Соңғы уақытта еліміздегі ірі компаниялардың, соның ішінде inDrive сияқты халықаралық платформалардың жарнамалық роликтері мен әлеуметтік желідегі контенттерінде бір жағымсыз үрдіс белең алып келеді. Ол қазақ халқын, әсіресе қазақ тілді ортаны аңғал, тойшыл, әумесер немесе мәдениеттен кенде етіп көрсету. Бұл жай ғана юмор емес, бұл ұлттық мінезге, болмысқа атүсті қарайтындарының көрінісі. Жарнама менеджерлері мен креативті директорларын көп компания ресейден әкеледі немесе жергілікті орыстілді қазақтан таңдайды. Оларға тұтынушы қазақтілді халық. Соларға жақын жарнама ойлап табыңдар деген тапсырма беріледі. Ал, олар өз кезегінде ұлтты мазақ етеді. Өздерінше вайн немесе қысқа скетч жанрын алға тартады. Алайда, сол скетчтердегі кейіпкерлерге назар аударыңызшы, аузы-мұрнын қисайтқан, оғаш киінген, тек қарабайыр деңгейде қалжыңдайтын бейнелер. Мұндай «өнер» туындыларында қазақ адамының интеллектуалдық бейнесіне, тереңдігіне орын жоқ. Олардың түсінігіндегі «қазақ» тек күлкі тудыратын объект қана. Жарнама жасаушылар халықтың ішкі мәдениетін, әдебиетін, тарихын немесе заманауи зияткерлік келбетін зерттегісі келмейтіні көрініп тұр. Дайын тұрған арзан таптаурындарды пайдалану олар үшін әлдеқайда оңай әрі тиімді көрінеді. Мұндай жарнамалардың тағы бір астары қоғамдағы мәдени алшақтықты байқайсың. Ірі компаниялардың маркетинг бөлімдеріндегі орыстілді орта қазақ тілді аудиторияны әлі де болса «сырттай» бақылайды. Олар үшін қазақша сөйлейтін адам әпербақандау көрінеді. Бұл колониалды сананың сарқыншағы, яғни байырғы халықты тек көңіл көтеруші, аңғал топ ретінде ғана қабылдау. Қалыптасып келе жатқан ұлттың имиджі осындай жарнамалардан бұзылады. Өз ұлтынан ұялатын буын қартайды қазір. Бірақ осындай жаман үрдістер көбейсе, қазақ деп айтқысы келмейтін екінші толқын келуі мүмкін.
Ұлттық намыс пен мәдениет жарнаманың ойыншығы емес. Бізге арзан күлкі емес, ұлттың интеллектуалды, заманауи әрі терең болмысын көрсететін сапалы контент керек. InDrive және өзге де ірі брендтер өз жарнамалық стратегиясын қайта қарап, қазақстандық тұтынушыға құрметпен қарауы тиіс. Егер біз бүгін осындай шала дүниелерге үнсіз қарай берсек, ертең ұлттық бейнемізді тек мазақ ретінде ғана танитын боламыз.
Қуаныш Қожабайұлы
