Көне түркі жазба ескерткіштерінде бейнеленген діни-мифологиялық дүниетаным

Көне түркі жазба ескерткіштерінде бейнеленген діни-мифологиялық дүниетаным

1. Орхон, Енисей, Талас ескерткіштеріндегі Тәңірлік идеясы.

2. Тәңір және Көк ұғымдарының арақатынасын білдіретін тілдік бірліктер.

3. Ыдуқ йер-суб (Қасиетті жер-су) ұғымы.

Дәріс мақсаты: Көне түркілік тілдік санада орныққан діни-мифологиялық дүниетанымды танытатын тілдік бірліктерді жазба ескерткіштер материалында талдау.

1. Орхон, Енисей, Талас ескерткіштеріндегі Тәңірлік идеясы.

Түркілік дүниетанымның негізі – Тәңірлік идеясы бастауын хун дәуірінен алатын терең тамырлы ілім. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде де «Тәңір» сөзіне «діни. 1. Құдай, Алла Тағала, Құдірет. 2. Құдіретті күш иесі, пір» деген түсіндірме берілген. Мифологиялық-діни дүниетанымнан өрбіген Тәңірлік идеясы көне түркілер танымында ғаламдық кеңістікті танудың кешенді концепциясы ретінде олардың тілінен де берік орын алды. Ескерткіштер тілі деректері Тәңір ұғымы арқылы сомдалған көне түркілік дүниетанымның мифологиялық негізі табиғатпен етене жақын жартылай көшпелілердің өмірлік тәжірибесімен астасып, діни-мифологиялық ілімге айналғанын, олардың этностық біртұтастығын қамтамасыз етуге, мәдени-эстетикалық болмысын қалыптастыруға, рухани құндылықтарын арттыруға, әлеуметтік-саяси тұрмысын нығайтуға қызмет еткенін көрсетеді. Көне түркілердің діни-мифологиялық тағылымдарының іздері ұрпақтан-ұрпаққа жалпытүркілік сана арқылы жалғасып отырғаны байқалады. Орхон мұралары Білге қаған, Күлтегін ескерткіштерінің екеуінде де алғашқы мәнмәтіндері «үстіде /жоғарыда көк Тәңірі, астыда қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы (кісі оғланы) жаралған» деп басталуы көне түркілердің дүниетанымындағы Тәңірлік идеясының маңыздылығын, олардың діни сенімінің берік қалыптасқанын, оның көне түркілер үшін бұқаралық дінге айналғанын айқындап тұр.

Орхон ескерткіштерінің ең көнесі саналатын «Онгин» жазбасында «Тәңіріге күшіңді бердің деп жарылқаған еді» деген сөз арқылы «Тәңіріге қызмет еткен адам жақсылыққа кенеледі» деген ұғымды насихаттайды. Осы сарындағы сөйлемдер Енисей ескерткіштері «Уюк Тарлақ», «Уюк Туран» «Чаа-хөд» жазбаларында да жиі кездеседі. Түркі халықтары дүниетанымының негізгі лексикалық бірлігі, жалпыалтайлық «тәңірі» теонимі мифологиялық құрылымы, этимологиялық уәжі айқындалмаған көне лексемалар қатарына жатады. «Тәңірі» теониміне талдау жасаған зерттеушілер аталған сөздің әр түрлі жүйедегі тілдердің көпшілігінде түрлі фонетикалық, семантикалық өзгерістерімен қолданылатынын негізге алып, түркілі тілдік семья қалыптасқанға дейін қолданылған лексемалар қатарында қарастырады. Әртектес тілдерде қолданылатын субстрат – тәңір теонимінің этимологиялық негізін анықтау барысында да тек түркі тілдері жүйесінде ғана емес, әлемдік тілдер континуумында қарастырылып, түбіртектік негізде салыстыра-салғастыра талданса нәтижелі болар еді.

2. Тәңір және Көк ұғымдарының арақатынасын білдіретін тілдік бірліктер.

Батыс және орыс ғалымдарының басым бөлігі Тәңір және Көк ұғымдарын синонимдер ретінде қарағанын байқауға болады. Ескерткіштер мәтіндерінде Көк Тәңірі тіркесі, кейде Тәңірі лексемасы жеке тұрып «Жаратқан ие», «Құдіретті күш» мәнінде жұмсалған. Ал Көк сөзі жеке тұрып «Жаратқан ие», «Құдіретті күш» мәнінде жұмсалмайды. Адамзат дамуының алғашқы дәуірлерінен бастау алатын Аспан культі көне түркілердің ата-бабаларына да тән болғаны аян. Ал VІІ-ІХ ғғ. өмір сүрген көне түркілердің дүниетанымындағы Тәңірлік идеясы мифологиялық танымнан діни танымға ұласқанын, олардың жалғыз «Жаратушы ие» — Тәңірге табынғанын ескерткіштер тілі негізінде дәйектеуге болады. Көк ұғымының қасиетті символдық мәні оның басты қызметі «Тәңір мекені» ұғымымен байланысты қалыптасқан.

3. Ыдуқ йер-суб (Қасиетті жер-су) ұғымы.

Ескерткіштер тілінде көрініс тапқан көне түркілер дүниетанымының ерекше қырларының бірі – жер-суды қадірлеу: «Көкте түркі Тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы былай депті: «Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін» (КТү, 10,11). Ескерткіштер тіліндегі жер-су тіркесі мәнмәтінде, сөйлемде, негізінен, Тәңірі, Көк лексемаларымен бірге қолданылады. Бұл жер-су ұғымының сакральді мәнін қоюлата түседі және діни-мифологиялық концептінің үш бірдей тірек репрезентанттарының қолданылуы түркілік дүниетанымынның сипатын айшықтай түседі. Көне түркілер танымында адамзаттың саналы тіршілік иесі ретінде пайда болуына Көктен Тәңірі жіберген жан негіз болса, оның тәнінің қалыптасуына Жер ықпал етіп, өсіп-өркендеуіне Су жағдай жасайды деген сенім қалыптасқан. Сондықтан жер мен суды қос сөз түрінде қатар қолданып «түркілердің қасиетті атамекені» ретінде қастарлеген. Ескерткіштер мазмұны бойынша түркілер танымындағы Жер ұғымына қатысты жинақталған білім жүйесі мифологиялық сипаттағы қарапайымдылығымен қатар шынайылығымен де сипатталады. Жер ұғымының ғылыми мағынасы «1. Күн жүйесіндегі үшінші планета; 2. Жер қаты, қабаты, құрлық, топырақ». Адамзат жер ғаламшарында тіршілік ететіндіктен, жерсіз өмір жоқ, жер сілкінісі сияқты табиғи апаттар жердің жарылып, опырылып түсуі адам баласына қауіп төндіреді. Күлтегін ескерткішіндегі «Үстіңнен Тәңірі баспаса, астыңда жер тілінбесе /айрылмаса/, түркі халқының ел-жұртын кім құртады?!» мәнмәтініндегі «жер тілінбесе» тіркесінен түркілер танымындағы шынайылықты көреміз. Зерттеушілер ескерткіштер тілінде жиі қолданылатын «ыдуқ//қасиетті» лексемасының қазақ тіліндегі «ұйық» сөзімен төркіндес екенін айтады. Көне түркілердің дүниетанымындағы «Ыдуқ йер-суб (Қасиетті жер-су)» ұғымы қазақ тіліндегі Туған жер, Отан және белгілі бір шекарасы бар мемлекеттік территория ұғымдарының баламасы ретінде танылғанын ескерткіштер тіліндегі деректер толық дәйектейді. Көне түркілердің Жер туралы аялық білімі – тылсым құбылыстардың құпиясын білуге ұмтылу, қатал табиғи құбылыстарға бейімделу, жер бетіндегі адам өмірін мүмкіндігінше жеңілдету позицияларымен қатар отаншылдық, елдік, туған жердің қадір-қасиетін бағалау, туған халқын сүю, түркілердің мүддесіне сай әрекет ету, түркілердің ұрпағы болып жаратылғанын мақтаныш ету сияқты түркілік патриотизм идеяларымен сабақтаса отырып жинақталғанын аңғаруға болады.

 Глоссарий: Көне түркілер, дүниетаным, Тәңірлік идеясы, жер, су.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *