Құлдық дәуірдегі саяси ой-пікірлер

 

 Платон б.з.б 427-347 жылдарда өмір сүрді. Шын аты – Аристокл. Жасында спортпен көп шұғылданды, жоғары көрсеткіштерге де жетті. Жауырыны кең болды. Сондықтан оны Платон (кең жауырынды) деп атап кетті. Сол атпен ол адамзат тарихында мәңгілік қалды.

 Ол кезде әр ірі ғалымның мектебі болатын. Платон атақты фәлсафашы Сократтың мектебінде оқып, оның үздік шәкірті болды. Ол қаза болғаннан кейін қатты қайғырып, біраз елдерді аралады. Кейін Афиныға келіп өз мектебін — академияны ашты.

 Платонның екі жүздей еңбектері бар. Олардың ішінде біздің ғылымымызға тікелей қатысы бар шығармалары «Мемлекет», «Саясатшы», «Заңдар», «Софист», «Парменид» және т.б.

 Платоннның ойынша, адамдар қажеттіліктерін жеке – дара өтей алмайды. Олар өмір сүру үшін тамақ, киім өндірулері, үй салулары және т.т. жасаулары керек. Біреулері егіншілікпен, екіншілері тігіншілікпен, үшіншілері құрылысшылықпен, төртіншілері етікшілікпен және т.с.с. айналысады. Сөйтіп, олардың бәрі бірігіп қана қажеттіліктерін өтейді. Осы бірігудің арқасында қоғам, мемлекет пайда болады. Мемлекет адамдарды алаламай, байына да, кедейіне де, азына да, көбіне де қарамай – бәріне бірдей әділ қызмет етуі керек. Бірақ бұдан Платон адамдардың бәрін теңдестірген екен деген ой тұмауы керек. Керісінше, ол адамдарды үш үлкен әлеуметтік топқа (сословиеге): 1) әкімдер; 2) қорғаушылар; 3) өндірушілер етіп бөлді. Әкімдерге фәлсафашыларды жатқызды. Олар табиғатынан шындықты, ақиқатты, игілік идеясын саралап, танып – білуге қабілетті, икемді болуы керек. Қорғаушылар әкімдердің ой, ниеттерін іске асырады, мемлекетті қорғайды. Өндірушілер (егіншілер мен қолөнер) өмірге керекті қаржыларды тауып, мемлекетті материалдық жағынан қамтамасыз етеді. Олар билеу ісіне араласпайды. Әр топ өзіне тиісті қызметті атқаруы керек. Сонда ғана әділдік орнайды. Бір таптан екінші тапқа (әсіресе, төменгі таптан жоғарғы таптарға) өтуге болмайды. Қай сословиеде тусан, соның өкілі боласын. Адамдарды осылай жіктей келе, Платон оларды тым бай немесе өте кедейлікке жібергісі келмеді. Себебі, мұндайда қоғамда ортақ мүдде орнамайды. Сондықтан орта деңгейді ұнатты.

 Платон қоғамдық меншікті қолдап, жеке меншікке қарсы тұрды. Өйткені қоғамдағы кикілжіңдерді, дау-жанжал, қайшылықтарды тудыратын жеке меншік деп санады. Соған орай әкімдермен жауынгерлерде жеке меншік пен отбасы болмауын қалады. Олар ортақ игілік үшіні еңбек етулері керек. Сондықтан оларды адамды қызықтыратын әзәзіл жеке мүдде, баю жолынан құтқарғысы келді. Сол себепті олардың әйелдері мен балалары ортақ болғанын жөн көрді. Оларды мемлекет өз қамқорлығына алуға тиіс.

 Платон мемлекеттік құрылысты 5 түрге бөлді: аристоктария, тимократия, олигархия, демократия және тирания. Бұлардың ішінде ең жақсысына аристократиялық мемлекетті жатқызды. Онда ақыл-естілік, парасаттылық билейді, оның принциптері – адамгершілік, абырой, ар-намыс деп санады.

  Ертедегі гректердің саяси ой-пікірлерін одан әрі дамытып, фәлсафасын шыңына жеткізген ұлы ойшыл Аристотель (б.з.б 384-322) болды. Ол 17 жасында аты шыққан Платон академиясын іздеп келіп оқуға түседі. Оны үздік бітірген соң 20 жыл бойы сонда ұстаздық етті. Платон дүние салған соң біраз елдерді аралады. Б.з.б. 342-340 жылдары македония патшасы ІІ Филиптің шақырумен оның баласы, болашақ император Ескендірді (Александр Македонскийді) оқытып, тәрбиеледі. Кейін афиныға оралып, өз мектебін (лицейді) ашты. Осында ол бірінші рет саяси ғылымды пән ретінде кіргізіп, өзі сабақ берді. Аристотельді саясаттанудың әкесі дейтіні содан.

 Саясаттануға қатысты «Саясат», «Афиналық полития», «Этика» «Риторика» деген еңбектері бар.

 Аристотель саясатқа кең мағына берді. Оған этиканы да, экономиканы да енгізді. Саясатты адам мен мемлекетті жақсы тұрмысқа, молшылыққа, бақытқа жеткізу деп білді. Сөйте тұра, ол құл иеленушілікті қолдады, құлдар мен ерікті кедейлерге саяси құқық бергісі келмеді.

Ұлы ойшыл саяси басқаруда адам заң басқарғаның дұрыс көрді. Себебі, әкім қаншалықты жақсы болғанымен сезімге,ашу-ызаға берілмей қоймайды, ал заң болса байсалдылығын парасатылығын жоймайды.

 Аристотель Платон айтқан қоғамдық меншікке қарсы шығып, жеке меншікті жақтады. Сонымен қатар ол адамдардың аса байып немесе шектен тыс кедейленіп кетуін құптамады. Себебі, мұндайда қоғамның тұрақтылығы бұзылады дей келіп, орта деңгейді дұрыс көрді.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *