Мысал


Айтқанмен құрғақ сөзде нәр болмайды,
Теріс мінез кем ақылды жар болмайды.
Қосылса осындайда екі надан,
Шуақты өмірінде сән болмайды.

Үйінде жиі болар айғай керіс,
Біріне-бірі көнбей дейді теріс.
Қосылса бұған арақ көлденеңдеп,
Береді ұрпағына қандай жеміс.

Қосылса екі жақсы жар болады,
Кей бірі перзент көрмей зар болады.
Басқаға бірін-бірі қимай жүрсе,
Бірі шал, бірі кемпір болады.

Ақылды екі жақсы жар болады,
Ұрпағымен дәулеті бар болады.
Алланың рақымына тәубә келтір,
Бір кезде кең дүниесі тар болады.

Бір жақсы бір жаманның жары болған,
Деген сөз құдай қосты мәні болған.
Бұлардың арасынан перзент туып,
Дәнекер арасына сәні болған.

Ұл өссе шаңырағың ұядағы,
Қыз өссе өріс екен қиядағы.
Бәрінен перзенті жоқ қиын екен,
Артында қалмайды екен тұяғы да.

Өмірден оқып естіп білгендерім,
Көз көріп көкірек болжап ілгендерім.
Бұл сөзім әрі қысқа, ірі нұсқа,
Айтыңдар дұрысырақ білгендерің.

Тәңірдің жазған жары бар,
Шариғат сөздің жаны бар.
Таңдаған тазға жолығар,
Өміріңнен ғибрат ал.

 

Шанышқылы Секен шешен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *