1
ОТЫЗ БЕС ЖЫЛ БҰРЫН ОСЫЛАЙ ТОЛҒАҒАН ЕКЕНБІЗ…
РУХЫМЫЗДЫҢ ҰЛТЫ КІМ?
1. Балаңыздың ұлты кім?
Осыдан алты-жеті жыл бұрын. Жаңару самалы еспеген, сең қозғалмаған кез. Бір жолдастың балабақшаға барып жұрген бес-алты жасар баласына сұрақ қойылды. Қызық үшін, әрине.
— Сәулеш, айта қойшы, сенің ұлтың кім?
Сәулеш сүраққа түсініңкіремей, жаутаңдап қалды.
— Ұлтыңды айтамыз. Мысалы, орыссың ба, қазақсың ба, әлде татарсың ба?
— Мен — орыспын, — деді Сәулеш.
— Сен қалай орыс боласың? Папаң да, мамаң да қазақ қой.
Ендеше, сен де қазақсың.
— Жоқ, мен — орыспын. Папам — қазақ, мамам — қазақ. Ал мен орыспын. Қазақ болғым келмейді.
Сәулештің шешесі “ой-буй, бетім-ай, таза, жерге қараттың- ау, құрттың-ау сен бізді, енді қайтейін?” деп күйіп-пісіп жатыр. “Әй, баламысың деген-ай” деп қысылғаннан күлдік бәріміз. Сырттай сыр бермегенсіп күлгенмен, іштей мұңайысып қалған едік. Бұл жалғыз Сәулештің басындағы жағдай еместігін білгеннен кейін де мұңайдық.
Әке-шешесі бірдей қазақ бала бұлай “сайрағанда” не әкесі, не шешесі өзге ұлттың өкілі болған, аралас некеден туған балалар қайтер екен деген қапылысты қаратұман ой келген.
Есіме балалық шақта бірге ойнап өскен досым түседі. Аты Мұрат еді. Әкесі — қазақ, анасы — молдаван болатын. “Мұрат” деген есімі тақиясына тар келетіндей-ақ әлгіні бәріміз “Миша, Мишка” деп атап кеткенбіз. Сол Мишканың әкесі бір таңда ауыл жанындағы ағаш ішінде асулы тұрған жерінен табылды. Өзіне қолды өзі салыпты. Байғүстың неге өйткенін кім білсін? Ал Миша әскерден ауылға паспортын өзгертіп, ұлтын орыс деп жаздырып, Михаил Смирнов болып келді. Әкесінің ұлты — қазақтан безді. Тым болмаса анам молдаван еді деп молдаван да болған жоқ. Ұлтаралық некеден туған ұрпақтың бұл мен байқаған бір ғана қасіреті екені күмәнсіз. Әрине, ұлтаралық неке біздің қоғамдағы санаспауға болмайтын үлкен құбылысы. Дүниеде ұлтаралық некелерден тұтас ұлыстар, халықтар пайда болғанын қайда қоямыз. Бұл құбылыстың жалпы әлемдік өркениет, адамдық ізгілік, парасатты мұрат тұрғысынан алғанда игілікті оң мәнін ешкім жоққа шығармайды. Ол — ұлттар достығының да бейнелі, нышанды дәнекері. Бірақ өзінен саны көп ұлттың арасына сіңіп жоғалып кету қаупі төнген қазақ, татар, башқұрт, ноғай сияқты аз халықтар үшін ұлтаралық некенің зиянды жақтары да аз емес сияқты. Қазіргі қалыптасқан демографиялык, жағдай, ұлттардың арасалмағы, көп жерде орыстық рухтың басымдығы осылай пайымдатады.
Әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін Геннадий Колбин шынайы интернационализмді, нағыз ұлттар достығын аралас некелі үйелмендерден тауып, Алматыда жалаулатып соның мерекесін өткізіп, біраз дабыралатқаны бар. Әйтсе де қазақтың бар келіні Надежда Лушникова жеңгеміздей, қазақтың бар күйеу баласы Қоңыр Иштван жездеміздей қайдан болсын. Қазақ ауылымен, қазақ салтымен біте қайнасып, абысын- ажылықтың жібек жібін жалғаған ұлты татар, орыс, неміс, поляк, украин әжелерімізді, жеңгелер мен келіндерді өз басым жиі кездестірдім. Оларды неміс екен-ау, татар екен-ау деп тіпті ойламайсың да. Қазақ. Ойы да, сөзі де, мінезі де. Жылдар өте түрі де қазақ боп кетеді. Балалары екі бастан қазақ. Сүйсінесің, шүкіршілік етесің.
Ал енді менің Мишка Смирнов болып кеткен Мұрат досымның керін келтіретін, бұларға керісінше жағдайлар, ендігі жерде өзгерсе өзі біледі, дәл қазірге дейін басымырақ болды ма деймін. Аралас некеден туған бала не әкесінің, не анасының ұлтын қабылдайды десек, қазақ пен европалық ұлттар арасындағы некеде біздің халықтың мүддесі қағажу көріп жататыны анық. Ең ерледі дегенде ұлты қазақ болып жазылғанымен, тәрбиесінде, тілінде, рухында, мінез-құлқында ұлттық қасиет кемірек болады немесе мүлде болмайды. Ендеше, жоғарыдағы Миша боп кеткен Мұраттардың, Света боп кеткен Сәулелердің әрқайсысы ұлтымыз үшін демографиялық шығын екенін ескеріп отырмағымыз ләзім.
Осы түрғыдан алғанда ұлтаралық неке төңірегінде қазақ қауымы мемлекеттік дәрежеде ақылдасып, ойласатын мәселелер баршылық.
Сонымен, әлеумет, мына сауалға жауапты бірлесіп ізделікші: баламыздың ұлты кім?
2. Күйеуіңіздің ұлты кім?
Көріп те жүрсіздер, естіп те жүрсіздер. Қайсыбір ауылдың жігіттері, құдай салмасын, қиянпұрыс қызғаншақ келеді. Ауылдарындағы тәуір қыздарды сырттарынан қызғышша қорып, жан біткеннен қызғанып, жанына жақын да жолатпай қояды. Меймандық жолмен бөтен бір жігіт келе қалса, оның ауыл “сұлуына” көзі түсіп шүйіркелесе қалса, жанжал басталды дей беріңіз. Мейманның “сыбағасын” қолма-қол беріп, соңынан ит қосып қуалаудан тайынбайтын көксоққандар да болады; алып қашып кете ме деп аңдып, түн баласы қыз үйін қарауылдайды.
Осы бір езу тарттыратын әрі періште қызғаныштың тұңғиығында үлкен сыр жатыр. Ауыл жігіттері бүл жерде өзінің сүйген қалыңдығын, немесе отасқан жарын қызғанып отырған жоқ. Бұл — жақсы көретін туған қызын тұрмысқа ұзатардағы әкенің қызғанышы сияқты пәк, аяулы сезім. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай аялап өсірген қызың ертең кіммен тұрмыс құрады, кімге күйеуге шығады, кімнің отын оттап, суын сулайды, кімнің түтінін түтетіп, кімнің көсегесін көгертеді екен деп алаңдау бұл. Қызының кіммен тұрмыс құратынын ойлап алдымен ата-ана алаңдайды, қарындасымның жары адал сүт емген, жақсы жігіт болса екен деп ағасы толғаныста болады. Өйткені, қарындас намысы, қыз намысы — ең қымбат намыс.
«Қызға қырық үйден тыю” деп текке айтылмаған. Бір ауылдың еркесі болған сылаңдаған аруының қандай адамға жолығатынына оның үй іші ғана емес, барлық ағайын-туған, бүкіл ауыл да енжар қарай алмайды. Өйткені — “ат шапсаң ауылыңмен”. Аруының намысы — ауылына да намыс.
Үріп ауызға салғандай әп-әдемі қазақ қызы басқа ұлт жігітінің қолтығында кетіп бара жатқанын көріп, сонда жүрегіңіздің шым ете түскен кездері болды ма? Әрине, болды. Қазақ қызының өз қандасына ма, әлде басқа қай ұлттың азаматына тұрмысқа шығатынына ұлттық, демографиялық мүдде түрғысынан алғанда қазақтар да бей-жай қарай алмайды. Өзбектер де, түрікмендер де, грузиндер де солай. Ендеше, кіммен, қай ұлт өкілімен қол ұстасып, жүрек қалауымен тұрмыс құру қанша жерден әркімнің жеке басының ісі, жеке шаруасы десек те, туған халықтың тағдырын, келешегін ақылды, парасатты, намысшыл адам бірінші кезекке шығарса керек.
Бір ұлттың барлық әйел қауымы тарыдай бытырап басқа
халықтардың еркектеріне күйеуге шығып кеткен, ал еркеккіндіктілері келінді басқа жұрттардан түсірген сұмдық суретті көзге елестетіп көріңізші. Сонда әлгі сормаңдай халықтың сау-тамтығы қалар ма екен, қалмас па екен? Өз басым ол халық енді толыққанды ұлт болатындығына кепілдік бере алмас едім. Және бұл кеселді саны аз халық тез жұқтырады. Ал шоғырланып отырған үлкен халықтар мұндай қан араластырудан қайта пайда таппаса, демографиялық шығынға ұшырамайды.
Осы арада әйел, ұрпақ және ұлт деген үштағанға, яғни бір-бірімен шиырлай сабақтасып, қазақша айтқанда, қан-жынымен араласа байланысып жатқан үш ұлы ұғымға, үш үйлесімге жүздесеміз. Қай ұлттың да ең басты мұраттарының, аңсарлы армандарының бірі — жер бетінен жойылып кетпеу, ұлттық қасиет-келбетін сақтау. Ұлттың келешегі үрпағына байланысты. “Ел боламын десең бесігіңді түзе” деп Мұхтар Әуезов айтқандай, бесік иесі — алдымен әйел. Талбесікті тербететін, ұлттың болашағы болатын ұрпақты өмірге әкелетін, тәрбиелеп өсіретін әрі рухани емізетін — әйел. Демек, бесікті түзеу әйелге байланысты екен.
Ұлы сөзде ұяттық жоқ. Қазірде сол қасиетті бесікке орыстың, өзбектің, ингуштың, еврейдің баласын салып тербетіп отырған қыздарымыз да аз емес. Мұның еш сөкеттігі де жоқ. Өйткені, олар сол аталған ұлттардың өздері сүйген азаматтарына тұрмысқа шыққан. Енді өмірлік жар алдындағы әйелдік парыздарын өтеп отыр. Жаратылыс заңы солай.
Біз байбалам салудан аулақпыз. Тек әрбір ер адамның, әрбір әйел адамның өз ұлты, өз туған халқы алдындағы да ұлы парызын еске сала кетсек дейміз. Ол парыз біздің ұғымымызда мынау: қай халықтың өкілі болсаң, мүмкіндігінше сол халықтың жыртысын жырт, өмірге сол халықтың перзентін әкел, сол халықтың, өз ұлтыңның ұрпағын өсіру үшін тоғыз ай көтеріп тапқан сәбиіңнің тамырында да өзгенің емес, өз ұлтыңның, айталық, өз қазағыңның қаны ағуы керек қой. Әйел, ұрпақ және ұлт үштағанындағы бір сиқырлы сыр осы.
1988 жылғы дерекке сүйенсек, некедегі қазақ әйелдерінің 7,2 пайызы басқа ұлттың азаматтарына күйеуге шыққан екен.
Бұдан, әрине, ұлт болашағына келетін қатер жоқ. Бұл біздің ұлттар араласып жатқан күрделі қоғамның, аласапыран заманның табиғи заңдылығы, дамудың үйлесімі. Тек осы үйлесім осы қалпында қалсын, ілгері баспасын деңіз.
Татар ағайындардың өзге ұлт еркектеріне күйеуге шыққан әйелдерінің үлес салмағы 42,2 пайыз екен. Міне, бүл ойландырады. Бүл ағайындардың кебін біз кимейік.
Осыдан да қаракөз қазақ әйеліне сауал қойғың келеді: күйеуіңіздің ұлты кім?
3. Әйеліңіздің ұлты кім?
Отының болсын жантақтан,
Қатының болсын қалмақтан,
Қосының болсын қазақтан…
Бұқар жырау
Дейді әңгіме былай дейді: өз президенттерін сайлау қарсаңында өзбектің ақсақалдары жиылып келіп Ислам Каримовке айтыпты: әй, Ислам баламыз, сен осы президент болғың кеп отыр ғой. Жақсы. Бол. Сен де біздің қолайымызға қонасың. Бірақ, бір талабымыз бар қоятын. Қазіргі діні мен ділі басқа келінмен ажырасасың ба, әлде, қайтесің — оны өзің білесің; тек сапарларда қасыңа еріп жүруге өзіңнің өзбегіңнен келіншек әпереміз. Осы тілекті орындасаң, президент болдым деп есепте!..
Әрине, әсіресе, өзбек ақсақалдары сөзді жерге тастамайды,
желге ұшырмайды. Ислам Каримов Өзбекстан Республикасының президенті болып таққа отырғаны жалпақ жұртқа және мәлім.
Үйге түсірген келіннің, өмірлік қосақ етіп алғаныңның сүйекке таңба салмайтын басқа да сандаған қасиеттерімен бірге ұлтының да кім екендігіне халық ерте замандардан-ақ ерекше зер салған. Мұның мәнісін Бұқар жырау сынды абыз бабамыз былай түсіндіреді: “Қалмақтан алсаң маһи бір зайып, сүйегіңді жоғалтпас” . Ұлы жырау алған әйелдің ататек тамырға байланып, соны жалғауын, өмірге әкелетін ұрпақты сол тамырдың нәрімен ауыздандыруын, ерінің шаңырақ отын өшірмеуін және ұлттық сүйегін жоғалтпай сақтауын басты шарт етіп қояды. Осы тұста біразырақ ойға да қаласың. Бұқар бабаның “қатының болсын қалмақтан” деп уағыздауы неліктен екен? Сірә, тегін емес шығар. Қазақтың қазіргі буынының арғы әжелері көбіне-көп қалмақ қыздары болған ғой. Бәлкім, менің де бір әжем қалмақ.
Расында да қазақ-қалмақ көп шабысқан; қыз алысып, қыз да беріскен. Жаугершілікте қолға түскен көптеген қалмақ қыздары киіз туырлықты қазақ үйінің түтінін түтеткен, дін-салтын ұстаған, қара домалағын өсірген. Тегінде, Бұқар жырау “қатының болсын қалмақтан” дегені қалмақ қыздарының сондай сыннан өткен сенімділігін көріп, өмір тәжірибесін түйіп айтқаны болар. Әлде қалмақ сынды жауынгер халықтың қыздары да текті, жүректі келеді, ал одан туған бала да жатырына тартпай қоймас, түбінде қазақ кегінің жолымен жолбарыстай жортпай қоймас, деді ме екен! Әлде жырау уағызы қалмақтың әбден әлсіреп, қалмақ қыздары қазақ сүйегін жоғалтпасына көзі кәміл жеткен кезде айтылды ма екен? Қалай болғанда да Бұқар сөздерінің де, жоғарыдағы өзбек ақсақалдары талабының да халықтық қасиетті һәм ортақ мүдде тұрғысынан ғана айтылғаны анык.
Түп-тұқиянымен құрып кетуге шақ қалған қиын-қыстау жылдарды артқа салып, ауыр қасірет арқалап Түркияға барып қоныстанған қазіргі бақуатты қазақ диаспорасы да ұл-қыздарының кіммен, қай ұлт өкілімен отасатынын айрықша назарда ұстайтын көрінеді. Назарда ұстайтыны былай тұрсын, ер жеткен, бой жеткен балалар бақытының, болашағының, махаббатының кілті негізінен ата-ананың, әулетбасы ақсақалдардың қолында болады. Бұл заңнан әдеп бұзып, ешкім аттап өтпейді. Мұндай берік дәстүр, ата жолын қуған тәртіп Түркіелі қазақтарының тілі мен түрін жоғалтпау, ұлттық касиет пен салт-ғүрыпты сақтау, қазақ қауымы ретінде басқаларға сіңіп жойылып кетпеу қажеттілігінен туған. Олар өз ұлдарына мұсылман халықтарынан, айталық, түріктер мен өзбектердің қыздарын алуға рұқсат етеді екен. Ал қыздары тек өз қандасына, тек қазақ жігітіне ғана тұрмысқа шығуға хақылы. Неліктен? Неге? Себебі, ұлт мүддесі осыған міндеттейді.
Осы арада басын ашып алатын бір жай бар. Жаңағыларға қарап Түркіеліндегі қазақ диаспорасының қыздарын бас бостандығы жоқ ноқталы құлын, бұйдалы бота деуге болмайды. Біздіңше, шыр етіп бесікке бөленгеннен бастап ана сүтімен даритын тәрбие ол қарындастарымыздың қазақ жігітінен басқа ер азаматты бар көңілімен құлай беріліп сүюіне ешбір жол, саңылау қалдырмайтын сияқты. Адам ата мен Хауа анамыздан бері қарай келе жатқан жалпыадамзаттық ақиқат мынау: әйел адам қай ұлт өкіліне тұрмысқа шықса, сол ұлт ұрпағының анасы болады; ер адам өзге қай ұлттың қызына үйленсе де, тек өз ұлтының, тек өз ұлтының перзентін өсіріп, өз халқын көбейтеді. Адамзат дамуының ешбір үлттың шамына тимейтін, барлык халықтар қол қоймай-ақ үнсіз келіскен, жазылмаған заңды қағидасы осы. Түркіелі қазақтарының қызын басқаға бермеуінде, ұлының туыстас жұрттар қыздарына үйленуіне келісуінде осындай сыр жатыр. Басқа халықтың ортасында теңіздегі тамшыдай болып отырған аз қауым өзіне демографиялық шығын келтіргісі келмесе, оның несі айып! Оған қайта біз, үлкен жүрттағы алаш елі қуануымыз, одан үлгі алуымыз керек қой.
Жүректі шым еткізіп мұңайтып қоятын бір жай, ұлтаралық неке батасымен жарық дүние көретін ұрпақтың жағдайы Қазақстанда басқашарақ. Мұнда жалпыадамзаттық зандылық сақтала бермейді. Көп реттерде басқа ұлт адамына күйеуге шыққан қазақ қызының да, басқа ұлт кызын алған казақ жігітінің де үйелмендерінде қазақ емес, көбіне-көп құдалар жағы ұлтының орыс рухты ұрпағы тәрбиеленеді. Қазіргі өміріміздің шындығы осы. Бұл үшін, әрине, қыздарымызға өкпе айтудың реті жоқ. Ал өз кіндігінен жаратылған баласын алған жарының ұлтына теліткізіп қоюы жігіттеріміз үшін ұят-ақ; ұлттық, еркектік, азаматтық намыстарына да қатал сын дер едік.
Көптеген аз ұлттардың, оның ішінде қазақтың да басына ассимиляция, орыстану хаупі төнген заманауи дерт бұл. Бұл дерттен қайсарлар, намыстылар ғана арылады. Орыстарда үйелменді еркектердің 16, өзбектердің 6,6, грузиндердің 17,7 бөлігінің әйелдері басқа ұлт өкілдері екен. Бірақ олардың басым көпшілігінің балалары өз ұлтының, әкесінің ұлтының перзенті болып өсетініне сенім зор. Қазақ азаматтарының әр жүзден жетіжарымы келінді басқа жұрттан түсіреді. Ал осы үйелмендерде туған балалардың түбінде казақ болып өсетініне, көңілі құрғыр күдіктене береді. Жігіттер, айып болмаса айтыңызшы: әйеліңіздің ұлты кім?
4. Рухымыздың ұлты кім?
Да, скифы мы! Да, азиаты мы:
С раскосыми и жадными очами.
Александар Блок.
Шамасы, зәһар шашқан қысық көзді скифтер жайында айтқанда ұлы ақын сәл қателескен, шындықтан сәл ауытқыған болуы керек. Себебі, ертедегі дүниенің шежірелі қатпарларынан шыққан тарих деректері мынадай ақиқатты алға тартады: кең-байтак Қазақия жерін мекендеген түрік тектес этностардың арғы бабалары саналатын скифтер, сақтар, үйсіндер мен қаңлылар, ғұндар ат жақты, қыр мұрынды, ақсары жүзді, көк көзді болған екен. Сақарада толас таппаған тұлпар тұяғының дүбірі, атойлаған жаугер ұранның қиқуы тарих дамуының дариясын ғаламат қуатпен тасытып отырды; кері де бұрып ағызды; тайпалардың халық, ұлт болып қалыптасуы барысында нешеме түрлі орасан зор аласапырандарды бастан өткерткізді. Енді келіп арғы бабалары “ат жақты, қыр мұрынды, ақсары жүзді, көк көзді” боп келетін жиырмасыншы ғасыр қазақтары тұтас бір ұлт, тастүйін бір жұрт болып отырған осы шақта олардың арасында қара көз де, қой көз де, көк көз де; қушық бас та, қазан бас та, шақша бас та; пұшық мұрын, пісте мұрын, таңқы мұрын, тәмпіш мұрын, бауырсақ мұрын, қыр мұрын да; акқұбасы да, ақсарысы да, қараторысы да, қызылшырайлысы да, ағы да, қарасы да, коңыры да топ-тобымен табылады. Тегінде, “Жер жүзі салыстырса егер мұрын, кавказдықтар алар ед бірінші орын” деп Сәбит Мұқанов айтпақшы, түр-түлға мен сыр-сымбаттың әркелкілігі жөнінен жарысқа қосса, қазақтар да бас бәйгені шаппай ілетініне сеніңіз. Тұтас бір ұлт емес, құдды бір он сан ұлттар өкілдерінің бас қосқан жәрмеңке көрмесі сияқты!
Бұл арада біз “озбас елдің баласы бірін-бірі қатын дердің” керін келтіріп тұрған жоқпыз, бәз біреулердей өз халқымызды өзіміз келемеждеп мысқылдаудан аулақпыз. Тек жаңағы құбылыстың қазақ ұлтында басым болуының сыры неде?” — деген сауалға жауап іздегіміз келеді.
Алғашқы бір тектен шыққан қазақ ұлты өзінің генеалогиялық даму сатыларында сан түрлі сапалық өзгерістерге түскені мәлім. Ғасырлар бойы жүрген қан алмасуларда рулар мен рулар, тайпалар мен тайпалар, халықтар мен халықтар бір-біріне қосылып сіңісіп кетіп отырды. Олардың келесі ұрпақтары тарих сахнасына сапалық жағынан мүлдем бөлек жаңа халықтарды шығарды. Солардың бірі — қазақ ұлты. Қазақ ұлтының түр-тұлғалық, пішіндік және рухани қалыптасуында монғол шапқыншылығы мен Алтын Орда дәуірінің жалы күдірейіп ерекшеленіл тұрады. Бұл ретте біздің айтпағымыз, алғашқы генезисінен кейінгі сан баспалдақты дамудың бұралаң, күрделі шиырларында халқымыздың нәсілдік өзгеріске ұшырағандығы, яғни бұдан мын жарым, әлде екі мың жыл бұрынғы ақ нәсілінен сары нәсілге ауысқандығы.
Осыған қарағанда орта және одан бұрынғы ғасырларда бір ұлт пен екінші ұлттың қанын қосып будандастыратын аралас некелер қазіргі кездегіден әлдеқайда жиі болып, тіпті, жаппай сипат алған ба деп пайымдаймыз. Бұған қоса, орыстардың арасына сіңген моңғолдар, қыпшақтар, татарлар, қазақ арасына сіңген арабтар, моңғолдар, қырғыздар, орыстар, т.б. ұлттың түр-пішінін, келбет-кескінін мүсіндеуге қадари-халінше өз үлестерін қоспады, алдағы уақытта да қоспайды деп кім айтады. Төрелер мен қожалар халқымыздың үлкен бір демографиялық олжасы болумен қатар, ұлттық кескін-келбетімізге де айтарлықтай әсерлерін тигізді; әрі ұлттық мінезіміз бен рухани дүниемізді жаңа қырлармен байыта түсті. Осы арада бір айтарлық жай, көптеген өзбек үйелмендері соғыс жылдарында жетім қалған орыс, украин балаларын асырап алып еді. Ендігі жерде көзі аспан түстес сары өзбектерді жиірек кездестірсек, несіне таңданамыз? Әрине, теңізге тамған тамшыдай ғана бұл құбылыс өзбектердің генетикалық қорын байыта түскеннен басқа ұлттық кескін-келбеттеріне зәредей де нұқсан келтірмейді. Сол сықылды, өз арамызда жүрген сары қазақтар қаншама!
Біздің қазақ халқы жас ұлт дейміз. Мақаш Тәтімов айтады: Біздің қазақ халқының генетикалық қоры аса бай. Тәтімов демограф ғалым ретінде саралайды. Қазақ ұлтын жас десек, оның да қисыны бар. Этногенезисінің тарихы мен тамыры біздің жыл қайыруымыздан арғы мың жылдықтарға кеткенімен, ол жеке ұлт ретінде орта ғасырларда қалыптасты, ұлттық кескін-келбет, қазіргі ұлттық рух пен ұлттық мінез де негізінен сол уақыттарда мүсінделді (бұған көз жеткізе түсу үшін Асан қайғы, Қазтуған, Шалгездерді тағы бір зерделеу артық болмайды), дербес мемлекетін де Римнен көп кейін, XV ғасырда құрды. Бүрынғы тәуелсіздігін жаңада қайтарып алып, халықаралық тұғырға қайтадан енді көтеріліп жатқан қазақ халқы әлде де болса мемлекеттік, саяси, қоғамдық, әлеуметтік, рухани тұрғыдан алғанда көп өсуді, жетілуді керексінеді. Ендеше, “Жас өспей ме, жарлы байымай ма?” деген даналыққа сайсақ, халқымыздың өсетін де, байитын да кезі алда екені кәміл. Ырымға да осы жақсы.
Ал ұлтымыздың генетикалық қоры бай десек, ол да шындыққа жанасады. Тұйық судың келешегі күмәнді. Генетикалық қор қан араластыруға, жалпы ұлттың дені мен жанының саулығына көбірек байланысты. Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ ұлты он сан тайпалар мен ұлыстардың бас қосып бірігуінен жаратылған құбылыс. Сақара заңында жеті атадан беріде қыз алыспау тәртібі берік тұтылған. Сайын дала, саф ауа, қымыз бен ет, сүт тағамдары халықтың тән саулығына да жебеуші болған. Қалай дегенде де, атом тажалы мен Арал апатына дейін қазақтардың генетикалық қорына зиянды ықпал жасалмаған. Осы бай генетикалық қорды сақтап байытқанда ғана ұлт келешегі өркендейтінін естен шығармауымыз керек.
“Тоқырау” деп айдар таққан жылдарда “түрі ұлттық, мазмұны социалистік” деген сөз тіркестері жиі қолданылушы еді. Сөйтіп, қызды-қыздымен жүргенде өзіміздің де “түріміз қазақ, мазмұнымыз орыс” болып бара жатқанын, құдай біледі, аңғармай қалыппыз. Бұл мәселенің төркіні неде? Біз бұған дейін ұлттың түрі, ортақ кескін-келбеті туралы басымырақ әңгімеледік. Ортақ кескін-келбет ұлттың, сөз жоқ, басты сипат-белгілеріне жатса да, мәселенің мәселесі рухымыздың ұлты кім екендігінде, сыртқы түріміз емес, ішкі мазмұнымыз бен ділімізде жатса керек.
Түріміз ғана қазақ, мазмұнымыз орыс, яғни рухымыздың ұлты орыс боп кете жаздағанына орыстар кінәлі де емес шығар. Әйтсе де қоғам дамуының табиғи заңдылығында да кейде әділеттілік болмайды ғой. Өйткені, өзі қаласа да, қаламаса да, тіпті соны қасақана жасамаса да, көп қашанда көптігін істейді, көп халық қасына қоңсы қонған кіші халықтарға ниеті түзу бола тұрса да байқаусызда қиянат жасап алады. Мысалы, саны аз халықтарды саны көп халық көршілес, әйтпесе өзін қаумалап қара ормандай қоршап отырған қисапсыз көп халықтың аранында қалып, жылан жұтқан бейшара қояндай қанша тыпырласа да, бәрібір сол көптің кескін-келбетіне, тұрмыс салтына, дағдысына, тіліне, тіпті, дініне де еріксіз көше бастайды, соның рухына бейімделеді. Осы халді қазір татар, башқұрт, қалмақ, мордва, мари, чуваш, басқа да халықтар бастан кешіп отыр.
Украинаның Ресеймен ат құйрығын шұғыл кесісіп, аражікті ажыратып, іргесін бөлектеуінде үлкен гәп бар. 1941 жылы “барлық дүние құрып-күйіп кетсе де, орыс тілі, сені сақтап қалармыз” деп Анна Ахматованың тебіренгеніндей, украиндар үшін де ең бастысы, міндет-парыздың ең қасиеттісі — өздерінің халықтығын, ұлттығын, ұлттық рухтарын сақтап қалу. Олар мынадай уәж айтады: «Басқа халықтар, мәселен, азиялықтар қанша жерден тілін, салтын, рухын қабылдап орыстанып кеткенімен, әйтеуір түрлері сол қалпында қалады ғой, демек, олардың келер ұрпағы өздерінің қай ұлт өкілі екендігін, ата тегін ұмытпайды. Ал біз шермендеңіздің кескін-келбетінде орыстардан ешбір айырма жоқ. Сонда егер тіліміз бен діліміз орыстанса, түріміз болса да солармен бірдей, украин екенімізді білдіретін емге, ырымға бір нышан, бір белгіміз қалмайды ғой. Сондықтан, рухымызды сақтау біз үшін басқаларға қарағанда жүз есе, мың есе маңызды, аса қымбат”. Осы қисынды уәждің астарында қандай керемет, бүкілукраиндық қасірет жатыр десеңізші! Украиндар сияқты аса үлкен, бүткіл ғалам таныған байтақ ұлт орыстанып кетеміз деп қатер дабылын қағып жатқанда, біздің қазақтың жайбарақаттығына, бейқамдығына не жорық?
Түрің, есімің өз ұлтыңдікі болғанымен, мәселе рухыңның ұлты кім екендігінде. Рухыңның ұлты кім болса, сен сол ұлттың өкілісің, қала-қалама, тіпті өз еркіңнен тыс сол ұлтқа қызмет етесің.
Мұның кейбір мысалдарын соңғы ширек ғасыр жүзінде пайда болған қазақ мәңгүрттерінің іс-әрекеттерінен байқап жүрміз. Жаңа ғана сөзін келтірген орыстың ұлы ақыны, менің де сүйікті ақыным, Анна Ахматованы алайық. Анасы жағынан Алтын Ордалық Ахмат ханның әлде шөбересі, әлде шөпшегі. Әкесі украин болуға керек. Анна Ахматова бүкіл жан-тәнімен, рухымен орыс болғандықтан, күлліғаламдық әдебиет тарихына орыс ақыны ретінде енді. Немесе таяуда қайғылы қазаға ұшыраған белгілі әнші Игорь Тальковтің жесірімен болған сұхбатқа назар аударайық. “Сіздің тегіңіз қайдан?”. “Мәскеуден”. “Шығысқа тартқан бет-пішініңізге қарағанда олай деп айтпас едік…” “Игорь күлуші еді, татар-моңғол шапқыншылығы кезінде, сенің арғы әжеңнің ханмен бір кәкірі болған ғой деп. Менің қылықтарымнан да хандарға ұқсастық табатын”. Бұл әңгімеге құлақ түрсек, мәскеулік орыс қызы Татьяна да, кәдімгі қазақтың төрелері сияқты , Шыңғысханның ұрпағы болып шығады. Бірақ ұрпағы ата тегінен қол үзген, тамырын басқа рухани нәрге байлаған.
Жә, басқаларда шаруамыз қанша, өз ұлтымыздың рухани жан сарайына жақындайық, өз рухымыздың ұлты кім екендігін анықтайық. Маған десең шүршіт бол, бірақ мынаны айтшы: рухыңның ұлты кім? Бұл мәселенің анық-танығына көз жеткізу үшін тағы да мысалдарға жүгінуге тура келеді.
Әріптес жігіт өзім де талай байқаған бір әбес жайды айтып тұр. Автобуста үш-төрт қазақ жасөспірімдерімен қатар тұрып қалдым дейді. Әлгілердің қазақ екендіктерін түрлеріне қарап қана жобалап аңғарасың. Әйтпесе маңайларынан қазақ иісі мүлдем сезілмейді. Сөздері, ойлары күлкілері, қимылдары түгел орысша екен. Орыс мінезі, орыс рухы… Әлде тіпті орыстыкі де емес шығар, ешбір халыққа ұқсамайтын дөрекі, дүбара, бейпіл мінез… Мен ғана емес, осы сәйкессіздікті басқалар да, оның ішінде орыстар да байқап тұрды.
Жарайды, мәңгүрт боп кеткен бүл жүгірмектерді шіріген жұмыртқаға балап жұбаталық өзімізді. Өзін де қойшы, сөзін де қойшы солардың. Бірақ дәп бір қазақ құрлы қазақтығым, ұлтжандылығым бар деп жүрген жігіт ағасының мына қынжылысты мойындауын қайда қоямыз. Бірде, дейді ол, ауылдан келген ағайынның мәшинесін автоаялға қойғызбақшы боп бардық. Мен бір кісімен сөйлесіп тұрғам. Сөйтсем, сонадайдан қартаңдау отағасы қасыма екпіндей дедектеп жетіп келгені: Әй, жігітім, деді келе, сен осы қазір қазақпын деп тұрсың ғой. Өйдесең қатты қателесесің, сен түк те қазақ емессің , қазаққа дәл осы тұрғанда үш қайнаса сорпаң қосылмайды. Түрім қазақ, тілім қазақ, дінім мүсылман дейсің ғой. Түк те олай емес. Мен сені осында кіріп келе жатқаныңнан бері бақылап тұрмын. Алдымен жүріс-тұрысыңда, қимылыңда қазақ мінезі жоқ. Айрылғансыңдар одан. Пәлтеңнің етегі далақтап , біреу қуып келе жатқандай емпеңдеген жүрісің, шекілдеуікті шағып әңгімелесіп, қолдарыңды ербеңдетіп тұрысың — бір де бір әрекетің қазақтыкі емес… Мен ашу шақырмақ түгілі, ақсақалға ләм деп ауыз аша алмай қалдым. Себебі, оныкі дүрыс еді.
Әнеки, рухыңның ұлты қазақ болу үшін тілді ғана білу жеткіліксіз екен. Ол үшін бүкіл жан-дүниең, туабітті болмысың, сана-сезімің, жұлын-жүйкең қара тырнағыңа дейін ұлттық мінезбен нәрленбегі ләзім. Әрбір халықтың өзіне тән ұлттық мінезі, рухани дүниесінің ерекшелігі, ұлттық қасиет-келбеті болады. Ұлттықты даралайтын, танытатын ерекше рух, ұлттық мінез орыстарда да, грузиндерде де, өзбектерде де, қазақтарда да бар. Мәселен, дана Абай кезінде “тура тілді кісіні дейміз орыс” деп, орыстардың жалпыұлттық бір қырын көрсеткен-тін. Исі қазаққа тікбақайлық, тасбауырлық жат болған. Бір жаманы жалқаулық, жайбарақаттық бүтін халықтың дағдысына айналып кете жаздаған шақтар да болған. Осыған күйінген Абай өзінің ғақлия қара сөздерінде орыстың, татардың, өзбектің кент салғыштық, саудагерлік, өнер-білім қуатын жақсы ұлттық қасиеттерін надандықпен әурешілік санап, күле қараған қандастарын қатты шенеп, қайта ондай ғибраттарды тұтас ұлт болып үйренуге, ол өнерлерді ұлттық қасиет-мінезге айналдыруға шақырады.
Әрбір ұлттың өз рухы, әрбір рухтың өз ұлты болмақ керек. Адам бойындағы рухтың ұлты — ұлттық мінез, соның даралығы. Рухыңыздың ұлты қазақ болсын дейік. Ал сол қазақтың да шынайы ұлттық мінезі майда-шүйдеден, күйкі тірліктен, ұсақ пендешіліктен құралмайды. Кейде майда мінезді әдепсіз біреулердің ұлттың ұраншысы, ұлтжанды, қазақшыл болып көрінгісі келетіні бар… Соған бір мысал келтірейік. Жазушы ағамыз және бір жазушы ағамыздың жолсапарда бірге болғанда жүйкесін жұқартқан мінездері туралы айтты жуырда. Соны тындағанда біздің де жүйкеміз жұқарып отырды… Шуақты Сыр елі. Ағалап аңқылдаған меймандос азаматтар, жайылып жастық болған қонақжай көңілдер. Бір інінің үйінде қарт әже шығады алдарынан. Егде жазушы:
— Кәрия, қанша жасқа келдіңіз?
— Сексенге келдім, балдарым.
— Әп, бәрекелді-е-е! Жасай беріңіз, шеше. Немере-шөберенің қызығын көре беріңіз.
Шіркін, біздің қазақтың осындай сүйегі асыл қариялары-ай!..
Жатаған жер үстелге шәй берілді. Егде жазушы төрге шықты. Шынтағына көпшік тасталды. Сол-ақ екен, жазушымыз көпшікті екі бүктеп, тура май құйрығының астына салып, атша мініп отырды да алды. Сосын қызыл күрең шәйді сораптай түсіп, жұртты аузына қаратып:
— Кеңес өкіметі орнағалы жетпіс жыл болды. Ал енді біздің отырысымыз мынау. Қазақшылықты қашан қоямыз осы. Мен жүрген жерімде айтып жүрем. Әлі де айтам. Жер үстелге отырған денсаулыққа зиян. Солай ма, шешей?
— Қайдам, қарағым, осы жер үстелдің басында отырып сексенге келдік қой.
Жазушы бұған тоқтамады. Жер үстелдің зиянын, қазақтардың әлде де болса надан қараңғылығын, биік үстелге, биік мәдениетке көшу қажеттілігін айтып есе берді. Бір кезде телефон ұзақ шыңғырлады. Үй иесі әйел жүгіре басып барып сөйлесе бастады. Үйдің егесі айтты:
— Үлкен әйел баламыз ғой. Украинға тұрмысқа шығып еді. Киевтен звондап жатыр.
Егде жазушы екіленіп кетті:
— Е, ол бала емес қой. Бір шіріген жұмыртқа ғой. Өлген адаммен бір есепте.
— Аға! Біз осыған үйрендік! Тағдырдың жазуына көндік. Алғашында ана өзіңіз отырған жерде жер бауырлап күңіреніп жылап үш күн жаттым. Қазір үйрендік. Үйрендік, аға!
Ұлт намысын осыншалық оспадарлықпен жыртпасақ етті. Ұлт рухы мұндай уақ-түйек қыжыртудан, бетімен сөйлеген бетбақтықтан емес, кесек мінезден көрініс табады. Қазақтың ұлттық мінезі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаулап жанды . Намыскер ұрпақ ұлт рухының, ұлттық мінездің жалауы боп желбіреді. Бауыржан Момышұлы , Олжас Сүлейменов, Қайрат Рысқұлбеков. Бұл азаматтар рухтарының ұлты қазақ болғандықтан да қазақ халқы үшін жанпидалық кесек әрекеттерге барды.
Рухымыздың ұлты кім екендігін тағы бір барлап, зерделеп қоялықшы , ағайын.
“Дала дидары ” газеті, сәуір, 1992 жыл