Кәрілікке

 

Қартайдық деген кісіміз,

Түсті дейді тісіміз.

Істеген ісі өнімсіз,

Қайтты ғой деп күшіміз.

 

Орнынан тұрса белім деп,

Ауырады әрбір жерім деп.

Қосағы жоқ даралар,

Күтпейді оңдап келін деп.

 

Сақал мен шашқа ақ кіріп,

Сөйлеген сөзге дақ кіріп.

Кәдірді алар кәрілік,

Қарайды жастар жат қылып.

 

Қартаймастай ойлайсың,

Балалық пен жасыңда.

Ғұмыр берсе жасаған,

Сенің де келер басыңа.

 

Азайып әбден қуаты,

Көзінен ағып суаты.

Көз көрмеске құлақ кем,

Тірі деген құр аты.

 

Өтті ғой деп күнім деп,

Қарамас ешкім күлімдеп.

Құлайтын жарға келіп тұр,

Бір тәңірді пірім деп.

 

Кейбір жастар кәрісін,

Саялы жаймен қорғап тұр.

Ақ сүтін ата-ананың,

Тәңірі оны қолдап тұр.

 

Кейбір қарттар ұрпақтан,

Рақым көрмей қажып тұр.

Өз басында құнты жоқтар,

Арақпенен азып тұр.

 

Күшің қалып тіліңде,

Мұңың қалар ішіңде.

Дауасыз дерт кәрілік,

Бір Алланың ісінде.

 

Ауырады дейді аяғым,

Қолына ұстап таяғын.

Кәрілік шіркін келген соң,

Күнің болмас баяғың.

 

Кәрінің кетіп ажары,

Жастықтың өтіп базары.

Баяғыдай болмайды,

Азаяды қатары.

 

Кәріліктің сенен озғаны,

Мүшенің бәрі тозғаны.

Ескі күйім секілді,

Тәңірдің солай жазғаны.

Секен шешен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *