Көне түркі жазба ескерткіштері – түркілік дүниетанымды зерттеудегі
негізгі дереккөз
1. Көне түркі жазба дәстүрінің қалыптасуы.
2. Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері тілінің зерттелуі:
А) Рунологиялық және құрылымдық тұрғыдан зерттелуі;
Ә) антропоөзектік бағытта зерттелуі;
3. Көне түркі жазба ескерткіштерінің мәтіндік сипаты;
4. Көне түркі жазба дәстүріндегі тілдік тұлға.
Дәріс мақсаты: Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері туралы жалпы мәлімет беру, оларды түркілік танымды айғақтайтын құнды мұралар ретінде қарастыру, олардың адамтану бағытындағы зерттеулердегі орны.
1. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі сол дәуірде өмір сүрген көне тайпалар тілінің қалыпқа түскен құрылымдық жүйесі, тілдік санасының материалдануының нәтижесі. Көне түркі әліпбиімен жазылған жәдігерліктердің Еуразия құрлығының әр аймағынан, әр жылдары көптеп табылуы да аталмыш жазудың сол кездегі түркілер арасында кеңінен таралғанын, көне түркі жазба тілінің де қолданыс аясы аса ауқымды болғанын көрсетеді.
Ғылыми әдебиетте көне түркі жазба тілінің қолданылу кезең жайлы бірнеше пікір бар. Солардың бірі Енисей жазбаларының Орхон жазбаларынан бұрын болғандығы жөніндегі көзқарас.
Орхон өзені бойынан табылған мұраларда олардың тасқа басылған/қашалған уақытының анық көрсетілуі (Жайын, өрнегін, жазулы тасын мешін жылы жетінші айдың жиырма жетісі күні аяқтадық) Орхон мұраларын 7-8 ғғ.аясында қарастыруға негіз болды. Алайда тілдік ерекшеліктерді толық қамтитын дыбыстық жазу жүйесі бір-екі ғасыр ішінде қалыптасуы мүмкін де емес. Бұл жазу жүйесін көне түркілер өздеріне дейін өмір сүрген бабаларынан мирас еткеніне, олар ұзақ жылдар бойы жетілдірілгеніне Ертіс, Іле бойындағы сақ дәуіріне жататын көне қорғандардан табылған Орхон. Енисей, Талас ескерткіштеріндегі жазу типтес үлгілер дәлел бола алады. Қазіргі түркі халықтарының жазба дәстүрі мен жазба тілінің қалыптасуы да көне түркі жазба дәстүрінен бастау алады. Яғни көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі қазіргі қазақ әдеби тілінің ғана емес, жазба тіліміздің де қайнаркөзі ретінде құнды.
2. Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері тілінің зерттелуі
А) Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері тілін рунологиялық және құрылымдық тұрғыдан зерттеген кеңес ғалымдары: В.Радлов, П.М.Мелиоранский, С.Е.Малов, И.А.Батманов, Э.Р.Тенишев, В.М.Насилов, А.Н. Кононов, Н.А.Баскаков т.б.
Қазақ ғалымдары: А.С.Аманжолов, Ғ.Айдаров, А.Есенқұлов, Ә.Құрышжанов, М.Томанов, Е.Ағыманов, Қ.Өмірәлиев т.б.
Ә) Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері тілін антропоөзектік бағытта зерттеген ғалымдар: И.В.Стеблева, А.Н.Кононов, Н.Шаймердинова, Қ.Сартқожаұлы, М.Ескеева, О. Бекжан, Ж.Абитжанова, Р.Байымбетова т.б.
3.Көне түркі жазба ескерткіштерінің мәтіндік сипаты
Түркі жазба ескерткіштерінің тілі негізінде түркілер дүниетанымын көрсететін тілдік бірліктерді саралау мәтін мазмұнына тікелей байланысты. Себебі көне түркі жазба ескерткіштері тілінің сөздік қоры қазіргі түркі тілдерінің лексикалық қорымен салыстырғанда шағын. Бұл, біріншіден, уақыт факторымен түсіндірілсе, екіншіден, көне жазбалар авторының сөз қолданысына, жеке стиліне байланысты. Сондықтан түркілер дүниетанымын айшықтайтын кейбір тірек концептілердің лексемалық деңгейдегі тілдік бірліктері аз болса да идеяның, этномәдени ұстанымның түркілер үшін қаншалықты маңызды болғаны тұтас мәтін мазмұнынан аңғарылады.
Орхон мұраларының көлемі, құрылымы, белгілі бір сюжетке құрылған жүйелі мазмұны, ойды оқырман қабылдауына толық мүмкіндік беретін жатық тілі олардың толыққанды мәтін екенін көрсетеді. Мысалы Күлтегін ескерткіші рунологияда кіші жазу (КТм/КТк) және үлкен жазу (КТб/КТү) деп аталатын екі бөлімнен тұрады. 13 жолдан тұратын кіші жазу 40 жолдан тұратын үлкен жазудың кіріспесі екенін Ғ.Айдаров та айтқан.
4. Көне түркі жазба дәстүріндегі тілдік тұлға.
Мәтін арқылы жазба тілді дүниетанымдық тұрғыдан зерттеудегі басты ұғымдардың бірі — тілдік тұлға. Адам әлеуметтік-мәдени тәжірибені, рухани құндылықтарды неғұрлым мол жинақтаса, оның тұлғалық маңызы соғұрлым арта түседі. Бумын қаған, Ілтеріс қаған, Қапаған, Тониқуқ, Білге қаған, Күлтегін, Бөгү қаған, Інел қаған т.б. түркі қағандары мен кеңесші уәзірлер, әскери қолбасылардың қай-қайсысы да тілдік тұлға ретінде танылуға лайық, алайда тарихи-тілдік деректердің жеткіліксіздігі оған мүмкіндік бермейді.
Білге қаған, Күлтегін ескерткіштерінің авторы Иоллығ тегіннің тілдік тұлғасына арнайы тоқталамыз.
«Осыншама барықты, мүсіндерді түрк Білге қағанның аталасы Иоллығ тегін мен бір ай төрт күн отырып жаздым. Мүсін жасаттым»; «Табғач қағаннан бедізші келтірдім. Өрнектеттім. Менің сөзімді бұзбады» т.б.
Көне түркілер іргелес жатқан қытай халқымен, парсы тілді соғдылармен т.б. елдермен тығыз араласса да, ескерткіштерде кірме сөздер жоқтың қасы. Бұл – тіл экологиясының, сөз мәдениетінің бір саласы — тіл тазалығы мәселесінің тркілер үшін маңызды болғанын көрсететеді.
Глоссарий: Көне түркілер, жазба ескерткіштер, тарихи тілдік тұлға, жазба дәстүр.