ЫҚЫЛАС ОЖАЙҰЛЫ ӨЛЕҢДЕРІ

«Құран»

Әуелі аят, хадис сөздің басы,

Қосарлы бәйіт, мысал келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы.

Абай Құнанбайұлы

Құран мен хадис оқылған кезде,

Отырған жерге нұр тарар.

Өлең де солай ізетті болса,

Жамырай ағып жүрекке

Жапырақ болып жайқалар.

Жапырақ болып жайқалса,

Алпыс екі тамырың,

Сен онда күнсің жанатын.

Маңдайыңның отымен

Маңайыңды жылытып,

Мамырлап қана ағатын.

Сенер едің сол шақта,

Сезер едің шынымен,

Көкірегіңде бүр атқан,

Көбелектің қанатын.

Ойнайды олар ой болып,

Қанаттары сусылдап,

Маңдайымның үстінен.

Мен өйткені Алламның

Ақиқатын түсінем.

Жеті ғарыш ілімін

Жеке бір нұрға тоғытып,

Жүз он төрт сүре шашақтап,

Жер үстіне түсірген,

Жаратушы Хаһ Аллам,

Сен сыйлаған жүректен

Өзімді іздеп келемін,

Өмір – бақи ішінен.

Өзімді іздеп келемін,

Жүрегімнің ішінен.

Ей, кеңістік жазуы!

Сүйем сені мөп-мөлдір

Сүрелерің үшін мен.

Арту-арту белдердің

Аттап өтіп үстінен,

Ай нұрына ат жуған.

Алты құлаш жетпеген,

Текшедей тегіс белдерін,

Жай тасымен шарт буған.

Жел кісінеткен жебесін,

Жеті айлық жерге жеткізген,

Жолбарыс жүрек ерлікті,

Туған жердің топырағын

Тәу ететін елдікті,

Өмір деген зорлықты,

Өлім деген шындықты,

Сенде екенін түсінем.

Құран шариф кітабы,

Сүйем сені тұп-тұнық

Кәусарлығың үшін мен.

Жаратушы Хақ Аллам,

Қалапсаптан құлатып,

Ақ қағазға көктеткен,

Абыройың үшін мен,

Атақ, даңқпен ауырған,

Адамдарды түсінем.

Қашып шығып солардың

Қатарынан бір күні

Мәңгүрт қоғам, мен сенің,

Обалың боп сыздармын,

Отыз екі тісіңнен.

Алаш

Олар…

Сонау қария ғасырда

Күмбезді көк етіп,

Төсекті жер етіп жаратқан даланың,

Көкпеңбек көліне шомылып,

Көгілдір тауына сүйенген.

Көмейі көріктей ат мінген ұлдары

Күлте жал күреңмен жер жүзін шарлаған.

Құлжадай қыздары

Тобықтан төгілген шаштарын,

Семсердің жүзімен тараған.

Алаштың оғылан ұлдары

Осындай тамырдан қан алып,

Осындай құрсақта жаралған.

Шаттығы шанақтан күй болып өрекпіп,

Қайғысы қобыз боп мұң шаққан.

Найзасы жасындай жарқылдап,

Жаңбырдай сіркіреп жебесі

Жауына тіл қатқан,

Дұшпанын теп-тегіс жусатқан,

Бабасы тәрізді,

Даласы секілді аумаған.

Арқаның жеріндей арқасы жап-жалпақ,

Алтайдың шыңындай рухы тым асқақ,

Арманы –

Алатау құзындай талықсып көз ұшта,

Ажалы –

Керілген киіктей тым сұлу, тым қысқа

Алаштың аймаңдай ұлдары!

Кеш түссе күңіреніп,

Боздайды бұл дала

Боздақтар үнімен,

Білмейді-ау осы үнді

Бозөкпе ұлдарың,

Кіндігін кірлеткен

Желетек қыздарың,

Білмейді-ау сол үшін

Саулы інген секілді сай-сүйек сыздарын.

Тәуелді рухты

Тәңір де кешірмес,

Кешірмес жер басып жүруді,

Алланың әр күні «Азат» деп зарланар,

Алаштың оғылан ұлдары

Сол үшін мерт болып,

Сол үшін шәһит боп өлді олар.

Өлерміз ол рас,

Қабірден жолданған

Құдайдың хаты бар,

Ол бізді шақырса, шындыққа шақырар.

Ағылған хаттар-ай

Қанаты тым ыстық,

Кімдерге жетті екен нүкте боп?!

Бес күндік бұл фәни

Бес құлаш матамен оралып,

Тым алыс қашыққа жолданар,

Өйткені біздегі

Өмірдің мазмұны

Өлімнің тілімен оқылар.

Олар…

Алқымы сабадай

Ажалдың пырағын кісінетіп,

Алласын көрмекке

Аспанға аттанған ғайып боп,

Бұл неткен қайсарлық!

Өлсем ғой шіркін-ай,

Осылар секілді шәйіт боп.

Кеше…

Кеңестік бодандық

Менің күп-күрең қаныма суарып,

Қып-қызыл ту ілген

Кермек жасымды

Кекете сімірген.

Мен содан…

Алаш боп үзіліп

Азат боп қайтадан тірілгем,

Тірілгем…

Жусанның бұрқырап бүрінен…

Ұшық

I

…Әрбір істе қазақ исі аңқығанын,

Тірлікте көзімізбен көреміз бе?..

(Ғ. Қараш)

Шіркін-ай!

Ойлай беру ойға да ауыр,

Ойлантпай ойсыздарды қойды-ау өмір,

Кеше менің ішіме торай түнеп,

Сол торай доңыз болып шықты бүгін.

Содан менің танауым тарс бітеліп,

Шырқырап шыбын жаным шықты білем,

Ұжданыма доңыздың демі тиіп,

Ұятынан ұшынған ұлттың бірі ем.

Әй, қайран, Қазақия-ай арды білген,

Аппақ ар ащы суға жанды білем,

Күлінен күлімсі иіс ұрпақ өсіп,

Ғұрпыңды буындырған қолды көрем.

Ұшындым не себептен ұшық шығып,

Ұшығым ұлтсыздықтан болды білем.

Салайын сал десеңіз ащы (ашты) әніме,

Біздің де қариядан қашты әңгіме.

Құдай-ау, уәлі ауыз сақал қайда?

Қайғысы түннен қара, күннен ыстық

Бұл да өзі басты әңгіме,

Бұған жұрт «нұрсәулені» кінәлайды,

Ол өзі…

Өз алдына басқа әңгіме.

Маңайым қызыл танау тердің иісі,

Айналған асқазанға көздің іші.

Обал да оралады от боп анық,

Көз жастың дөңгеленіп ағары хақ,

Иә, әлгі… дүние кезек

Бәріне әмір етер жоғарғы Хақ.

Адамдық айуанатқа ғапылданса,

Қайырылып қара жұртты табары хақ.

Санам-ай Сақтан қалып сансыраған,

Ғұрпым-ай Ғұннан қалып қансыраған.

Құдайым, құлдық ұрдым бір өзіңе

Құтылар құдірет бер бұл «тажалдан».

Қанымды қаламсапқа сертке байлап,

Арыңды ақ қағазбен ұшықтайын.

Не істейін

бұдан өзге енді саған,

Қазақия…?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *