Замандастарға

 

 

Азайды-ау күннен-күнге кұрдастарым,

Кездессек әзіл-қалжың сырластарым.

Әр жерде қадау-қадау қалғаны бар,

Мен енді сіздерге арнап жыр бастадым.

 

Біз келген дүниеге қонақпыз ғой,

Дәм бітсе, қайтар жолға санақпыз ғой.

Барында қадірі жоқ ағайындар,

Жас келсе сағынуға жараппыз ғой.

 

Бірге өскен жастайымнан замандастар,

Дүниеде адам жолын адам бастар.

Жарыққа көңіл сырын шығарады,

Әр жерден қадау-қадау замандастар.

 

Дүниеге келген адам серуенге,

Ұқсайды аз өмірің керуенге.

Сыйласып сол өмірді өткізейік,

Дүниеге тұтқа болмас ешбір пенде.

 

Өмір деген өткінші өрнегімен

Куаныш, реніш бар кермегімен.

Адамға ыстық туған жер топырағы,

Бірге өсіп, ойнап, күлген жерлесімен.

 

Білмейміз бардың қадірін заманында,

Құт дарып, Қыдыр қонған адамында.

Өткен соң қадірі келіп оралады,

Осыған, әй, әлеумет, нанасың ба?

 

Жақсының қадірі болмас заманында,

Өткен соң орны толмас адамына.

Тірі емес өлі бақыт оралады,

Алланың он сегіз мың ғаламында.

 

Дүние алтын сарай әлем екен,

Адамға туған жері мекен екен.

Жан серік бұл әлемге келіп қайту,

Өмір деген өткінші керуен екен.

 

Өткендер көңіл назын жазып кеткен,

Құпия әрбір түрін ашып кеткен.

Сол өмір келе жатыр баянды емес,

Жалғасып, сабақтасып бізге жеткен.

 

Бірде оң, бірде теріс қарастарың,

Әрине, мен онымен санаспадым.

Ауылдас өкпе назды ағайындар,

Мен оны жүрегімнен аластадым.

 

Келеді-ау, өмір, шіркін, аяқталып,

Белгісі кәрілік қой куатты алып.

Істеген жұмысыңның өнімі жоқ,

Бәрі де қиындайды-ау тұзақталып.

 

Әрі дос, әрі құрбы замандастар,

Күн болар, замандас-ау, тамамдасар.

Өмірді жалғайтұғын ұрпақ келіп,

Атыңды ұмытпайды қаламдастар.

 

Сыйласқан туысқандай дос болады,

Ондай досқа көңілің қош болады.

Сағындырған дос келіп құрмет етсең,

Көңілің мәжілістесіп бір толады.

 

Дос деген бұл адамның сыйласы ғой,

Өмірден таңдап алған сырласы ғой.

Сырттай да бір-біріне қорған болған,

Артында ізі қалған жырласы ғой.

 

Кездессек амандыққа қанығамыз,

Кездеспесек сағынып қамығамыз.

Бұл дағы кәріліктің әсері ғой,

Мұң айтып, бір-біріміз шағынамыз.

Секен шешен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *