Саясаттың субьектісіне әлеуметтік топтар, таптар, ұлттар, мемлекеттер, саяси партиялар, қозғалыстар жатады.
Тұлға деп қоғамдық өмірдің нақтылы тарихи жағдайлары қалыптастырған, саналы іс-әрекет ете алатын, өз жүріс-тұрысына жауап беретін, еңбек етіп, қарым-қатынас жасаушы, айналадағыны танып-білуші жеке адамды айтады.
Субьект деп белсенді іс-әрекет жасаушы, сана мен жігері бар жеке адам немесе әлеуметтік топты айтады.
Обьект деп субьектінің танымдық және басқа іс-әрекеті неге бағытталса,соны айтады.
Басқа сөзбен айтқанда, обьект-зерттелетін зат. Сонда саясаттанудың обьектісіне саясат, саясат әлемі жатады.
Саясаттың субьектісі дегенде өз мүдделеріне байланысты саяси өмірге белсене араласып, басқалардың санасына, іс-әрекетіне, жағдайына ықпал ететін, саяси қатынастарға белгілі өзгерістер енгізетін, саясатты жасайтын адам, ұйым не әлеуметтік топты айтады.
Кәдімгі, қарапайым, демократиялық жолмен дамыған елде саясат адам үшін және адам арқылы жасалады. Себебі, әлеуметтік топтар, қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар қаншалықты маңызды орын алғанымен солардың бәрі адамдардың, олардың іс-әрекетінен тұрады. Олай болса, саясаттың бас субьектісі адам дейтініміз содан.
Адамдарды саяси жұмысқа итермелейтін негізгі себеп-мұқтаждық пен мүдде. Мұқтаждыққа өмірде керек, бірақ қолда жоқ зәрулік жатады. Ол табиғи және әлеуметтік болып екіге бөлінеді.Табиғи зәрулікке тамақ ішу, киім кию, баспана және т.с.с мұқтаждықтар жатады. Әлеуметтік мұқтаждық қоғамда пайда болады. Оған еңбек ету, басқа адамдармен қатынаста болу, қоғамдық өмірге араласу және т.б. қажеттіліктер кіреді. Мұқтаждықты адам сезініп, оны өтеуге тырысса, ол-мүддеге айналады.
Қандай адам болмасын белгілі бір әлеуметтік топқа, тапқа, ұлтқа, мемлекетке жатады. Осының өзі де өмір жағдайы мен жүріс-тұрысына, саясатқа араласуына әсер етпей қоймайды. Таптың, топтың және т.б. өкілі ретінде жеке адам саясатқа жанама түрде тартылады. Сонымен қатар ол басқаларға қарап еліктеп, белгілі амал, әрекет жасайды, оны өзінше дәлелдейді. Сөйтіп,ол саясатқа тікелей қатысады, саясаттың субьектісіне айналады.
Жеке адамдардың саяси белсенділігі мен ететін ықпалы әр түрлі. Саясатқа қатысу шамасына қарай оларды мынадай түрлерге бөлуге болады: а)саясатқа айтарлықтай әсер етпейтін, оған селқос қарап, белсенділік білдірмейтін қоғамның қатардағы қарапайым мүшесі; ә)қоғамдық ұйымға, қозғалысқа кіретін, бірақ саяси жұмысқа тура араласпайтын (шешімдер қабылдамайтын) азамат; б)саяси ұйымдардың (партияның және т.б) мүшесі болып есептелінетін, саяси өмірге саналы түрде, өз еркімен тікелей араласатын адам; в)қоғамдық, әсіресе әсіресе саяси қайраткер; г)саяси қызметтің арқасында күн көріп, табыс тауып, оны өмірінің мақсатына айналдырған кәсіби саясатшы; д)ұйымдастырушы, идеялық, ресми не бейресми, абырой, бедел, ең «соңғы саты» болып саналатын саяси басшы,көсем.
Тұлғаның саяси өмірге белсенді араласуы үшін материалдық, әлеуметтік-мәдени, саяси-құқықытық алғышарттар қажет. Ең алдымен, адамның ішер тамағы, киер киімі, жатар орны, тұрмыс жағдайы, белгілі бір дәрежеде білімі, кәсіби дайындығы, саяси мәдениеті болуы керек. Шетелдің зерттеушілерінің анықтағанындай, қоғам бай болған сайын, ол демократиялық дамуға бейім келеді екен. Мелекеттің жақсы тұрмысы оны демократиялық негізінде тиімді басқаруға керекті көпшілікке жоғары білім, кәсіби дайындықты қамтамасыз етеді. Білімді адамның мәдениеті де жоғары болады. Ленин айтпақшы, сауатсыз адам саясаттан тыс қалады, ол саяси амал-айла, қулықтың құрбаны болады. Бұлармен қатар саясатқа белсенді қатысуға саяи-құқықтық алғышарттар да әсер етеді. Оған қоғамдағы демократиялық саяси тәртіп, жоғары саяи мәдениет, билік құрылымдарының қалыптасуында, саяси басқару шешімдерін қабылдап, іске асыруда қоғам мүшелерінің қатысуы және т.б жатады.