Адамзат қоғамындағы кәсіподақтар 300 жылдан астам уақыт бойы бар екенін атап өткен жөн. Алғашқы кәсіподақтардың тарихы 18 ғасырдың ортасынан бастау алады. Өнеркәсіптік революция кезеңінде олар алғаш рет Англияда — әлемдегі ең экономикалық дамыған елде пайда болды. Осылайша, алғашқы жұмысшылар кәсіподағы пайда болды — қызмет түрімен байланысты ұйым. Бұл кәсіподақ адамдарды біріктіретін ерікті қоғамдық ұйым және істейтін адамдардың басты мақсаты өз мүшелерінің еңбек және әлеуметтік мүдделерін және олардың заңды құқықтарын қорғау болып табылады. Англияда басталған кәсіподақ қозғалысы оның дамуының жалпы заңдылықтарын көрсетті, және олардың еңбек ұжымдарында қорғау негізгі сипатқа ие болды. Бұл дегеніміз, кәсіподақтар жұмыс орындарында лайықты еңбек жағдайларын жасауға, еңбек шарттарын жасауға, заңмен бекітілген жеңілдіктер мен преференцияларды түсіндіруге қоғамдық бақылауды жолға қою шараларын іске асыруда басты рөл атқарды.
Мәселен жұмыссыздық тенденциялары, табыс теңсіздігінің артуы, тұрақсыз және бейресми жұмыспен қамтудың өсуі байқалады, бұл азаматтардың еңбек құқықтарын іске асыруға әсер етеді. Еңбек қатынастарының тиімді жұмыс істеуі үшін жалдамалы еңбек мүдделерінің нақты өкілдігі және жүйесі қажет, сондықтан жұмысшылардың еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жүйесінде кәсіподақтардың қызметіне ерекше орын беріледі. Қоғам дамуының маңызды индикаторларының бірі – жастардың әлеуметтік, экономикалық және еңбек құқықтарының қорғалуы. Осы тұрғыдан алғанда, жастар кәсіподағы – тек еңбекшілердің емес, ел болашағы саналатын жас буынның мүддесін қорғайтын қоғамдық институт ретінде маңызды рөл атқарады. Бұл ұйымның тарихы мен бүгінгі қызметі жастардың өмір сүру сапасына, білім алуына, жұмысқа орналасуына, еңбек жағдайларына тікелей әсер етеді. Сондықтан жастар кәсіподағының кешегі тарихын зерделеу, бүгінгі ахуалын бағалау және болашағына үмітпен қарау – өзекті әрі қажетті мәселе. Кеңес Одағы кезінде кәсіподақтар бүкіл халықтың, соның ішінде жастардың еңбек, әлеуметтік және мәдени құқықтарын қорғау тетігіне айналды. Қазақстан да осы жүйенің құрамында болғандықтан, жастар кәсіподағының негізі сол кезеңде қаланды. Кеңестік кезеңде жастар кәсіподағы мен комсомол ұйымдарының арасы тығыз байланыста болды. Жастар өндірісте, ауыл шаруашылығында, білім беру және құрылыс салаларында белсенді еңбек етіп, кәсіподақ тарапынан түрлі қолдауларға ие болды. Олар үшін сауықтыру лагерьлері, жатақханалар, мәдени-көпшілік, іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі, жалақы, еңбек демалысы сияқты мәселелер де кәсіподақ бақылауында болды. Бұл жүйе жастардың құқықтарын қорғап қана қоймай, олардың әлеуметтік бейімделуіне және дамуына жағдай жасады. Алайда Кеңес Одағының ыдырауымен бұл жүйе де дағдарысқа ұшырады. Кәсіподақтар бұрынғы ықпалынан айрылып, жастар арасындағы беделі төмендеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде кәсіподақ ұйымдары қайта құрылып, жаңа бағытта жұмыс істеуге талпынды. Бұл – жастар кәсіподағының жаңа бетбұрысты кезеңі болды.
Менің ойымша, бүгінгі таңда жастар кәсіподағының қызметі жаңа заман талаптарына сай өзгерістерге ұшырады. Қазіргі жастар – ақпараттық технологиялар дәуірінде өмір сүретін, құндылықтары мен көзқарастары алдыңғы буыннан өзгеше ұрпақ. Олар еңбек нарығына өзіндік талаптармен шығып, кәсіби еркіндік пен әділеттілікті бірінші орынға қояды. Сондықтан қазіргі жастар кәсіподағы тек еңбек құқығын қорғаумен шектелмей, жеке дамуға, білім алуға, кәсіпкерлік бастамаларға, әлеуметтік әділеттілікке жағдай жасау бағытында да жұмыс істеуде. Қазақстанда бүгінде бірнеше кәсіподақ ұйымдарының құрамында жастар қанаты жұмыс істейді. Мысалы, Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясының жастар кеңесі, салалық кәсіподақтар жанындағы жастар комитеттері жастарды кәсіподақ қозғалысына тарту, құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс істейді. Сонымен қатар, жастар арасында кәсіподақ имиджін көтеру, заманауи құралдар арқылы коммуникацияны жолға қою барысында әлеуметтік желілер, форумдар, тренингтер жүйелі түрде қолға алынған. Бірақ, бұл саланың алдында бірқатар күрделі мәселелер де бар. Жастардың кәсіподаққа сенімі толық емес. Көп жағдайда олар кәсіподақты ескі жүйенің қалдығы ретінде қабылдайды. Жеке сектордағы жұмыс берушілер кәсіподаққа мүше болуға кедергі келтіретін жағдайлар жиі кездеседі. Жастардың еңбек құқықтары бұзылғанымен, олар қайда жүгінерін білмейді немесе үнсіз қалуды жөн көреді. Бұл – қазіргі жастар кәсіподағының тиімді жұмыс істемеуінен немесе олардың қызметі жөнінде ақпараттың аздығынан туындайды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні жастар кәсіподағы – бұл жай ғана ұйым емес, бұл – жас ұрпақтың үні, құқық пен әділеттіліктің тірегі. Ол кешегі кеңестік тәжірибенің жалғасы ретінде бастау алып, бүгінгі қоғамда өзіндік орнын қалыптастырып келеді. Алайда уақыт талабы – оны жаңа деңгейге көтеру. Цифрлы, білімді, батыл және әділетті қоғам құруда жастар кәсіподағы маңызды күшке айналуы тиіс. Ол үшін қоғам, мемлекет, бизнес және жастардың өзі күш біріктіріп, кәсіподақ мәдениетін жаңаша қалыптастыруы қажет. Сонда ғана жастар кәсіподағы – кеше мен бүгіннің тәжірибесін біріктіре отырып, ертеңгі жарқын болашақтың кепілі бола алады.
Дүйсен Жібек
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі