1. Н.Рабғузи «Рабғузи қиссаларындағы» («Адам ата мен Хауа ана» қиссасындағы) ғаламның тілдік бейнесі.
2. Архетиптер жүйесін лингвокогнитивтік зерделеу.
Дәріс мақсаты: Тілді социумның тұтастықта алынған этникалық сарасанасының маңызды бір элементі ретінде жан жақты зерделеу.
1. Н.Рабғузи «Рабғузи қиссаларындағы» («Адам ата мен Хауа ана» қиссасындағы) ғаламның тілдік бейнесі.
Рабғузи – Алтын Орда дәуірі әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі. «Рабғузи қиссалары» (1310 ж.) — табиғат, дүние құбылыстары, жаратылыстың пайда болуы, халифтар, пайғамбарлар, Адам ата, Жер ана, Көк, Ай мен Жұлдыз, шайтан мен періште т.б. туралы шығыстық сюжеттегі қисса-аңыздар, өлең-жырлар жинағы.
Қиссадағы қоғамдық өмір, тарихи оқиғалар, ізгілік пен зұлымдық, адамгершілік пен жауыздық, достық пен қастық т.б жайындағы қисса-хикаялар, аңыз-әңгімелер.
«Рабғузи қиссаларына» енген «Нух алаика ас-салам хикаялары», «Лұқпан Хакім хикаялары», «Харут пен Марут хикаясы» т.б. «Рабғузи қиссаларының» зерттелуі, қазақ тіліне аударылуы: Б.Кенжебаев, А.Қыраубаева, Н.Сағындықов.
2. «Адам ата мен Хауа ана» қиссасындағы және «Мұхаббатнамедегі» архетиптер жүйесін лингвокогнитивтік зерделеу.
Тіл адам өмірінде аса маңызды роль атқаратындықтан, «табиғи тіл» ұғымы барлық этникалық тілдердің әмбебап қасиеттерінің жиынтығы, адамзаттың біртұтас тілі жөніндегі түсініктен туындайды. Сонымен бірге ол этнос рухани мәдениетінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Архетип – әрбір заттың, болмыстың алғашқы үлгісі, түпнегізінің көрінісі. «Лингвистикалық түсіндірме сөздікте» оған: «Архетип (грек. Archetypton — көне тұлға, прототип ) – тарихи-салыстырмалы тіл білімінде туысқан тілдердегі заңдылықтарға сәйкес қайта құрылатын, кейінгі дамыған сөздердің бастапқы түбірі болатын тіл тұлғасы» (2002: 84), ал «Философиялық сөздікте»: «Архетип (гректің arche – бастау және typos – пішін, үлгі) – бертінгі антикалық философиядағы түпкі бейне, идея» (2007:102) деген анықтама берілген. Термин Швейцария психологі К.Г.Юнг еңбектерінің ықпалымен қазіргі батыс ғылыми әдебиетінде кеңінен қанат жайды. Архетиптер адамның қоршаған ортамен байланысы, табиғат жаратылысына көзқарасы, мифологиялық болжамдар арқылы қалыптасады. Миф архетиптің түп-төркіні, жұлыны. Оны мифсіз тану қиын. Архетиптегі алғашқы образ, алғашқы қауым психологиясы, сюжет желісі, көркемдік нәр — түгел миф арқылы айқындалады. Демек, архетип пен миф өзара тығыз байланысты ұғымдар.
Сонымен архетип — дүниедегі барлық заттардың ең алғашқы үлгісі, көрінісі. Адам баласының таным көкжиегі кеңейген сайын архетип миф, ертегі, наным, ілім құпиясында саналы түрде өзгертіліп, жөнделіп отырған. Архетиптің өмірдегі реалды көрінісі – миф, ертегі.. Мифсіз архетип танылмайтындықтан, миф халықтық көркем шығармалардың дербес те маңызды саласы болып шығады. Сондықтан біз қазіргі тіл ұстанушының дүниетанымындағы, ойлау жүйесіндегі архетиптер орнын, түп-тамырын анықтау үшін тарихи туындыларға, атап айтқанда, ортағасырлық ақындардың шығармаларына назар аудардық.
«Мұхаббатнама» — XIV ғ. өмір сүрген Хорезми ақынның Аллаға деген шексіз махаббатын жырлаған көркем туындысы болса, «Адам ата мен Хауа ана» Рабғұзи қиссаларының бастапқы негізі іспеттес. Біз бұл туындылардан дүние жаратылысындағы негізгі төрт элементті (су, топырақ, от, ауа) алып, мақалаға арқау еттік. Бұлардың қай-қайсысы болмасын, адам баласының өмір сүруі үшін аса маңызды қажеттіліктердің, құндылықтардың бастауы болып табылады (Қосымшадағы 1-сурет).
«…Алла тағала жерді жаратқан кезде, ол айналған кезінде тепе-теңдік сақтай алмай, шайқалып тұрды. Сонда Алла тағала тепе-теңдік сақтайтын тауларды жаратып, оның үстіне қондырып қойды. Сөйтіп, жер қарар тапты, шайқатылуын қойды. Бұл заңғар таулардың мықтылығына періштелер таңданып:
— Ей, Раббымыз, жаратқан нәрселеріңнің ішінде таулардан да мықтысы (күштісі, зоры) бар ма?- дегенде, Алла тағала:
— Иә. Темір мықты, — деп жауап беріпті. Осылайша темірден оттың, оттан судың, судан желдің мықты екені аян болыпты…
— Ей, Раббымыз, жаратқан нәрселеріңнің ішінде желден де мықтысы бар ма?
— Иә. Оң қолының берген садағасын сол қолына білдірмейтіндей тақуалық дәрежесіне жеткен Адамның баласы мықты – депті Жаратушы…» (Пайғамбар хадистері 2006:58).
Міне, бұл хадисте жер, су, от, жел, темір, адамды Алла Тағала жаратқанын және тақуалыққа жеткен Адам баласы бұл әлемдегі жаратылыстардың ең мықтысы, рухани құндылықтардың бастау-бұлағы болып табылатыны анық айтылған. Мұның бір себебі, оның бойында аталмыш түпэлементтердің барлығы өзара үйлесімде жарастық тапқандығынан болса, екінші себебі, күллі жанды-жансыз жаратылыстың ішінен Адам баласын ерекшелеп, бөліп алған Жаратушы ие соған (Адамзатқа) ғана Рухты (өзінің жеңімпаз/жасампаз рухын) дарытқан. Бұл жөнінде Рабғұзидің «Адам ата мен Хауа ана» қиссасында баяндалған (Сағындықұлы 1997:245-246).
Сонымен дүние жаратылысындағы негізгі төрт түпэлементтің бірі су – өмір бұлағы, барлық жаратылыстар тіршілігінің қайнары. Тарихта су адамзат өмірі мен түрлі технологиялардың, тіл мен мәдениеттің дамуына себеп болған. Сулы жерлерде ауылдар мен қалалар салынған, тіпті кейбір өркениеттер Ніл, Тигр және Евфрат деген өзендердің атауларымен белгілі еді. «Құран Кәрімнің» көптеген аяттары мен түрлі хадистерде адамзаттың өміріне қажетті бұл заттың маңыздылығына жіті көңіл бөлінген. Алла Тағала «Әнбия» сүресінің 30-шы аятында: «…әр жанды нәрсені судан жаратқаны» туралы айтылады. Алла Тағала бұл аятта жаратылыстың қайнарын су деп таныстырады. Сондай-ақ Құранның басқа аяттарында да Ұлы Алланың әр құбылыстың болмысы мен бастауын сумен байланыстырғаны айқын көрінеді. Әлемде сусыз жаратылған өмір/тіршілік жоқ. Қасиетті кітаптың аяттарында адам мен хайуанның, барлық жеміс-жидектер мен өсімдіктердің судан жаратылғаны көрсетілген. Сөзімізді нақтылау үшін діни таным қоғамдық сананың төрінен орын алған орта ғасырлардан мирас болған Хорезмидің «Мұхаббатнамесі» мен Рабғұзидің «Адам ата мен Хауа ана» атты қиссасына жүгінеміз.
Жалпы тілімізде “Су” семантикалық өрісін құрайтын көптеген тілдік қолданыстар «су» атауының метафоралануымен байланысты туындаған. Ол метафораға Судың табиғи стихиясы негіз болады. Оның заттың үш күйіне де өте алатын (қатты – мұз, сұйық – су, газ — ауа) табиғи әмбебап физикалық қасиеті “су” атауының семантикалық өрісін барынша ауқымды етуге мүмкіндік береді. Мысалы, таза мөлдір су — айна сияқты, сондықтан да Су — тазалық пен адалдық символы: Тұлғаң сенің көзімде елестеп тұр, Суға түскен тал шыбықтың сәулесіндей (МН) (Сағындықұлы т.б. 2008).
Сондай-ақ, «МН» мәтінінде жаңбыр, жауын ұғымдарында көрініс тапқан су – ырыс, береке көзі: Жер бетінде құдіретімен дария жаратты, Қауашақта жарқыратып лала (інжу) гүлін жаратты, Таза гүлді араның асы қылды, Таң самалын көгалға қызметші қылды, Бұлттар пілдей күркіреп жүреді, Қай жерге бұйырса, сонда жауын жауады (Сағындықұлы т.б. 2008).
Автор бұл үзінді арқылы әрбір жаратылыстың жаратушысы Алла Тағала екенін және барлық нәрсе тек Оның қалауымен жүзеге асатынын көрсетеді. Орта ғасырларда бұл ақиқатқа ешкім шүбә келтірмеген. Хорезми танымында да СУ – дүние жаратылысының басы болумен қатар, адам баласының да алғаш ана жатырында пайда болуына қатысты маңызды түпнегіз. Бұл идея «Мұхаббатнаме» мәтінінің Ару қызға арналған макробөлігінде “Бір тамшы судан толған айды жаратты” деген жол арқылы берілген.
Бир тамшы су // бир қатра су
Қ 7 Жеті қабат алтындалған зәулім сарайды (ғаламды),
Қ 8 Жаратты алты күнде Хақ тағала,
Қ 9 Көкте қуды сұңқардың жемі етеді,
Қ 10 Толған айдай қылар бір тамшы суды …
Қ 95 Қандай ғажап! Қадір Алла бір тамшы суды,
Қ 96 Махаббат гәуһарына кен (етіп) жаратты (МН).
Хорезми танымындағы судың келесі бір көрінісі – қан.
Қ 124 Ұрыста қан тамады қамшыңның ұшынан;
Қ 164 Қылышыңнан аққан қан ішінде
Қ 165 Жаратушы ұзақ жылдар өмір берсін;
Қ 392 Көгалдағы қырғауыл аяғын қанмен жуады;
Қ 460 Көруге ынтық болып бір өзіңді,
Қ 461 Саған ғашық болғаннан бауырымнан қан ағады;
Қ 513 Саған ғашықтық жолында қаным төгіледі;
Қ 504 Жүректің қанын төгу сізге лайық;
Қ 561 Кешсең қанымды, сұлулықтың сұлтанысың ғой, ақыры (Сағындықұлы т.б. 2008).
Су – көз жасы. Көз жасының химиялық құрамы қан құрамына ұқсайды. Аздаған өзгерістері бар. Көз жасының бір тамшысы адам ағзасы туралы ақпаратты қаннан кем бермейді екен.
Көңілдің қаны қайнап баршасы тасты, Көзімнің жасынан пейіштегі кәусар суы да ылайланды; Гауһар қадірін соқыр білмес, ей жан! Көзімнен әр кез ақты қанды жас;
Көруге ынтық болып бір өзіңді, Жүректің аһ ұрғанынан именсей, ей айым! (МН).
Тарихтағы Жер бетін басқан топан су — Жердің көз жасы еді. Осы арада адамзат тарихында орын алған аса ірі апаттардың бірі – Су апатына тоқтала кетейік. Тілдік санамызда «Топан су» деген атпен таңбаланған бұл ғаламат уақиға жер бетіндегі халықтардың баршасына ортақ діни-мифологиялық түсінік болып табылады. Онымен байланысты қазақ халқының танымында «Нұх» пайғамбардың кемесі, Қазығұрт тауы, Арарат тауы т.б. мифологемалар орныққан.
«МН» мәтінінде кездесетін «кәусар суы» (Көзімнің жасынан пейіштегі кәусар суы да ылайланды) қазақ халқының көркемдік танымында да кездеседі. Фразеологиялық сөздікте бұл тіркеске мынадай анықтама берілген: Кәусар суын ішті. Кәусар суы діни. О дүниеде күнәсіз пендесіне арнаған тіршіліктің ләззатын берер шипа суын ішті. Ол дүниеде хорды құшып, кәусар ішіп, жеті жәннат жақсысы бол! (М.Әуезов) (Кеңесбаев 1977).
Қазақы тілдік санамызда «Шілде (шілтен) суы», «Неке суы», «Зәмзәм суы», «Мейрам суы», «Әбілхаят суы» деген түсініктер бар.
Шілде (шілтен) суы. Жаңа туылған шақалақты «Ғайып ерен қырық шілтен» қырық күн бойы күзетеді деген түсінік исламға дейінгі мәдениетімізді танытады. Қырық періште күзеткен нәрестенің жарық дүниеге бейімделетін алғашқы қырық күнгі ұйқысы, расында да тыныш болатыны белгілі. Қазіргі кезде де баланың туылғанына қырық күн толғанда “қырқынан шығару” дәстүрі бар екені аян. Осы сәбиді қырқынан шығарғанда шомылдыратын қырық қасық су «шілде суы» деп аталады.
Неке суы – ер мен әйелдің некесі қиылғанда берілетін қасиетті су. Оның “тазалық” және “жарына адалдық” сияқты мәндер өзекті. Ал “неке суын ішу” – ерлі-зайыптылардың бір-біріне берген серті. Ол тіліміздегі “ант-су ішті” деген тіркес мағынасымен астарлас түсініледі. Сондай-ақ бұл жерде «судың жады» деген ұғым есімізге түседі. Оның мәні «су өзі көрген затты, оқиғаны, адамды т.б. ұмытпай, есінде сақтап қалатындықтан, жамандық істеген, қылмыс жасаған адамды «улай алады», адамдары азғындаған жерді су шайып кетеді. Мысалы, 2004 жылғы желтоқсанда Оңтүстік-шығыс Азияда болған Цунамиді еске алыңыз, оның салдарынан 220 мың адам із-түссіз жоғалғаны белгілі. Соңғы 30 жылда табиғи су апатынан 4 млн. адам қайтыс болса, 4 млрд адам зардап шеккен. Осындай уақиғаларға ғылыми түсініктеме жасаған ғалымдар мұны «ортаның энергомәліметтік ластануына судың жауап қайтаруы» деген (Сүйерқұл 2011:166).
Зәмзәм суы – Меккеден әкелінген емдік қасиеті бар су. Діни наным бойынша, адамның ауырған-сыздаған жерін бірден басып, жанына жағымды әсер ететін шипасы бар су.
Имансу – «атау кере» сияқты, адам бұ дүниеден өтерде ішетін соңғы сусын, аузына тамызылатын су. Көз жұмарға жақындаған адамның жарық дүниеге таласып, жан азабы мен тән азабын қатты тартатын, тіпті бір ұрттам су сұрап ішуге де зәру болатын кезі болады. Сондай кезде қасында болған жанашыр жақындары мүмкіндігінше тілін кәлимаға келтіреді. Оған мүмкіндік болмаса, иман айтып, суға дем салып, науқас адамның аузына ауық-ауық тамызып отырады. Бұл «имансу ішкізу» деп аталады.
«Имансу ішкізу» көз жұмғалы қиналып жатқан адамның о дүние жұмаққа деген сенімін арттырып, жанының қиналмай тезірек шығуына мүмкіндік жасайды. Себебі, қазақ ұғымында көз жұмар кезде «имансудан татқан адам жұмаққа барады» дейтін наным бар. Сондықтан жаны қиналып не қыларын білмей жатқан адам «имансудан» татқан соң, бұл өмірден мүлде күдер үзіп, болашақ жұмаққа тезірек кетсем екен деп іштей әзірлене бастайтындықтан жаны қиналмай тез шығады» (Нүсіпоқасұлы т.б. 2011:58-59).
Мейрам суы немесе дәрет суын беру. Қайтыс болған адамды оң босағаға салар алдында туыс-туған, бала-шағаларынан жөн білетін үш-төрт адам марқұмның үстіндегі киімдерін жыртып-жыртып алады. Марқұмды таза сумен жуып шығады. Бұл «дәрет суын беру» деп аталады. Кей жерлерде «мейрам суы» немесе «шілде суы» деп те айтылады (Нүсіпоқасұлы т.б. 2011:60).
Жаназасын шығарар алдында марқұмды бірнеше (5-7) адам таза сумен жуып, арулайды. Оны «суға алу» немесе «сүйекке түсу» деп атайды. Осы «арулаудан» (мүрде жуу) кейін, оны ешкімге көрсетпейді…
Әбілхаят суы – бұ дүниеде мәңгі жасауға мүмкіндік беретін қасиетті су-мыс. Аңыз бойынша «оны іздеп мұхит суын сапырған шайтандарға запыран ұсынылған…».
Тілдік санамызда осындай фразеоматикалық бірліктер түрінде таңбаланған “СУ” «Мұхаббатнамеде» де ерекше орын алады. Мысалы, қыпшақ ескерткішінде «Хызыр суын шашу» деген тіркес бар: Хызыр суйын сачалиң жан йүзига (Сұлулығын мәңгі ету үшін Хызыр суын шашалық жанананың жүзіне). Бұл — өзге дереккөздерде кездеспейтін, Хорезмидің төл қолданысы. Ал оның мағынасының «Әбілхаят суының» семантикасымен сабақтастығы Хорезмидің исламға дейінгі мәдениеттен хабардар екенін көрсетеді.
Осылайша, «Су» архетипі Хорезми шығармасындағы кілт мәнге ие күрделі семиотикалық таңба ретінде танылады. Оған негіз болған бастапқы ұғымдардың мәні қыпшақы дүниетанымның үлкен бір бөлігін құрайтын діни-мифологиялық білімдер арқылы ашылады. Автордың араб, парсы, түркі мәдениеттерінен қатар сусындаған білімді де білікті тұлға болуы оның жоғарыда келтірілген көркем қолданыстарды түзуіне негіз болған. Сонымен мәтіндегі бүкіл мәденисемиотикалық ақпараттың бір бөлігін өріс теориясы бойынша Қосымшадағы 2-сурет түрінде бейнелеуге болады. Мұндағы күңгірт түспен берілген төрт шеңбер «жұмақта ағып жататын төрт бұлақты» (су, сүт, бал, шарап) білдіреді. Ал ашық бояулы шеңберлерде судың ұлттық танымымыздағы, қазақы дүниенің тілдік бейнесіндегі көріністері өрнектелген (Сүйерқұл 2011:179).
Қосымшадағы 3-суреттегі тіркестер («Хызыр суы», «кәусар суы» т.б. — Хорезмидің төл танымын көрсететін қолданыстар ретінде «МН», «АХ» мәтіндерінен алынды. Суреттегі бос шеңбер судың бізге беймәлім қырларының, символдық мәндерінің бар екенін білдіру үшін қалдырылды.
Түркілік танымдағы «топырақ» және оның когнитивтік семантикалық негізі. Дүние жаратылысының төрт түпнегізінің бірі – топырақ болса, оның ең үлкен көрінісі — Жер. Діни әдебиетте адам баласы топырақтан жаратылғаны айтылады. Ол топырақты Алланың әміріне сай, Әзірейіл періште Жер бетінен әкелген. Бұл оқиға Рабғұзидің «Адам ата мен Хауа ана» қиссасында кеңінен баяндалады:
«Хақ тағала Жер бетінен бір шеңгел топырақ әкелу үшін әуелі Жебірейіл алайһи ас-саламды, одан кейін Мекайылді, одан соң Исрафилді жібереді. Үшеуі де Жердің зар жылағанын көріп, мейірімділік танытып, оны аяғандықтан, топырақ алмай қайтып кетеді. Тек Әзірейіл періште ғана кідірместен келіп, топырақ алуға әрекеттенеді. «…Жер сонша нала болып, зарлады, тіпті шамадан асып, шектен шығып кетті. Хазірет Әзірейіл айтты: «Ей, көр топырақ, асы болдың. Мен Алланың үкімі қандай болса, дәл солай орындаймын. Хақбихана уа тағалаға үш мәрте қарсы келдің. Жазықты болдың. Сенен пайда болған зат тез арада күнәһар болады», — деп Жерді шыңғыртып отырып, оның бетінен бір уыс топырақ алды… ол топырақтың реңі әр түрлі еді: ақ, сары, көк, жасыл. Ішінде жұмсақ,қатты, жас, сор, тәтті, ащы топырақ та бар еді. Осы себепті адам баласының баршасы әр бөлек болды. Әр нәсілдің реңі мен ниеті әр бөлек болуы осы себептен. Жер қатты нала болып, зар илеп жылады: әуедегі құстар, судағы балықтар қосыла жыласты. Жерді жұбату үшін Хақ тағаладан әуез келді: «Ей, жер, көп нала бола берме! Сенен бір нәрсе алдық. Сықпыты жаман. Уақыты келгенде бір күні өзіңе жақсы етіп қайтарып береміз. Қазіргі хал-ахуалынан сүйкімдірек әрі бағалырақ болады». Уәж үшін айтылған осы сөздің себебінен өліктерді жуу міндетті болды…» (Сағындықұлы 1997:240).
«Әлқисса, ол топырақты Мекке мен Тайифтің арасындағы Дахна атты жерге қойды. Ол топыраққа Байт ул-ахиран дариясының суынан бірі кем қырық жыл жаңбыр жауды. Бір жыл шаттық жаңбыры жауды. Осы себепті адам перзентінде бейнет пен қайғы көп, қуаныш, шаттық аз. Қырық жылдан соң ол топырақ балшық болды. Одан кейін Хақ тағала хазірет Адамның кейіп бейнесін (денесін) жасауға өзі мүсіншілік етті. Қырық таң бойы ол балшықты іске қосты. … бір де бір мақұлықты бұл іске араластырмады. Құдірет қолымен өзі жаратты» (Сағындықұлы 1997: 242).
«Жебірейіл алайһи ас-саламға әмір етті: «Біздің жақсы лебіз, махаббатымыз, мейірімділік, қайырымдылығымыз желінен самал әкел». Исрафилге «Сен пәк рахметіміз суынан су әкел!». Мекайілге «Сен бәле мен апат көрігінен от әкел» — деді.
Әлқисса, әрқайсысы бұйырылған нәрселерді әкелді. Оларды да әлгі балшыққа араластырып, әр түрлі реңді топырақты даяр етті. Осы себепті әрбір бөлек рең бөлек сурет болды. Және де бөлек мінез, бөлек құлыққа негіз болып қаланды. Адамды ғаламды айнытпай бейнелейтін айна етіп жасады… Жер бетіне қойды… қараңғы әлем жарық болсын деп, осылайша жиһанды арайландырған Күнді шырақ қылып берді…» (Сағындықұлы 1997: 243).
«Адамизаттың денесінде Алла тағала төрт түрлі зат пайда етті: Ақыл, рух, нәпсі, көңіл. Олардың әрқайсысын әр нәрседен алды: көңілді судан алды, сол себепті ол тап-таза, мөп-мөлдір, құпия және жария жаһанның айнасы. Рухты самал желден алды, оны құпиялап, өзіне бенделік жасауға қойды. Ақылды топырақтан алды, осы себепті ми топырақ реңдес болады. Ақыл не нәрсе үйретсе, үйренеді. Нәпсіні оттан алды. Осы себепті кім нәпсінің жалынына түссе, оны машақат, әурешілік айналдырады. Ақырында жазаға кіріптар болғанын білмей қалады» (Сағындықұлы 1997). (Қосымшадағы 4-cурет).
«Адамның денесінде екі нәпсі бар. Оның бірін «Тәңірі құсы» дейді. Жеңімпаз рух дегеніміз сол. Енді бірін «шекер тілді тоты» дейді. Бұл айтқанымыз – көңіл. Бұлардың жейтұғын қоректері – зікір мен сана, тәспі мен таһлил» (Сағындықұлы 1997).
Осы тұста тіліміздегі «Адамға сенген мұрттай ұшады, Аллаға сенген құстай ұшады» деген мақалда қатталған когнитивтік ақпаратты еске түсірген жөн. Яғни зікірі мен санасы, тәспісі мен таһлилі түгел адамның рухы күшейетіні соншалық, оның бойындағы 99 рухани қасиеті кемелденгенде, 900 қасиет/қабілеті бар тәнді (денені) тозаң құрлы көрмей алып ұшатын дәрежеге жетеді екен…
Адам (с.а.с.) жаратылған топырақ жердің беткі қабатынан алынғандықтан «Ә′дәм» (жер қабығынан алынған) деп аталған. Бұл сөз тіліміздің өзіндік заңдылығына сай өзгеріп, «Адам» түрінде қолданысқа енген. Нұх сүресінің 17-18 аяттарында: «Алла сендерді жерден жаратты. Сосын сендерді (қайтыс болғандарыңда) оған (Жерге) қайтарады, (сөйтіп, қиямет күні) сендерді қайта шығарады» делінген. Осылайша, адамзаттың бүкіл өмірі осы Жер мен оның топырағына байланысты екен.
Қазақ танымындағы «Жер Ана» тіркесінің түпкі мәні осы адамзаттың жаратылысымен байланысты, яғни адам Жерден алынған топырақтан жаралды, кейін де ол бүкіл тұрмыс-тіршілігін топырақтан нәр алу арқылы жалғастырады, ал уақыты келіп, көз жұмғанда қара жердің қойнына беріледі. Мұны тіліміздегі «тал бесіктен жер бесікке дейінгі» кезең ретінде таңбаланған өмір мағынасынан көреміз.
Қазақ ұғымында «тал бесікті» (нәрестені ұйықтату//бөлеу үшін талдан иіп жасалған ағаш төсек) бір қолымен тербететін Ана екінші қолымен «бүкіл әлемді тербететіні» белгілі. Ал қайтыс болып, «жер бесікке бөленген» кісіні де Жер Ана «мәңгі тербететіні» (Жер ғаламшарының үнемі айналып тұруы, қозғалыста болуы) аян. Бұл жердегі сабақтас, өзара ұқсас ұғымдар «тал бесік//жер бесік», «уақытша ұйқы (көзін демалу үшін жұму//көз шырымын алу, көз ілу)//мәңгі ұйқыға кету», «тербелу, тербету, бірқалыпты, айналу, қозғалу» және «Әйел Ана» мен «Жер Ана»!
Түркі халықтары «құрсағында нәрестесі бар» әйелді «жүкті /йүклі/ әйел» десе, Құран кәрімде «сол кезде Жер өзінің ауыр жүгінен құтылады, (қойнауындағының) бәрін сыртқа шығаратындығы» айтылған. Яғни заман ақыр болғанда әлімсақтан бері жер қойнына берілген бүкіл тіршілік иелері (Адамзат баласы!) есеп беру үшін жер бетіне шығарылмақ!
Тіліміздегі «Ат аунаған жерінде түк қалады» деген мақалдың «Ер аунаған жерінде жүк қалады» деген жалғасындағы «жүк» сөзінің осындай когнитивтік ақпаратты түйіндеуші кілт сөз екенін қазіргі тіл ұстанушылардың бірі білсе, көбі біле бермейтіні, сондықтан да оның қолданыстан шығып бара жатқаны жасырын емес.
Тіліміздегі тыйым сөздер, қанатты сөздер, нақыл сөздер, алғыс сөздер мен қарғыс сөздер т.б. тұрақты қолданыстардың да түп-тамыры осы ұғымға негізделген, яғни олардың бірқатары ашық, айқын түрде, келесі бір тобы жасырын түрде осы түпкі байланысты (Адам баласының жерден жаралғанын және жерге қайтарылатынын) меңзейді: «Жерді теппе!» (Тепсінбе, жұлқынба!); Көпке топырақ шашпа! (Халыққа наразылық білдірме, қарсылық көрсетпе!); Топырағы торқа болсын! (Жатқан жері жайлы болсын!). Бір уыс топырақ бұйырмасын! (Жат жерде дүниеден өт! Сүйегің далада қалсын! Қаңғырып өл!); Жер тартқыр! (Жер тартсын, жер жұтсын!); Топырағыңды жеріңнен бұйыртсын! (жазсын!) («Өз жеріңде дүние сал!» деген мағынада айтылады);
Торқалы той, топырақты өлімде көне. Бұл фраза қазақтың бір қуаныш, бір қайғы дегенде, ағайынның атсалысып, тұтас ауыл, рулы ел болып ұрандасып, баталасып, сол қуаныш пен қайғыны бірге атқару салтын білдіреді. Себебі, торқалы той да, топырақты өлім де ағайынға үлкен шығын, көп салық салады. «Ағайын бір өлі, бір тіріде» дегені содан. Торқалы той, топырақты өлім үстінде қазақтың бар салт-ырымдары жасалатындықтан, барша ырым-салт, жол-жора осы екеуінен шығып, осы екеуіне оралып отырған. Бұл қолданыстар діни танымнан жақсы хабардар және оларды нақты өмірде тіршілігінің арқауы еткен қазақ халқының тілдік және когнитивтік санасының астастығын, деңгейлестігін айқын көрсетеді.
Жоғарыда адам баласының топырақтан жаратылғаны айтылды. Сол пенде өз нәпсісіне ерік беріп, тақуалық туын қолынан түсіріп, бұл жалғанның алдамшы қызығына еріп кетсе, оның ашыққан көзін (тағы да!) бір уыс топырақтан басқа нәрсе тойдыра алмайды. Бұл туралы Пайғамбарымыздың хадисінде айтылған. Ол сахабаларға бір сығым топырақты көрсетіп тұрып: «Алла тағала осыдан адамзатты жаратты. Сондықтан оның екі көзін осы бір сығым топырақтан басқа ешнәрсе толтыра (тойдыра) алмайды» — деген.
Абайдың «Ескендір» поэмасында да Александр Македонскийдің «Адамның аш көзін (нәпсісін) не тойдыра алады?» деген сұрағына данышпан Аристотельдің берген жауабы осымен сабақтас, яғни таразының бір басына дүниенің қанша байлығын салса да, бас сүйек тұрған табақты баса алмайды… Ең соңында бас сүйектегі көздің орнына бір уыс топырақты салғанда, салмақ ауысқан екен…
Адам баласының қайтыс болғанда қайта топыраққа баратыны Хорезми шығармасында да атап айтылған:
Қ 585 Ей, шарапшы, әкел бері рахаттың шарабын,
Қ 586 Осы дәм ғана жанымызды жадырата алады,
Қ 587 Ішелік шарапты, гүлдер сола берсін,
Қ 588 Тәніміз ақыры бір күн топырақ болады
Қ 589 Бұл жерге жетіп, сөзім тәмам болды (МН).
Осымен байланысты мәліметтер Рабғұзидің «Адам ата мен Хауа ана» қиссасында «Топырақ пен оттың айтысы» деген бөлімде баяндалады (Сағындықұлы 1997: 254-256).
Қосымшадағы 5, 6, 7-суреттердегі өрістер сол айтыстағы мәліметтерге негізделген.
Тіліміздегі «Жұмақ Ананың табанының астында…», «Анаңның аяғын сүю, жұмақтың есігін сүйгенмен тең» дегенді, анасына көрсетілген құрмет пен сүйіспеншілік перзентті жұмақ төріне апаратын жол болмақ деп түсінген жөн. Яғни ата-анасына шын пейілімен қызмет етіп, адал болған пендеге Алла тағала да разы болып, пейіштен орын бермек!
От. Діни таным бойынша, адамзат топырақтан жаратылса, періштелер мен жындар ауа мен оттан жаратылған. Оттың жалыны көрінбейді. Құрамындағы қатты молекулалар ыстықта жалтырап көрінеді. Сол үшін де жындар көзге көрінбейді. Жалын екіге бөлінеді: зулмани және нурани. Екеуін де көзбен көру мүмкін емес. Зулмани жалыннан жындар, нурани жалыннан періштелер жаратылған.
«От» – семантикалық өрісі аса кең лексема. Одан жалын, жарық, жылу, өрт т.б. ұғымдар туындайды. Адам баласы түрлі эмоционалдық күйлерге түскенде (қысылу, ұялу, ынтызарлық т.б.) «жүзі оттай жанады», «жүрегі өртенеді» т.б.
«От» — жылылық пен ыстықтықтың да символы. От бір жағынан жылылықтың белгісі болса, екінші жағынан қауіп-қатердің де белгісі. Халқымыз «Отымның алды, суымның тұнығы» деп тұңғыш, алғашқы перзенті жайлы айтса, «Отқа оралып, суға сүрінбе!» деп пәле-жаладан аулақ болуға тілектестігін білдіреді.
«От» архетипінің қатысуымен жасалған әдет-ғұрпымызға байланысты этнофразеоматикалық тіркестер де фразеологиялық қорымыздан едәуір орын алады: Отқа май құю. Дәстүрлі қазақ қоғамында күйеу қалыңдығын алып қайтуға барғанда қайын атасының үйінде, ал жаңа түскен келін қайын атасының үйіне келгенде ошақтағы отқа май салу түрінде От анаға, Ұмай анаға бағышталып орындалатын ырым; Отқа май салар. Отқа май құйғанда жасалатын кәде; Отпен аластау. Тіл-көз тиіп ауырған адамды отпен үш қайтара басынан айналдырып ұшықтау; От сабау. Біреудің отбасына келіп жанжал шығару, ұрсып, жеку арқылы айтқанын орындату (Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 2011).
«МН» дастанында Хорезми от архетипін «махаббат оты», «ғашықтық оты» сияқты тіркестер түрінде пайдаланған:
Қ 196 Айдай жүзіңе айдай көз сұқтанғанда,
Қ 197 Нәркес көзіңнің кірпігі жанға қадалар,
Қ 198 Арғаван гүліндей жүзіңде күлкі ойнаса,
Қ 199 Махаббат оты жанымнан еш кетпеді,
Қ 200 Қолым күміс алмаңызға еш жетпеді.
Қ 375 Жүзің көп көзіне қаншама нұр берсе де.
Қ 376 Гүлдей болма сен, сұлулығына мақтанатын.
Қ 377 Хорезми ғашықтықтың отына жағылды (МН).
Қазақ ақындары да өз поэзиясында мұндай тіркестерді кеңінен қолданған:
Махаббат оты (Бойды билеп, ерікті жаулап алатын жалынды сезім). Не тәтті бұл дүниеде сүйген тәтті, Отына махаббаттың күйген тәтті. Кезігіп оңашада қалқатаймен, Көңілге ортақ сырды түйген тәтті (Қара өлең). Ғашық оты (Ынтызар, қызу сезім). Ғашық оты жанады, жана берсін, Жұбайлардың жолдары бола берсін (Қазақ әндері).
«МН» мәтінінде от сөзінің алау, өрт сияқты синонимдері де кездеседі: Жамалыңның алауы әлемді өртейді, Сені құдай адам етіп жаратқан күні, Сені сүйікті, мені саған ғашық етіп жаратты (МН).
Хорезми жоғарыдағы бәйіттерінде сұлулықтың биік нышанын көрсеткен. Мұнда «алау» сөзімен көздің жауын аларлық сұлулық меңзеліп тұр.
Ауа – адам өміріндегі аса маңызды да қажетті құндылықтардың бірі. Егер ауа атмосферасы болмаса, күндіз жүз градус ыстық, түнде жүз градус суық болар еді. Адамдардың сөйлесіп, бірін бірі есіту мүмкіншілігі де осы ауаның еншісінде. Кейде бір нәрсеге мұқтаждығымызды «ауадай қажет» деп жатамыз. Сонда ауа бізге қаншалықты қажет? Мысалы, тәжірибе жасау үшін бірнеше жануарлар түрлерін арнаулы камераға қамап, ондағы ауаны шығарып тастасақ, жануарлар жиырма минутқа жетпей қырылып қалады. Бұдан біз ауасыз тіршілік жоқ, яғни ауаның өзі – өмірдің арқауы екенін білеміз.
Ауа – жер бетіне өзінің салмағымен, жердің тарту күшімен ғарышқа тарап кетпей тұрады. Жерге өте тығыз қысыммен орналасқандықтан, жер бетінде оның қатысуынсыз ешбір тіршілік жүрмейді. Ол жердегі тіршілік иелері: адамдардың, өсімдіктер мен жануарлардың секунд сайын тыныс алуымен оларға қуат беріп, отты жандырып, темірді балқытып, техниканы жүргізіп, ғарышқа ұшырып, сүтті ұйытып, қамырды ашытып, қар-жаңбырды жаудырып, жер асты байлығын жетілдіріп, жер бедерін өзгертіп, өсімдіктерді тозаңдандырып, тағы басқа алуан түрлі заттарды адамның басқаруымен, пайдаға жаратып беруші – таңғажайып жаратылыс.
Хорезми танымында ауа архетипі Жаратушы қалауымен жасалған жел, таң самалы секілді атаулармен көрініс тапқан: Таң самалын көгалға қызметші қылды;
Фани күндер желдей есіп өтіп кетеді (МН).
«Мұхаббатнаме» мәтінінде жел пырақ (қанатты тұлпар) символы ретінде танылады. Діни аңыздар мен хикаяларда Сүлеймен пайғамбардың (ғ.с.) ұланғайыр билік, орасан зор даңқ пен ілімнің иесі болып, жан-жануарлардың тілін білетін, желді, жындарды жұмысқа қосатын кереметі (мұғжизасы) болғаны айтылады. Мұны Хорезми танымынан да байқауға болады: Желді Сүлейменнің пырағы қылады; Жел жаһанда тым-тырақай шапқылайды (МН).
Ауа – тазалықтың символы. Қазіргі қазақ санасында таза ауа, жұпар, хош иісті ауа, суық ауа, тұнық ауа, тымық ауа секілді тіркестер бар:
Хош иісті ауасы – Жанның жаннат саясы!
Қойыны көркем гүл, Өмірлі өлкем бұл (М.Әлімбаев).
Мұндай түсінік Хорезми шығармашылығында да кездеседі. Автор «жаннат ауасы» дегенде ауаның ең көркем үлгісін көрсетіп отыр:
Сенің тойың болған жер жұмаққа ұқсайды, Жаз бойы мұнда еседі жаннат ауасы; Тостақтар айналысқа түсті осы бақ ішінде, Рақаттанып шарап іш райхан гүлдің ішінде, Көгалдың күтушісі, яғни, таң самалы (МН).
«Ауа» және «от» архетиптеріне қатысты тілдік деректер қысқартылып ұсынылды (Қосымшадағы 8-cурет).
Осылайша, жоғарыда талданған архетиптердің ортағасырлық түркілік /қыпшақы/ санамыздағы және қазіргі қазақы санамыздағы ғаламның тілдік бейнелерімен сабақтастығы ана тіліміздің деректері арқылы анықталады.
Глоссарий: архетип, су, топырақ, от, ауа, мифологема, когнитивтік-фразеоматикалық өріс, когнитивтік-семантикалық өріс.
Қосымша
1-сурет. Жалпыадамзаттық танымдағы «Ғалам» архетипінің когнитивтік- семантикалық өрісі.
2-сурет. Тілдік санамыздағы «Су» когнитивтік-семантикалық өрісі.
3-сурет. Судың Хорезми, Рабғұзи шығармаларындағы тілдік репрезентациясы
4-сурет. «Адам ата – Хауа анадағы» «Адам» лексемасының когнитивтік- семантикалық өрісі.
5-сурет. «Адам ата – Хауа анадағы» «Топырақ» архетипінің оң/жағымды мәнді фразеосемантикалық өрісі.
6-сурет. «Топырақ» архетипінің «Адам ата мен Хауа ана» қиссасындағы және қазіргі қазақы танымдағы когнитивтік-фразеоматикалық өрісі.
7-сурет. «ОТ» архетипінің «Адам ата — Хауа ана», «Мұхаббатнаме» қиссаларындағы және қазіргі қазақы танымдағы когнитивтік-фразеоматикалық өрісі.
8-сурет. «Ауа» архетипінің «Адам ата — Хауа анадағы», «Мұхаббатнамедегі» және қазіргі қазақы танымдағы когнитивтік-фразеоматикалық өрісі.