Тәуелсіздік

Тәуелсіздік

Секілді дауыл соғып, құм жыққан гүл,
Тағдыры бұл қазақтың – сұмдық тағдыр.
Аяулы сөзім еді — Тәуелсіздік,
Қанша жыл көкейімде булыққан бір.

Тарихым ол да бейне шоқ қоздаған,
Куәсі балбалтасты боп-боз далам.
Күмбірлі күйім еді — Тәуелсіздік,
Домбыра шанағында көп боздаған.

Жалыны қасіреттің шарпып алдан,
Сиреді-ау талай жерде халқым орман.
Қаланған бүгінгі елдің іргетасы —
Кешегі Ақ ордам мен Алтын ордам.

Көңілін егемендік көктем етіп,
Сұрапыл, алағайлы шақтан өтіп.
Дабысы шықты міне, қайсар елдің,
Дауысы құлындаған хаққа жетіп.

Хақым жоқ енді еш жерде тайғанауға,
Көнбейтін мінез біткен айдағанға.
Асқақтап бүгінімді ақтарылам,
Өткенге өкінгеннен пайда бар ма?!

Тауларым — қадау-қадау, өр жауынгер,
Айналам асқар асу, жан-жағым көл.
Даласын көр де бүгін, жатқан жалпақ,
Қазақтың айбары мен салмағын көр.

Шекарам іркес-тіркес жалғасқан бақ,
Құт көшті қақ төріме, сор көшті аулақ.
Көк байрақ – көк аспаным тұрған кезде,
Тұранда тұра берем мәңгі аспандап.

Азаттық сыйлады ырыс енші етіп көп.
Рухымды асқақтаған көрсетіп тек.
Қастерлі Тәуелсіздік келмесе егер,
Елордам тұрмас та еді еңсе тіктеп.

Жаратқан айырма деп осы бақтан,
Кептіріп сағыныштың жасын аққан.
Оралды қандастарым туған жерге,
Тарыдай қатал тағдыр шашыратқан.

Ақ күні еркіндіктің туып бүгін,
Алты алаш – жеті жұрттың біліп тілін.
Әлемді Фарабидей кезді жастар,
Іркілмей ілім жиып, қуып білім.

Шығатын сарнап-сарнап әр жүректен,
Азаттық – рух дауысы тағдыр еккен.
Ол дауыс Димаштағы қазақ дауысы,
Жалт қарап, бүкіл әлем тағзым еткен.

Бұл дала болмай ұзақ еліме кең,
Тар кезең – сірескен мұз еріді әрең.
Ақтаңдақ парақтары қарт тарихтың,
Ашылып ақиқаттың қолыменен.

Өткеріп сан алапат ғасыр жүгін,
Бейбіт күн полигонның* өшірді үнін.
Қырық жыл жүйкемізге дүре соққан,
Келмеске кетті ақыры кесірлі күн.

Сырғанап тәуір-ауыр сәттер алуан,
Құшағын аша келді көктем алдан.
Көктеп тұр енді біздің қолымызда,
Бабалар жүрегінде кеткен арман.

Мызғымай тұрса азаттық — жұрттың бағы.
Сол болар байрақты елдің нық тұрғаны.
Жаңғыртты шартарапты мүлгіп жатқан,
Жаңғырған рухани ұлттың жаны.

Әр елдің Тәуелсіздік көркі, күші,
Сонымен еңсесі тік, жарқын ісі.
Ауасын еркіндіктің жұтқан елдің,
Болады қай кезде де кең тынысы.

Алысып сан нәубеттен өттің елім,
Ал бүгін шығанға өрлеп, көк тіредім.
Ай-күнім тұрсын аман, жерім бүтін,
Жаратқан одан өзге жоқ тілегім!

Олжас ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *