Жетекші: Иманбаев Қуаныш Қожабайұлы
Қалменбай Әсем Даулбайқызы
Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары
қазақ педагогикалық колледжі
Қазақстан, Көкшетау
Аңдатпа: ХХІ ғасырдағы цифрландыру үдерісі білім беру саласын түбегейлі өзгертті. Соның ішінде жасанды интеллектке (Artificial Intelligence, Al) негізделген технологиялар тіл үйрету әдістемесіне жаңа серпін берді. Алайда ЖИ-дің әлеуетімен қатар, оның шынайы мүмкіндіктері мен шектеулерін ғылыми тұрғыда бағалау қажеттілігі туындап отыр. Бұл бөлімде жасанды интеллект арқылы тілді үйретудің барлық негізгі мүмкіндіктері мен кемшіліктері, сондай-ақ қазақ тілін ЖИ көмегімен оқытудағы нақты кедергілер халықаралық зерттеулер мен ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып талданады.
Тірек сөздер: Жасанды интеллект, лингводитактика, интерактивтік чат-боттар, , адаптивтілік, иммерсивтік тәжірибе, автоматтандырылған кері байланыс, геймификация
Кіріспе. Жасанды интеллект қоғам өмірінің әртүрлі салаларына белсенді еніп жатыр, және білім беру де осыдан тыс қалмайды. М. Маклюэннің пікірінше, адамдардың қоршаған ортасын өзгертетін коммуникациялық құралдар олардың әлемді қабылдау тәсілін, ойлауын және іс-әрекетін өзгертеді [1]. Сондықтан бүгінгі күні жасанды интеллект технологияларына негізделмеген кез келген оқу моделін елестету мүмкін емес. Қазақ тілін оқытуда жасанды интеллекттің әлеуеті зор: чат-боттар, тілдік тренажерлер және деректерді талдау жүйелері оқушыларға грамматика мен сөздік қорын жетілдіруге, мәтінді түсінуге және ауызша сөйлеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Дегенмен, қазақ тілін оқытудағы жасанды интеллекттің дамуы шектеулі: қазақ тіліне арналған сапалы тілдік модельдер аз, ресурстар мен деректер базасы толық емес, бұл технологияны кеңінен қолдануға кедергі жасайды. Осылайша, жасанды интеллект қазақ тілін үйретудің тиімділігін арттыра алса да, ол толыққанды шешім емес, қосымша құрал ретінде қарастырылуы тиіс.
Зерттеудің мақсаты – жасанды интеллекттің қазақ тілін үйретудегі лингводидактикалық мүмкіндіктерін анықтау, олардың шектеулерін талдау және тіл үйрету процесін тиімді етуге арналған инновациялық шешімдер мен ұсыныстар әзірлеу.
Зерттеудің міндеттері:
- Жалпы тілдерді үйретудегі ЖИ құралдарының (ChatGPT, Duolingo, LingQ және т.б.) лингводидактикалық мүмкіндіктерін қарастыру.
- Қазақ тілін үйретуге ЖИ қолдану бағыттарын, оның ішінде чат-боттар, мәтін түзету және дауыстық ассистенттерді талдау.
- Қазақ тілін оқытуда ЖИ қолданудың шектеулерін көрсету (деректер аздығы, морфология, мәдени контекст).
- Қазақ тілін үйретуге ЖИ негізінде инновациялық әдістер мен практикалық ұсыныстар жасау.
Зерттеудің өзектілігі – қазақ тілін үйретуде дәстүрлі әдістер коммуникативтік дағдыларды дамытуға жеткіліксіз, ал жасанды интеллект (ЖИ) құралдары тіл үйретуді персонализациялау, кері байланыс беру және иммерсивтік тәжірибе жасау арқылы тиімділікті арттыра алады [2]. Қазақ тіліндегі ЖИ құралдарының аздығы мен морфологиялық күрделілігі зерттеуді өзекті етеді.
«Жасанды интеллект» терминінің мағынасын нақты анықтау жеткілікті дәрежеде күрделі, өйткені әртүрлі зерттеушілер бұл ұғымға әрқилы мән береді. Қазіргі кезде гуманитарлық және техникалық білімнің барлық салаларында кеңінен қолданылып жүрген «жасанды интеллект» тіркесі мағыналық тұрғыдан бұлдыр [3]. Педагогикалық зерттеулерде «жасанды интеллект» термині көбіне оны бейнелейтін, жасанды интеллект қолданылатын білім беру технологиялары мағынасында түсіндіріледі [4]. Бұл терминді ғылыми айналымға алғашқылардың бірі болып 1956 жылғы конференцияда Джон Маккарти енгізді [5]. «Webster’s New World Hacker Dictionary» сөздігінде жасанды интеллект компьютерлік ғылымның адамның ойлау құрылымын модельдеу арқылы компьютердің мінез-құлқын адам әрекетіне жақындатумен айналысатын саласы ретінде түсіндіріледі. Кей жағдайларда жасанды интеллект адам шеше алатын мәселені компьютердің көмегімен неғұрлым тиімді шешуге бағытталады [6]. Жасанды интеллектке деген қызығушылық жыл сайын артып келеді: 2000-жылдардан бастап ол ғарыш саласы мен тұрмыстық ортаға белсенді түрде енгізіліп келеді, ал қазіргі таңда жасанды интеллектіні білім беру саласында да қолдану ұсынылуда.
Психология ғылымдарының докторы, Lynch Consulting Group, LLC компаниясының иесі Мэттью Линч «Білім берудегі жасанды интеллект: қолданудың жеті тәсілі» атты мақаласында жасанды интеллектіні білім беру саласында тиімді пайдаланудың 7 аспектісін бөліп көрсетеді: адаптивті оқыту, дербестендірілген оқыту, автоматтандырылған бағалау, интервалды оқыту, студенттердің оқытушыны бағалауы, смарт-капсулалар, емтихан үдерісін бақылау [7].
Жасанды интеллект әлемнің барлық елдерінде кеңінен таралып келе жатқан онлайн-білім берудің негізіне айналуы мүмкін. Білім беру саласына жасанды интеллектіні қарқынды енгізудің 3 негізгі себебін М. Линч атап көрсетеді [7]:
Біріншіден, ЖИ оқыту үдерісін мұғалім мен білім алушының тиімді өзара әрекеттесуіне бейімдейді. Көптеген ресейлік онлайн-мектептер өздерінің білім беру платформаларына ЖИ технологияларын енгізіп отыр. Бұл оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді, өйткені ЖИ білім алушының жұмыс барысын, оның ілгерілеу деңгейін, мұғалім қолданатын әдіс-тәсілдерді талдай отырып, оқыту траекториясын білім алушының нәтижелеріне сәйкес өзгертіп отырады.
Екіншіден, ЖИ геймификация арқылы білім алушылардың оқу үдерісіне қызығушылығын арттырады. Бастауыш сыныпқа арналған көптеген білім беру платформалары онлайн-ойындар принципіне негізделген немесе белгілі бір кейіпкердің сүйемелдеуімен жүзеге асырылады (мысалы, шет тілдерін үйренуге арналған Lingualeo онлайн-платформасы).
Үшіншіден, ЖИ бизнес-үдерістерді барынша автоматтандыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда көптеген білім беру порталдары, платформалары мен ресурстары адам қатысуынсыз жұмыс істей алады: боттар жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп, сабақтар мен тренингтер өткізе алады.
Осылайша, жасанды интеллекттің мәнін айқындау мен оның білім беру саласындағы қолданылу мүмкіндіктерін талдау бұл технологияның тек техникалық құрал ғана емес, оқу үдерісінің құрылымына ықпал ететін педагогикалық фактор екенін көрсетеді. Адаптивті оқыту, дербестендірілген оқу траекториялары, автоматтандырылған бағалау және геймификация сияқты мүмкіндіктер ЖИ-дің оқыту мазмұны мен әдістерін қайта қарастыру қажеттігін алға тартады. Бұл жағдай жасанды интеллектті тілдерді оқыту теориясы мен практикасы тұрғысынан, яғни лингводидактикалық аспектіде қарастыруды талап етеді. Себебі тілді үйрету үдерісі тек ақпаратты жеткізумен шектелмей, тілдік дағдыларды қалыптастыру, коммуникативтік құзыреттілікті дамыту және білім алушының танымдық ерекшеліктерін ескеру сияқты күрделі міндеттерді қамтиды. Сондықтан жасанды интеллекттің білім берудегі әлеуетін толық бағалау үшін оны лингводидактика ғылымының категориялары мен ұстанымдары аясында талдау өзекті болып табылады.
Лингводидактика – тіл білімінің, педагогика мен психологияның тоғысында қалыптасқан ғылым саласы болып табылады. Ол тілдерді оқыту мен үйретудің мақсаттарын, мазмұнын, әдістерін, құралдары мен ұйымдастыру формаларын ғылыми тұрғыда негіздеуді көздейді. Лингводидактика тілдік білімді меңгертудің заңдылықтарын, тілдік дағдылар мен коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыру жолдарын зерттейді, сондай-ақ оқыту процесінде қолданылатын дәстүрлі және цифрлық құралдардың тиімділігін бағалайды.
Лингводидактика салыстырмалы түрде жас ғылым болып табылады. Оның дамуына Г. И. Богин, Н. Д. Гальскова, И. И. Халеева сияқты ғалымдар өз үлестерін қосты. Г. И. Богин үшін лингводидактика таза лингвистикалық ғылым. Ал И. И. Халеева лингводидактиканы анықтай отырып, онда лингвистикалық және әдістемелік аспектілердің өзара байланысын ерекше атап өтеді және оны «тіл мен қарым-қатынастың әлеуметтік феномен ретіндегі табиғатымен ажырамас байланыста білім беру, оқыту және үйренудің мазмұндық компоненттерін негіздейтін, сөйлеу туындыларының іс-әрекеттік мәнін айқындайтын, негізінде индивидтердің әлеуметтік өзара әрекеттесу механизмдері жатқан ғылым» деп қарастырады [8, 199-6.].
Жасанды интеллекттің лингводидактикалық мүмкіндіктері – тіл үйрету процесінде білім алушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқу мазмұнын бейімдеуге, тілдік дағдыларды (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) дамытуға, жедел әрі дербестендірілген кері байланыс ұсынуға және коммуникативтік жағдаяттарды модельдеуге бағытталған жасанды интеллектке негізделген технологиялардың әдістемелік әлеуеті. Жасанды интеллект бұл тұрғыда тіл оқытудың мақсатын, әдістерін және құралдарын толықтыратын көмекші ресурс ретінде қарастырылады және оқытушының педагогикалық қызметін алмастырмай, оны тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді.
Жасанды интеллекттің білім беру кеңістігіндегі жалпы сипаттамасы мен оның лингводидактикалық құрал ретіндегі орны айқындалғаннан кейін, бұл технологиялардың тіл үйрету үдерісінде нақты қалай іске асатынын талдау қажеттілігі туындайды. Ғылыми зерттеулерде жасанды интеллекттің лингводидактикалық мүмкіндіктері көбіне оның оқыту процесін бейімдеу, тілдік ортаны модельдеу және білім алушыға жедел кері байланыс ұсыну қабілеттерімен байланыстырылып қарастырылады. Сондықтан келесі бөлімде жасанды интеллектке негізделген тіл оқыту жүйелерінде кеңінен жүзеге асырылып жүрген адаптивтілік, иммерсивтік тәжірибе және автоматтандырылған кері байланыс сияқты негізгі дидактикалық механизмдер ғылыми тұжырымдар мен нақты мысалдар негізінде қарастырылады.
ЖИ көмегімен оқытуда:
- Адаптивтілік – студенттің деңгейіне қарай жаттығуларды таңдау;
- Иммерсивтік тәжірибе – VR/AR, симуляция, аватарлар, дыбыстық және визуалдық орта арқылы жүзеге асатын оқыту, виртуалды немесе толыққанды тілдік ортаға «ену»;
- Автоматтандырылған кері байланыс – грамматика, сөздік қор және стильге түзетулер берy орын алады.
Адаптивтілік. Адаптивті оқыту жасанды интеллекттің білім беру саласындағы басты артықшылықтарының бірі болып саналады. Б. Блумның ұсынысы бойынша оқытудың тиімділігі білім алушының жеке ерекшеліктері мен қарқынын ескерумен тікелей байланысты [9] (Блум, 1984). Кейінгі зерттеулерде бұл идея ЖИ негізіндегі интеллектуалды оқыту жүйелерінде дамытылды. Гордон Паск әрбір оқушы үшін оқытудың барлық кезеңдерінде жеке күрделілік деңгейін қолдайтын адаптивті білім беру алгоритмін ұсынды. 1970-жылдардың ортасына қарай білім беруді персонализациялау ұғымы қалыптасты, онда оқушы білім беру процесінің субъектісі болып табылады: білім беру процесін жобалау және жүзеге асыру әдістері оның өзіне байланысты болады, бұл жеке оқу траекториялары мен маршруттары арқылы жүзеге асады. Бұл дегеніміз, оқушы өзіне ең қолайлы мақсаттарды өзі анықтай алады, оқу қарқынын басқара алады, өз мақсаттарына сәйкес тапсырмаларды таңдай алады, сондай-ақ оларды тексеру әдістерін де таңдай алады [10].
Тіл үйрету контекстінде мұндай адаптивтілік Duolingo сияқты платформаларда жүзеге асырылады: жүйе білім алушының жауаптарына сүйене отырып, тапсырмалардың күрделілік деңгейін өзгертіп отырады. Дегенмен қазақ тілін оқытуда мұндай жүйелердің тиімділігі тілдік деректердің шектеулілігіне байланысты толық іске аспай отыр.
Иммерсивтік тәжірибе. Иммерсивтік тәжірибе иммерсивті оқыту нәтижесінде алынады. Иммерсивті оқыту деп біз жасанды немесе модельденген ортаны пайдалану арқылы оқу үдерісіне терең бойлатуды, сондай-ақ қажетті дағдыларды меңгеру үшін цифрлық форматтарды қолдануды көздейтін оқыту әдісін түсінеміз. Мұндай бойлату виртуалды, толықтырылған, аралас шындық құралдарын және 360° бейнелерді пайдалану арқылы жүзеге асырылуы мүмкін және ол студентке бағытталған парадигманың маңызды атрибуты болып табылады.
Иммерсивті оқытуда қолданылатын нақты сценарийлер немесе симуляциялар қауіпсіз, апатсыз ортада зерттелетін пәнге қатысты практикалық білім мен біліктердің қалыптасуына ықпал етеді, бұл әрі білім алушылар, әрі оқытушылар үшін маңызды. Сонымен қатар, кіріктірілген кері байланыс механизмі арқылы білім алушы қажетті нәтижеге жеткенге дейін тапсырмаларды бірнеше рет қайталап орындау мүмкіндігіне ие болады.
Автоматтандырылған кері байланыс. Автоматтандырылған кері байланыс – ЖИ жүйелерінің тіл үйретудегі маңызды дидактикалық функцияларының бірі. Хатти және Тимперли (2007) кері байланыстың оқытудағы ең күшті факторлардың бірі екенін дәлелдеп, оның уақытылы әрі нақты болуы білім нәтижесін айтарлықтай арттыратынын көрсеткен. [11]
Тіл үйретуде автоматты түзету жүйелерін зерттеген Листер және Ранта (1997) қателерге жедел жауап беру тілдік формалардың саналы түрде меңгерілуіне ықпал ететінін атап өтеді [12]. Grammarly, Write & Improve (Кембридж) сияқты жүйелер ағылшын тілінде жазбаша сөйлеуді дамытуда сәтті қолданылып келеді. Алайда қазақ тілінде мұндай автоматты кері байланыс жүйелері морфологиялық күрделілік пен нормалардың вариативтілігіне байланысты жиі қате ұсыныстар береді. Осыған байланысты бірқатар ғалымдар автоматтандырылған кері байланысты оқытушының педагогикалық түсіндірмесімен ұштастыру қажеттігін атап көрсетеді.
Жоғарыда қарастырылған адаптивтілік, иммерсивтік тәжірибе және автоматтандырылған кері байланыс жасанды интеллекттің тіл үйретудегі лингводидактикалық әлеуетін айқындайды және оның көпфункционалды құрал ретіндегі рөлін нақтылайды.
Жасанды интеллект тіл үйрету саласында көпфункционалды құрал ретінде қолданылады.
|
№ |
ЖИ-тің лингводидактикалық мүмкіндіктері |
Сипаттамасы
|
|
1 |
Интерактивті чат-боттар |
ChatGPT, Claude, Microsoft Copilot сияқты жүйелер студенттерге мәтіндік және ауызша жаттығулар береді, грамматика мен сөздік қорын тексереді, сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектеседі. |
|
2 |
Мобильді қосымшалар |
Duolingo, Babbel, Lingvist, ELSA Speak т.б. оқушының деңгейіне бейімделген, ойын элементтерімен байытылған жаттығулар ұсынады. |
|
3 |
Мәтіндік және аудармалық көмек |
Google Translate, DeepL, Tilde Translate сияқты құралдар мәтіндерді автоматты талдайды, сөйлем құрылымын түсіндіреді, тілдік қателерді көрсетеді. |
|
4 |
Иммерсивті және визуалды оқыту |
VR/AR технологиялары арқылы тілдік ортада тәжірибе жасауға мүмкіндік береді (виртуалды диалог, бейнемәтін, интерактивті кейстер). |
|
5 |
Мәтінді талдау |
ЖИ негізінде мәтіндерді семантикалық, морфологиялық және синтаксистік талдау жасау арқылы жаңа сөздерді, сөз тіркестерін оқытуға қолдануға болады. |
|
6 |
Жеке маршруттар мен адаптивті жоспарлау |
ЖИ студенттің әлсіз тұстарын анықтап, жеке бағдарлама құра алады, бұл оқытушының уақытын үнемдейді. Мысалы, Duolingo қолданушының дұрыс жауаптарына қарай келесі деңгейді автоматты түрде реттейді, ал ChatGPT сөйлесу арқылы тілдік коммуникативтік дағдыларды жетілдіреді. |
Бұл мүмкіндіктер ЖИ-дің тек техникалық көмекші емес, оқу үдерісін жобалау, мазмұнын даралау және нәтижесін бағалау сияқты әдістемелік міндеттерді де атқара алатынын көрсетеді. Атап айтқанда, интерактивті чат-боттар мен генеративті жүйелер білім алушының деңгейіне бейімделген тапсырмалар ұсынып, тілдік жағдаяттарды модельдеу және жедел кері байланыс беру арқылы оқытудың тиімділігін арттырады. Осы тұрғыдан алғанда, ЖИ құралдарының, соның ішінде ChatGPT технологиясының, нақты әдістемелік сценарийлерді жүзеге асырудағы мүмкіндіктерін қарастыру өзекті болып табылады.
Әдістемелік тұрғыдан алғанда, ChatGPT технологиясының көмегімен оқытушы әртүрлі оқыту сценарийлерін жүзеге асыра алады, атап айтқанда:
- Атауы (тақырыбы) бар, тұтас әрі аяқталған сөйлеу-шығармашылық үдерісінің нәтижесі болып табылатын, әртүрлі лексикалық, грамматикалық, логикалық және стилистикалық байланыс түрлері арқылы біріктірілген ерекше бірліктерден (суперфразалық тұтастықтардан) тұратын, белгілі бір бағыттылығы мен прагматикалық мақсаты бар бірегей мәтіндер құрастыру [13].
- Оқу-әдістемелік кешеннің (ОӘК) белгілі бір бөлімі тақырыбы бойынша тапсырмалар әзірлеу.
- Оқу материалын меңгеру деңгейін бақылауға арналған тесттер дайындау.
- Ұсынылған тақырып бойынша сөйлеу жағдаяттарын құрастыру.
- Білім алушылардың жазбаша сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған тапсырмалар жасау.
Жалпы алғанда, ЖИ-дің лингводидактикалық мүмкіндіктері тек техникалық құралдармен шектелмей, оқу процесін жекешелендіру, мәтіндік және ауызша әрекеттерді модельдеу, сондай-ақ білім алушының деңгейіне бейімделген тапсырмалар ұсыну арқылы әдістемелік тұрғыда да маңызды рөл атқарады. Осы мүмкіндіктердің негізінде жасанды интеллект қазақ тілін оқытуда практикалық қолдану бағыттарын, оның ішінде мәтін құрастыру, диалог жүргізу, грамматикалық түзетулер енгізу және коммуникативтік дағдыларды дамыту сияқты аспектілерді тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектке негізделген тілдік технологиялар қазақ тілін оқытуда белгілі бір деңгейде тиімді құрал бола алады. Атап айтқанда, ЖИ жүйелері білім алушыларға мәтін құрастыру, диалог жүргізу, сөздік қорды кеңейту және грамматикалық қателерді анықтау сияқты базалық тілдік дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы, чат-боттар арқылы тақырыптық диалогтарды модельдеу ауызша сөйлеу дағдыларын жетілдіруге, ал мәтінді автоматты түзету құралдары жазбаша тіл мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жасанды интеллект білім алушының деңгейіне қарай тапсырмаларды бейімдеп ұсыну арқылы оқыту үдерісін жекешелендіруге жағдай жасайды. Қазақ тілін оқытуда жасанды интеллекттің мүмкіндіктері бірқатар объективті шектеулерге тап болып отыр.
Ең алдымен, қазақ тілінің агглютинативті құрылымы мен күрделі морфологиялық жүйесі қазіргі тілдік модельдер үшін айтарлықтай қиындық тудырады. Сөздердің көп қосымшалы формалары, түбір мен қосымшаның семантикалық өзгеріске ұшырауы, сөз тәртібінің еркіндігі ЖИ жүйелерінің синтаксистік және семантикалық талдау дәлдігін төмендетеді. Нәтижесінде кейбір грамматикалық құрылымдар қате интерпретацияланып, білім алушыға дұрыс емес тілдік үлгілер ұсынылуы мүмкін.
Екіншіден, қазақ тіліндегі сапалы және көлемді тілдік деректер базасының (корпустардың) жеткіліксіздігі ЖИ жүйелерінің оқыту сапасына тікелей әсер етеді. Ағылшын немесе орыс тілдерімен салыстырғанда қазақ тілінде таңбаланған, академиялық және дидактикалық тұрғыдан сұрыпталған мәтіндер қоры шектеулі. Бұл жағдай ЖИ модельдерінің тілдік заңдылықтарды толық меңгеруіне кедергі келтіріп, олардың нәтижелерінің тұрақтылығы мен сенімділігін төмендетеді.
Үшіншіден, жасанды интеллект қазақ тілінің ұлттық-мәдени және прагматикалық қырларын толық ескере бермейді. Қазақ тіліндегі тұрақты тіркестер, этномәдени ұғымдар, сөйлеу этикеті мен дискурстық нормалар көбіне контекстке тәуелді болып келеді. Ал қазіргі ЖИ жүйелері бұл ерекшеліктерді үстірт қабылдап, коммуникативтік жағдаятқа сәйкес келмейтін жауаптар ұсынуы мүмкін. Бұл әсіресе тіл үйренушілердің мәдени-тілдік құзыретін қалыптастыруда шектеу болып табылады.
Осылайша, жасанды интеллект қазақ тілін оқытуда белгілі бір әдістемелік мүмкіндіктерге ие болғанымен, тілдің құрылымдық, деректік және мәдени ерекшеліктеріне байланысты толыққанды әмбебап құрал ретінде қолданылмайды. Сондықтан ЖИ технологиялары қазақ тілін оқытуда дәстүрлі әдістерді толықтырушы көмекші құрал ретінде қарастырылуы тиіс.
Жасанды интеллект негізіндегі қазақ тілін оқытуға арналған әдістемелік ұсыныстар: ЖИ технологияларын қазақ тілін оқытуда қолданудың бір тиімді бағыты тақырыптық мәтіндер мен сөйлеу жағдаяттарын модельдеу. ChatGPT сияқты жүйелер арқылы берілген тақырыпқа сәйкес диалогтар, эссе үлгілері және рөлдік ойын сценарийлерін құрастыру білім алушылардың коммуникативтік дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл құралдар лексикалық бірліктерді контексте меңгеруге және сөйлеу тәжірибесін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жазбаша сөйлеу дағдыларын дамытуда ЖИ негізіндегі мәтінді түзету және талдау функцияларын қолдану тиімді болып табылады. Алайда мұндай түзетулер оқытушының бақылауымен жүзеге асуы тиіс, себебі автоматты ұсыныстар кей жағдайда қазақ тілінің нормаларына толық сәйкес келмеуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, білім алушыларды ЖИ ұсынған нұсқаларды сыни тұрғыда бағалауға үйрету маңызды.
Сонымен қатар қазақ тілін оқытуда жасанды интеллектке негізделген тапсырмаларды ұлттық-мәдени мазмұнмен толықтыру қажет. Мысалы, дәстүр, салт-ғұрып, әлеуметтік қатынасқа байланысты мәтіндер мен жағдаяттарды қолдану арқылы білім алушылардың тілдік қана емес, мәдени құзыреттерін де дамытуға болады. Бұл бағытта ЖИ жүйелерін оқытушы алдын ала іріктеген және бейімдеген материалдар негізінде пайдалану тиімді нәтиже береді.
Демек, ЖИ-ке негізделген әдістемелік тәсілдер қазақ тілін оқытуда белгілі бір педагогикалық әлеуетке ие болғанымен, олардың тиімділігі қолдану формасына, мазмұнның іріктелуіне және оқытушының әдістемелік басшылығына тікелей тәуелді. Сондықтан ЖИ технологияларын оқу үдерісіне жүйелі түрде енгізу, оларды дәстүрлі оқыту әдістерімен үйлестіру және қазақ тілінің құрылымдық ерекшеліктерін ескере отырып бейімдеу қажеттілігі туындайды. Осыған байланысты төменде қазақ тілін оқытуда жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағытталған бірқатар практикалық ұсыныстар ұсынылады:
Гибридтік оқу жүйесі: ЖИ құралдарын дәстүрлі тіл үйрету әдістерімен біріктіру (оқулық + чат-бот + геймификация).- Корпустық негізде жеке маршруттар: Қазақ тіліндегі мәтіндік корпус жасалып, оқушылардың деңгейіне сай интерактивті тапсырмалар құру.
- Дауыстық практика: ЖИ арқылы студенттің айтылуын тексеретін және кері байланыс беретін жүйелерді дамыту.
- Көпмодалды әдістер: Мәтін, дыбыс, бейне арқылы қазақ тілін үйрету; мысалы, VR немесе AR арқылы дәстүрлі қазақ мәдениетін көрсету.
- Морфологиялық генераторлар: Қазақ тілінің күрделі морфологиясын ескере отырып, автоматты сөйлем генерациясын жасау.
Қорытындылай келе, жасанды интеллект технологияларын қазақ тілін оқытуда жүйелі, мақсатты және педагогикалық тұрғыдан негізделген түрде қолдану олардың тиімділігін арттырады. ЖИ құралдары оқытушыны алмастырмайды, керісінше, тіл үйрету үдерісін жетілдіретін инновациялық әдістемелік ресурс ретінде қызмет етеді.
Қорытындылай келе, жүргізілген талдау жасанды интеллект технологияларының қазақ тілін оқытуда айтарлықтай лингводидактикалық әлеуетке ие екенін көрсетті: олар оқыту үдерісін жекешелендіруге, автоматтандырылған кері байланыс беруге, иммерсивтік және коммуникативтік орта құруға мүмкіндік береді. Алайда қазақ тілінің агглютинативті табиғаты, морфологиялық күрделілігі, сапалы тілдік деректер базасының жеткіліксіздігі және ұлттық-мәдени контекстің толық ескерілмеуі ЖИ құралдарын әмбебап шешім ретінде қолдануға шектеу қояды.
Осы себепті жасанды интеллект қазақ тілін оқытуда оқытушыны алмастыратын емес, дәстүрлі әдістерді толықтыратын көмекші құрал ретінде қарастырылуы тиіс. ЖИ технологияларын педагогикалық мақсатқа сай, әдістемелік тұрғыдан негізделген және қазақ тілінің құрылымдық ерекшеліктерін ескере отырып жүйелі енгізу ғана олардың тиімділігін арттырып, тіл үйрету сапасын жаңа деңгейге көтере алады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
- Marshall McLuhan, Understanding Media: The Extensions of Man, 1964.
- Хурана Д., Коли А., Хаттер К. Современное состояние, текущие тенденции и проблемы обработки естественного языка.
- Лысачев М.Н., Прохоров А.Н. Искусственный интеллект. Анализ, тренды, мировой опыт, 2023.
- Сафонова В.В. Искусственный интеллект стучится в дверь: какой степени современная лингводидактика готова с ним эффективно взаимодействовать?, 2023.
- Smith C., Introduction, The History of Artificial Intelligence. University of Washington, 2006.
- Schell B., Martin C., Webster’s New World Hacker Dictionary. Wiley Publishing, Inc., Indianapolis, Indiana, 2006.
- Искусственный интеллект в образовании: семь вариантов применения, https://the-accel.ru/iskusstvennyiy-intellekt-v-obrazovanii-sem-variantov-primeneniya/
- Халеева, И. И. Основы теории обучения пониманию иноязычной речи (подготовка переводчиков), 1989.
- Bloom, B. S., The 2 Sigma Problem: The Search for Methods of Group Instruction as Effective as One-to-One Tutoring. Educational Researcher, 1984.
- Кручинин В.В. Разработка компьютерных учебных программ.
- Hattie, J., & Timperley, H., The Power of Feedback. Review of Educational Research, 2007.
- Heift, T., & Schulze, M., Errors and Intelligence in Computer-Assisted Language Learning: Parsers and Pedagogues. Routledge, 2007.
- Гальперин, И.Р., Текст как объект лингвистического исследования И.Р. Гальпериш, 2006.