ЖОМАРТ
Атымтай жомарт өзі есепсіз бай бола тұрып, күн сайын бір мезгіл үстіне ескі — құсқы киім киіп, отын кесіп, шөп тасып, жұмыс қылады екен. Бір күні өзінің жақын — таныстары сұрады дейді:
— Жомарт, Құдай берген дәулетіңіз бар, ашқа — тамақ жалаңашқа — киім, үйсіздерге — үй болдыңыз, сөйтіп тұрып өз басыңызды кемшілікке салып, жете алмаған жарлыша отын кесіп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не?—деп.
Жомарт айтты дейді:
— Төрт түрлі себеп бар. Әуелгісі: әдемі ат, асыл киім, асқан дәулетті өнебойы әдет етсең, көңілге жел кіргізеді. Сол желіккен көңілмен өзімнен терезесі төмен бейшаралардан жиреніп, көз салмай, кем-кетікке жем беруді ұмытармын деп қорқамын. Екіншісі: бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшілік екенін біліп, кейінгілер әбірет алсын деймін. Үшіншісі: күн сайын өз бейнетіммен тапқан бір-екі пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі, сіңімділігі болады екен. Төртіншісі: Құдай-Тағаламның берген дәулетін өзімсініп, тиісті орындарына жаратпай, көбісін өзім ішіп-жеп, өзім тұтынсам, мал берген иесіне күнәлі болармын деп қорқамын, — деді.