1865 жылы Атығай — Бағыс — Даңқой елінің 30 ауылы болып, 1929 жылы коллективизация кезінде 4 колхоз құрылған.
1. Сарт батырдың ауылы – Ұзынағаш қыстауы. Ауылнай Дулат Құлшықұлы. Байқырғыздар Көкшетауға келіп, Абылай ханның қоныс сұрайды. Абылай хан Сарт батырдың жерінен, Құлшық сорынан жер береді. Бай қырғыз Бекшенің 5 баласы дегеніміз: Шерікше, Елішке, Жарке, Қазыке, Ботас. Шұбар айғырдағы (Кеңес ауылы) қырғыздың келуі себебі осы. Жаугершілік заманда Сарт батырдың досы Керейіт Үшбай шапшаңның ұрпақтары Сарттың ауылын тұрған. Сарт батыр елші болып, ол туралы архив құжаттар сақталған.
2. Қошқар ауылы – Ұзынағаш қыстауы. Ауылнай Райымбек Мырзабекұлы. Сарт – Қошқар ұрпақтары еншілес болып, қыста бірге тұрған.
3. Молданың ауылы – Қорықағаш қыстауы. Ауылнай, болысынай Тәшен қажы Молдаұлы (Бекмұхаммед қажының лақап аты Молда). Даңқойдан алғашқы қажылыққа барған – Бекмұхаммед қажы. Оның інісі Есмұхаммед пірәдар. Тәшен қажы қажылыққа 2 рет барыпты.
4. Жаман ауылы – Табылды қыстауы. Алтай батыр мен ағасы Манақтың тұқымы өспей, енші бөлінбей бірге тұрып жаман ауыл атанып кеткен. Ауылнай Файзрахман шайхы Сарықұлы. Файзрахман шайхы Ыстанбұлда оқып, Қарнақтың медресесінде 40 жасқа дейін оқып жүрген. Науан хазіретті жер аударған соң, елде көп тұрмай Түркістанға кетіп, Әзірет – Сұлтанда «Арғынның ақ сарайында» шырақшы болған. Түркістан қаласында жерленген. 1960 жылдары соның жерленген жерін, тоқалдан туған ұрпақтарын Жақан Сыдықов барып іздеген.
5. Әнекең ауылы – Үшкеліншек қыстауы. Ауылнай Жауар Жайнақұлы. Аю өлтірген Жайнақ батырдың ауылы, Сексенбай әулиенің ауылы. Сексенбай 7 жасында Мекке – Мәдинаға кетіп, 44 жасында елге оралған. Нығметжанның мешітінде имам болмады, өйткені Сексенбай әулие ешқашан садақа алмай, жаназадан кейін асқа да барған жоқ.
6. Байдың ауылы – Тоқбай қыстауы. Ауылнай Нұрхан Жаналыұлы. Нығметжан – Тәшен қажылыққа барып, ел басқарған кезінде Ресейдің «болысынайдың есеп беру шартына» қайшылық білдіртпей, бүкіл малды еншілес Жаналы ұрпақтарына жаздырған, сол себептен олар «Байдың ауылы» атанған.
7. Жылқышының ауылы – Ескіжұрт қыстау. Ауылынай Оспан Жарболұлы. Бүкіл Даңқойдың жылқысына ие болып, жылқышы – бақташыларды басқарған Сүлеймен – Әбдікәрімдер.
8. Болпаш ауылы – Қаратал тілеп қыстауы. Ауылнай Марқабек Көшпесұлы.
9. Бөріші ауылы – Қаратал қыстауы. Ауылнай Сопақбас би Бөрішіұлы. Былғауыш қажының ауылы.
10. Аңшының ауылы – Қаратал қыстауы. Сол ауылдан шыққан атақты Жүкен балуан, Нұрсерке аңшы, Байбатыр аңшы.
11. Артқы 5 шал ауылы – Мәжиқызыл қыстауы. Ауылнай – Құдайберді Ысмайылұлы. Қажылыққа 3 рет барған Барлыбай қажының ауылы.
12. Алдыңғы 5 шал ауылы – Кәріқыстау қыстауы. Ауылнай Дүйсеке Арысұлы. Қоңқыш сыншы сол ауылда туған. Даңқойдың ат сыншылары тұрған ауыл.
13. Ағаң ауылы – Байағаш қыстауы. Ауылнай Тінібек Иманұлы. Екі рет қажылыққа барған Есет қажының ауылы. Екінші рет қажылық парыз аман есен атқарып, елге қайтқанда Қара теңізде кеме суға кетіп, қайтыс болған.
14. Күсепең ауылы – Үкілі қыстауы. Ауылнай Адай Күсепұлы. Қазанда оқыған Оспан қаридың ауылы. Құлагермен бәйгеге бірге қосқан тұлпар Ақиықтың шабандозы Жұпажанның ауылы.
15. Атаң ауылы – Қаратал қыстауы. Ауылнай Омар Көбенұлы. Бақтыбайдың қара шаңырағы кенжесі Дәуқарада, Дәуқараның кенжесі Тілеуліде болған. Атаның қара шаңырағы, үлкен үйдің ауылы.
16. Ақылбай байдың ауылы – Қарағайлыағаш қыстауы. Ауылнай Қадір Кенжеболатұлы. Ақылбай байдың тоқалы Алтынайдан туған – атақты Кенжеболат қажының, Опахан бәйбішесінің (Опаның баталары Ғылым Ордасында сақтаулы), Уфада оқыған Фахридин пірәдардың ауылы. Ақылбайдың тоқалы Алтынай – Алтай руынан. 40 үй Алтайды Ақылбай өзіне шақырып, жер берген. 40 үй Алтай – шебер, етікші болған Даңқой елінде. Ақылбайдың қара шаңырағы Кенжеболаттың ұрпақтарында Қалыбек сорының батысында Кенжеболат қажының қарағайдан салдырған мешіт болған.
17. Есіргеп ауылы – Аралғаш қыстауы. Ауылнай Тәжі Баймырзаұлы.
18. Шағатай ауылы – Ысұстаған қыстауы. Ауылнай Данияр қажы Қойшыұлы. Данияр қажы Меккеден «Байтолланың қара жабуын – кисва» әкелген.
19. Естек ауылы – Тұйғынтүскен қыстауы. Ауылнай Сексенұлы Ахмет. Таттыбай батыр естек шапқанда, Айтқұлы мен Көшімбайды тұтқындап әкеліп, ағасы Құттыбайға беріпті. Айтқұлдың түбі – Ұлы жүз, Көшімбайдың түбі – естек. Балық мырзаның құлы Уақбайдың ұрпақтарымен бірге тұрған. Даңқой елін шапқанда, естектер Атабайдың немересі Айшуақ батырды торы биенің аяғына байлап өлтіріп кетеді. Артынан Таттыбай Айшуақтың құнын даулайды. Оның құнына Жылтай мен Көрпебайды әкеліп, «мыналар құныкерің» деп Айшуақ батырдың баласы Онбайдың қолына беріпті. Атасының құнына келген естектер – Даңқойдың жылқышылары болыпты.
20. Алтыбай ауылы – Былқылдақ қыстауы. Ауылнай Жапабай Мейірманұлы.
21. Төлекең (Толыбай) ауылы – Отынағаш қыстауы. Ауылнай Әлжан Жылғараұлы.
22. Бидің ауылы – Қарғалы қыстауы. Ауылнай Жүсіп Түгелұлы. Таттыбайдың бәйбішесіне – Ботағара, Байзақ. Қалмақты шапқанда бір жігіт – бір қызды әкеледі. Татекең қалмақ қызына аяқ артып, содан Бөгенбай туады. Даңқой елінің бас биі – Бөгенбай би болады.
23. Бағыс ауылы – Ащылытал қыстауы. Ауылнай Мұқыш Бағысұлы.
24. Балкен ауылы – Қорғантал қыстауы. Ауылнай Дәуітбай Бұлқанұлы.
25. Құрмысы ауылы – Қарашоқ қыстауы. Ауылнай Ыбырай Құрмысыұлы.
26. Төкең (Төлебай) ауылы – Келтеқыстау қыстауы. Ауылнай Әли Кенжетайұлы. Момақан Әлиевтің туған ауылы.
27. Сарыбел ауылы – Қызылағаш қыстауы. Ауылнай Тәшім Сарыбелұлы.
28. Рүстем ауылы – Ауызтал қыстауы. Ауылнай Бабаназар қажы Жанбатырұлы. Бабаназар қажы ақ патшаның алдында болып, арызданып, Науан хазіреттің соңынан іздеп барып ит жеккеннен елге аман-сау алып қайтты.
29. Атабай ауылы – Қарағаш қыстауы. Ауылнай Сыздық Төлемісұлы. Атақты ғалым Кәрім Бекеновтың, жазушылар Елжас Бекенов пен Жақан Сыздықовтың туған ауылы.
30. Байдалы ауылы – Ұзынтомар қыстау. Ауылнай Сағындық Байдалыұлы.
Шыңғыс Оразалы