Саяси ғылымда негізгі орын алатын және мәні өте зор мәселердің бірі- жеке адамның құқығы мен бостандықтары. Жеке адамның құқығы деп кісіге белгілі игілік алуды қамтамасыз ететін адамдар мен мемлекет арасындағы ережелердің өзара қатынастарын айтады. Жеке адамның бостандығына кісіге өз білгенінше істеуге мүмкіндік беретін, мемлекет пен адамдардың ара қатынасының принциптері жатады.
Бұл мәселеге адамдар өте ертеде-ақ назар аударған болатын.
Ежелгі грек фәлсафашылары (философтар) барлық адам дүниеге келгенде тең болып туады. Сондықтан олардың бәрінің де тең табиғи құқығы бар деген ойды өрістетті. Аристотель болса саяси құқықты табиғи және шартты құқық етіп екіге бөлді . Ол табиғи құқықты мемлекет орнатқан құқықтан жоғары қойды. Табиғи құқық шартты құқыққа үлгі болуға тиіс деп санады. Себебі, шартты құқық жиірек өзгеріп отырады және олар өкімет жұмысы мен адамдар арасындағы келісімнің нәтижесінде пайда болады.
Бірақ федолизм дәуірінде адам құқығы жөнінде мүлдем басқаша ұғым пайда болды. Адам туғанынан тең деп үйрететін табиғи құқық жоққа шығарылды. Ал құқықтың өзін хан, патшалардың қол астындағы адамдарға жасап отырған рақымы деп түсіндірілді. Әр сословиенің өзіне тән құқығы болды.
Жеке адам құқығы мәселесіне аса зор үлес қосып, тарихта өшпес аттарын қалдырған ойшылдар Т.Гоббс, Дж. Локк, Ш. Монтескье, Ж.Ж.Руссо, И.Кант, Т.Джефферсон, Т. Пейн және т.б. жатады. Олар адам құқығының негізгі қағидаларын ең алғаш анықтап, белгілеп берді. Олардың ішіндегі ең құндылары Америка Құрама Штаттарының Тәуелсіздік Декларациясына енді (ол 1776 жылдың 4 шілдесінде бекітілді ). Декларацияның негізгі баптарына барлық адамдардың өмір сүруге, еркіндікке, жеке меншікке, бақытқа және қауіпсіздікке туғанынан тең құқығы бар; өкімет билігінің қайнар көзі-халық, үкімет- халықтың қызметшісі; барлық мемлекеттік өкімет халықтың мүддесіне жұмыс істеуге тиіс, ал егер олар бұл сенімді ақтамаса, халықтың ондай ұнамсыз, лайықсыз үкіметті жоюға еркі бар; өкіметтің заң шығарушы, атқарушы, сот билігі болып бөлінуі керектігі және т.с.с. жатады
Бірінші дүниежүзілік соғыс, одан кейін екінші дүниежүзілік соғыстың бастауы Еуропадағы демократияның әлсіздігін байқатты. Сондықтан алдыңғы қатарлы күштер адам құқықтарын әлемдік деңгейде қорғау үшін өзара келісіп, ынтымақтасып іс — қимыл жасау керектігін түсінді. 1942 жылы 1 қаңтарда гитлершілдікке қарсы коалицияға кірген 26 мемлекет нацизмге қарсы адам өмірі, бостандығы, тәуелсіздігі, оның құқықтары мен әділеттілік үшін күресуге Декларация қабылдады.
Екінші дүниежүзілік соғыс біткенен кейін бұл мәселеге ерекше зор мән берілді. Оған себеп болғандар: 1) соғыс кезінде гитлерлік Германия мен Еуропаның басқа елдерінде адам құқықтарының сақталмауы ондаған миллион әр түрлі халықтардың өкілдерінің өмірін алып кетті; 2) Батыс Еуропаның бірқатар елдерінде демократиялық және жұмысшы қозғалыстарының өріс алып, қысым көрсету және соның нәтижесінде қабылданған демократиялық реформалар; 3) бұрынғы отар елдерде ұлт-азаттық көтерілісінің күшеюі және олардың біразының тәуелсіздік алуы.
1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Адам құқықтарының халықаралық Декларациясын қабылдады. Онда адам құқықтары аталып қана қойған жоқ, оларды қорғау шаралары да қарастырылған. Бұл Декларация және басқа адам құқықтары жөніндегі келісімдер міндетті түрдегі заңдылық құжаттарға жатпайды. Дегенмен, оларды мойындап, қол қойған елдер онда көрсетілген тәртіптерді сақтаулары тиіс.
Халықаралық ұйымдар одан кейін де бірқатар маңызды құжаттар қабылдады. Мысалы, оларға 1948 жылы геноцидтің алдын алу және ол үшін жаза қолдану туралы Конвенция, 1965 жылы нәсілдік алалаушылықтың барлық түрін болдырмау туралы Конвенция, Бала құқықтары туралы Конвенция, Әйелдер жағдайы туралы Конвенция және т.б.жатады. Бұл құқықтарды сақтамаған мемлекеттерге ықпал жасау шаралары да қарастырылған. БҰҰ шешімі бойынша 10 желтоқсан жыл сайын дүние жүзінде адам құқығының күні ретінде атап өтіледі.
Қазіргі кезде әлемдік саяси ғылымда адам құқығына табиғи-тарихи тұрғыдан қарап, соған орай түсіну басым. Жалпы алғанда, «адам құқығы» деген ұғымның өзі кең және тар мағынада қолданылады. Оның кең мағынасына жеке адамның құқығы мен бостандықтарының өте бай барлық түрдегі жиынтығы кіреді. Тар мағынасында мемлекет тарапынан берілмеген, ол тек конституциялық-құқықтық түрде жеке мемлекеттік шеңберде бекітілген құқықты білдіреді. Оған ең алдымен өмірге келген қандай адам болмасын өмір сүруге құқығы барлығы жатады. Одан басқа адам құқығына кіретін жайлар мыналар: барлық адамдардың заң алдындағы теңдігі; тәннің дербес құқығы (тәнге зәбір көрсетуге болмайды); адамзаттық ар-намыс сыйлау, оны қорламау; негізсіз, заңсыз тұтқындамау немесе ұстамау; дінге сену және ұждан бостандғын; ата-аналардың балаларын тәрбиелеуі; қанаушыларға қарсылық көрсету құқығы және т.с.с