Электр қозғалтқыштарды монтаждау

№9, 10-дәрістер

Тақырыбы: Электр қозғалтқыштарды монтаждау

1. АҚ монтаждауға қойылатын талаптар;

2. Монтаждауға арналған АҚ тексеру және қабылдау;

3. Оқшаулама кедергісін өлшеу;

4. АҚ астына тіреу негіздемелерін орындау;

5. АҚ-тан жұмысшы машинаға (ЖМ) бергіш құрылғылар;

6. ЭҚ біліктерін ортаға дәлдеп келтіру.

1. Монтаждауға қойылатын талаптар

АҚ монтаждауда жұмыстың көлеміне мынадай жұмыстардың түрлері кіреді: дайындау; тасымалдау; тиеу-түсіру; іргетасқа АҚ қондыру немесе басқа негіздерге; АҚ ЖМ-мен біріктіру және қажетті тексерулерді, ортаға дәлдеулерді, реттеулерді орындау; АҚ торапқа қосу, жүргізу, бос жүрісте, жүктемеде жұмысын тексеру, ревизия жасау және қажет болған жағдайда оны кептіру.

Монтаждау алдында жұмыстардың өндіріс жобасын (ЖӨЖ) құрастыру керек. Массасы 100кг және жоғары ауыр жабдық бойынша ЖӨЖ монтаждау аумағында жабдықты орналастыру жоспары болуы тиіс; іргетастық рама астына сыналар мен төсемелердің тізімі; жабдықты жылжытуға қажетті тежегіштер мен арқандарды есептеу; тежегіш сұлбалары, өткізу құжаттарды тізімі.

Жабдықты орнатқанда, оны тексеру, ауыстыру және жөндеу үшін қол жететіндей жағдай жасау керек. Бірақ АҚ орамаларына судың, майдың, эмульсияның және с.с. кіруіне мүмкіндікті болдырмау қажет, ал жабдықтардың, іргетастардың және үйжайлардың бөлшектерінің дірілдеуі рұқсат етілген мәндерінен аспауы тиіс.

АҚ таңдап алу кезінде олардың параметрлері жұмыс істеудің барлық режимдеріндегі жүктемеге, ал орындалуы мен қоршаған ортадан қорғау дәрежесіне сәйкес келуі тиіс. Барлық үйжайларда, нормалды ортадан басқа, ауылшаруашылығына орындалған жабдықтарды орналастырған дұрыс болады.

Жабдыққа баратын жол бөгде заттардан бос болуы тиіс. Іргетастардың немесе электр қондырғылардың тұрқыларының арасындағы, жабдық пен үйжай бөлшектерінің арасындағы жүретін жолдардың ені 1 метрден кем болмауы керек, жабдықтың шығып тұратын бөлшектері мен құрылыс конструкцияларының арасындағы жүретін жолдардың жергілікті тарылуы 0,6 метрге дейін рұқсат етіледі. Жетекті механизмнен 5 метрден кем қашықтықта АҚ қондырғанда немесе орналастырғанда механизмнің жанына орнатылған дистанциялық қосу түймесімен АҚ-ты тоқтату мүмкіндігі қарастырылуы тиіс. АҚ байқап көру, подшипниктердің қызуына бақылауды қамтамасыз етілуі тиіс. Подшипниктердің температурасы 100°С-дан аспауы тиіс. АҚ үрлеу 0,2 МПа-дан артық емес қысыммен құрғақ, таза ауамен жүзеге асырылады

2. Монтаждау үшін қозғалтқыштарды тексеру және қабылдау

Қозғалтқыштарды қабылдай отырып, тексеру кезінде ротордың еркін және жатық айналуына көңіл бөлінеді. Кіші және орта қуатты қозғалтқыштар қолмен жеңіл, 10 кВт және жоғары қуатты қозғалтқыштар рычагтың көмегімен айналуы тиіс. Сыртын тексеру кезінде, деталдардың жиынтығы, клемманың, қалпақтарды бекіту болттары мен гайкаларының сақталынуы айқындалады. Қажет болған жағдайда қозғалтқыштарды ревизиялау, оларды шаң-тозаңнан және кірден тазарту, подшипниктердегі майлауды ауыстыру, клеммалық жалғауларды тартқылау, фазалар арасындағы орамалардың оқшаулама кедергісін және тұрқыға оның қатынасын өлшеу орындалады.

Горизонталь жазықтық бойымен қозғалтқышты жылжытуда крандар, тельферлер, электр карлар, жүктиегіштер қолданылады, іргетасқа қондырғанда қозғалтқыштарды көтеру үшін олар пайдаланылады.

Сырғанау подшипниктерін жуу алдымен керосинмен орындалып, сонан соң керосиннің қалдығын жою үшін маймен жуылады. Тек сонан соң ғана 1/2 немесе 1/3 ваннадағы подшипниктер жаңа маймен толтырылады. Машинаны қондыру кезінде домалау подшипниктеріндегі (роликтік немесе шариктік) майлау ауыстырылмайды.

3. Оқшауламаның кедергісін өлшеу

Роторы қысқа тұйықталған үшфазалық токтың электр қозғалтқыштарындағы статор орамаларының оқшаулама кедергісін өлшеу жерге (тұрқына) және бір-біріне қатынасы бойынша орындалады. Егер орамалардың 3 ұшы шыққан болса, онда өлшеу тек қана жерге (тұрқына) қатынасы бойынша орындалады.

Фазалық роторлы электр қозғалтқыштарда бұнан басқа ротор мен статор арасындағы оқшаулама кедергісі өлшенеді, ал сондай-ақ тұрқына щеткалардың қатынасы бойынша (щеткалар мен сақиналардың арасына оқшаламалаушы төсемелер төселуі тиіс) орындалады.

Электр машиналардың оқшаулама кедергісі ГОСТ183-66 сәйкес қозғалтқыштың жұмысшы температурасында 0,5МОм-нан кем болмауы тиіс. Әдетте қозғалтқыштың оқшаулама кедергісі, температурасы 20°С өлшегенде, 5МОмнан 100МОмға дейінгі шектерде тербеледі. Ораманың оқшаулама кедергісінің кіші мәндерінде орамалар ауамен мұқият үрленуі талап етіледі (өткізгіш шаң-тозаңды жою), немесе оқшауламаны кептіру. Егер мегомметр ораманың қысқа тұйықталуын көрсеткен жағдайда, оның ақаулығын түзеп жіберген жөн. Көп жағдайда қысқа тұйықталу орны клеммада немесе шықпа ұштарында болады. Орамалар оқшауламасының зақымдалуы күрделі болған жағдайда, қозғалтқышты жөндеу үшін зауытқа немесе арнайы шеберханаға жіберіледі.

4. АҚ астына тіреу негіздемелерін орындау

Қозғалтқыштардың тіреуіш негіздері ретінде кірпіштен, бетоннан не темір-бетоннан жасалған іргетастар қолданылады. Іргетастардың қалану тереңдіктері жердің сапасына және оның тоңазу мөлшеріне орай анықталады. Әдетте, ол 0,5…1,5м мөлшерінде болады. Іргетасты ешқандай төсемесіз тікелей жерге қалаған жөн. Іргетасты массасы орнатылатын қозғалтқыштың массасынан 10 есе артық болуы керек. Ал, егер қозғалтқыш жиі іске қосылатын және тежеміленетін жағдайларда, кривашипті–шатунды механизмдерді қозғалысқа келтіргенде, не ұрмалы–соқпалы жүктелгенде, іргетастың массасы қозғалтқыштың массасынан 20 есе артық болуы тиіс. Іргетас еденнен 100…150мм биік болуы, ал қозғалтқыш шанасынан, не тақтайшасынан 150…200мм артылып шығуы керек.

Жеке қозғалтқыштардың және көршілес машиналардың іргетастарын өзара байланыстыруға болмайды. Механизмдерді күтіп қарау үшін іргетастар арасынан ені 1м–ден кем емес өтетін жол қалдырады. Қозғалтқыш пен ғимарат қабырғасының не колоннасның ең кіші ара қашықтығы 0,3м–ден кем болмауы керек.

Кірпіш ірге тастар қозғалтқыштарды монтаждауға дейін 5…7 күн, ал бетон іргетастар – 10-15 күндей бұрын қалануы тиіс. Іргетаста анкерлік болттарды орнатуға арналған шұңқырлар қалдырылады. Шұңқырларға болттар қозғалтқыштың шанасы немесе тақтайшасы тесіктерінің өлшемдері бойынша қаланады. Шананың немесе тақтайшаның астына реттеуші шайбаларды салып, іргетасқа деңгей бойынша орналастырады. Шананы дәлдеп орналастырған соң, анкерлік болттарға цемент пен құмнан дайындалған ерітінді құйылады.

Әдетте, орта және үлкен қуатты қозғалтқыштар іргетастарға орнатылады. Кіші қуатты қозғалтқыштар машиналардың станиналарына, кронштейндерге, еденге, қабырғаларға, төбеге қойылады. Массасы 60кг–ға дейінгі қозғалтқыштарды қабырғаға винт шегелермен, ал массасы 120кг–ға дейінгі қозғалтқыштарды қабырғадан немесе еденнен тік өтетін және қарсы бетіне шайба қойылған болттармен бекітеді. Қабырға беріктігі қозғалтқышты бекітуге жеткіліксіз болса, қозғалтқышты бекіту үшін қажетті ұзындығымен тік рамалар немесе тақтайшалар қолданылады. Егер қозғалтқыштарды қабырғаға бекіту орынсыз болса, онда оны горизонталь тіреуіштердің үстіне орналастырады. Дірілдеуді және шуды бәсеңсіту үшін тіреуіштердің үстіне ағаш тақтай төсейді.

5. АҚ-тан жұмысшы машинаға (ЖМ) бергіш құрылғылар

Электр қозғалтқыш (ЭҚ) жұмысшы машинамен муфтаның көмегімен де, аралық берілістердің – тісті, ременді, сығаременді және т.б. көмегімен де жалғанады. ЭҚ жұмысшы машинамен тікелей жалғау, олардың айналу жылдамдықтары бірдей теңдікте болған жағдайда болуы мүмкін.Ол үшін арнайы муфталардың бірнеше типтері шығарылады.

а) жабық көлденең-бұралмалы муфта екі жартылай муфталардан тұрады: бір жартылай муфтаны ЭҚ білігіне, ал екіншісі жұмысшы машинаның білігіне отырғызылады. Екі жартылай муфталар бір-бірімен жалғанады. Муфтаның ағытпа жазықтығы білік өсіне қатаң түрде перпендикуляр болуы тиіс. Муфталар шойыннан, ал айналу жылдамдығы 30м/с-тан артық болған кезде болаттан жасалады.

ә) серпінді втулкалы-бармақты муфта (СВБМ) да 2 жартылай муфтадан тұрады. Жалғаудың эластикалығы бармақты-болттарға тері шайбалардың немесе резиналы манжеттердің кигізілуімен қол жеткізуге болады. Бармақты жүргізуші жартылай муфтаға бармақты жартылай муфта өзінің металл бөлігіне тақап қойылып, ал жүргізілушіге өзінің эластикалық бөлігіне олар үлкен емес саңылаумен кіреді. Бұл муфталар біліктерді жалғауда үлкен емес бейөстілікке рұқсат етеді.

б) эластикалық муфта 2 жартылай муфтадан және олардың арасындағы резиналы дискадан тұрады. Резиналы диск әрбір жартылай муфтаға арнайы болттармен бекітіледі.

Ауылшаруашылығында ЭҚ жұмысшы машинамен жалғау үшін жалпақ-ременді және сыға-ременді берілістер өте жиі қолданылады. Олар жүргізуші мен жүргізілуші шкивтерден және екі шкивті қамтитын шексіз ременнен тұрады. Сығаременді беріліс жалпақ-ременді берілістің алдында бірқатар артықшылықтары бар: жұмыста шуылдамайды, шкив енінің аз болуы жақсы тартым қабілеттілігі, аз жұмысшы керілуі, ал осыған орай біліктер мен подшипниктерге қысымы.

Айналдыру моментін беру кезінде ременді немесе шынжырлы берілістерге ременнің немесе шынжырдың керілуін қамтамасыз етуі, шкивтердің жұлдызшалардың орта сызықтарын біріктіру қажет. 1-ші шарт орындалу үшін ЭҚ немесе жұмысшы машинаның астына шана орнатылады Кейде жетекті ременді керудің мүмкіндігі үшін сопақша тесіктері бар тіреуіштерге ЭҚ орнатылады.

6. ЭҚ біліктерін ортаға дәлдеп келтіру

Қозғалтқыштарды іргетасқа немесе тіреуіштерге орнату дәлдігі олардың қуатына, роторының айналу жиілігіне, берілістің түріне байланысты болып келеді. Қозғалтқыш білігінің жұмыс машинасының білігімен дәлдеу жауапты да және көп еңбекті керек ететін де операция. Дұрыс орындалған дәлдеу электр жетегінің жұмысының сенімділігін және ұзақтығын қамтамасыз етеді. Ал дәлдіктің бұзылуы дірілдеуге, тарсылдауға, қозғалтқыш пен жұмыс машинасының айналмалы бөлшектерінің шағылуына, муфтаның сынуына, түйіспелік жалғаулардың, іске қосылатын аппараттардың және қозғалтқыштардың істен шығуына әкеп соғады. Айналмалы моментті шынжыр немесе белдік берілістер аркылы жеткізгенде шынжырдың ну белдіктің тартылуын және жұлдызша мен шкивтің орта сызықтарының қабысуына әкеп соғады.

Ортаға дәлдеп келтірудің (немесе дәлдеудің) мәнісі мынадай, оның жетектеуші өсі (АҚ) және жетектелуші біліктері (ЖМ) қатаң түрде параллельді немесе бір түзуде болғаны дұрыс.

Ременді немесе сына-ременді беріліс кезінде біліктердің параллельділігі АҚ-тан ЖМ-ға айналуын сәйкес келетін шкивтер арқылы, жұқа болат талсымнан жасалған ішекті пайдаланылуымен дәлдейді. Егер шкивтердің ені бірдей болса, онда біліктердің параллельділігіне қол жеткіздік деуге болады, қашан А, Б, В, Г нүктелері біруақытта ішекке жанасқанда.

АҚжәне ЖМ шкивтермен қалпының әртүрлі енін екі шкивтердің орташа сызығынан ішекке дейінгі бірдей қашықтық шартына сүйеніп дәлдейді.

АҚ және ЖМ біліктерін ортаға дәл келтіру алдында, муфта арқылы жалғайды, АҚ және ЖМ білігіне жартылай муфталарды отырғызу беріктілігіне көз жеткізіп, олардың бүйірінен балғамен ұра отырып, қолмен біруақытта қапсыруда біліктермен жартылай муфталар тоғысады. Жартылай муфталардың тоғысу ығысуының болмауы оларды білікке отырғызу беріктілігі жөнінде айғақтық береді.

Біліктерді, АҚ және ЖМ жартылай муфталарға бекітілген ортаға дәлдегіш қапсырмалардың көмегімен ортаға дәлдеп келтіреді. Бұл үшін екі білікті бірдей бұрышқа бұрайды және біліктердің әрбір қалпында 1 және 2 саңылауларын өлшейді. 1 және 2 тұрақты мәндері біліктердің барлық қалыптарында олардың дұрыс ортаға дәл келтірілгенін көрсетеді.

АҚ және ЖМ біліктері бірөстілікті емес кезде көлденең жазықтықта АҚ қаңқа бойымен жылжытады, ал тік – қаңқа астына болат төсемді қояды.

Біліктерді дәлдеуден және ортаға дәл келтіргеннен кейін іргетастық болттарда, алдын ала олардың астына серіппелі шайбаларды қойып гайкамен тартады, және цемент ерітіндісінің жұқа қабатымен құяды, барлық шұқырларды және іргетас пен қаңқаның арасындағы саңылауды бітейді.

6.1. Электр қозғалтқыштарының біліктерін дәлдеу

Беріліс белдіктері мен шынжырларының тартылуын қамтамасыз ету үшін қозғалтқыштың немесе жұмыс машинасының астына табаншана қойылады. Кей жағдайларда қозғалтқышты сопақша тесіктері бар тіреуіштерге орнатып, жетекші белдіктің тартылуын қамтасыз етеді. Монтаждау кезінде шкивтердің орта сызықтарын қабыстыру шкивтерге параллель тартылған ішекпен дәлдеп бакылау арқылы орындалады. Осы кезде көзге көрінетін ауытқу болмауы керек.

Қозғалтқыш пен жұмыс машинаны немесе редукторды муфта арқылы жалғағанда, жарты муфталардың шеткі жазықтары параллельді, ал қосылатын бөліктерінің өстері бір түзу бойында орналасуы тиіс. Өстердің ауытқу дәрежесі муфталардың түрлеріне тәуелді болып тағайындалады. Қатаң муфталар (көлденең жиналмалы) үшін саңылаудағы ауытқу муфта диаметрлері әрбір 100мм немесе 0,01мм шамасында белгіленеді. Серпімді муфталар (төлкелі-бармақты) үшін саңылаудағы ауытқу муфта диаметрлерінің әрбір 100мм немесе 0,08…0,12мм шамасында тағайындалады.

Біліктерді дәлдеу екі дүркін орындалады. Алдымен муфталардың жасаушыларына сызғыш қойып олардың ауытқуын тексереді. Сызғыш пен жасаушылардың арасындағы саңылау барлығы төрт жерден үстіңгі, астыңғы және екі ортаңғы нүктелерде тексеріледі. Саңылауды жою үшін қозғалтқыш табанының астына қалыңдығы 0,5…0,8мм аралық төсемелер салады. Аралық төсемелер саны төрттен аспауы керек. Жұқа төсемелер саны көп болса, онда оларды қалыңырақ төсемелермен ауыстырады. Соңғы дәлдеуді көмекші дәлдегіш тұтқалар арқылы орындайды. Тұтқаларды жартылай муфталарға бекітеді, дәлдеу кезінде сүңгімен, микрометрмен немесе индикатормен өстік немесе радиалдық саңылауларды өлшейді. Қозғалтқыш білігін жұмысшы машина білігімен бірге 0 градус, 90 градус, 180 градус және 270 градус айналдырып белгіленген төрт нүктеде өстік саңылауларды тексереді. Сондай-ақ радиалдық саңылауларды теңестіреді. Біліктердің дәлдігін өте дәл орындайтын жағдайларда қозғалтқыш табаны мен шананың арасына өтпелік төсемелер салып, қозғалтқыштың орналасуын реттейді. Саңылаулардың ауытқуы муфталардың түріне байланысты анықталған шамадан артпауы керек.

Дұрыстап орнатылған қозғалтқышты болаттармен сенімді етіп бекітеді де, біліктердің дәлдігін қайта тексереді, себебі болаттарды тартқан кезде дәлдік бұзылып кетуі мүмкін.

6.2. Қорек беретін, нөлге және жерге жалғайтын сымдарды қосу

А, АО, АОЛ сериялы қозғалтқыштарының орамаларының ұштық сымдары мехникалық зақымданудан қалпақша арқылы қорғалған (К-1 түрлі қорапша). Ал А2, АО2, АОЛ2 және 4А сериялы қозғалтқыштар орамаларының ұштары, оған қарағанда сенімдірек және жан жақты құрылғымен қорғалған (К-2 және К-3 қорапшалары). Қорапшалардың сымдары кез келген жақтан енгізуге, кабель, не иілгіш металл шлангыларын клеммниктің ішіне кіргізуге мүмкіндік береді. К-3 түрлі қорапшаның ұштықтары қозғалтқыш орамаларыны жалғану сұлбасына «үшбұрышшадан» «жұлдызшаға» ауыстырып қосуға, ұстатқыштарды тік, не көлденең қою арқылы жұмысшы кернеуді 220В, не 380В-ке ауыстыруға мүмкіндік береді. Барлық жағдайларда да сымдар мен кабельдер тарамдарын қозғалтқыштың статорлық ұштықтарына (С1, С2, С3, С4, С5 және С6) айырылмалы қыспақтар арқылы қосады. Әдетте, қыспақ ретінде гайкалы винттер, тежеуші және серіппелі шайбалар қолданылады. К-3 түрлі қорапшаларда бос орналасқан ұштықтардың сымдарымен жалғанған жерлерін екі, үш қабат оқшауламалық лентамен орап қосымша оқшауланады.

Адамдар мен жануарларды электр тоғымен зақымдану қаупін жою үшін электр қозғалтқыштың тұрқын және ол қойылған металл, құрылмаларды жермен қосады. Бейтарабы жермен берік қосылған төрт сымды желілерде тоқ жүрмейтін барлық металл бөліктерін нөлдік сыммен қосады. Бұл жағдайда электр қозғалтқыш орамдарының оқшауламасы зақымданғанда, оның тұрқына электр тоғының тікелей өтуі болады да, «фаза-нөл» тізбегінде қысқаша тұйықталу жүзеге асады. Зақымданған қозғалтқыш арнайы қорғаныс арқылы автоматты түрде электр торабынан ажыратылады. Нөлге, не жерге қосатын сымдарды электр қозғалтқышының тұрқында арнайы ескерілген болтқа жалғайды. Сымның түйіспелік жазықтығы және электр қозғалтқышы тұрқының сымға қосылатын жері жылтырағанша тазаланып, техникалық вазелинмен майлануы керек. Ревизия, не жөндеу кезінде жерге қосатын сымдардың жалғанған жерлерін сырлауға болмайды. Тербеліс жерінде болатын жабдықтарды жермен қосуға пісіріп бекітілген ұштықтары бар болат арқандар қолданылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *