Баянсыз өмірге, дәрменсіз көңілге.

 

Уа халайық, халайық,

Өмірден мысал алайық.

Ғайбаттамай ешкімді,

Адалдық жолмен тарайық.

 

Дүние бұл өмірдің жазирасы,

Әр әйел өсіп өнер жанұясы.

Өмірге келгеннен соң кетуің бар,

Толқындай жарға соғар дәриясың.

 

Басы жұмыр пендеміз,

Дүниеден өтер баршамыз.

Қамын ойла алдыңның,

Ғибадаттан құр қалмаңыз.

Адамзат көшкен керуен,

Дүние аз күн серуен.

Қуаныш алып келумен,

Қайғысы бар өтумен.

 

Пәни мен баһи арасы,

Адамның жоқ-ау таласы.

Тәңірім солай жаратқан,

Мысалын оның қарашы.

 

Дүние шіркін жалғансың,

Әркімнен кейін қалғансың.

Баянсыз болған тағдырың,

Таусылмайтын армансыз.

 

Пәни дүние жалғаның,

Жүректе жүрер арманың.

Бақилықты еске алсаң,

Мақшарға есік ашқаның.

 

Кезекке пенде жетесің,

Қуаныш алып келесің.

Қайғысын тастап артыңа,

Өзіңде жылап өтесің.

 

Дүние деген кеңсің-ау,

Баянсыз деген сенсің-ау.

Талғаусыз бәрін жұтсаңда,

Қарны тоймас жерсің ау.

 

Адамның бәрін алғанмен,

Қара жер қарны тоймайды.

Сызыққа кезек келгенде,

Дағдыр бізді қоймайды.

 

Жарығыңды сенің сөндіріп,

Сұраусыз сені көндіріп.

Өлшеулі дәмің біткен соң,

Қабірға салар көмдіріп.

 

Өлгендер қайтып келмейді,

Ешкімге дүние ермейді.

Қабырға сені көмген соң,

Періштелер бізді тергейді.

 

Наразы болмайық тәңірге,

Алламыз жазған тағдырға.

Салауат, иман тілейік,

Пайдасы болар қабірде.

 

Қайғысы қалып артында,

Өмірден пәнде өтеді.

Атқан таң мен батқан күн,

Мысалын солай етеді.

 

Жер жұтуын қоймайды,

Армансыз адам болмайды.

Адал болып, адал өт,

Тәңірім соны қолдайды.

 

Тіріге ризық жер ана,

Өлген қабір, көр ана.

Ғибадаттан құр қалмайық,

Тәңірдің жолы ол пана.

 

Пәнимен бақи арасын,

Дұғамен тербеп дауасын.

Өткенді естен шығарма,

Сауабын алып қаласың.

 

Қош айтысып өткендер,

Дүние алтын сарайды.

Дағдыр келсе пәндесі,

Жер қойнына тарайды.

 

Өмірдің жаздым мысалын,

Ой мен барлап жиғаным.

Керектісін сүзіп ал,

Ақылыңа қос сиғанын.

 

Ғибадат жолы иман ғой,

Сауаптан теріп жиған ғой.

Шариғаттың болар түйіні,

Теріс жолдан тиған ғой.

 

Адалдық жолмен жүрейік,

Өмірде ойнап, күлейік.

Ешкімге зиян тигізбей,

Алладан солай тілейік.

 

Тербетсең өмір бесігін,

Адалдық жолың нәсібің.

Мейірімдік жолмен бата алсаң,

Аталып жүрер есімің.

 

Өмірден таза өткендер,

Алды жарық нұр болар.

Шариғаттан терген ой,

Осы сөзім шын болар.

 

Шариғат ұқсаң салтымен,

Тәубәшіл жанның алды кең.

Адалдық бәрін жеңеді,

Жүрегіңмен оған сен.

 

Иман деген болысың,

Тірлікте өтер борышың.

Нәпсіні қуып алданба,

Қара жер мәңгі қонысың.

 

Үш қабат өз киімің,

Артта қалар жиының.

Бақиды естен шығар ма,

Сөздің байқа түйінін.

 

Келместің мінсең кемесін,

Өмірден солай өтесің.

Мақшар күні алдыңда,

Оғанда пенде жетесің.

 

Өмірден мысал көргенім,

Кейбірін есте тергенім.

Керектісін сүзіп ал,

Адалдық жолға сенгенің.

 

Денсаулық тіле Алладан,

Мұсылман қауым барша жан.

Таза жүрек, ақ тілек,

Қайырлы ғұмыр Алладан.

 

Ораза, намаз көрініс,

Ғибадаттың болар пердесі.

Мейірім рахат шапағат,

Сауабын ал пендесі.

 

Нашарға берген қол қайыр,

Ғибадаттың түрі ғой.

Садақаны сауда бер,

Шариғаттың шыны ғой.

 

Осы сөзім нақыл-ау,

Шариғатқа жақын-ау.

О дүниеңді ойласаң,

Ұғып алған мақұл-ау.

 

Үш күннен соң айтады-ау,

Үйренесің көрге деп.

Періштелер бізді тергейді,

Көмгенен соң көрге кеп.

 

Иман керек көрге деп,

Харамдық жолға ерме деп.

Ғибадатсыз иман келмейді,

Тағдырдан бұрын өлме деп.

 

Тағдырдан бұрын өлгендер,

Өзіне-өзі ор қазған.

Екі дүние азабы,

Өмірден олай озбаңдар.

 

Өткінші болған өмір-ай,

Арманда болған көңіл-ай.

Туғаннан соң өлу бар,

Тумаған жанға жеңіл-ай.

 

Тәңірдің құрар торы бар,

Барса келмес жолы бар.

Дүние араша тұра алмас,

Тағдырдың сондай соры бар.

 

Қайырлы ғұмыр тілейік,

Ғибадат жолымен жүрейік.

Таза жүрек, тату дос,

Зиянсыз ойнап күлейік.

 

Уа дүние-ай, дүние-ай,

Біреулер келер сүйініп.

Біреулер өтер күйініп.

Арта қалған  мейманың,

Шығарып салар жиылып.

 

Дұғаға мейман жиылып,

Туыстар жылар қиылып.

Бүгін бармыз ертең жоқ,

Топырақ қалар үйіліп.

 

Бір Аллаға сыйынып,

Қайғы жұтар күйініп.

Артта қалған ұрпағың,

Мұңдасады-ау жиылып.

 

Ағайын көңіл жұбатып,

Тоқтау айтар уатып.

Дауасызға дауа жоқ,

Қимасын олар құлатып.

 

Молдалар аят оқиды,

Піріңіз көңілін жұбатып.

Тағдырдың ісі солай деп,

Бауырың мұңды уатып.

 

Бақиға сапар шеккендер,

Ұмытып оны кетпеңдер.

Сауабын алып олардың,

Кейінгі ұрпақ көктеңдер.

 

Адам ата, Хауа ана,

Олар да өткен дүниеден.

Тәңірдің жазған жарлығы,

Пәндесін солай үйреткен.

 

Өмірге деген саяхат,

Құлағыңды сал жамағат.

Адалдық жолмен өтсек біз,

Пайғамбардан болар шапағат.

 

Нашарға етсең қол қайыр,

Ғибадат болып табылар.

Бес парызды өтесең,

Алдыңнан шырақ жағылар.

 

Құрғақ сөз иман болмайды,

Адал еңбек солмайды.

Таза жүрек, ақ ниет,

Тәңірім соны қолдайды.

 

Нәпсілік жалға ермеңіз,

Ғайбат сөзді термеңіз.

Тағдыры келмей Алланың,

Ажалдан бұрын өлмеңіз.

 

Ажалдан бұрын өлгендер,

Наразылық болар тәңірге.

Асыққаны олардың тамұққа,

Қатты айтты деп қамықпа.

 

Өлгендер қайтып келмейді,

Ешкімге дүние ермейді.

Артта қалған ұрпақтың,

Дұғасы ғана тербейді.

 

Ассалату жаназа,

Мәйітті ақтау араша.

Жақсы ма деп жақсы дер,

Тәңірім солай қаласа.

 

Біреулер алып дәуірін,

Уатып жүр-ау бауырын.

Бір Алланың қолында,

Кімнің қайда баруы.

 

Мәйітке құран бақшылап,

Отыз пара жақсылап.

Бір, екі пара аз болар,

Молдаларға ол сұрақ.

 

Лә илаһа иллалаһ,

70 рет айтып санап қой.

Молдамыз санар жүз таспиқ,

Соған қосар қалап қой.

 

Талхын деп молда оқиды,

Қырық қадам адам кеткен соң.

Мәйітке дейді жеңілдік,

Жер қойнына өткен соң.

 

Қараңғы көрге көмген соң,

Жалғыздық болар басыңа.

Әңкүр-мәңкүр періште,

Сауалға келер қасыңа.

 

Өткінші өмір аяқтап,

Ұрпақтар қалар сабақтап.

Мәйітке сауабы тисін деп,

Дәм береді табақтап.

 

Адамның көңілі өрлеуде,

Қолынан келсе өлмеуде.

Шалқытып бізді жібермес,

Тағдыры бізді жерлеуде.

 

Кәрі де өтеді өмірден,

Жас та өтеді өмірден.

Артта қалған туыстың,

Жас төгілер көзінен.

 

Алланың ісіне дауа жоқ,

Қайғыдан ауыр жаза жоқ.

Қимасаң өмірден өткенде,

 

Дұғадан басқа дауа жоқ.

 

Дүние қуып тірлікте,

Жеткізе алмай санармыз.

Алладан аухал келгенде,

Жер қойнына тарармыз.

 

Топырақтан жаралдық,

Топырақта қалармыз.

Бұйырғаны сол болар,

Үш қабат бөз алармыз.

 

Бақиға деген жол болар,

Пиғылға қарай тор болар.

Екі айналып келмейміз,

Ақыр заман сол болар.

 

Өмірдің солай аяғы,

Адамдар өткен баяғы.

Дүниеден түзу өтсін деп,

Қалдырған бізге сабағы.

 

Алланың жолы адалдық,

Шариғат сөзін қаладық.

Бізде осыған ұйыдық,

Сөз аяғын тәмәм қып.

Секен шешен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *