М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегіндегі дүниетаным

М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегіндегі дүниетаным

1. М. Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігі – түркіше жазылған тұңғыш энциклопедиялық еңбек.

2. Махмұд Қашқари еңбегінің ортағасырлық түркі жұртының дүниетанымы мен діни танымын зерттеудегі маңызы.

Дәріс мақсаты: Орта ғасыр (Х-ХІІ ғғ.) түркі ескерткіштерінде айшықталған дүниетанымды М. Қашқари сөздігі негізінде айқындау және оның қазақы таныммен байланысын көрсету.

1. М. Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігі – түркіше жазылған тұңғыш энциклопедиялық еңбек.

М.Қашқари (ХІ ғ) — ұлы филолог, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеуші ғалым, саяхатшы. «Диуани лұғат ат-түрік» — түрікше-арабша түсіндірме сөздік. Қазіргі түркі тілді халықтардың барлығына ортақ мұра. «Диуани лұғат ат-түрік» -тек сөздік қана емес, сонымен бірге орта ғасырдағы түркілердің қоғамдық, рухани, ғылыми, мәдени, әдеби, саяси өміріне, көне тарихы мен әдет-ғұрпына, салт-санасы мен наным-сеніміне т.б. қатысты бағалы деректері мол жинақ.

 «Түркі сөздерінің жинағының» зерттелуі, тәржімалануы, басылымдары. «Сөздікті» зерттеуші түркі, Еуропа, орыс ғалымдары: А.Рифат, Бесім Аталай, Броккельман, Т.А.Боровков, А.Н.Кононов, В.А.Гордлевский т.б.

М. Қашқари «Сөздігінің» қазақ тіл білімі тұрғысынан зерттелуі. Н.Т.Сауранбаев, С.А.Аманжолов, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев, Ә.Құрышжанов, Қ.Бекетаев, Ә.Ибатов.

«Сөздікте» мысал ретінде келтірілген көркемсөз үлгілері: бәйіттер, ғазалдар, тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, ғибрат сөздер, сажыдар (ақ өлең), насыр (проза), т.б.

«Сөздіктегі» аңшылық жайындағы өлеңдер. Алғашқы қауым адамдарының тіршілік көзі аңшылықты бейнелейтін көркемсөз үлгілері, еңбек, егін салу, мал бағу тақырыбына арналған өлең-жырлар.

«Сөздіктегі» батырларды көтере мадақтайтын өлең жолдары. Алып Ер Тұңғаны (Афрасиф) мадақтау. «Сөздіктегі» тұрмыс-салт жырлары. Қадым заманда өмір сүрген адамдардың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, кәсібін,тотемдік түсініктерін танытатын өлең-жырлар. М.Қашқари жинаған бәдік, бақсы өлеңдері, бата-тілек, бесік жыры, тойбастар, жар-жар, жоқтау, естірту т.б. жыр үлгілері.

«Диуани лұғат ат-түріктегі» мақал-мәтелдер, ғибрат сөздер, афоризмдер. Қазіргі қазақ тілінде қаз-қалпында қолданылатын мақал-мәтелдер, қанатты сөздер.

2. Махмұт Қашқари еңбегінің ортағасырлық түркі жұртының дүниетанымы мен діни танымын зерттеудегі маңызы

Махмұт Қашқари – түркі жұртынан шыққан тұңғыш филолог, діни сенімі, танымы мен нанымы түгел бір бағытқа жұмылдырылып, бір Алланың (Жаратушының) разылығы үшін жұмыс істеген ұлы ғұлама. Бұл – орта ғасырлардағы түркі жұртының діни санасының аса жоғары деңгейде болуымен тікелей байланысты мәселе. Ол кезде діни таным, шын мәнінде, қоғамдық сананың төрінен орын алған еді. Көзі ашық, сауатты, хат танитын адамның бәрі де бүкіл қам-қарекетін, күш-жігерін «сауап жинауға» арнап, соған бағыттап, сол жолда сарқа жұмсауды парызым деп білген… Бұ дүниеде атқарған бар қызметінің, істері мен қылған амалдарының о дүниеде сұрауы болатынын бір сәтке де естен шығармаған олар үнемі «сауап жинауға» тырысып баққан. Сондықтан да әр қадамын, күллі игі шараларды Алланың атымен бастауды әдетке айналдырған-ды…

«Бісмілләні…» қазіргі кезде де сөзінің салтына айналдырған адамдар бар. Дегенмен, кеңірек ауқымда алғанда, ол кездегі «Бісміллә…» мен бұл күнгі «Бісмілләнің» айырмашылығы едәуір десек қателеспеген болар едік. Салыстырып көрейік: біздің замандастарымыздың басым бөлігі орта ғасырлардағы өркениетті қазіргі «озық технологиялар дәуірінен» анағұрлым төмен деңгейде деп санайды… Соған сәйкес, біз өзімізді орта ғасыр оқымыстыларынан оқ бойы озып кеткендей, артық сезінеміз. Шындығында солай ма?!.

Жалпы діни дереккөздерде адам баласы бұ дүниеден өткен соң да сауап жазыла беретін, яғни екі дүниеде де сауабы мол үш игі амал ретінде мыналар көрсетіледі: 1) артында салих ұрпақ қалдырса, яғни иманды болып тәрбиеленген балалары мен немерелері хақ жолын ұстанып, тірі жанға зиянын тигізбей, тек жақсылықтар жасаса және ата-анасының, бабаларының әруақтарына ұдайы құран бағыштап отырса; 2) көзі тірісінде халық игілігіне жарайтын істер істесе: мешіт, медресе, жол, көпір салдырса; 3) саналы ғұмырында ілім-білім жинап, оны жүйелеп хатқа түсірсе және сол жазғандарын кейінгі ұрпақ оқып, пайдасына асырып жатса.

Орта ғасыр ғалымдары осы аталғандардың ішінен, әсіресе соңғысына баса мән берген. Қазақы танымда бұл ой «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» деген нақыл түрінде таңбаланған. Бұл үлкен дәстүр Әбу Насыр әл-Фарабиден бастау алып, Қожа Ахмет Йасауи, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Ахмед Йүгінеки, Құл Әли, Құтыб, Сәйиф Сараи, Хорезми сынды саңлақтардың еңбектерінде жалғасын тауып, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири т.б.с.с. көптеген ақындардың, ғұламалардың, қолбасшылардың кітаптары түрінде көрініс тапты. Бұл дәстүрдің түркі-қыпшақ санасында берік орныққандығы соншалық, саналы өмірін қасиетті қыпшақ даласынан (Дешти Қыпшақ) жырақта өткізген, сонау Мысыр мен Шамда өмір сүрген «ілім-білім иелері» де кітаптарының беташарына «Бір Алланың разылығы үшін осы еңбекті бастадым, … жаздым, … өмірімнің пәлен жылын, бар күш-қуатымды осы жолда сарп еттім… Ей, оқушым! Сен де менің есімімді дұғаңнан қалдырма…» деген жолдарды міндетті түрде қосып отырған (мысалы, 14 ғ. соңында Мысырда жарық көрген «Китаб ат-тухфат уз-закийат фил-луғат-ит-түркийа» атты грамматикалық трактаттың аты белгісіз авторы т.б.).

Қазіргі қазақ даласы орта ғасырларда сандаған білімпаздың кіндік қаны тамып, қасиетті мекені болғандығын жастарымыз түгілі, орта буын өкілдерінің бірі білсе, екіншісі біле бермейді. Бір ғана Отырардан шыққан 29 дана – 29 әл-Фарабидің біреуінің ғана есімін білгенімізбен, еңбектерін атап бере алмайтынымыз да жасырын емес. Өкінішке орай, ең алғаш Әбу Насыр әл-Фарабиді елге танытып, еңбектерін «қазақша» сөйлетіп, үлкен сауапты іс істеген Ағжан әл-Машанидің жарқын бейнесін лайықты дәрежеде еске алып, оның баршамызға үлгі болар ерен еңбегін әділ бағалай алмай, дұрыс насихаттай алмай отырғанымыз да шындық, біздің «жоғары технологиялар үстемдік еткен» заманымыздың ащы шындығы!

Осы тұста Әбу Насырдан бөлек, алғаш Отырар кітапханасында білім нәрімен сусындап, көкірек көзін ашқан, кейін ілім жолындағы ізденісін Бағдад пен Шамда, Каирде жалғастырған, артында ғылымның сан түрлі салалары бойынша баға жетпес құнды мұралар қалдырған оннан астам әл-Фарабилердің есімдерін атап, жат жерде сақталған еңбектерін саралап, ел назарына ұсынған, алақанға салғандай анық етіп түгендеп берген шығыстанушы (арабист) ғалым, профессор Әбсаттар Дербісәлінің орасан зор еңбегін атап өткеніміз жөн. Дегенмен қазіргі қазақ қауымы ғалым Дербісәліден гөрі дінбасы Дербісәліні көбірек біледі десек, қателеспейміз. Себебі, біздің қоғамымызда (мүмкін, заманымызда…) білім иелерімен салыстырғанда, «лауазым иелерінің беделдірек» екені белгілі. Бұл – арнайы, жеке талдауды қажет ететін жалпықоғамдық өзекті мәселе.

Біздің айтпағымыз – сандаған материалдық игілікке қол жеткізгенімізбен, бірнеше жоғары оқу орнын бітіргенімізбен, анығы мен танығын ажырата алмай, бабалар салып кеткен сара жолдан адасып жүруіміздің себебі не? «Еуропаша» білім алмаған түркі – қыпшақ ғұламаларының шыққан биігіне көз жеткізе алмай отыруымыз бізге – бүгінгі ұрпаққа сын емес пе?! Осындай сан сұрақтың жауабы, біздіңше, біреу-ақ. Екі дәуір, екі тарихи кезеңдегі білім қуғандардың ғылымға келген жолы екі түрлі: ғылым әлемін үлкен пирамидаға теңер (ұқсатар) болсақ, қазіргі ғылымдар классификациясы бойынша, жаратылыстану, қоғамдық-әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдар сияқты адамтану бағытындағы, адам мен адамзат қоғамына қатысты ғылымдар іштей тармақталып, жіктеліп кете беретіндіктен, пирамиданың етегінен орын алады, уақыт өткен сайын, ғылым мен техниканың даму қарқыны арта түсетіндіктен, ғылым салалары да көбейіп, бір-бірінен туындап, бір-бірімен қиылысуы нәтижесінде жаңа аралық салалар пайда болып, теориялық ізденістер көбейіп, тереңдей береді. Ал зерттеушілер – өмірі өлшеулі, әлеуеті (физикалық, әлеуметтік т.б.) шектеулі пенде болғандықтан, бір ғана ғылым саласына бүкіл ғұмырын арнағанымен (мысалы, біз филологияны таңдадық, жоғары оқу орнын бітірген соң, аспирантурада лингвистика бойынша іздендік, докторлық диссертациямызды тіл білімінің сандаған саласының біреуі ғана бойынша жаздық…), оның түбіне жете алмайды. Мұны қазақ санасына «Білгенім – тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» деген бір-ақ сөзбен түйген. «Алып пирамиданың» тоқсан тоғыздан бір бөлігіне жеткенде, адамның көзінің нұры тайып, қол-аяғынан әлі де кетеді, «үш дауасыздың бірі де келіп жетеді»…

Ал орта ғасыр ғұламалары «Ә дегенде» пирамиданың сонау ұшар басына көз тігеді, қанаты талмай тұрғанда-ақ «Ғаламтанудың» көгінде еркін самғайтындай дәрежеге жетеді, яғни, ең алдымен, «Аллатану» ғылымын меңгереді, сауатын «Құран Кәрімнің» ақиқатымен сусындай отырып ашады, өмірде сол білімдерін үнемі қаперде ұстап, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) хадистерін (17-хадисте «Білімді игеру – әрбір мұсылманның міндеті» делінсе, 19-хадисте «Менің алдымда білім – жалбарынудан әлдеқайда биік тұрады» делінген) басшылыққа алады. Екі дүниенің құпиясы қатталған, он сегіз мың ғаламның сыры сақталған қасиетті кітапты оқып шыққан соң ғана, ғылымға келеді…

 Сонда «алып пирамиданың ұшар басынан» төмен қарай қай жолмен түссе де, қиналмайды, басқаша айтқанда, біраз уақытта ғылымның бірнеше саласын еркін меңгеріп, әр сала бойынша құндылығы жоғары еңбектер жазады. Әбу Насыр әл-Фарабидің философия, математика, логика, тіл, әдебиет, музыка, астрономия т.б. сияқты бірнеше ғылым саласы бойынша жазған трактаттары әлі күнге маңызын жоймай отырғаны, тіпті күн өткен сайын құны артып жатқаны жалған емес.

Әбу Райхан әл-Бируни, Әбу Әли Ибн Сина (Авиценна), Ұлықбек т.б.с.с. бірнеше саланы қатар меңгерген шығыс жұлдыздарының күн өткен сайын жарқырай түсуінің бір сыры осында жатса керек!

Махмұт Қашқари да ғылымға осындай жолмен келген, яғни «жоғарыдан төмен қарай түскен» ғұлама, түркі филологиясының, этнографиясының «атасы», тұңғыш лексикограф, диалектолог… Санай берсек, бұл тізім жалғаса береді. Бірақ біз бұлайша бағаласақ, қарымы кең энциклопедист ғалымның еңбегін тар шеңберге әкеліп саятын сияқтымыз. Сондықтан оның еңбегіне кеңірек тоқталайық.

Махмұт Қашқари – түркі халықтарының тұңғыш филологы, ежелгі ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеуші ғалым. Толық аты-жөні: Махмұт ибн ул-Хусаин ибн Мухаммадин Қашқари. Он бірінші ғасырда өмір сүрген ғалымның туған, қайтыс болған жылдары белгісіз. Ол Талас, Шу өзендерінің бойындағы Баласағұн, Барсхан кент-қалаларын аралаған. Махмұт Қашқаридің туған қаласы Барсханды (Барсаған, Барсыкент) Тұран әміршісі Алып Ер Тоңғаның баласы Барсхан салдырғаны тарихтан белгілі. Алғаш Қашқар қаласында, сосын Бұхара, Нишапур, Самарқан, Мерв және Бағдат шаһарларында оқыған. Ерекше зейін қойып үйренгені — түркі рулары мен тайпаларының тілдері, фольклоры, этнографиясы, әдет-ғұрпы, наным-сенімі мәселелері болатын. Осы бағытта алған ілім-білімін жинақтап, артына өшпес мұра қалдыруды көздеген Махмұт Қашқари ізгі мақсатын жүзеге асыру үшін, бір жағы — Жетісу, Мәуераннахр, Хорезм, екінші жағы Еділ, Жайық, Қара Теңіз жағалауына дейінгі түркі тайпалары мекендеген ұланғайыр өлкені аралап шығады. Нәтижесінде қыруар тілдік, этнографиялық деректер, ауыз әдебиеті үлгілерін жинайды, кейін ол материал «Түркі тілдерінің жинағына» негіз болады. Аталмыш еңбектің кіріспесінде мынадай жолдар бар: «…Мен сол түріктердің қызыл тілге ең шешендерінен, ең әдемі әңгімешілерінен, ең бір зеректерінен, ең білгірлерінен, ежелгі асыл тайпаларынан уа соғыс ісінде мықты найзагерлерінен болғандығымнан, олардың шаһарлары мен сахарасын бастан аяқ аралап шықтым. Түрік, түрікмен, оғыз, шығыл, йағма, қырғыздардың сөздерін және (сөздерінің) қасиет, құпияларын анықтап шықтым, оларды пайдаландым. Мен бұл істерді осы тілдердегі әрбір кішігірім айырмашылықтарды парықтап білу үшін істедім. Сонымен, олардың әрқайсысының тілі менің көңілімде ұялап, берік сақталып қалды. Мен оларды мұқият реттеп, әбден тәртіпке келтіріп, жүйелеп шықтым. Бұл бір мәңгілік жәдігерлік уа таусылмас-түгесілмес, азып-тозбас бір байлық болсын деп, бір Тәңірге сыйынып, осы кітапты түзіп шықтым да, оған «Диуани лұғат ат-түрік» — «Түрік тілдерінің диуаны» деген ат бердім» (Үзінділер А.Егеубаевтың аудармасынан алынды).

«Диуани лұғат ат-түрік» — энциклопедиялық сөздік. М. Қашқари тіл білімі мен әдебиетке қатысты көлемді де күрделі екі ғылыми еңбек жазған. Бірі — «Жавохирун-нахв фи луғат ит-турк» («Түркі тілдерінің синтаксисі, қағидалары») деп аталады. Өкінішке орай, бұл еңбек бізге жетпеген. Кітаптың тағдыры әзірше белгісіз күйінде қалып отыр. Ал екінші еңбегі – 1074 жылы жазылған «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі сөздерінің жинағы») – қазіргі түркі халықтарының бәріне ортақ мұра. Бұл сөздікте орта ғасырлардағы түркі ру-тайпаларына бірдей ортақ алты мыңнан астам төл сөз бен жекелеген тайпаларға қатысты диалект сөздер бар. Бұл лексикалық жинаққа енген сөздер, мақалдар, өлең жолдары, т. б. түркі тілдерінің сөз тудыру, сөйлем құру жүйелерін, әдеби тіл мен көріктеу құралдарының пайда болу, қалыптасу жолдарын анықтай түсуге мүмкіндік береді.

 «Диуани лұғат ат-түрік» — тіл білімінің ең басты салалары бойынша теориялық тұрғыдан құнды түйіндер жасалған еңбек. Көне түркі әдеби ескерткіштерінің тілін үйренуде бұл зерттеудің маңызы ерекше. Мәселен, осы «Диуани лұғат-ат түрік» табылғаннан кейін ғана «Құтты білік» дастанын оқу, аудару және транскрипция жасау кезіңде бұрын жіберілген қателіктер түзетілді.

Махмұт Қашқаридың сөздігін шын мәнінде энциклопедиялық туынды деуге болады. Онда тіл мен әдебиетке ғана емес, сол кездегі ру-тайпалар мен халықтардың қоғамдық-экономикалық жағдайына, көне тарихы мен әдет-ғұрпына, салт-санасы мен наным-сеніміне, т. б. қатысты аса бағалы деректер қамтылған.

Махмұт Қашқари еңбегінің осындай өзіндік ерекшелігі, энциклопедиялық мәні жайында айта келіп, белгілі түрколог А. Н. Кононов былай деп жазды: «Мұнда ХІ ғасырдағы түркілердің өмірі туралы: олардың материалдық мәдениетінің бұйымдары, тұрмыс жайлары туралы, этнонимдері мен топонимдері, ру-тайпалары туралы, туыстық және жекжаттық терминдері туралы, түркі қызмет адамдарының титулдары мен атаулары, тағам-сусындардың атаулары туралы, үй жануарлары мен жабайы жануарлар және құстар, мал шаруашылығы терминдері туралы, өсімдіктер мен дәнді дақылдар туралы, астрономиялық терминдер, халықтық календарь, айлардың және апта күндерінің аттары туралы, географиялық терминология мен номенклатура, қалалар туралы, аурулар мен дәрілердің аттары, анатомиялық терминология, металдар мен минералдар, әскери, спорт және әкімшілік терминологиясы туралы, түрлі тарихи және мифтік кейіпкерлердің есімдері туралы, діни және этникалық терминология туралы, балалардың ойындары мен ермектері және тағы басқалар туралы көп жағдайда бірден-бір деректеме болып табылады».

М.Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты зерттеуі тек түркіше-арабша түсіндірме сөздік қана емес, сонымен бірге ежелгі түркі тілдері мен ауыз әдебиетін зерттеу үшін аса қажетті, теңдесі жоқ ғылыми еңбек болып табылады. Біз үшін маңыздысы – біздің жыл санауымыздан бұрынғы қадым замандарда жасаған сақтар мен ғұндар дәуірінде және Түркі қағанаты тұсында өмірге келген тұрмыс салт жырларының үлгілерін, мақал-мәтелдерді, шешендік сөздер мен афоризмдерді М. Қашқари өз «Сөздігіне» мысал ретінде көптеп енгізген. Ескерткіш авторы түркі жұрты, түркі ұлысының тарихи рөлі туралы былай деп жазған: «Мен Тәңірінің дәулет ұясын түріктер жұлдызына жаратқандығын және ғарышты солардың заманы үстінде айналдырып қойғанын көрдім. Тәңірі оларды «түрк» деп атады. Әрі оларды мемлекетке еге қылды. Заманымыздың хақандарын түріктерден шығарып, Тәңір халықтың ақыл-ерік тізгінін солардың қолына ұстатты; оларды адамдарға бас қылды; олардың істерінде соларды қолдады; олармен бірге күрескендерді әзіз қылды, әрі түріктер ішінен соларды барша тілектеріне жеткізіп, жамандардан, зұлымдардан қорғады».

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны — Қарахан мемлекетінің саяси-әлеуметтік бағыт-бағдарын айқындайтын Ата заңы сипатында жазылған этикалық-дидактикалық сарындағы көркем туынды болса, Махмұт Қашқаридің «Түрік тілдерінің жинағы» — бүкіл түркі халықтарының тіл мәдениетіне ортақ тілтану энциклопедиясы еді. Бұл екі туынды — ұлан-байтақ Тұран даласындағы қоғамдық ой-сана мен көркемдік-эстетикалық танымның мейлінше жоғары дәрежеге жетіп, барынша кемелдене түскендігін дәлелдейтін тарихи құжат.

М. Қашқари «Сөздігінде» дидактикалық-философиялық мазмұндағы жыр үлгілері жиі кездеседі. Олардың бәріне ортақ өзек ұғым Жаратушы есімімен, Түркіше Тәңірімен байланысты болып келеді:

Таққа шығып тұрсаң да, Тәңіріңді ұмытпа,

Асып-тасқан көңілді ақылыңмен шыбықта.

Ұлық болса еліне ізгі болар ер кісі,

Кішілік пен кісілік — ұлылықтың белгісі;

Сондай-ақ автор өз тыңдаушысын оқу-білімге, ілім үйренуге үндейді:

Ұлым, ақыл тыңдасаң, білімсіздік жоғалар,

Білім қалар артыңда, ғұмыр сырғып жоғалар;

Қобалжығыш көңілдің ақылы да жоқ аса,

Мылжыңы көп адамның аспаны да аласа;

Көңіл толса, үйіңнің жарын жығар,

Білікті адам айтпай-ақ жаныңды ұғар;

Қандай жағдай болса да, адам баласы нәпсі жетегінде кетуден сақтануы тиіс екені, ол үшін дініне берік болуы қажеттігі ескерткіште мына жолдар арқылы көрсетілген:

Алтының мен күмісің болған сайын құнықпа,

Қу нәпсіге табынып, Тәңіріңді ұмытпа!

Еңбекте жиырма жерде, діни сенім мәселесі сөз болған тұстарда «Құран Кәрімнен» үзінді келтірілген. Солардың біріне мысал:

«Имансыз Тәңіріге табынып жатыр, бірақ Алла бұған разы емес…». Бұл сөздің мағынасы: Құлшылықты сырт көзге түсу үшін ғана (яғни бар көңілімен, шын ниетімен емес) жасаған адамға Алла тағала разы болмайды.

Бұл жөнінде «Құран Кәрімнің» «Маұн» (Зәру зат) сүресінде айтылған: «Бисмилләһи рахман-рахим! (Ей, Мұхаммед!) Дінді жалғанға шығарушыны көрген бе едің? Ол жетімдерді зар қақсатты. Міскіндерді азықтандырғысы келмеді. Құрып қалсын ондай намаз оқығандар! Олар намазға еш көңіл қоймайды. Тек көрініс, атақ үшін ғана оқиды. Мұқтаждарға ешнәрсесін бере тұрмайды…».

Қашқаридың негізгі өсиеті мына өлең жолдарымен өрілгендей:

«Тун кун табун Тәңрика буйнамагыл, Қурқуб аңар айману уйнамагыл», мағынасы: Тәңіріге күні-түні табын, шаршама, оның алдында қорық және ұяң бол! (алайда қарапайым және қорыққыш болғанда оның алдында ойнама!).

«Тамуғ қабуғын ашар тавар» дегеннің сөзбе сөз аудармасы: тауар (мал, пара) тамұқтың есігін ашар (өзге есіктер туралы не айтуға болады?). Ғұлама мұндай сөздің қандай да бір бас пайдасын көздеп, ақша табуды мақсат еткен адамға қатысты қолданылатынын айтқан.

Міне, «Диуаннан» келтірілген санаулы мысалдардан-ақ оның авторының өмірлік ұстанымы, діни сауаттылығы, еңбекті жазудағы түпкі мақсаты аңғарылады. Демек, «Диуани лұғат ат-түрк» — орта ғасырлардағы түркі сөздерінің жинағы ғана емес, сол дәуірге тән ғаламның тілдік бейнесін, дүниенің теологиялық бейнесін де танытатын аса құнды мұра. Ондағы материалды лингвокогнитивтік және линговконцептологиялық зерттеулер жүргізуде тиімді пайдаланудың қазіргі ғылым дамуы үшін берері мол!

Глоссарий: діни сауаттылық, ғаламның тілдік бейнесі, дүниенің теологиялық бейнесі, этикалық-дидактикалық сарын, көркем туынды.

***

3.1. Негізгі әдебиеттер тізімі:

1. Ежелгі дәуір әдебиеті. Хрестоматия. 2 кітап. –Алматы: «Ана тілі», 1991. –280 б.

2. Сыздықова Р. Ясауи «Хикметтерінің» тілі. – Алматы: Сөздік–Словарь, 2004. – 552 б.

3. Әбілқасымов Б. Әбілғазы ханның «Түркі шежіресі» және оның тілі. – Алматы: Арыс, 2001. − 243 б.

4. Сағындықұлы Б. Алтын Орда жазба ескерткіштерінің (ХІVғ.) салыстырмалы лексикасы: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – 112 б.

5. Қыраубаева А. Ғасырлар мұрасы. 5 томдық шығ. жинағы. 1-т., — Алматы: Өнер, 2008. – 304 б.

6. Сағындықұлы Б. Ғаламның ғажайып сырлары. – Алматы: Ғылым, 1997. – 270 б.

7. Құдасов С.Ж. Армян жазулы қыпшақ ескерткіші «Дана Хикар сөзінің» тілі. А., Ғылым, 1990. -120 б.

8. Наджип Э.Н. Кипчакско–огузский литературный язык Мамлюкского Египта ХІV века: автореф. … докт. филол. Наук. – М., 1965, – 48 с.

9. Наджип Э.Н. Тюркоязычный памятник ХІV века «Гулистан» Сейфа Сараи и его язык. – Алма-Ата: Наука, 1975. –Ч. 1. – 209 с., –Ч. 2. – 300 с.

10. Сүйерқұл Б.М. Хорезмидің «Мұхаббатнамесіндегі» (ХІҮ ғ.) лингвосемиотикалық кеңістік. Монография. –Алматы: Дайк-Пресс, 2011. –376 б.

11. Шаймердинова Н.Г. Когнитивная семантика языка древнетюркских письменных памятников. АДД., Астана, 2008.

12. Байымбетова Р. Түркілер дүниетанымының тілдік репрезентациясы (ҮІІ-ІХ ғғ. түркі ескерткіштерінің тілі негізінде). КДА., Астана, 2010.

3.2. Қосымша әдебиеттер тізімі:

1. Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. – Алматы, 1970.

2. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. –А., 1985.

3. Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности. М-Л, 1979.

4. Қайдаров Ә.Т. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. –Алматы: Ана тілі, 1998. – 304 б.

5. Наджип Э.Н. Хорезми Мухаббатнаме. – М.: Издательство восточной литературы, 1961. – 223 с.

6. Керімұлы Ә. Түркі әдебиеті ескерткіштеріндегі сөз жасайтын жұрнақтар (ХІV ғ.). – Алматы: Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының республикалық баспа кабинеті, 1999. – 110 б.

7. Арынов Т. Лексико–семантические и стилистические особенности языка старокыпчакского памятника «Китаб ат–тухфа…»: дис. … канд. филол. наук. – Алматы, 1983. – 187 с.

8. Ибатов Ә. Сөздің морфологиялық құрылымы (ХІV ғасырда Алтын Орда мен Египетте жазылған ескерткіштердің тілі негізінде). – Алматы: Ғылым, 1983. – 148 б.

9. Ибатов Ә. Қутбтың «Хұсрау уа Шірін» поэмасының сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1974. – 279 б.

10. Курышжанов А. Исследование по лексике старокыпчакского письменного памятника ХІІІ в. «Тюркско–арабского словаря». – Алма-Ата: Наука, 1970. – 234 с.

11. Мәженова М. Абу Хайян – исследователь кипчакского языка: дис. … канд. филол. наук. – Алматы, 1982. – 157 б.

12. Қыраубаева А. Хорезми. Махаббатнама. – Алматы: Жалын, 1985. –112 б.

13. Сабыр М. Б. Орта түркі тілі лексикасы мен қазақ тілі лексикасының сабақтастығы (ХІV ғ. жазба ескерткіштері негізінде): филол. ғыл. докт. … дис.– Алматы, 2004. – 305 б.

14. Ескеева М. Көне түркі ескерткіштерінің тілі: филол. ғыл. докт. … дис.– Алматы, 2002. – 300 б.

15. Боранбаев С. Ескі қыпшақ тіліндегі есімдерді салыстырмалы–тарихи тұрғыдан зерттеу (Арабша–қыпшақша сөздік бойынша ХІV ғ.): филол. ғыл. канд. … дис.– Алматы, 2000. – 136 б.

16. Дүйсен С. Ескі қыпшақ тілінің кейбір фонологиялық ерекшеліктері (Әл–Қауанийин… мәтіні негізінде) // Көне түркі жазуларының зерттелуі: бүгіні мен болашағы. – Астана: Ер-Дәулет, 2004. –Б. 151-182.

17. Құдасов С. Дана Хикар кітабының тілі. – Алматы: Ғылым, 1990. – 118 б.

18. Досжан Р. ХІ–ХІІ ғасыр жазба ескерткіштері тілінің морфологиясы (А. Йүгінекидің «Һибат–ул хақайиқ» дастаны негізінде): филол. ғыл. докт. … дис. – Алматы, 2009. – 388 б.

19. Отарбекова Ж. Жамиат–тауарих тіліндегі сөзжасам: филол. ғыл. канд. … дис. – Алматы, 1998. – 167 б.

20. Есбосынов Е. Ескі қыпшақ тілінің лексика–грамматикалық ерекшеліктері (Әбу Хайиан еңбегі бойынша, ХІV ғ.). – Астана: Ер–Дәулет, 2006. – 240 б.

21. Садықбеков Қ. Орта ғасыр қыпшақ жазба ескерткіштерінің тілі (Китаб Муқаддима Әбу Ләйс әс–Самарқанди ХV ғ.). – Шымкент: Нұрлы бейне, 2010. – 160 б.

22. Ұбайдуллаева Г. «Мұхаббатнаме» ескерткішінің (ХІV ғ.) текстологиясы (жәдігерліктің қазақ тіліне қатысы): филол. ғыл. канд. … дис. – Алматы, 2001. – 148 б.

23. Иманбердиева С. Тарихи ономастикалық кеңістік (Х–ХІV ғғ. түркі жазба ескерткіштері негізінде): филол. ғыл. докт. … автореф. – Алматы, 2010. – 44 б.

24. Өмірбаев Е. Ескі қазақ жазба тілі үлгілеріндегі лексика–семантикалық және сөзжасамдық ерекшеліктер (ХV–ХVІІ ғғ.): филол. ғыл. канд. … автореф. – Алматы, 2007. – 26 б.

25. Мамырбекова Г. «Түркі шежіресінің» мазмұн межесі // “Қазақ диаспорасының бүгіні мен болашағы” атты халықаралық ғылыми конф. материалдары. – Баян Өлгей, 2009. – Б. 215–222.

26. Сейітбекова А. Әбілғазы баһадүрдің «Түркі шежіресіндегі» араб және парсы сөздерінің қолданылу ерекшеліктері: филол. ғыл. канд. … дис. – Алматы: 2007. – 155 б.

27. Сапарбекова Г. Шежіреші тілдік тұлғасы (Әбілғазы баһадүрдің «Түркі шежіресі» ескерткіші материалы негізінде зерттеу): филол. ғыл. канд. … дис. – Алматы, 2010. – 144 б.

28. Тәшімбай С.Қ. «Мұхаббатнаме» ескерткішінің (ХІV ғ.) лексикасы: филол. ғыл. канд. … автореф. – Алматы, 2010. – 24 б.

29. Исина Ж.А. Орта ғасыр жазба ескерткіштері тіліндегі фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің этномәдени сипаты (ХІV ғ.): филол. ғыл. канд. … автореф. – Алматы, 2010. – 24 б.

30. Жолдасова А.А. «Диуани Хикмет» ескерткіші тілінің грамматикалық ерекшеліктері (тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының қолданылуы): филол. ғыл. канд. … автореф. – Алматы, 2009. – 24 б.

31. Абитжанова Ж.А. Орхон-Енисей ескерткіштері тіліндегі метафоралардың уәжділігі мен семантикасы: филол. ғыл. канд. … автореф. – Алматы, 2009. – 24 б.

32. Байымбетова Р.К. Түркілер дүниетанымының тілдік репрезентациясы (VІІ-ІХ ғасырлардағы түркі ескерткіштерінің тілі негізінде): филол. ғыл. канд. … автореф. – Астана, 2010. – 24 б.

33. Сүйерқұл Б.М. «Хұсрау уа Шырын» ескерткішіндегі етістікті фразеологизмдер // «Академик Шора Сарыбаев және қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конф. материалдары. –Алматы: Дайк-пресс, 2005. – Б. 471-479.

34. Сүйерқұл Б.М. Көне түркі жазба ескерткіштері мен орта ғасыр жазбаларының сабақтастығы // «Көне түркі жазба ескерткіштері: жазу мәдениетінің бастаулары, тілдің даму құбылыстары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конф. материалдары. – Алматы: Информ-А, 2005. – Б. 171-173.

35. Сүйерқұл Б.М. Етіс категориясының қыпшақ жазба ескерткіштері мен қазіргі түркі тілдеріндегі морфологиялық сипаттамасы («Ат-тухфа…» материалы негізінде) // Қазақ грамматикасының өзекті мәселелері (ғылыми жинақ). – Алматы: «Кие» лингвоелтану инновациялық орталығы, 2007. – Б. 263-290.

36. Сүйерқұл Б.М. «Китаб ат-тухфа…» (ХІV ғ.) тіліндегі етістік категориялары»: филол. ғыл. канд. … дис. – Алматы, 1999. – 132 б.

37. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. –Алматы: Ғылым, 1977.

38. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 15 томдық. – Алматы. 2011.

39. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. –Алматы: Сөздік-Словарь, 2002.

40. Нүсіпоқасұлы А. Жапарұлы Ә. Ағаш бесіктен жер бесікке дейін. 5 том. Бата-тілектер. Той-мерекелер. Ажал-өлім туралы. –Алматы: Өнер, 2011. т.б. 2011.

41. Пайғамбар хадистері. –Алматы: Үш қиян, 2006.

42. Сағындықұлы Б., Тәшімбай С. «Мұхаббатнаме» (ХІV ғ.) ескерткішінің мәтіні. Оқу құралы. –Алматы: Қазақ университеті, 2007.

43. Философиялық сөздік. –Алматы: Сөздік-Словарь, 2007.

44. Изысканный дар тюркскому языку. (Грамматический трактат ХІV в. На арабском языке). Ташкент: Фан, 1978. -451 с.

45. Айдаров Ғ. Армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінің тілі. Алматы, Республикалық баспа кабинеті. 1992. -52 б.

46. Мелиоранский П.М. Араб-филолог о турецком языке. СПб., 1900.

47. Сағындықұлы Б. Түркі тілдері лексикасы дамуының фонологиялық заңдылықтары. Докт. дисс. қолжазбасы, А., 1994. –329 б.

48. Ибатов А. Морфемная структура казахского слова (в сравнении с данными тюркоязычных письменных памятников ХІV в). Автореф. докт. дисс., А., 1989. –55 с.

49. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. Фонетика, Морфология. А., 1981. –207 б.

50. Иванов С.Н. Родословное древо тюрок Абул-Гази хана. Грамматический очерк (Имя и глагол. Грамматические категории). – Ташкент: Фан, 1969. -203 с.

51. Древнетюркский словарь. Л., 1969. –676 с.

52. Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности. М.-Л. 1951.–447 с.

53. Исследование по сравнительной грамматике тюркских языков. Ч.2. Морфология. М., 1956. –335 с.

54. Абдуллаев А.З. К вопросу r~z в тюркских языках //Советская тюркология. 1984. №2. С.36-42.

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *