Керей Бажах

Керей Бажах деген ағаштан түйін түйетін шебер болыпты. Тінәлі елінің Жабас деген байы оған ағаш киіз үй жаса деген тапсырма беріпті. Соны қыстай істеп, ел жайлауға көшерде әкеліп, көрсетеді. Жабас бай үйді ұнатып, жарайды, күзде кел, соғымдық бір мал беремін дейді. Қоңыр күз де келеді. Бірақ бай сөзінен айнып, малын бермей қояды. Оның орнына бір таба нан мен ешкіні жетектетіп жібереді. Сол үйде қонақта отырғанда Бажахтың мініп келген аты жоғалып кетеді. Атын іздеп, сұрау салып, ешкіні сатып жүргенде, Тінәлі елінің биі Көз деген қазір мен тауып беремін деп, 10 сом сүйінші алады да ол да алдап кетеді. Ұрлаған сол елдің ұрысы Көбей екен. Тауы шағылған Бажах еліне жаяу келеді. Күзде тағы сол ауылға барады. Ауылда болыс-билер түгел бас қосып, бір дауды шешіп жатыр екен. Олардың арасында  Бажахтан 10 сом сүйіншісін алып кеткен Көз де бар екен. Сонда Бажах есіктен кіре сала билерге былай депті:

 

Атым Бажах еді

Затым қазақ еді.

Руым -Керей еді,

Ауқатым –кедей еді.

Тінәлінің елі бай деп еді

Сорпасының беті қалқыған

май деп еді.

Біз сияқты кедей барса, көңілі жәйдем еді.

Бар малым жалғыз дөнен еді,

Ұрлаған Тінәлінің ұрысы Көбей еді.

Көйлегім торғай көз бөз еді,

Кеудем қамал бұзар сөз еді.

Атымды әперем деп 10 сом сүйінші алып,

Алдап кеткен биіңіз мына отырған Көз еді.

Талап бізден, әділдік сізден

Сақтансаңыз бұзық істен.

Жаймасаңыз түзуліктен

Күткенім осы еді былтыр күзден- деп болысқа қадала қарайды. Сонда болыс кәсібің не деп сұрайды. Кәсібім маңдай терімді ұқсатқан ағаш еді, бір семіз ат кереге үйінің бағасы еді. Соны істеткен өз ағаңыз Жабас еді. Обалы нешік сонда берген бір ешкі мен мына қалаш еді-деп нанды болыстың алдына ытқытып жібереді. Сонда болыс жоғалған атын төлеттіріп, еңбегін Жабастан айыбымен қайтарыпты.

«Қазақ әдебиеті» газетінен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *