Қазақ халқының ХХ ғасырдағы ұлы жазушысы,

Қазақ халқының ХХ ғасырдағы ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Омархан мен атасы Әуез екеуі де хат танитын сауатты адам болған. Өз заманында ұлы Абаймен сырлас, ауылдары іргелес, аралас-құралас тіршілік кешкен. Бала Мұхтардың атасы Әуез – Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның туған інісі. Абайдың өлеңдерін зор ықыласпен тыңдап, қағаз бетіне түскен тың туындыларымен танысып, пікір алмасатын жақын адамдарының бірі болған. Мұхтардың бала кезінен Абай мұрасына қызығушылығын оятқан да осы атасы еді. Ескіше сауаты бар, араб, парсы, түркі әдебиетімен таныс Әуезді Абай «Әуке аға», «Үлкен қожа» деп атаған. Мұхтар дүние есігін ашқанда, Абай Әуезовтердің шаңырағына шілдеханаға барған деген де естеліктер бар.

Он бір жасында әкесі Омархан қайтыс болады. Осыдан кейін Мұхтар ауылдан қалаға немере ағасы Қасымбектің тәрбиесіне көшеді. Шаһарда оқу-білім жолындағы біршама ұзақ сапары басталады.

Білім сапарын ауыл мектебінен бастаған бала Мұхтардың кішкентай кезінен сусындап өскен рухани қазынасы атасы Әуездің Мүрсейіт қолжазбасындағы Абай өлеңдері еді. Ұлы ақын Абай өмірден өткенде жеті жаста болған М. Әуезов өзі нәр алған бұлағы Абайды телегей терең мұхитқа айналдырған.

Өз заманында Әуезов білімдар қазақтардың бірі болды. Алдымен, Семейдегі орыс гимназиясында бес жыл, мұғалімдер даярлайтын семинарияда төрт жыл оқиды.

Әуезов Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. 1918 жылы мамырда Омбыда өткен Жалпықазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Семейде «Абай» ғылыми-көпшілік журналын, «Қазақ тілі» газетін шығаруға атсалысқан. 1919 жылы семинарияны тәмамдап, қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласады. 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне оқуға түсіп, «Шолпан» және «Сана» журналдарына жұмысқа орналасады. Жазушының «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Заман еркесі» әңгімелері осы басылымдарда жарық көрген. 1923 жылы маусым айында Ленинград мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет бөліміне түседі. 1924-1925 жылдары аралығында Семейдегі мұғалімдер техникумында оқытушы болып істейді. Осы аралықта «Таң» журналын шығарады. 1925 жылы Ленинградқа оралып, оқуын қайта жалғастырады. 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды. Бұдан бөлек Қазақ ағарту институтында сабақ берді. 1934-1961 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ұстаздық қызмет атқарды.

Замандастары Мұхтар Әуезовті елгезек, бауырмал, ізгілікті, сырбаз адам деп сипаттаған.

Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы

Қазақтың заңғар жазушысы артына мол әрі бай мұра қалдырды. Елдің оқу-ағарту ісіне, драматургия саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

20 жасында Әуезов өзінің тұңғыш көлемді туындысы «Еңлік-Кебекті» жазды. Шекспирдің Ромео мен Джульетта туралы хикаясымен желілес бұл пьеса күні бүгінге дейін қазақ сахнасынан түспей келеді. «Еңлік-Кебек» ең алғаш 1917 жылы Абайдың әйелі Әйгерімнің ауылында сахнаға қойылса, 1922 жылы Орынборда жеке кітап болып басылып шықты.

Қаламгердің көптеген көркем әңгімесі, тұңғыш пьесалары Семейде жазылып, Семейде сахналанды.

Әуезовтің қаламынан отыздан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың нұсқаларын қосса, елуден асып жығылады. Мұхтар Әуезов драматургиядағы жанрлық формалардың бәрін қамтыған: трагедия, комедия, драма да бар.

Аса терең, мәнді шығарманың бірі – «Түнгі сарын».Туындыда таптық тартыс адам тағдырлары арқылы бейнеленеді. «Түнгі сарын» – қазақ драматургиясында жағымды кейіпкерлер проблемасын шешкен туынды. «Октябрь үшін», «Тартыс» пьесаларында Әуезов реалистік драма жасаудың түрлі-түрлі құралдарын пайдаланған.

Әуезовтің абақтыға жабылғанға дейінгі шығармашылығына көз жүгіртсек, қаламгердің ұлт-азаттық қозғалыс, әлеуметтік тақырыпқа өте жақын болғанын көреміз. 1928 жылы Әуезов «Хан Кене» драмасын жазып бітірді. Алайда бұл трагедия тек алты жылдан кейін ғана, 1934 жылы театр сахнасында қойылды. Мұнда Кенесарының, Наурызбай батырдың, қазақ, қырғыз билерінің реалистік бейнелері жасалып, тарихи шындық пен көркем шындық табиғи бірлік тапқан. Бұл шығарма қоғамда қызу пікірталас туғызып, оны сахналауға уақытша тыйым салынды. Әуезовтың айтуынша, пьесаны жазбастан бұрын Орынбордан, Омбыдағы Сібір ведомствосынан, қырғыз-қазақ арасынан көп материал жинаған. Оның пікірінше, әрбір тарихи деректі әркім өзінше пайымдауы мүмкін, бірақ өзіндік тарихи тұжырымдамасы жоқ автор тарихи тақырыпқа шығарма жаза алмайды.

Мұхтардың атын көпшілікке әйгілі еткен «Абай» журналы еді. Бас редакторы Жүсіпбек Аймауытов болды. Әуезов, көбінесе, журналист, публицист, ойшыл, философ ретінде көрініп, оның негізгі мақалаларын жазып отырды. Бертін келе «Қазақ тілі», «Шолпан», «Таң», «Сана», «Жас Азамат», «Еңбекші қазақ», «Кедей айнасы», «Жаңа мектеп», «Жас қайрат» және тағы басқа газет-журналдарда саяси, мәдени-ағартушылық, дүниетанымдық бағыттағы келелі ойларын алға тартып отырды. Ұлт-азаттық сарындары да осы кезеңде қалыптаса бастады. Алғашқы жылдары жазылған көркем шығармаларында елдің тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы суреттелсе, 20-шы жылдардың ортасына қарай ұлт тағдырына деген алаңдаушылығы шығармаларында жиі көрініс тапты.

Әуезовтің шығармашылығында «Абай жолы» романының орны бөлек. Әуезов Абайдай ұлт мақтанышын дүниежүзіне танытқан қаламы қарымды қаламгер. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемдік деңгейде «ХX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары бағаға ие болды.

Алайда «Абай жолы» оңай жазыла салған шығарма емес. Әуезов кесек туындыны дүниеге әкелу үшін талай мұрағатты ақтарып, қаншама адаммен сырласып, ұйқысыз түндер өткізді. Роман жарық көргеннен кейін де, қайта-қайта қудаланып, сынға ұшырады. Бірақ жазушы еш мойымады.

Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын жазуға 30 жыл уақыты кетті. Он тоғыз жасынан Абай туралы жазуды ойға алып, он жеті жыл үздіксіз ізденіп, он екі жыл ішінде жазып шықты. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), одан кейін мұның жалғасы ретінде «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын, 1952, 1956) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды.

Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға 1949 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығы табысталды. Ал төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы басылып шыққаннан кейін, 1959 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. Кейіннен роман-эпопея бірнеше тілге аударылды.

Мұхтар Әуезов Семейге келіп, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған алашордашыл азаматтар қатарындағы Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды қазақтың дарынды ақын-жазушыларына қосылды. Алашордашыл бағытты ұстанған жастармен етене араласып, Мұхтар ұлтының бағының ашылуын аңсап, туған жұртына деген қамқорлығы арта түсіп, ұлттық бағытқа бет бұрады.

Алайда Алаш қозғалысының көсемдерімен бірге, 1930 жылы 16 қыркүйекте тұтқындалады. Жазушы қуғын-сүргіннің алғашқы легіне ілікті. Іле-шала бірталай заттары мен қағаздары тәркіленді. Ол қағаздар бүгінге дейін табылған жоқ.

Голощекин «Мұхтар алашшыл, оңшыл, сәдуақасовшыл, қазақ ұлтының астыртын ұйымына қатынасып, Қазақстандағы кеңестік науқандар мен шаралардың мазмұнын бұрмалау мақсатын көздеді. Өкімет мекемелері мен жерге қоныстандыру мекемелерін, мәдени-ағарту және оқу орындарын, баспасөзді өздерінің ықпалына қаратып, жаулап алуға ұмтылған. Орта Азия басшыларының қозғалысына жетекшілік жасап, сондай қозғалысты Қазақстанда да ұйымдастыруға әрекеттенген. Кеңес үкіметін құлатуды алдына мақсат етіп қойған» деп, Әуезовті жауапқа тартып, айып тағады.

Екі жыл абақтыда отырған. Одан кейін «идеологиялық айыбын мойындап» жазған «Ашық хаты» үшін жазасы жеңілдеп, шартты түрде тағы үш жылға кесілген. Ол хат баспасөзде жарияланды. Онда Мұхтар өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және Абай туралы зерттеулерінен, «Қарагөз», «Еңлік-Кебек», «Хан Кене», «Қилы заман» сияқты шығармаларынан бас тартатынын мәлімдеуге мәжбүр болды. Содан кейін ғана ол түрмеден босатылып, оқытушылық жұмыспен айналысуға рұқсат алды. Еркіндіктің құны осы болды.

«Кейін қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерді анықтап оқып отырып, онысы батыл адамның әрекеті болғанына айқын көз жеткіздім. Оның жазғанының астарында әжуа, әшкере жатыр және ол байқалып та тұрады. Олар ешқандай да мойындау хаттар емес. Сананың шамырқануы, ішкі қасірет те емес. Бұл озбыр заманға орай туған ойын, ғажап, мағыналы хаттар», — деген еді сұқбаттарының бірінде ұлы Мұрат Әуезов.

1937 жылғы қуғын-сүргіннің екінші легінен Мұхтар Әуезов аман қалды. Алайда жұрт одан сырт айналды. Театр репертуарынан пьесалары алынып тасталды. Өзі жұмыстан қуылды. Сол қиын-қыстау кезеңде жазушы Абайдың бейнесіне ден қойды.

Соғыстан кейін жазушы Қазақ Республикасы ғылым академиясының президиумына кірді. Оның «Абай» романы орыс және чех тілдеріне аударылды. 1947 жылы эпопеяның екінші бөлімі жарық көрді. Осы еңбегі үшін Әуезов Сталин сыйлығын иеленді.

«Бір қарағанда ол танымалдыққа жеткеніне бөркін аспанға атып, қуануы керек болатын деп ойлайсың. Бірақ осы жайт оған, ең әуелі, ендігі жерде қорғаныш болатындай, бұдан былай жаны сая табатындай сезім кешірген сыңайлы. Алайда уақыт көрсетіп бергендей, Сталин сыйлығы оны ұлтшылдық ұраны қайта көтеріліп, қазақ зиялыларының келесі шоғыры тұтқындалған 1952-53 жылдардың зұлматынан мүлде қорғамады», — дейді ұлы Мұрат Әуезов.

Осыдан кейін жазушы жалған құжат жасатып, Мәскеуге ұшып кетуге мәжбүр болған. Мәскеуде екі жылын өткізеді, университетте дәріс оқиды. 1954 жылы Алматыға қайтып оралып, «Абай жолы» роман-эпопеясын түпкілікті аяқтады.

Жазушы 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы ауруханада операция кезінде қайтыс болды. Алматы қаласында жерленген.

Мұхтар Әуезовтің отбасы

Мұхтар Әуезов өмірінде төрт рет үйленген. 1917 жылы аттастыру салты бойынша ағайын-туыстың қалауымен 15 жастағы Райханмен отау құрады. 1918 жылы отбасында Мұғалима есімді қыз дүниеге келді, әкесі қызына өмір бойы қамқорлық көрсетіп өткен. Бір жылдан кейін Шоқан есімді ұлдары туады. Алайда ол ерте қайтыс болып кеткен. 1920 жылы Райхан 18 жасқа толғанда, Мұхтар онымен ажырасады. Сүйікті қызын өзімен бірге алып кетеді.

Кейін Мұхтар Абайдың ұлы Тұрағұлмен жақын достасып, оның қызына, яғни Абайдың немересі Кәмилаға үйленеді. Бірақ бұл неке де ұзаққа созылмайды.

1923 жылы Мұхтар Әуезов Ленинградта оқып жүргенде, болашақ жары Валентина Николаевна Кузьминамен (кейін Әуезова) танысады. Екі жас оқу бітірген соң, Ташкентке көшеді. Әуезов қаладағы Ортаазиялық университеттің аспирантурасына түседі. 1929 жылы ерлі-зайыптылардың Лейла есімді қызы, ал 1935 жылы Ернар есімді ұлдары дүние есігін ашады.

1937-38 репрессия жылдарынан кейін Мұхтар Әуезов Фатима Ғабитовамен бас қосады. Фатима Ғабитова Мұхтарға Мұрат есімді ұл сыйлайды.

Мұхтар Әуезовтің балаларының ішінде қазір Мұрат Әуезовтің ғана көзі тірі. Ол бүгінде белгілі мәдениеттанушы-ғалым, қоғам қайраткері.

Атасы Әуез бен әжесі Дінасыл Мұхтарды «Қоңыр» деп атаған. Кейін Мұхтар мұны бүркеншік ат етті. Ол Ленинградта оқып білім алған тұңғыш қазақ студенттерінің бірі еді. Әуезов шығармалары қамтыған географиялық аймақ өте көлемді. Онда қазақтың қаласы, даласы, солтүстігі,, оңтүстігі, батысы, шығысы – түгел. М. Әуезов Америка, Индия, Жапонияда болды. М. Әуезов қазақтың киіз үйінен шығып, ХХ ғасыр цивилизация биігіне көтерілді. Ол қазақтың психологиясын, әдет — ғұрпын, салт — санасын, күллі өмірін Ресейге, Англияға, Францияға, әлемнің төрт бұрышына таныстырды.

Әкесі қайтыс болғаннан кейін, он бір жасар Мұхтар Семей қаласында тұратын немере ағасы Қасымбектің тәрбиесінде болған. 1908 жылы бесжылдық орыс училищесіне түсіп, оны бітірген соң төртжылдық мұғалімдер семинариясын 1919 жылы бітіріп шыққан. Білімнің адам өміріндегі маңызын жете түсінген М. Әуезов 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультетін, 1930 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия университетінің аспирантурасын бітіргенМ.Әуезов өзінің алғашқы туындыларын 1917 жылдан бастап жаза бастаған. Жазушының «Қазақтың өзгеше мінездері» мақаласы Ташкенттен шығатын «Алаш» газетінде, «Адамдық негізі – әйел» мақаласы Семейде шығатын «Сарыарқа» газетінде басылып шыққан. М. Әуезовтің тырнақалды көркем туындысы 1917 жылы семинарияда оқып жүргенде жазған «Еңлік – Кебек» пьесасы қазақ театрының алғаш шымылдығын ашқан көркем туынды болып табылады.

 М. Әуезовтің әдеби-шығармашылық мұрасын төмендегідей салаларға бөліп қарастыруға болады.

Прозалық шығармалары Мақалалары

«Қорғансыздың күні»

«Жетім»

«Көксерек»

«Қараш-Қараш оқиғасы»

«Қыр суреттері»

«Кім кінәлі?»

«Оқыған азамат»

«Ескілік көлеңкесінде»

«Қаралы сұлу»

«Абай жолы»

«Барымта»

«Жуандық»

«Бүркітші»

«Іздер»

«Қазақтың өзгеше мінездері»

«Адамдық негізі – әйел»

«Оқудағы құрбыларыма»

«Қайсысын қолданамыз»

«Ғылым тілі»

«Оқу ісі»

«Мәдениетке қай кәсіп жуық»

«Асыл нәсілділер»

«Түркістан осылай туған»

  Жазушының Еуропалық прозаның деңгейіндегі алғашқы көркем шығармасының бірі 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» әңгімесінде тағдыр тауқыметін тартқан үш мұңлық әйелдің өмірі суреттелген. Шығармадағы адамдықтарын ту етіп ұстап отырған үш әйелге азғындықтың, арамдықтың қара күйесіндей болған Ақан мен Қалтай қарама-қарсы бейнеде алынған. Жазушы арам ниеттің құрбаны болған Ғазиза бейнесін: «Ұяң, жұмсақ қарайтын қара көзінде, кірбең қабағында қалың уайымның салған ізі бар», – деп бейнелеген. Осындай қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, озбырлық, адамдар арасындағы қайшылық, қазақ әйелінің басындағы ауыр хал, айықпас мұң, өгейлік, өктемдік құрбаны болған адам тағдыры жазушының «Оқыған азамат», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Барымта», «Кәнәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Жуандық», «Жетім», «Қараш-Қараш оқиғасы» шығармаларында барынша реалистікпен суреттелген. М. Әуезовтің «Қыр суреттері», «Кім кінәлі?», «Сөніп-жану» әңгімелерінде тозығы жеткен кертартпа салт әмеңгерліктің құрбаны болған әйелдер тағдыры туралы айтылған. Қаналған адамның қанаушы тапқа қарсы ашық айқасын көрсеткен идеялық-көркемдік жағынан Әуезов шығармасының шоқтығы болып табылатын туынды – «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінде қазақ қоғамының шындығы, ескі ауылдағы әлеуметтік теңсіздік, дала билеушілерінің заңсыз үстемдігі, байлардың кедейлерге жасаған өктемдігі, зорлық-зомбылығы, кедейлердің байлардан көрген қиянат-қорлығы ашық суреттелген. М. Әуезовтің «Іздер», «Білекке білек», «Қасеннің құбылыстары», «Үш күн», «Құм мен асқар», «Шатқалаң», «Бүркітші», «Асыл нәсілділер» әңгімелері төңкерістен кейінгі жаңа өмірді, колхоз тұрмысын суреттеуге арналған.

М. Әуезовтің шығармашылық мұрасының биік шыңы төрт кітаптан (тетралогия) тұратын «Абай жолы» роман-эпопеясы. Романның бірінші кітабы 1942 жылы, екінші кітабы 1947 жылы жарыққа шыққан. 1949 жылы дилогияға КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген. 1952 жылы романның үшінші, ал 1956 жылы төртінші кітабы жарыққа шыққан. Өзара тұтасқан төрт кітаптан тұратын «Абай жолы» 1959 жылы ең жоғарғы сыйлық – Лениндік сыйлыққа ие болған. Мұхтар Әуезов «Абай жолы арқылы бүкіл дүниежүзіне, қала берді қазақтардың өзіне қазақ дегеннің кім екенін танытты. Қазақ халқының ұлылығын, оның өткен өмірін, тарихын, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын, әдет-ғұрпын, дәстүрін, бір сөзбен айтқанда бір халықтың бүкіл болмыс-бітімін көркемдік тәсілмен жарқырата, жан-жақты айқындап, терең түсіндіріп берген. Романның осы ғажайып құдіреті көптеген ұлт өкілдерінің таңданушылығын туғызған. Мысалы, Бенжамин Матип: «Қазақ неткен ғажайып халық», – деп таңырқаса, К.Федин: «Өзінің қалай қазақ болып кеткенін білмей қалған». Л. Арагон: «Эпикалық «Абай» романы – ХХ ғасырдағы ең мәнді романдардың бірі», – деп ерекше жоғары баға берсе, К. Фадеев: «Қазақ әдебиеті «Абай» секілді романдары арқылы жержүзілік мәні бар әдебиетке айналды», – деген. Қырғыз жазушысы Ш. Айтматов: «Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге ала жүретін екі түрлі ұлттық асылым бар: бірі – «Манас», бірі – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», – десе, ғалым Қ. Сәтбаев: «Абай жолы» романын «Қазақ халқының көркемдік энциклопедиясы» деп бағалаған. З. Қабдолов: «Абай жолын» оқыған адам өмірдің өнерге айналған академиясынан өткендей болады», – деген пікір айтқан.

Эпопеяның бірінші кітабында Семейден оқудан қайтқан Абайдың өсу жолы, азаматтық тұлғасының қалыптасуы сөз болса, екінші кітапқа Абайдың ақындық талантының толысуы, орыс әдебиетінің қазынасымен нәрленуі, жаңа бағыттағы жазба әдебиеттің қалыптасуына қосқан үлесі арқау болған. Романның үшінші кітабы Абайдың азаматтық күрескерлігі, демократтық көзқарасының қалыптасуы, соңынан ерген өнерлі жастарға ұстаздық қамқорлығы сөз болған. «Абай жолының» төртінші кітабы Тобықты мен Көкен елінің жер дауы тұсындағы Абайдың азаматтық, ойшылдық, халықшылдық қайраткерлік еңбегі барынша ашылған.

«Абай жолы» роман-эпопеясында лек-легімен бейнеленген кейіпкерлер топтамасы бар.

Олар:Құнанбай және басқа үстем тап өкілдері: Сүйіндік – жалтақ, Байдалы – табанды, қырыс адам, Бөжей – сыр бермес, Қаратай – жеңген топтың жақтасы, Майбасар, Ызғұтты, Шұбар, Жиренше, Жұмағұл, Тәкежан, Әзімбай – мансапқорлар, Оразбай – жауыздық иесі;

Абай және Абай төңірегіндегілер: Ербол, Оспан, Әбіш, Кәкітай, Әбен, Әбіл, Сейіт, Сейіл, т.б.;

Өнер адамдары: Әбіш, Дәрмен, Мағаш, Кәкітай, Мұхамеджан, т.б.;

Халық өкілдері: Дәркембай, Базаралы, Балағаз, Абылғазы, Иса, т.б.;

Әйелдер тұлғасы: Зере – ел анасы, Ұлжан – аналардың үлгісі, Сары апаң – үстем рудың қисыны келсе дау соғатын кеуделісі, Тоғжан – махаббат таңының үлгісі, Әйгерім – жас жігіттің нақ сүйер сұлу жары, Салтанат, Керімбала, Салиха, Қуандық, Үметей – қазақтың сұлу да сымбатты, өнерлі де өр мінезді қыздарының үлгісі. Төрт кітапта жүзге тарта әйел кейіпкерлер бар.

Орыс адамдарының бейнесі: Михаилов – романдағы күрделі тұлға, Павлов – орыс халқының адал адамдарының ұнамды бейнесі.

М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейге көтерген ұлы жазушының ұлы туындысы.

  М. Әуезовтің қаламынан отыз екі драмалық шығарма туған. Олар тақырыптық ерекшеліктеріне қарай бірнеше салаға бөлінеді:

1) аңызды, эпосты, тарихи оқиғаны арқау еткен пьесалары: «Еңлік – Кебек», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Айман – Шолпан», «Хан Кене», «Бекет»;

2) тарихи-революциялық тақырыпқа жазылғандары: «Октябрь үшін», «Түнгі сарын», «Ақ қайың»;

3) кеңестік өмірді бейнелейтін пьесалары: «Тартыс», «Тас түлек», «Алма бағында», «Шекарада», «Алуа»;

4) Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналғандар: «Намыс гвардиясы», «Қынаптан қылыш», «Асыл нәсілділер»;

5) фантастикалық пьесалар:«Дос – Бедел дос», «50 жыл өткен соң»;

6) ақындар өмірі туралы драмалары: «Абай», «Ақан – Зайра», «Қарагөз»;

7) сценарийлер: «Қалқаман – Мамыр», «Райхан», «Абай әндері».

Ұлы суреткер, қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы заңғар биігі Мұхтар Әуезов бойындағы нағыз суреткерге тән ерекшеліктер: сыршылдық, терең психолог, сезімталдық, жіті байқағыштық, парасаттылық, шалқар шабыттылық, шеберлік, шығармашылық қиял, дарындылық – бәрі тұтасып келіп бір тұтас ЖАЗУШЫ деген ұлы қасиетті құраған.

Мұхтар Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

«Қарагөзде» (1926) бас бостандығына жете алмай, ескі ғұрыптардың құрбандығы болған жастар тағдыры көрсетіледі.

Қазақ драматургиясының алтын қорына қосылған бұл шығарманың идеялық мазмұнын жазушы былайша ашып көрсетеді: «Жалпы пьеса тақырыбы-беймезгіл заманда жолсыз өмір кешіп, ерте тарқан қайғы-зардың уынан қаза тапқан өнерлі жастар жайы: асықтық пен ақындық құмарлығына елтіген уыз жастар жайы. Пьесаның екінші айқындаған идеясы азаптан туған ақындық, қан-қайғыдан туған қаза, жеке бастың ғана күй-шерінен басталып барып, халықтық қайғы-қамды ұсынуға беттеген шабытты көрсетпек». Шығарма қаһармандары, бір-біріне ғашық Сырым мен Қарагөздің өзара іңкәрлық сөздері мына диалогтермен айқын көрінеді.

Сырым: Қара түндей қасірет ортасында жалғыз шырақ-жарығым, маңдайдағы жұлдызым! Торға түскен ақтотым…келші күнім!…

Қарагөз: Жаным Сырым! Менің бар дүниеден бөліп-жарып алғаным- бір ғана сен өзіңсің. Қандай азап көрсем де, қай қайғыда тебіренумен жүрсем де, жүрегімнің түбінде құпия боп тығылған жылғыз бір сәулем бар. Өз ішімде жанған сол күнім, сөнбес жарығым бар…Соным-өзіңсің, сен ғанасың…

Бірақ Қарагөз бен Сырымның ғашықтығына тас бөгеттей кедергі бар. Ол- екеуінің туыстық түбірі жеті атаға жетпегендігі, сондықтан ру дәстүрі бойынша бір-бірімен қосылуға болмайтындығы. Оның үстіне Қарагөз басқа рудың белгілі, беделді жігіті Наршаға айттырылған. Нарша Қарагөздің бетін өзіне бұрып алмағанына әрі қыздың басқаға ауған бейілін өзгертуге дәрменсіздігіне көңілі күпті. Драматург өзінің шығармасында өмірде сирек кездесетін жағдаятты таңдап алған, тартыс желісін бірден-бірге ширата түсіп, характерлерді де мейлінше дәйекті, толық етіп сомдаған. Сырым мен Қарагөздің махаббатына тосқауыл болған-олардың аталастық жақындығы. Міне, осы хал бұлардың жас өмірін жайқалдырмай, мезгілсіз қасіретке ұшыратады. Наршаның аулына ұзатылып барғанда да Қарагөздің ойынан Сырым бір сәт те шықпайды, өзінің жанында бәйек болып отырған қосағы Наршаға көңіл аудармайды. Ал Наршаның жағдайы да айрықша мүшкіл. Атақты ауылдың маңдай алды жігіті, ақылды Нарша Қарагөз жүрегін өзіне бұра алмағанына шерлі болады. Наршаның адамгершілігінің биіктігі, сұлу Қарагөзді әрі түсініп, әрі күйініштен күн кешкені оны көркем әдебиеттегі қайталанбас сом тұлғалар қатарына қосады. Бір-бірін сүйгенінен басқа жазығы жоқ Сырым мен Қарагөздің ел дәстүрі алдында «қарабет» атанып, бірінің жынданып өлуі, екіншісінің тірі жүрсе де, сергелдең өмірге душар болуы халықтың ғасырлар бойында қалыптасқан дәстүріне кереғар келуінің салдарынан туады.

М. ӘУЕЗОВ туралы басқа мемлекет ғалымдарының айтқаны:

1. «Мұхтар Әуезов — қазақ жерінің ұлы жазушысы, академик — ғалымы, ол әдебиеттің түрлі жанрларын керемет дамыта білген кемеңгер тұлға. Пәкістандықтар Әуезовті ойшыл, ғалым, интеллектуал ретінде құрмет тұтады. Ол өз халқының мүдделерін таза да шынайы көрсете білген жан» — деп Пәкістандық қайраткер Фахар Заман айтқандай Әуезовті таныған, Әуезов «Абай жолы» арқылы қазақты таныған ғалымдар пікіріне құлақ түрейік:

2. Менің басқа елдерге апаратын, өзге халықтардың табалдырығынан аттайтын екі қасиетті тұмарым бар. Олар – «Манас» пен Мұхтар Әуезов. Менен қазақ пен қырғыз, сендер кімсіңдер деп сұрағанда, мен «Манас» пен Мұхтар Әуезов туралы айтамын. Екеуі де біздің халықтарымыздың рәмізі, мақтанышы.

Шыңғыс Айтматов, Қырғызстан

3. Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, бірінші қазақ драматургы, тамаша аудармашы, көрнекті ғалым. Ол қазақ әдебиетінің, өнерінің, ғылымының дамуына үлкен үлес қосты және қазақ халқын бүкіл әлемге паш етті. Қазақ мәдениеті, қазақтың ұлы ақыны Абай, жазушысы Мұхтар Әуезов және оның «Абай жолы» романы — біртектес егіз ұғымдар, олар бірін — бірі жалғастырады.

Али Аббас Чинар, Түркия

4. Егер Гете мен Гейне, Зегерс пен Бредель алыс Қазақстаннан екінші әдеби отанын тапса, ал М. Әуезов «Таң алдында» романы арқылы біздің жерімізге өзі үшін берік киіз үй тікті.

Эрих Мюллер, Германия

5. Абай – қазақ халқының ұлы ақыны, Шәкәрім — оның бауыры және ізбасары, ал Мұхтар — абайтанудың негізін қалаушы. Осы үш алып қазақ халқының мақтанышы мен абыройы.

Су Чжоу Сюнь, Қытай

6. Эпикалық «Абай» романы, менің пікірім бойынша, — жиырмасыншы ғасырдағы тамаша романдардың бірі. Қат — қабат бейнелер мен ойларға толы осы шығарма оқырманды бізден алыс замандарға жетелейді

Луи Арагон, Франция

Әуезов шығармашылығы

Әуезов қара сөз шебері: Жиырма жасында «Еңлік — Кебек» трагедиясын жазғаннан кейін он шақты жыл ішінде көптеген әңгіме, повесть, пьесаларымен көзге түсті. Атап айтақанда: «Қорғансыздың күні», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Көксерек», «Қыр» әңгімелері, «Жетім», «Қараш — қараш оқиғалары», «Қаралы сұлу», «Қилы заман» секілді прозалық шығармалары.

Әуезов аудармашы: Л. Н. Толстой, Ю. Вагнер, Д. Лондонды аударған.

Әуезов кино әлемінде: «Қараш — Қараш оқимғасы» және «Көксерек»

Әуезов Абайтанушы: «Абай туралы айшықты ойлар», «Абай туралы жаңа кітап», «Абай өлеңдерінің текстологиясы»

Әуезов публицист: «Адамдық негізі — әйел» мақаласы, «Қазақтың өзгеше мінездері».

Әуезов драматург: «Абай» Л. Соболевпен бірігіп жазған, «Еңлік — Кебек», «Қарагөз», «Бәйбіше — тоқал»т. б

1. Шығармашылық тапсырма.

«Менің сүйікті жазушым», «Тәуелсіздік – ел тірегі» тақырыбына ойтолғау жазу,өлең жолдарындағы сөздерді ұйқастыра отырып өлең құрастыру.

 ________________жүрегін,

____________________тірегім.

____________________жанымы,

____________________келемін.

____________________арайлы,

____________________талайды.

____________________атажан,

____________________тарайды.

2. «Кім жылдам» ойыны. СҰРАҚТАРЫ:

М.Әуезовтің алғашқы көркем туындысы?

М. Әуезовтің драмалық шығармасы?

М. Әуезовтің Тургеновтен аударған шығармасы?

«Еңлік – Кебек» шығармасындағы Найманның биі қандай?

«Қарагөз» пьесасындағы Қарагөздің сүйген жігітін көрсетіңіз.

Л. Арагон: «ХХ ғасырдағы ең мәнді романдардың бірі» деп М. Әуезовтің қай шығармасын айтқан?

 «Абай жолы» романында бас кейіпкер Абай қай қыздың тағдырына қатысты билік айтқан?

«Абай жолы» романында Абайға махаббат туралы алғаш рет ой түсірген қыз кім және ол кімнің қызы ?

«Абай жолы» романын «Қазақ халқының көркемдік энциклопедиясы» деп бағалаған ғалым?

Абай дүниеден өткенде Мұхтар Әуезов неше жаста ?

М. Әуезовтің жарты ғасырлық оқиғаны қамтитын шығармасы?

3. М.О.Әуезов жайлы не білесіңдер? (кластер құру)

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *