Баяғы заманда бір ерігіп отырған хан халқына мынадай бір жарлық айтқан екен:
«Маған бір қылыш соғып берген адамға ат басындай алтын беремін. Соққан қылышқа қойылатын шарт мынадай: біріншіден — қылыш сондай өткір болсын, шапқанда қара тасты қақ жаратын болсын, жүзі қайтпайтын болсын. Екіншіден — көрген адам тамашалайтын әдемі болсын, ал әдемілігі ренжіп отырған адамды қуантатын болсын. Үшіншіден — ол қылышты көргенде қуанып отырған адам ренжитін болсын. Осы үш шартты орындамасы, соққан адамның басын аламын».
Сонда бір кедей үй ішімен акылдаса отырып: «Осы ханға қылыш соқсам қайтеді, мүмкін қылышым ханның көңілінен шығып, нұр үстіне нұр жауып ханның алтынын алып, біз де ел қатарына қосылармыз», — дейді. Сол ақылға келісіп ханға келіп, қылыш соғуға қажетті темір, мәрмәр асыл тастар сұрайды. Хан қолын қақпай, неше түрлі асыл заттарын береді. Үйіне келіп, кедей қылыш соғуға кіріседі. Оның соққан қылышының өткірлігі хан сұрағандай қара тасты қақ жарады, жүзі қайтпайды. Әдемілігін асыл заттармен әшекелейді. Қылыштың әдемілігі көз тоймайтын болып шығады. Енді өткірлігін таптым, енді қуанып отырған адам ренжитіндей не табамын деп ойланып-толғанып мынадай шешімге келеді. Ол қылыштың бір жеріне әріппен «Бұл дағы өтер» деп жазу жазады. Содан уағдалы күні кедей соққан қылышын ханға апарады. Хан қылышты көріп тамашалап, қуанып қалады.
Сондай әшекеленген екен, қара тасты шауып көріп еді қақ жарады, жүзі қайтпайды. Өткірлігі мен сұрағандай, әдемілігі ренжіп отырған адамды қуантарлық, ал енді қуанып отырған адамды ренжітетіндей не қасиеті бар екен деп қарап отырса, қылыштың бір жеріндегі ұсақ әріппен жазылған «бұл дағы өтер» деген сөзді оқиды. Хан бұл сөзді оқығаннан кейін ойға қалады да, дүние баянсыз екенін түсініп, ақыл қонып тәубешіл болады. Кедейдің еңбегін өзінің айтқан ат басындай алтын береді. Кедей үйіне келіп алтынды жұмсап, өздеріне тамақ, киім үй шаруашылығына қажетті заттарын алып кенеліп қалады.
Ел аузынан