Дәуірдің дара тұлғасы
Мұқтар Әуезов — ұлт руханиятындағы көшбасшы жазушы һәм тұлға. Иә, бұл атаққа ол өзінің қажыр-қайратын қазақтың ғылым-біліміндамытуға жұмсау арқылы келді. Бүгінде бір ғылыми институты айналысып отырған Абайтануды кезінде Мұхтар Омарханұлы өзі зерттеп, зерделеп, 18-19 ғасырдағы тобықты руының құнды мәліметтерін түгендеп шыққаны да жасырын емес. Әуезовтың ғылым-білімге, жазушылыққа келуі де, алғашқы Абайтанушы атануы да кездейсоқ емес. Жастайынан ұлтының бодандық қамытын киіп, ал әкесінің күрескерлігін көруі, сол арқылы өзінің рухани, азаматтық ұстанымын шыңдауы нағыз қайраткерге тән сара жол еді. Әуезов туралы айтылғанда «Абай жолынан» бөлек «Қорғансыздың күні» , «Қараш-Қараш» еңбектері бірге айтылады. «Көксерек» еңбегі қазақ даласының өмір сүру заңдары мен ережелерін түз тағысы арқылы суреттеген тұшымды туынды. Ал «Қараш-Қараш» повесінің өмірлік, тәрбиелік мәні зор! «Адамға қымбат нәрсе, жұрт қамы, жұрт ісі» деген жазушы ертең үшін, болашақ үшін жұмыс істеді. Сонымен қатар тіл мен жер үшін күресті. Оның публицистикалық еңбектері біріңғай ұлттық демократиялық бағытта болды. Ол қазақ даласында ашылған «Қазақ» газеті, «Айқап» журналдары арқылы халықтың қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал етті.
Өрелі, тілі өрнекті қайраткер Мұхтар Әуезов Шәкәрімді де зерттеді. Шәкәрімнің қазақ поэзиясындағы өлең жанрын жан-жақты толықтыра түсiп, көркемдiгiн арттырғанын ғылыми мақалалары арқылы дәлелдеп берді. ХХ ғасыр басында қазақ әдебиеті майданына келген ақын-жазушылар үшін лирикалық махаббат тақырыптары аздық ете бастағаны сөзсіз болатын. Себебі, қоғам, заман тақырыптары өзекті еді. Оқырмандар жаңадан ашылған газет, журналдардан жаңа ақындар-жазушыларды оқыды, іздеді. Солардың ішінде өзгеше әңгімелер жазып алғаш көзге түскендердің бірегейі – Мұхтар Омарханұлы Әуезов дер едім. Оның өршіл, шыншыл прозасы оқырманына жігер, рух беріп, ар-намысын оятуға жұмыс істеді! Әсіресе, «Жетім», «Қилы заман», «Қаралы сұлу» секілді дүниелері халықтың, оқырманның жүрегіне жетті.
Әуезов белгілі бір құбылысты, іс-әрекетті бейнелей суреттеп, өзгеше атау, әр берген (перифраз), мысалға айналдыра суреттеген санаулы жазушылардың бірі. Себебі, оның алаулаған патриоттық сезімі, өмірлік кредосы прозасының, публицистикасының әр жолынан байқалып тұратын.
Қасқыр жүректі, көреген көзді, жыры да, жаны да сұлу Мұхтар Омарханұлы жазушы, қайраткер, ұстаз ретіндегі асқақ бейнесін қанша уақыт өтсе де дәлелдеп, өзекті тұлға болып келеді. Теңіздің тентек толқынындай шабытын ұлт ісіне, өзін туған халыққа арнап, атасының емес, адамның, халықтың баласы болған Әуезовтың болмыс бітімі жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола берері анық!