Баталы тілек  

Басыға бақыт қонсын ақ батамыз,

Алла ғұмыр берсін деп көп жасаңыз.

Жағың түспей жамандық көрмеңізші,

Періште әмин десе сол батамыз.

 

Шаңырағың бұл өмірде шайқалмасын,

Риыздығың Тәңірім берген ортаймасын.

Ұл мен қыз өсіп-өнсін саяңызда,

Қызықпен бұл өмірді сайрандасын.

 

Сыйлас боп жарыңызбен құдай қосқан,

Үлгіңіз ұрпағыңа ол бір дастан.

Қабағы мейманыңа ашық болсын,

Риыздық кемімдейді Тәңірім шашқан.

 

Құдаңмен құдай қосқан туыстай бол,

Құдағи, құдағилар суыспай көр.

Қашан да бір-біріңді ұтам деме,

Бақытты бұл өмірде сол ұзақ жол.

 

Дәм берсең мейманыңа батасын ал,

Кем кетік, қол қысқаға көзіңді сал.

Қол қайыр ғибадат боп табылады,

Махшарлық есігіңіз болмасын тар.

 

Отаным, ел-жұртымыз аман болсын,

Ағайын бір-біріңе қоғам болсын.

Бозторғай қой үстіне жұмыртқалар,

Батамыз осыменен тәмам болсын.

Секен шешен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *