Төлеген Айбергенов

Төлеген Айбергенов.

Жаңа жыл туындаған жаңа армандар,
Жаңа жыл шуылдаған жаңа ормандар.
Ол мынау мәңгі бақи жаңа дүние,
О сәлем, жаңа жылда жаңарғандар!

Жаңа жыл алаулаған тұр өңімде,
Атаның өсиетінде, тілегінде.
Күніге жүз айналып толғанатын
Ананың жаңа жыл бар жүрегінде.

Тербеген сағынышпен талай түнін,
Жаңа жыл жар лебінен тарайтын үн.
Қыздардың жанарында жаңа жыл бар
Дәл биыл он сегізге қарайтұғын.

Жаңа жыл январьдың ақ қарында,
Көктемнің бұлбұл қанат бақтарында.
Әрқашан мен жаңа жыл аңсап қалам
Достарым алыс кеткен шақтарында…

Жаңа жыл ақ ниеттің алаулауы,
Жаңа жыл тарихтардың тараулары,
Жаңа жыл жалындаған алқызыл нұр,
Сенімен мен көтерген жалаудағы.

Жаңа жыл қуануда, күрсінуде,
Сел-дария сезімдердің түйсігінде.
Жолдардың жан баспаған торабында,
Талдардың гүл жармаған бүршігінде.

Жол бар ма жаңа жылдар байқамаған,
Көл бар ма жаңа жылдар шайқамаған.
Мен әр жас сәбиімді көрген сайын,
Әлемге жаңа жыл боп қайталанам.

Жаңа жыл бұрылыстарда бара алмаған,
Жаңа жыл құрылыстарда қаланбаған.
Ағалар қарапайым өмірінен,
Бір жаңа жыл жасар деп алаң маған.

Жататын омырауынан шайқап өлең,
Жаңа жыл мынау ару байтақ әлем.
Мен оған ұқсаңқырап кеткен сайын,
Жан досым, бір жаңа жыл байқа менен.

Жаңа жыл қайсарлық пен жүректілік.
Баратын болашаққа білек түріп,
Мен жаңа жылдарыма қол созамын,
Әлемге жаңа жылдар тілеп тұрып.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *