Франциядағы романтизм тағдырының өзіндік ерекшелігі аталмыш жалпыеуропалық қозғалыстың XVІІІ-ХІХ ғасырлар тоғысында пайда болуына және дамуына қоғамдық және рухани алғышарттар қалыптастырған осы елде өзге ірі еуропалық әдебиеттерден, атап айтқанда, неміс және ағылшын әдебиеттеріне қарағанда романтизмнің дүниетанымдық-көркемдік жүйе ретінде толыққанды түрлеріне кейінірек қол жеткізуіне байланысты. Демек, Франциядағы романтизмнің ұлттық тағдырының ерекшеліктерінің түп-тамыры осында жатыр.
Француз романтизмінің даму барысының өзіне ғана тән сипатын терең ұғыну үшін мәселенің екінші жағы да аса маңызды. Романтизм «сыртқы шындық пен жалпы дүниеге» (Гегель) жеке адамды қарсы қоятын таным ретінде француз буржуазиялық революциясының басталуы қарсаңындағы дәуірде кездейсоқ пайда бола қойған жоқ. Оның революциялық рухы романтиктерге қанат бітірсе, буржуазиялық астары олардың көңіліне сезік ұялатты, ал рухани «арақашық жақындығы» шешуші міндет атқарды. Германияда, әсіресе, Англиядағы романтикалық қиялшылдық белгілі дәрежеде уақыттық және кеңістік тұрғыдан алғанда сол тұстағы өмірден біршама тыс тұрды. Ал француз романтизмінің құрылымы, ең алдымен, өз уақыт кезеңінің тезінен өтіп, заманымен үндестік тауып отырды. Тіпті онда өзін қоғамға қарсы қойған тұлғаның типтік бейнесі жасалғанның өзінде, сол қоғамның өз уақытының адамы туралы сөз қозғалады.
ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында француз әдебиеті мен рухани өмірінің аса қуатты бөлігінің біріне айналған реализм өз кезегінде көптеген романтиктер шығармашылығының дамуына игі әсерін тигізді, атап айтқанда, ол кемелденген Мюссе, Жорж Санд, Гюго шығармашылықтарынан көрініс тапты.
Енді француз романтизмінің жаңа заманы, романтикалық идеялар мен түрлердің тазалану, жаңғыру, түрлену, түрлеу, яғни қайта өрлеу дәуірі келіп жетті. Табиғаты терең, мазмұны сан алуан, пішіндік болмысының қыры көп осы дәуірдің көркемдік келбетін, эстетикалық сырын танытатын шығармалар қатарынан Альфонс Ламартин, Виктор Гюго туындыларын айрықша атап көрсетуге болатыны даусыз. Француз романтизмінің айрықша белгілері, өзіндік бітім-болмысы аталмыш ақын-жазушылардың шығармашылығымен тығыз байланысты.
10-лекция. Классицизм әдісі. Корнель шығармашылығы. Рассиннің «Андромаха» трагедиясы. Классикалық реализмнің мұрагерлері. Р. Роллан
Альфонс Ламартин Франция поэзия көкжиегінде ХІХ ғ. 20 жылғы ең жарық жұлдызының бірі ретінде көзге түсті. Ламартинның танымал өлең жинақтары «поэтикалық ойлар” (1820), «Жаңа толғаныстар” (1823), «Поэтикалық және діни үндестік” (1830). Бұл жинақтарда Жозеф де Мэстрға, Шатобрианға, Бональдқа арналған одалар болғандықтан және оның поэзиясында діни өлеңдерге көп орын берлігендіктен, қайта жаңғыртушылар оны бірден өзінікі деп танып, әдеби ғана емес, саяси сый-сияпатқа да бөлеп тастады. Ол әдеби салондарда да, дипломатиялық істерде де жарқырап көзге түсті. Бірақ Июль революциясы қарсаңында Ламартин күтпеген жерден өзінің Бурбондар сарайының ресми саясатымен келіспейтіні туралы мәлімдеме жасап, қызметінен кетілді де, Июль революциясына ұстамды болса да қолдау танытып, либералдар партиясына кетеді.
Француз жұртшылығы әу бастан-ақ Ламартиннің әуезді де мұңға толы өлең- жырларынан тек діни және монархистік сарындарды ғана емес, басқа да өз жүректеріне тым жақын ырғақтарды сезініп, соларды бағалай білген еді. Ламартин өзінің ең жақсы өлеңдерінде ерекше бір ойшыл, сезімтал, даңғазасыз, оқшаулығы басым ақын ретінде көрінді. Оның ең сүйікті жанры лирикалық элегиялардың өзі сол кезеңде жоғары классикалық үнді одаларының немесе рококо дәуіріндегі сезімтал өлеңдердің дәстүрінде қалыптасқан француз поэзиясы үшін жаңалық еді.
Алайда бұл өлеңдердегі жанға жайлы әуез шын мәнінде мәнерлі дәстүрлі сөз саптауларын жоққа шығармайды, тек оны өзгеше бір сезімталдық өріске бағыттайды