МО ЯН ЖӘНЕ «ҚОЯН»

МО ЯН ЖӘНЕ «ҚОЯН»

(Мо Янның Қазақстан сапарынан туған ойлар)

Новел сыйлығының иегері Мо Ян елімізге келгелі жөнді-жөнсіз біраз пікірдің шекесі көрінді. Біреу мақтады, біреу даттады. Біреу кереметтің кереметі деп оның жанына қисая, қыстырыла суретке түскеніне мәз. Біреу кекірелей қарағансып, кедейдің кесірлі кеудесімен шіренеді. Тіпті, «мұндай жазушы бізде де бар» деп тисе терекке, тимесе бұтаққа тас атқандар да табылды. Жөн. Себебі, бәрі де Мо Янды емес, өзінде не бар соны көрсетіп, ойының жеткен жерінен сөйлеп жатыр.
Ендеше, Мо Ян кім?
Мо Ян – жазушы.
Жазушы деген кім – қара сөздің ішіне жан-тәнімен кіріп, көркем ойлар өрбітудің шебері. Мо Ян осы атқа лайық.

Біздегі біраз қаламгердің оған, оның шығармасына таңданып, табынуын да түсінуге болады. Себебі, олар бұрын қытай классик әдебиеті мен осы заман қытай әдебиетінің үздік шығармаларымен танысып үлгермеді. Көздеріне жалғыз Мо Ян көрінді.
Мо Янның мықты жазушы екеніне еш шүбә, күмән жоқ. Дегенмен де, «аспан асты елінің аспан астындағы жалғыз жазушысы» ретінде атауға болмайды.

Өз басым Мо Ян шығармаларын оқыдым, бағаладым. Бірақ, шыны керек, теңіздей тебіреніп кеттім деп айта алмаймын. Оның да өз себебі бар.

Бала күнімде қазақ әдебиеті жұрнағын бірде-бір басылымнан таппай, қытай әдебиеті үлгілерін талғап, таңдамай құшырлана оқитынмын.

Əсіресе, қазақ оқырмандарына алдымен жеткен Лу Шұн, Го Моро, Ай Чиң секілді ақын-жазушылардың шығармалары болды. 1977-1979 жылдар аралығында менің қолыма тигендері Дұң Зы атты бала кейіпкері бар «Жайнаған қызыл жұлдыз» атты кітап (авторы есімде жоқ), одан Яң Моның «Жастық жыры», Чүй Боның «Қалың орман қарлы дала» шығармалары; қытай əдебиетіндегі шоқтықты классикалық туындылар – «Су бойында», «Батысқа саяхат», «Үш патшалық қиссасы», «Қызыл сарайдағы түс» шығармаларына қол жетті. Жын-шайтандар туралы «Лияужай аңыздары» және аударма арқылы жеткен «Финосияның қызықтары» сынды кітаптар.

Осының ішінде Лу Шұн шығармалары, «Су бойында», «Батысқа саяхат» романдары әліге дейін «таңдайымда», дәмі кетпейді. Қазір де таңданып оқимын. Әдебиет көшінен қалмаған, ескірмеген құнды дүниелер.

«Мәдениет төңкерісі» аталатын зобалаң 1976 жылы аяқтады да, «бай-кунак, халық жауының ұлы» болған біздер ес жия бастадық. 1978-1980 жылдар қытай қоғамына «Нағыз Азаттық» – оңалу дәуірі келді.
Осы жылдар Шынжаң баспалары көл-көсір кітаптар шығарды. Бір тәуірі қазақ әдебиетінің ірі өкілдері де арғы бетте арт-артынан жарық көрді. М.Əуезовтың «Абай» жəне «Абай жолы», Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты», «Ұлпан», С.Мұқановтың «Ботагөз», «Сұлушаш» кітаптары, Лев Толстойдың, Гоголдің, Балзактың, Пушкиннің, Байронның, Андерсонның, Шекспирдің, Мопассанның, Чеховтың, Диемоның, М.Шолоховтың, Горькийдің, Жул Верннің, Диккенстің, Сервантестің, Н.Островскийдің, Тургеновтың, Лермонтовтың, Ш.Айтматовтың шығармалары бірінен соңы бірі жетті.
Осындай шуақты сәтте қытайдағы қазақ қаламгерлері қытай әдебиетін жаппай қазақшалады. Н.Жабағытайұлы, М.Əленұлы, Ə.Байболатов, Ғ.Оспан, Ə.Ақыштайұлы, Қ.Қалиақбарұлы, Х.Əкімжан, Ə.Тішанұлы, А.Изатбекұлы, Қ.Арабин, Ш.Əубəкір, Н.Сапанұлы, А.Раданұлы, Ə.Қатбаев, К.Қайыржан, Ə.Əбеуұлы, Қ.Тəбаракқызы, Е.Құрманбекқызы секілді белді аудармашылар Лу Шұн, Мау Дұн, Ба Жин, Яң Мо, Лау Шы шығармаларын, Сау Шуечиннің «Қызыл сарайдағы түсін», Ло Гуанжұңның «Үш патшалық қиссасын», У Чың-ынның «Батысқа саяхатын», Шы Найан мен Ло Гуонжұңның «Су бойындасын» жəне «Таң дəуірінің таңдамалы өлеңдерін» арт-артынан тəржімеледі. Оның бәрін түгендеп айтып шығу бұл мақалаға симайды.

Шынжаң телевизиясында аударма фильм жасау орталығының жұмыс бастауымен кинофильм аудару ісі де мол жеміс берді. Қытайдың көркем, үздік шығармалараның киноласқан түрін экран арқылы тамашаладық.

Қытай қазақтарындағы аударманың тағы бір ерекшелігі, əлем əдебиетінің озық үлгілері қытай тілі арқылы қазақ оқырмандарына күнбе-күн жетіп тұрды. Ондағы қазақ жастары болған біздер сол кездің өзінде-ақ, əлем əдебиетінің озық үлгілерінен өз қажетімізді оңай табатынбыз.
Қазақстанға келіп, өткен жылы елеусіз ғана өмірден өткен бір ғана Найманғазы Сапанұлы (С.Найман) аударма арқылы қазақ әдебиетіне қаншама құнды дүние берді. Қытай халқының Таң патшалығы тұсында жасаған классикалық ақындары Ли Бай, Дуфу, Бай Жуй қатарлылардың, осы заманғы ақындары Го Шау Щуанның, Ян Щіннің, Ли Иыңның, сондай- ақ шет ел ақындарының таңдаулы өлеңдерін, таяу заман прозалық туындыларынан Ба Жиннің «Туманын», Гомороның «Ақ өрік ағашы» мен «Нажағай жырын», Сау Юидің «Нажағайлы нөсерін», Уаң Юанжанның «Әкесі» мен «Жеті тал сіріңкесін», Малщинхудың «Ең көрікті гүлдері», «Жасыл құм» тақырыпты очерктерін, Хауранның «Арайлы аспан» романын (екі том), Шекспирдің «Венеция саудагерін», Чарлиз Дикенстің «Девид Коппер фильмін», Гарсия Маркестің «Полковникке ешкім хат жазбаптысын», Михайл Шолохов шығармаларын, сондай- ақ, «Андерсеннің балалар ертегілерін», «Гитлердің зауалы», т.б әлемдік туындыларды қазақ тіліне аударған еді.

Сөйтіп, біз аударма арқылы жоғарыда аты аталған қытай әдебиетінің өкілдік көркем шығармаларымен және әлем әдебиеті жауһарларымен мейлінше сусындадық. Осы заман әдебиетінің таңдаулы өкілдерімен де таныспыз. Мо Янға таңданып, табынып кетпеуіміздің бір себебі сонда.

«Мо Ян қазақ әдебиетін танымайды екен» деген өкпенің де өз жөні бар. Сібе ұлтынан шыққан аудармашы Қабай Абай шығармалары мен «Абай», «Абай жолы» романдарын осы ғасырдың басында ғана қытайшалады. Одан қалса әр жерде ептеп-септеп Ж.Жабаев, Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов, М.Əуезов, Д.Досжан, Қ.Найманбаев, С.Мұратбеков, Т.Ахтанов, О.Бөкей, Н.Келімбетов, т.б. шығармалары қытай тілінде аздаған данамен жарық көрді. Және де көбі Шынжаң баспаларында басылды. Мо Ян басқа өңірде өсіп-өнді. Телегей теңіз қытай әдебиеті жөнінен алғанда, қазақ әдебиеті тамшы ғұрлы саналмайды. Іздеп оқитындай ауыздан ауызға тараған әпсанасы да жоқ. Мо Ян үшін қызық болмады.

Бүгінгі әдебиет туралы айтқанда, Мо Ян қытай әдебиетінде бар озық үлгілердің нәрін алып, оны әлем әдебиетімен үндестіріп, өзінің жасампаздық ой-қуатын жаңаша түрлендірген көркем сөз шебері. Біз мойындайық, мойындамайық, Мо Ян XXI ғасырдағы ең ықпалды қытай жазушыларының бірі. Оның шығармалары ондаған тілге аударылып, әлемнің көптеген елдеріне тарады. Нобель сыйлығын алған Қытайда тұратын алғашқы қытай жазушысы. Оның шығармалары – ауыл өмірін шынайы суреттеу, тарих пен заманауи қоғам мәселелерін қатар көрсету, аңыз, миф және шындықты шеберлікпен ұштасрыу, адам тағдырының иірімдеріне үңілу, билік пен қоғам тақырыбын қаузау жақтарынан ерекшеленеді. Атақты «Қызық қонақ» («Қызыл гаолян») романында қытай ауылындағы бірнеше ұрпақтың тағдыры мен тұрмыс-тіршілігі арқылы тірлік үшін жанталас, соғыс қасіреті, отбасы мен ұрпақ сабақтастығы, махаббат пен еркіндік шеберлікпен суреттеледі.
«Бақа» романында акушер әйелдің өмірі арқылы Қытайдағы «бір отбасы – бір бала» саясатының адамдар тағдырына қалай әсер еткені көркем суретпен кестегенген. Шығармада бала туу, отбасы, ар-ождан, адамгершілік және мемлекет саясатының қарапайым халық өміріне ықпалы терең бейнеленген. Ең басты ерекшелігінің бірі – «отқа күйдірмей, суға батырмай» қытай қоғамының «қылмысын» да шымшылап, көркем сурет жасағаны. Сөйтіп, Мо Ян халықтың аңыз әпсана-ертегілерін, тарих және қазіргі өмірін өзара тоғыстырып көркемдік әлем жасаған суреткер ретінде танылды, бағаланды.

Ендеше, ірі жазушыға ірі ойлармен ғана жақындауға болады. Қыр аспайтын қылтың, қысыр сөзді қою керек. Ең басты ерекшеліктің бірі – оның талантына қосылған еңбеккерлік рухы, тынымсыз іздену ерекшелігі.
Олай болса, біз де өз әдебиетіміздің жетістігін пайдалана отырып, әлем әдебиетіне қанығып, өзгеше қолтаңбамен жаңа соқпақ жасауға күш салуымыз тиіс. Бір қарағанда, Мо Ян бізге осы жағынан үлгі көрсетіп, ой салды. Оның бұл реткі сапарын саясиландырудың да қажеті жоқ. Адамзатқа берген моң еңбегін әдебиет сынды саялы бәйтеректің бір бұтағы ретінде бағалап, ат басын ауылымызға бұрғанына рахмет айтуымыз керек.
Мо Янды айтамыз деп қоян қуып кетпейік. Әлемдік әдебиетке алтын көпір іздеген қазақ қаламгерлері ұлы жолда шаршап-шалдықпай, жемісті еңбек етсе талай биікті бағындырады.

Жәди Шәкенұлы
Жазушы-тарихшы,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,
Еуразия жазушылар одағының мүшесі.
Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері.
23.06.2026.
Алматы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *