Этносаяси жанжалдар

Этносаяси жанжалдарға этностар, ұлттар арасындағы даудамайлар, шиеленістер жатады. Басқа саяси-әлеуметтік егес, даушарларға қарағанда ол өте күрделі және шешілу жолы қиын мәселе.

   Саяси жанжалдар көпұлтты мемлекетте әр түрлі тілде сөйлейтіндердің (Бельгия, Швейцарияда) әр түрлі дінге сенетіндердің (Индиядағы сикхтар, мұсылмандар, индустар; Ливанда (христиандар мен мұсылмандар), әртүрлі ұлттар (бұрынғы Кеңестер Одағында), әртүрлі нәсілдер (Оңтүстік Африка елдерінде) арасында болуы мүмкін. Әдетте мұндай қақтығыс әртүрлі этникалық топтардың арасындағы елеулі экономикалық теңсіздіктен туады. Өз ұлтының өкілдері езгіге, қысымшылыққа түсіп отыр деп ұққан этнос халқының арасында үгіт жүргізіп, ұлттық ынтымақтастық білдіре бастайды.

    Этносаяси жанжал тудыратын мәселенің бірі-этникалық ұлтшылдық. Мұнда біраз ұлттың өкілдері өз алдына автономия алу, тұтастығын және өзгешелігін сақтау мақсатын қояды. Ол идеология немесе қозғалыс ретінде көрініс беруі мүмкін. Ондай этнос негізі үш мақсатты алға қояды:

  -автономия мен өзін-өзі басқаруды қамтамасыз ету;

-белгілі бір жерге, аумаққа иелік ету құқығын алу;

-өз мәдениетін жалпы мемлекеттік мәдениетпен бірдей мәртебеге жеткізу.

   Этностық ұлтшылдықтың басты саяси мүддесі-түптеп келгенде өзінің мемлекетігін орнату. Мұндай ұлтаралық қақтығыстар қазіргі таңда жеткілікті. Мысалы, Солтүстік Ирландия мен Англия, грузиндер мен абхаздықтар, осетиндер мен ингуштар арасындағы, Таулы Карабахтағы, Молдавадағы және т.с.с. жанжалдар. Олардың негізінде жергілікті халықтан басқа ұлт өкілдерінің саяси және азаматтық құқықтарының қысымшылық көруі, ұлттық егемендік, ұлттық-мемлекеттік құрылым мәселелерінің және т.б. жатыр.

   Этносаяси шиеленістердің пайда болуына түрткі болатын себептің бірі-этностың өз тілі, мәдениеті, діні, әдет-ғұрпының тағдырына қалыптан тыс, асыра қауіптенушілік. Оның болашағы қалай болады деп мазасыздану. Мысалы, біздің республикамызда 90 жылдардың орта кезінде орыс тілділер орыс тілінің мәртебесі жөнінде бірталай әңгіме көтерді. Оларға «Лад», «Русская община» ұйымдары, казактар дем беріп, кикілжің тудырды. Тіліміз, әдет-ғұрпымыз қысым көруде, орыстарды басқарушы қызметтерге аз алуда, олардың арасында жұмыссыздық көбеюде, соларға байланысты олар Қазақстаннан жаппай көшуге мәжбүр болуда деп байбалам салды. Шын мәнінде, Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілгендей, мемлекеттік ұйымдарда, жергілкті өзін-өзі басқару органдарына мемлекеттік қазақ тілі мен орыс тілінің тең қолданатындылығы, өтпелі кезеңдегі жұмыссыздықтың көбеюі барлық бірдей ұлт өкілдеріне әсер етіп отырғандығы, басқарушы органдарға қызметке ұлтына, нәсіліне қарамай, тең қабылдануы және т.б. олардың қауіптерінің орынсыз екенін дәлелдеді.

Әдетте ұлттық идеяны көтеріп, этносаяси жанжалдарға әкелетіндер билікке таласушы топтар мен олардың басшылары. Олар өз саяси мақсаттарына жету үшін ұлттық факторды пайдаланады. Сол үшін жылдар бойы жиналған кемшіліктерді дабыра етіп, аз ұлттардың сезімдерінде ойнап, наразылық тудырады.

    Қалай болғанда да ұлтаралық жанжалды өрістетпей мәселені дер кезінде шешу қажет. Өйткені мұндай шиеленістер ұлғайып кетуге бейім келеді және ұзақ сипат алған дау-жанжалды тоқтату оңайға түспейді. Ол үшін мемлекет ұлтаралық саясатты ешқашан назардан тыс қалдырмауы тиіс. Бұл салада біздің елемізде бірталай іс істелуде. 1995 жылдың 1 наурызында Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Ол республикадағы барлық ұлттық-мәдени орталықтарды қамтиды.А самблея елімізде ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау, қоғамды біріктіру, нығайтуды қамтамасыз ету бағытында практикалық ұсыныстар жасайды.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *