды тудыру оңай емес, ал сүйіспеншілік сезімін ояту одан да қиын; бұл ішінара тағдырдың арқасында, көбіне тырысудың нәтижесінде орындалады; алғашқысы бастап береді, екіншісі жалғастырады. Бойдағы қасиеттердің құр өзі жеткіліксіз, кейбіреу құрметке қол жеткізген соң сүйіспеншілікке бөлену қиын емес деп ойлайды. Жұрт қастерлесін десең, ізгі істер жаса, жақсы сөздер мен істерге сараңдық жасама, сүйікті болғың келсе, сен де сүй. Сыпайылық — озық адамдардың дуалы әдісі. Әуелі әрекет ет, соңынан қолыңа қалам алсаң да болады, ұрыс майданынан қағаз бетіне көш. Өйткені жазушылар да халықтың сүйіктілері, көбісі мәңгілік сүйікті.
- ШАМАДАН ТЫС МАСАТТАНБАУ. Жағдайды бұрмалап, ақымақ болып көрінгің келмесе шамадан тыс көтермелеме. Асыра мақтау түсінік пен талғамның шектеулі екенінің белгісі. Мақтау әуесқойлық тудырады, тілекті қоздырады, ал егер шындық сенің бағаңнан төмен болып шықса -әдетте осылай болады — алданған көңіл алданғаны үшін жек көріп өш алады: ол мақталған нәрсеге де, мақтаған адамға да бағытталады. Ақылды адам ұстамды болады, ол ысырапшылдықтан гөрі сараңдық жолын ұстанады. Қадірлі нәрсе сирек кездеседі: сүйінішің зор болса да, сабырлы бол. Шектен тыс таңырқау жалған болып та көрінеді; адамдар сенің талғамың мен ақылыңа сенуден қалады, бұл өзіңе де ұнай қоймас.
- ТУА БІТКЕН ӨКТЕМШІЛІК ТУРАЛЫ. Бұл — мысы басудың құпия көздерінің бірі. Жорта істелген қулықтар мұнда жүрмейді. Оған өз еркінен тыс барлығы да бағынады, тіпті мұны олар сезбей де қалады, сөйтіп табиғи әміршінің құпия күшін мойындайды. Әмір беру дарынын иеленген олар қасиеті жағынан корольдер, туу құқы жағынан арыстандар; олар тағзым етуден тілі байланып қалғандардың жүрегін баурап алады. Егер басқа қасиеттері қолайынан келгенде, бұл адамдар мемлекеттік істердің бірінші жүргізушілері болады, өйткені бір ишаратымен-ақ басқалардың ұзақ сөздеріне қарағанда көп нәрсеге қол жеткізеді.
- ОЙЫҢ АЗШЫЛЫҚПЕН, СӨЗІҢ КӨПШІЛІКПЕН БОЛСЫН. Ағысқа қарсы жүзу ниеті қауіпті. Тек Сократ қана осыған бара алды. Келіспеушілік қорлаған сияқты болады, өйткені басқалардың пікірін теріске шығарады, наразылардың қатары өседі, олардың бірі сен сынаған нәрсені мақтайды, екіншісі мақтағандарды қолдайды. Ақиқат тек аздаған адамдардың үлесі, ал адасу кең таралған. Дана адамды алаңдағы сөзіне қарап тани алмайсың — ол онда өз даусымен емес, іштей келіспесе де ақымақтардың үнімен сөйлейді. Ақылды өзі айтысуы да қарсы болу да ұнамсыз: ол басқаның пікірін ынта қойып тыңдайды. Ой еркін, оны зорлауға болмайды. Ол одан да үнсіздік ордасында болсын, ал жарыққа шыға қалса тек таңдаулы ақылдыларға келсін.
- ҰЛЫ ҚАЙРАТКЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ БІР-БІРІНЕ КӨҢІЛІ АУУ. Қаhарманға қаhарманмен жақындасу тән; осы бір жұмбақ та керемет қасиет — табиғат ғажаптарының бірі. Көңіл мен мінездің бұл туыстығын ақылы шолақ надандар сиқырдың күші деп бағалайды. Көңілі ауу құрметтеуден басталады, одан әрі жақсы көрушілік, соңынан әбден берілушілік келеді. Ол сөзсіз сендіреді және еңбек сіңірмей-ақ баурап алады. Көңілі ауу әдетте шынайы және аяушылық түрінде болады; екеуі де биік рухты рахатқа бөлейді. Оны танып, жаулап алу оңай шаруа емес, ал осынау тылсым бейімділік жоқ жерде ешқандай табандылық көмектеспейді.
- КӨЗДЕГЕН ЕСЕПТІҢ БОЛУЫ, БІРАҚ ОНЫ ТЕРІС ПАЙДАЛАНБАУ. Ішіңдегі ойыңды байқатпа; ниетің көңіл түкпірінде жатсын, оны білдіріп қойсаң жек көру туғызасың, әсіресе бұл астарлы есепке қатысты. Айнала алдау, сондықтан қапы қалма, бірақ күмәніңді сездірме, әйтпесе саған сезікпен қарайтын болады; бұл қауіпті, өйткені жаулық ниет тудыра отырып, ол, түсіңе де кірмеген зұлымдықты қоздырады. Шеберлікпен ойластырылған есеп — әрекеттегі табыс кепілі; ойлану — оның үздік көмекшісі. Істегі жоғарғы шеберлікке толық сенімділік қол жеткізеді.
- ӨЗ ЖИРЕНІШІҢДІ БАСУ. Біз жек көру сезіміне, озық қасиеттерін көре тұрсақ та, жеңіл берілеміз. Бұл табиғи дөрекі бейімділік кейде көрнекті қайраткерлерге де тән. Мінездің бұл ерекшелігін естілік ауыздықтасын — жақсыны жақтырмаудан өткен масқаралық жоқ; жақсыны ұнату қаншалықты мақтарлық болса, оны жек көру соншалықты ұят нәрсе.
- МІНДЕТТЕМЕ АЛУҒА АСЫҚПАУ. Естіліктің алғашқы ережелерінің бірі. Ұлы қабілеттер алға тек ұлы мақсаттар қояды; оларға апарар жол ұзақ, сондықтан да адамдар көбіне орта жолда қалып қояды, басты нәрсені тым кеш қолға алады. Міндеттемені абыроймен орындағаннан, одан жалтару әлдеқайда жеңіл. Бұл жерде жеңгеннен гөрі қашқан дұрыс. Бір міндеттеме екіншісін, одан үлкенін ала келеді, міне адам осылай түпкілікті шырмалады. Қызу мінезді адамдар болады, ондайлар өзіне міндеттемені жеңіл қабылдайды, өзін ақылға жеңдірген көп елікпейді. Ол жеңгеннен гөрі килікпегенді жөн санайды және бір ақымақ орға түскен жерде екінші болғысы келмейді.
- АДАМ НЕҒҰРЛЫМ ТЕРЕҢ БОЛСА, СОҒҰРЛЫМ ТҰЛҒАСЫ БИІК. Әрқашан іштегі нәрсе сырттағыдан көп болуы тиіс. Қаржы жетпегендіктен салынып бітпеген үй сияқты адамдар бар: кіреберісі -сарай, іші — лашық. Мұндай жерге аялдауға үміттенбе, олармен мандытып әңгімелесе алмайсың: сөз кездескен кездегі сәлемнен арыға бармайды. Рас, олар алғаш бір-біріне қошемет сөз айтып, сицилия арғымақтарындай шабады, бірақ көп көсіле алмайды, ой жоқ жерде сөз тез бітеді. Олар аңғал адамдарды жеңіл баурап алады, бірақ тереңге үңіле білетін адам олардың бастары, әлгі дана мысалда айтылғандай, бос* екенін байқайды.
/*Эзоптың мысалдарынан/.
- ПАРАСАТТЫ ЖӘНЕ БАЙҚАҒЫШ АДАМ. Ол жағдайға бағынбайды, қайта оларды уысында ұстайды. Көңілдің терең түкпіріндегіні жаза баспай таниды. Адамды бір қарағаннан бағалай алады. Оның ескертулері дөп түсіп жатады, ең құпия ойларды білу қабілеті дамыған. Ол айқын көреді, терең түсінеді, ақылға қонымды ой жүгіртеді; ол барлығын байқайды, қамтиды, таниды және бағалайды.
- ӨЗІҢДІ ӘРҚАШАН ҚҰРМЕТТЕЙ БІЛУ. Мұны оңаша кезіңде де сақта. Өз ұятың сенің ақтығыңның өлшемі болсын және өз шешіміңнің қаталдығы басқалардың пікірінен маңыздырақ. Адамдардың сөзінен қорқып жөнсіз нәрсе істеме, өз ақылыңның даусына құлақ сал. Өзіңді сыйлай біл, сонда саған Сенеканың қиялындағы ұстаз* керек болмайды.
/*Сенека, Адамгершілік хаттар/.
- ТАҢДАЙ БІЛЕТІН АДАМ. Өмірде көп нәрсе талғамдылыққа байланысты, ол үшін жақсы талғам мен дұрыс ойлау керек — ыждағаттылық пен қулық мұнда жүрмейді. Іріктеу жоқ жерде мүлтіксіздік те жоқ, жақсыны іріктей алу дағдысы артықшылық береді. Дарыны тасыған, ақылы асқан әрі өте еңбексүйгіш адамдар іс іріктеп алуға келгенде аңтарылып қалады: әдейі қателескендей ең нашарына жармасады. Сонымен, бұл туа бітетін ұлы қабілеттердің бірі.
- ЕШҚАШАН КҮЙГЕЛЕКТЕНБЕУ. Естіліктің маңызды ережесі -өзіңді ұстай білу. Үлкен сабырлылық үлкен жүрекке тән, ұлы рухты байсалды қалыптан шығару оңай емес. Құштарлықтар — рухтың гуморлары*; олардың шамадан тыс көбеюі ақылды ауруға ұшыратады, ал бұл ауыздан шығатын болса, ізгі атқа қауіп төнді дей бер. Сонымен, бақытты кезде де, бақытсыздықта да сені ұстамсыз деп жазғырмас үшін өзіңе-өзің ие бол — сонда өзгелер сенің рухыңның биіктігіне таңырқайтын болады.
/*Ежелгі және орта ғасырдағы медицинаның негізінде Гиппократ тұжырымдаған төрт гумор, немесе сөл — қан, флегма, ашық өт және қара өт туралы ілім жатты, адамның денсаулығы мен оның темпараменті олардың ара салмағына байланысты/.
- БАТЫЛДЫҚ ПЕН ПАРАСАТТЫЛЫҚ. Парасат көп толғанатын нәрсені батылдық әп-сәтте шешіп тастайды. Асығыстық — ақымақтың ісі; кедергіні көре білмейтін қарайламай қимылдайды. Ақылды, керісінше, баяулықпен титықтатады: көп көрген салмақты келеді. Ұзақ жиналудың жақсы ойды сәтсіздікке ұшырататын кезі аз емес. Шапшаңдық — табыс кепілі. Бүгінгі істі ертеңге қалдырма, сонда көп нәрсені бітіресің. Император Августың сүйікті мәтелінде айтылғандай — асықпай тездет.
- ӨЖЕТ БОЛУ. Өлі арыстаннан қоян да қорықпайды, айбынмен қалжыңдаспайды:* батылың жетпесе бір рет шегінесің, одан кейін екінші рет шегінуге тура келеді, осылай кете береді: ақыр соңында алдыңнан сол кедергі шығады — одан да мәселені бірден шешкен дұрыс емес пе еді? Рух күші дене қайратынан басым; семсер сияқты, оны әрқашан естілік қынында дайын ұста. Ол — адамның қалқаны. Рух ынжықтығы дене әлсіздігінен зияндырақ. Көптеген қасиеттері бар қаншама адамдар батылсыздықтан өлікке ұқсап күй кешті. Табиғаттың араға тәтті балмен қатар шағып алар азу беруі тегін емес. Сіңір, сүйек және толған тамырдан жаралған тал бойымыздағы рух өрлігі түспесін.
/*Испанның ”махаббатпен ойнамайды” мәтелінің өзгертіліп айтылуы/.
- КҮТЕ БІЛЕТІН АДАМ. Ол үлкен ерлік пен шыдамдылыққа ие болуы тиіс. Ешқашан асықпа және қызуланба. Өзіңді билесең — өзгелерді билейсің. Қолайлы сәтке уақыттың ұзақ жолымен келуге тура келеді. Сен сабырмен қимылдаған уақыт ішінде болашақ сәттіліктер мен құпия ойлар пісіп-жетіледі. Геркулестің кісендеулі күрзісінен гөрі уақыт балдағымен алысқа жетесің. Құдай таяқпен емес, өкіндіру арқылы жазалайды. Бір данышпан айтқандай: “Уақыт пен мен — кез келген жауды жеңіп шығамыз”*. Бақыттың өзі шыдамдылықты өзінің ең тәуір сыйларымен марапаттайды.
/* Император Карл V айтты делінетін сөз/.
- ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУДАҒЫ ШАПШАҢДЫҚ. Табиғи еті тіріліктің нәтижесі. Жылдам да өжет ол үшін қиындық та, қобалжу да сөз емес. Бір адамдар көп ойланғанмен, қолға алған ісін бүлдіріп тынады; кейбіреу мұны ұзақ ойланбастан сәтті аяқтап шығады. Ақыл құрылымы ерекше адамдар бар, қиындық кезінде олар бәрінен жақсы қимылдайды. Мұндай бірегей кісілер ойланып жасағаннан гөрі, қызулықпен кіріскенде көп нәрсеге қол жеткізеді; бірден бітпеген істен болашақта үміт күтпейді. Шапшаңдардың өркені өссін, олар кереметтей ғажаптықпен бәріне үлгереді — ақылға да жылдам, іске де тыңғылықты.
- ЖАҚСЫЛАП ОЙЛАНЫП АЛАТЫНДАР. Тез істелген тез бұзылады; ұзаққа жетсін десең көп еңбектен. Тек мүлтіксіз нәрсе ғана қуаныш әкеледі, тек сәтті жасалған нәрсе ғана қалады. Терең ой уақыт сынынан өтеді. Барлық құнды нәрсе қымбатқа түседі — асыл металдардың балқуы қиын, салмағы да ауыр.
- ҰСТАМДЫ БОЛУ. Әсіреқызылдыққа ұмтылма, қажеттіден артық күш жұмсама. Құр бекерге тыраштануға болмайды. Тәжірибелі құсбегі саятқа керектіден артық сұңқар алмайды. Бойыңдағы барыңды жайып салма — ертең ешкімді таңдандыра алмайсың. Қайтадан көзге түсу үшін, әрқашан бірдеңені бүгіп қал: күн сайын жаңа нәрсе көрсететін адамнан көп үміт күтеді әрі ешқашан оның қазынасының шетіне шыға алмайды.
- ЖҰЛДЫЗЫ ОҢЫНАН ТУАТЫН АДАМ. Бақыт қуанышына шаттық қақпасы арқылы кірген қайғы есігінен шығады — және керісінше. Сондықтан істің ақырын ойлан, әдемі кірудің емес, бақытты шығудың қамын же. Дабыра-даңғойлықпен басталған іс сәтсіздікпен аяқталады. Мәселенің мәнісі сол, кіру кезіндегі жұрттың қошеметіне мәз болма, мұны әркім істей алады, бастысы — сенің кеткенің туралы өкінішпен еске алатын болсын: сүйікті болу маңызды. Бақыт кетушілерге сирек ілеседі: ол қуанышпен қарсы алып, селқос шығарып салады.
- ДҰРЫС ОЙЛАУШЫЛЫҚ. Кейбір адамдар табиғатынан парасатты болып туады, синдересистің осы сыйымен олар даналыққа дейін барады -табысқа апарар жолдың жартысын артқа тастайды. Есейіп, тәжірибенің жиналуына қарай олардың ақылы толысады; пікірлерде ұстамдылық сезіледі; олар қандай болмасын қайран қалуды ақылдың азғырушысы ретінде жек көреді, әсіресе әрбір қадамның маңыздылығы толық сенімділікті талап ететін мемлекеттік істерде жетіктік танытады. Мұндай басқарушылар іспен де, көмекпен де қолдауға лайық.