Адамға абзал сабыр дос,
Жақсы мінез оған қос.
Байсалдылық жарасар,
Ақылыңа ақыл қос.
Жалған сөзде жала көп,
Ағайында ала көп.
Кіндігіңнен шықса да,
Ақылды ұқпас бала көп.
Адамның көркі ақыл деп,
Сыйласқан жары жақын деп.
Таупиықты болса ұл мен қыз,
Тәубә келтір мақұл деп.
Ағайын бар-ау аталас,
Ризық нәсіп шамалас.
Тар жол тайғақ кешуде,
Біріне бірі қарамас.
Сырты бүтін ағайын,
Ішің түтін халайық.
Құмарсың-ау жел сөзге,
Қайсыңа мін тағайын.
Бөспе сөзге келгенде,
Достарың көп сан болмас.
Басыңа қиын іс түссе,
Маңайыңда жан болмас.
Кейбір дос бар жалғандық,
Ұтуды ойлары арман қып.
Әркімнің гүлін бір шоқып,
Арасына салған жік.
Жақсы мінез жанға дос,
Махшарлық жарды оған қос.
Бар мен жоқта айнымас,
Қияметтік адал дос.
Петнәлік пиғыл жайылып,
Адалды адам қайырып.
Арақ ібіліс жау шықты,
Бастан жақты айырып.
Арамға халық ауып жүр,
Қулықты әркім сауып жүр.
Ғадылға өріс тарылып,
Оған пәле жауып жүр.
Харамдық жолда өрісі,
Өсек, өтірік жемісі.
Баршасын бұлай демеймін,
Махшарды ойлар кемісі.
03.12.1998ж
Секен шешен