Досқа сыр
Қара өлең – қабырғам кеңестім,
Ойласам бес күндік елеспін.
Алланың құлы едім, ол рас,
Ақшаға құл болған емеспін.
Үй жалдайм!
Үйсіздің бірімін,
Еркіндік құныңды ұғындым.
Кісіге кіріптар (қайранда)
Қабаққа қамалған ғұмырым.
Бір досым жасындай от еді,
Алласы аспанға ап кетті.
Басына баспана тигенше
Бақилық боп кетті.
Тіріңде жансебіл, күйкі күн,
Жан ғой бұл тәніңнен үркетін.
Биікке зымырап ол кетті,
Біздерге қалдырып шикі етін.
Бес күн мен қоштасты бір есім,
Пәниден таба алмай үлесін.
Құрлыққа тоймаған қу құлқын,
Құныңды қабірде білерсің.
Достым-ай!
Сен ғана емессің сенделген,
Талайлар көз жасы көлдеген.
Қаншама обал мен үміттер,
Үкімет үйінде жерленген.
Қайтерсің, қара бас сандалған,
Жүрексіз, жылусыз жандардан.
Теңгеге түтілген өңдерден,
Темірге айналған тәндерден.
Ей, досым, бұл сонда күпір ме?
Көздер көп еті өскен бұл күнде.
Бесікке бөленген пенденің,
Бейітке сыймауы мүмкін бе?
Сен жаным, еске сақта!
Бес күндік үр жалғанның
баянсыз бекерлігін,
Рухы ұлтсыздардың
Тірі өлік екендігін.
Сен жаным, еске сақта!
Бетке алып баба жақты
Мәңгілік қалатының,
Есіңнен сырт қалмасын
Топырақ болатының.
Сен жаным, еске сақта!
Тіреде түйсіктінің
тірлігі ащы екенін,
Өлгенің дәлелдейді,
Жаныңның жақсы екенін.
Сен жаным, еске сақта!
Жоқтыққа қуанғайсың
Сол сені ар ететін,
Түйе біл кедейлікте
Даналық бар екенін.
Сен жаным, еске сақта!
Бүгінге тояттасаң,
Ертеңге өте алмассың.
Төрт бұрыш көк қағаздың
Түбіне жете алмассың.
Сен жаным, еске сақта!
Өлгенмен құтылмассың,
Өңештің сұрауы бар.
Естінің еңбегінде
Есердің жұмағы бар.
Сен жаным, еске сақта!
Бес күндік үр жалғанның
баянсыз бекерлігін,
Аллаңмен жүздестіру
арыңда екендігін.
Тек жаным, еске сақта!
Тек жаным, еске сақта!
Пайғамбар
Адамзаттың асыл тәжі, Пайғамбар
Жолың жұпар болғаннан соң сізге ердік,
Артыңыздан ақиқатты айтуға,
Сізден кейін үр жалғанға біз келдік.
Мен – ақынмын, ал сен болсаң – елшісің
Шымшық тілің шындықты айтқан шыр-пырлап,
Қоғалы көл қоңыр өлең мен едім,
Ауызымнан аққу ұшқан сұңқылдап.
Ей, Мұхаммед, қасіретімді сұрама,
Сақ санама шіре салу шақ қалған,
Көк бөрінің көз жасына иленген,
Рухымды көк қағаздар таптаған
Жәми жалған маңдайына тар болдық,
Туралықпен қашаған соң жолды біз,
Топастардың түйсігімен өлшенсек,
Ей, Мұхаммед, екеуміз де сорлымыз.
Оған куә Тағаланың кітабы,
Сенің тілің шындықты айтып тоқтаған.
Қанағатсыз қарындардан шыңғырған,
Менің тілім тағдырларды жоқтаған.
Әй, Пайғамбар, әділдік жоқ содан соң,
Тағдырымды табыстағам қаламға.
Ойсыздардың ойнағымен жазылды-ау,
Обалымыз он сегіз мың ғаламға.
Сізге
Бір құрсақтан дүреген жетінші едім,
Жан азабым жүйкемді жұлмалаған.
Бір білерім, ол рас, өткінші едім,
Маңдайымды мың қайғы тырмалаған.
Еске алмас ем ет жүрек қамсыз болса,
Ай төбел дидарыңды іздеп келем.
Қабырғамның астынан таң сыздаса,
Қабағымда қара түн дірдектеген.
Омырауымның сақтадым шын түбіне,
Сеніңіз, сырым шүңет теңіз едім.
Күн шашақ, күміс жиек кірпігіме
Үрпісін үкі түннің еміземін.
Әлемнің көшірмесі бізге біткен –
Сіз де сол атыраптың ішіндесіз.
Кеудемдегі көктемнің сізге жеткен,
Жанымның жапырағын түсінерсіз.
Көкірегіме көк қасқа бұлт қайнатып,
Қойнымдағы қоңырға бір қараймын.
Сол сәтте жұлдыз тамыр шыққа айналып,
Жанарынан жалғанның сырғанаймын.
Сен менің қолым жетпес биіктесің,
Ей, менің торғын тамақ иықтасым.
Ақ қағазға жерленген уақыттың,
Сізге арнадым бір түнгі құлыптасын.
Бес күндік сәуле едім…
Келген жағым жер еді,
Кетер тұсым көк еді…
(Автор)
Бес күндік сәуле едім,
Бес күндік күлкі едім,
Содан соң…
Төртуыс топырақ бүркендім.
Аспаннан алыстап
Кеткен бұл пәнидің
Күнәлі көз жасын
Қағазға сіміріп,
Қаламға сүртемін,
Жүрегім налаға боялып.
Ниетім сөйлесе,
Маңдайым жазады.
Білсем де мен мұны
Аспанға ашпадым
Ақиқат сананы.
Әлемнің әр шөбі –
Құдайдың кітабы,
Құранның парағы,
Тек…
Оқылмай тұрғаны болмаса.
Қоғамға бәрі бір
Сілекей ширатып,
Асылып өлсек те.
Парасат күмбезін талқандап,
Ақшаға көмсек те.
Ойнайды сол әуен
Баяғы сарынмен
Атақ пен мансапқа,
Темір мен терсекке,
Пендесін билеткен.
Көне саз күйіне елітіп,
Киік – күн қайда айғып барады,
Рухы тым ауыр жаралы?!
Пенделік пердесін сиырып,
Менмендік дертінен тиылып,
Бұл әлем
Жүректің есігін
Қай күні қағады,
Ғарыштық танымға бастаған.
Ашу
Шіркін, ана зәулім үйдің ғажабы-ай,
Онда тұрған адамдарға бақ қонған,
«Таз үкімет» біз сияқты сорлылар
Тамсансын деп сап қойған.
Бәріміздің басымызда үй болса,
Қаншық қоғам қалмас еді қансырап.
Сол үйлерге қарай-қарай көз талды,
Көз жасымыз кірпішінен тамшылап.
Айпақшы, оның иелері ит баққан,
Е,тоқшылық, көсегеңіз көгерсін!
Жалған дүние, саған жамбас сыймады,
Иә, әрине, жоқшылыққа не дерсің.
Шүкір, менде туған да көп, дос та көп,
Ерлігімді көре алмайтын жүрегі.
Туыстардан көңілім қалған, шын айтам,
Өйткені, олар дұшпанымның біреуі.
Ар-ұяттан аттай салды пысықтар,
Білесіз бе, ондайларға жол болды.
Мен әлімше адал едім қоғамға,
Адалдығым, ал өзіме сор болды.
Өтінемін, «қал қалай» деп сұрама,
Біздікі сол, жоқшылықтың әлегі.
Маңдайыма шимайланған ит тірлік,
Иттікінен сәл, әйтеуір, әдемі.
Қара басым не көрмеді…Сенбейсіз,
Мынау соның қалған түрі басылып.
Маған біткен тағдыр бітсе оларға,
Бір-ақ күнде қалар еді асылып.
Махаббатын көк қағазға билеткен,
Осы адамдар бұл тірлікті тұр ұстап.
Ойнаса да, зорласа да өз еркі,
Олар үшін біздің тағдыр қуыршақ.
Біреулерге ойын болды-ау ғұмыр-күн
Маңдайымның сор шылқыған азабы-ай.
О, Баспана, арман болдың сен бізге,
Шіркін, ана зәулім үйдің ғажабы-ай
Парыз
Мен қазақ едім!
Алдыменен Алладан ар сұрағам,
Содан кейін ақ адал мал сұрағам.
Таңдайымда тарихым таңбаланып,
Менің қобыз тілімнен тамшылаған.
Ақымақтар арыңды азық еткен,
Қайран, қас сақ қайратын қазық еткен.
Абақтының ақырғы деміменен,
Азаттықтың есімін жазып өткен.
Сүт сәулең сүйегімде шағылысқан,
Қабырғалы қазағым қара дастан.
Күрсінісің кеудемде күңіреніп,
Қасіретің қанымда араласқан.
Жирен сөз жылқы болып кісінеген
Мен сөйтіп кеңістіктің ішіне енгем.
Үкіметтің үкімі жер сатқанда,
Құлагердің құсасы түсіме енген.
Түсімнің соңы бітті-ау өрмекшімен,
Жұлдызым төбемдегі сөнбекші ме ең.
Сол түні жануардың жан айқайы
Жас болып жанарымда дөңбекшіген.
Құланың құсасынан түршігіп мен,
Сөйледім жанарымның бүршігімен.
Сол түні дөңгелек жер жылап жатты,
Топырағында бабамның иісі сіңген.
Киеңді көк қағаздар буындырған,
Қасіретіңді қайтейін, құлын далам.
Мінбелерден обалың мертіккенде,
Мәйітіңнің басында шырылдағам.
Мына қоғам, қай қоғам, құсық қоғам,
Кеудесінен ар-иман ұшып болған.
Аллам-ай, адамдардан жалықтым мен
Ақыл есі ақшаға ұшықталған.
Төбемдегі Тәңірдің жан аңсарын
Жер бетіне жеткізу – бар аңсарым.
Жазаласаң, ал енді жазалап көр,
Ақын дейтін Тәңірдің қаламсабын.
Айтып өлем шындықты кір сіңбеген
Жерге тәнім тазарып кірсін деп ем.
Бұ дүниелік сағаттың тықылында
О дүниемнің жүрегі дүрсілдеген.
Ант
Іш-сыртым иістеніп, іріңдеп,
Ит талап жүрегім жыртылсын.
Қабырға сүйегім сөгіліп,
Тіл-жағым түбінен қырқылсын.
Тәнімнен періште дүркіреп,
Жын-шайтан төсімді таптасын.
Көзіме көк шыбын үймелеп,
Көріме көртышқан қаптасын.
Анамның ақ сүті ар болмай,
Жұрт кетсін түкіріп бетіме.
Жаратқан жанымды жақамай,
Жанайын тозақтың өртіне.
Көмусіз тастаңыз мүрдемді,
Шыбын мен шіркей жеп жарысын.
Аш құзғын көзімді опырып,
Көк бөрі кеудеме сарысын.
Көрінде көсілмес тәнімнің
Пошымын қызылқұрт шерткіле,
Терімді тірідей сыпырып,
Тезегім түскенше тепкіле.
Егер де
Ақындық арымды былғасам!
Билікті сүймеймін
Қазақты сүймейтін,
Еміреніп тегіне тартпаған,
Апайтөс ұлына жәрмеңке тәшкісін сүйретіп,
Күнкөріс отына қақтаған.
Анамның сүтінен жаралған
Ибалы тілімді кесіп ап,
Иванның астына таптаған.
Билікті сүймеймін
Қазақты сүймейтін…
Саясат майына санамды қуырып,
Қос көзі қызарған.
Обалым – олардың ойыншығы
Ойнасын шыққанша құмардан.
Жамбасым сиятын жер қимай,
Жалғанға келетін жалғыз-ақ мүрдемді
Мұжықтың үйінен шығарған.
Шарам не?!
Осының барлығы тым аздай,
Қайғыма жамаған жүз өкпе.
Бұл дәуір ұйқыда,
Мүмкін ол меңіреу түнекте,
Қатыгез қоғамның қап-қара бояуын
Шимайлау тым ауыр жүрекке.
Терісбұрау
Ой түбінде жатқан сөз
Шер толқытса шығады.
(Асан Қайғы)
Тағы да торығу,
Тағы да алдану,
Қарынның қамы үшін,
Қоғамға жалдану.
Ес-түссіз жалдану
Біреуге көңілді,
Ал оның себебін сұрама,
Бұл өзі бітпейтін қайғылы,
Қайғылы саяси драма.
Айналам – алаяқ,
Тәнім – мұз, жаным – өрт,
Сайқалдың сайрауы-ай
Шүйдесін ойнатып.
Мен содан сімірем
Ап-ащы заһарды
Алқызыл қанымның
Отына қайнатып.
Қазақы ғұрыптың
Қайнарын іздедім,
О, Ұлттық ұжданым,
Ой, Аппақ намысым,
Бармысың білмедім.
Ар-иман, ұятым,
Өлдің сен, ол рас,
Сен өлдің, Тағылым,
Хош, Хош, Хош қайтейін,
«Ой, бауыр-е-е-м, бауырым».
Қорлаған қоғамға
Алданған арың мен
шайналған обалдың
Жарасы жазылар.
Күні ертең фәнидің
Талқаны таусылып,
Екінші тыныстың
Есігі қағылар.
Қос өмір – екі жол –
Қабірдің үстінде,
Біреуі қара жер ішінде.
Үстінде бітіспес мешкейлер соғысы
Соғыстың мақсаты тым ыстық.
Бірінде – жансебіл
қып-қызыл алқыныс,
Бірінде – мөп-мөлдір тыныштық.
Тарихым мың үзік,
Тағдырым мың батпан,
Тағдырға не дейін,
Тарихым жылатқан.
Анау бір ғасырда
Бұрымы жұлынып,
Тұлымы кесілген,
Шыңғырған шындығым
Шығады қай жақтан?!
Шырылдап шыққан жан,
Шашырап аққан қан
Кремль төріне жетіпті.
О, тәубә, Құдірет!
Мың жылғы мұратым,
Жаншылған рухым
Шоқша бас, шот маңдай
Шал болып кетіпті.
Шалдар-ай, шалдар-ай,
Әділет сұраймын сендерден
Қара жұрт халықтың зарымен
Жүректі маздатып тағы мен.
Қабылдың есімін қашанғы жазасыз
Әбілдің жазықсыз қанымен…