Азаматтық қоғамның пайда болуы жөнінде ғалымдар арасында екі түрлі көзқарас бар. Біреулері оны буржуазиялық қоғамның жемісі дей келіп, нарықтық қатынастармен байланыстырады. Екіншілері ондай қоғам белгілі бір шамада қашан болмасын болған дейді.
Азаматтық қоғам идеясы өте ертеде пайда болған. Аристотель еңбектерінің өзінде біз азаматтық қоғамдағы меншіктің рөлі туралы пікірлерін кездестіреміз. Ол кім меншікке ие болса, сол ізгіліктің, адамгершіліктің де иесі болады деп жазды.
Кейінірек бұл мәселеге елеулі үлес қосқандар: Т. Гоббс, Ш. Монтеське, Ж.Ж. Руссо, Т. Пейн және т.б. Дегенмен, азаматтық қоғам тұғырнамасын жасауда ерекше еңбек еткен немістің атақты фәлсафашысы-Гегель. Оның ойынша, азаматтық қоғам мемлекеттен тәуелсіз нарықтық экономиканы, әлеуметтік топтарды, таптарды, корпорацияларды, институттарды қамтиды. Олардың мақсаты қоғамның өміршеңдігін және азаматтық құқықты жүзеге асыруды қамтамасыз етуде.
Азаматтық қоғам деп мемлекеттік құрылымнан тыс қалыптасатын әлеуметтік-экономикалық және мәдени рухани қоғамдық қатынастардың жиынтығын атайды. Ол жеке тұлғаның емін-еркін дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды. Бұл қоғамда мемлекеттің жеке адам өміріне араласуына өте-мөте шек қойылады. Ал олардың атқаратын міндеттерін азаматтар өз еркімен оларға берген және орындалуын өздері тексереді.
Азаматтық қоғамның құрамына адамдардың өздері тудырған қауымдастықтар (отбасы, кооперациялар, ассоциялар, қоғамдық ұйымдар, кәсіби, шығармашылық , спорттық, этникалық және басқа бірлестіктер), азаматтардың өндірістік және жеке өмірі, олардың әдет-ғұрпы, салттары кіреді.
Саяси өмірде азаматтық қоғам барлық азаматтарға мемлекеттік және қоғамдық істерге еркін қатысуына жағдай жасайды. Мұндай қоғамда адамның халықаралық дәрежеде танылған ережелерге сай төмендегідей азаматтық құқықтары жүзеге асырылады:
-ұлттық-этникалық, саяси, діни, жастық, жыныстық белгілері бойынша қандай да болсын алалаушылыққа дол берілмейді;
-жеке тұлға мен азаматтық абыройы болып саналатын пәтер үйі мен мүлкі, мамандық таңдау еркіндігі,тұратын мекенін анықтау, ел-жұртқа келіп-кету, хатта жазылған және телефонмен сөйлеген сөз құпиялылығы, сөз, баспасөз және хабарлама бостандығы заң жүзінде сенімді қорғалады;
-адам өзінің көзқарасы мен рухани мүдделерін өзі шешеді;
-азаматтық құқықтар сот органдары мен қоғамдық ұйымдар жағынан толық қорғалады.
Азаматтық қоғам материалдық, мәдени жоғары дамыған шақта құқықтық мемлекетке айналды. Құқықтық мемлекет деп демократиялық жолмен қабылданған заң үстемдік ететін, оның алдында бәрі де тең саналатын, жеке адамның құқығы жан-жақты қамтамасыз етілетін мемлекттік құрылысты айтады. Заң үстемдігінің мызғымастығы елдің Конституциясында бекітіліп, басқа заңдар мен ережелік актілеге таралады. Заңдар халықтың еркін білдіреді және оны барлық адамдар, мемлекетті органдар мен мекемелер орындауға міндетті. Мұнда мемлекет пен азаматтар екі жақты өзара жауаптылықта болады. Билік шын мәнәнде бөлінеді, олардың міндеттері мен қызметтеріне шек қойылады, өзара бақылау қамтамасыз етіледі.
Мұнда бір таптың, партияның, топтың, идеологияның үстемдігіне жол берілмейді.Адам құқығы биік дәрежеде сақталады. Барлық азаматтар шын мәнінде мемлекетті және қоғамдық істерге қатыса алады.