Қариялық

 

Жетпістің бізде келдік қырқасына,

Әрине біз жетпеспіз бір ғасырға.

Дәм біткен кезекпенен өтіп жатыр,

Азайып күнен күнге құрдасың да.

 

Біреудің біреу мұңын тыңдасын ба,

Не келіп, не кетпейді бір басыңа.

Қартайсаң құдай қосқан жарың болсын,

Өзіңді сезінесің тұрғандай қыр басында.

 

Жақсы дос сөз шашпайтын сырласыңда,

Әзіл қалжың жарасар құрдасыңа.

Не көрсеңде Алладан тәубәшіл бол,

Сөзін тыңда ақыл айт мұңдасыңа.

 

Әркімнің көңілінің тарауы бар,

Ой -өріс, сана -сезім қарауы бар.

Мөлшерсіз адамға өмір берілмеген,

Ризық, нәсіп, жарығың санауы бар.

 

Көңіл мұңы жарыққа тілмен шығар,

Тіл өнері жоқ болса іште тынар.

Білген жан өмірінен хаттап кетер,

Бағалап кейінгі ұрпақ оны сынар.

 

Атағы батырлардың жауда шығар,

Билердің шешендігін дауда сынар.

Даналар ел қорғаны жанын қиып,

Халық үшін қара басын құрбан қылар.

 

Өмірдің ащы-тұщы дәмін көрдік,

Ағайын ауылдастың сәнін көрдік.

Жасыңда еш нәрсені ойламайсың,

Аңғарып сақайған соң көңіл бөлдік.

 

Тоймайды мешкей асқа, жаман жасқа,

Мақал сөз мысал үшін замандасқа.

Қартайсаң қазба болма ұрпағыңа,

Құдайым қырсық берме қара басқа.

 

Құдайым ғұмыр берсең кәрі деген,

Ұл мен қыз келін балаң сәні деген.

Қасыңда құдай қосқан жарың болсын,

Бірі кемпір, біреуі шалым деген.

 

Ақылды қариялар елдің көркі,

Жалғансыз шын айтылған сөздің серті.

Байсалды үлгі өнеге бәйбішеден,

Қарттардан кейінгі ұрпақ үлгі терші.

 

Кей кәріні алжыған қазба дейді,

Кей кәріні дүние қоңыз тазша дейді.

Құдайым осылардан аулақ қылшы,

Бұлардың қатарына қоспа деймін.

 

Жетпістің қырқасына шығып тұрмыз,

Жастық өтіп кәрілік келіп ұғып тұрмыз.

Қуат жоқ дәрменсіз болып көңіл қалып,

Бәйгеге қосыла алмай бұғып тұрмыз.

 

Бар шығар сексеннің де сергелдеңі,

Оны да көріп жүр-ау жас келгені.

Азайып тұстасыңда қалады екен,

Көбі жоқ қатарында көз көргені.

 

Тоқсанда қадау-қадау бірі қалып,

Жан шықпас, ажал келмей тірі қалып.

Өлмейтін кәрі қақпас жалмауыз деп,

Әр жерден сөз естисің іліп алып.

 

Қайтесің онан асып жүзге барып,

Кәрілік келген соң сен бір гәріп.

Келмейді екі айналып өткен өмір,

Соңынан тынышталарсың дүние салып.

 

Боз бала он бесі мен жиырмасында,

Бал дәурен қызықты өмір қимасында.

Не нәрсе мәңгі бақи баянды емес,

Жастық өтер кәрілік келер мұңдасыңда.

 

Келмейді енді айналып жиырма бесің,

Қиылып қарайтұғын көңілдесің.

Өткен күн аңыз болып есте қалар,

Қазір сен кәріліктің еліндесің.

 

Отызда өрге басқан шағың еді,

Үй болып шаңырақ құрған бағың еді.

Ұрпағың жас балауса қызғалдақтай,

Уа шіркін ойлап тұрсаң сағым еді.

 

Қырықта сен ақыл толған қырағысың,

Белгілі шаңырақтың тұрағысың.

Қосағың ұрпағыңмен аман болса,

Әрине отбасының шырағысың.

 

Елуде күш қайтпаған ердің шағы,

Жан-жақтан көрінеді қырдың басы.

Өткенін көңіліне елестетіп,

Әр жерден әзіл айтқан замандасы.

 

Алпыста келеді екен алшаң басып,

Бұл кезде қалады екен көңіл жасып.

Қуат аз бар қайратың тілге ауысып,

Кәрілік басталады қара басып.

 

Жетпістің келсең егер жетегіне

Сүрініп құлап жүрме етегіңе.

Болғанда құлақ мүкіс көз көрмесе,

Ешкімнің жармассың кәдесіне.

 

Сексенде қатарың аз селдірейді,

Әр жерден қызыл көз шал мөлдірейді.

Күзетіп жылы жерді отырасың,

Кәріліктен келген бұл елші дейді.

 

Тоқсанға жасың келсе торығасың,

Тұстасың жоқтың қасы жолығатын.

Қасыңда құдай қосқан жарың жоқ болып,

Ішіңнен мұңдаса алмай қамығасың.

 

Жүзге келсең жаныңда серік болмас,

Өз бетіңмен жүретін ерік болмас.

Тірі деген атқа ғана ие болып,

Не бетте не денеде көрік болмас.

 

Көп жасаған кәріде қадыр болмас,

Айтатын жарлығымен әмір болмас.

Қадырмен қасиет жоқ қападағы,

Жүз дегенің ел екен ешкім қонбас.

 

Ақсу Мәдениет үйінде қарттар мерекесінде

Секен шешен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *