Саясаттану ілімінде бұл тақырыпты маңызы зор. Ол нақтылы саяси жүйенің сипатын, қазіргі саяси тәртіптің мәнің, қоғамдық топтардың саяси санасы мен іс-әрекеттерінің ерекшеліктерін, саяси процестердің даму жолын және бағытын түсінуге мүмкіндік береді. Саяси мәдениет адамдардың жүріс-тұрысы мен әр түрлі ұйымдардың қызметіне, олардың ішкі және сыртқы саясат құбылыстарын ұғынуға, саяси болжам жасауына тікелей әсер етеді.
Бұл ұғым саясаттануға енгеніне көп болған жоқ. ХХ ғасырдың 50 жылдарының екінші жартысы-60 жылдардың басында Г.Алмонд, С.Верба, Л.Пай деген Американың зерттеушілері мен олардың шәкірттері саясатқа да, мәдениетке де қатысы бар өзгеше қоғамдық құбылыс жөнінде бірнеше жұмыстар бастырып шығарды. Олар кейін «саяси мәдениет» деген атпен кең тарап кетті.
Бірақ бұдан саяси мәдениет жөнінде бұрын ешқандай ой-пікір болмаған екен деген ой тумауы керек. Себебі, антикалық ойшылдар, атап айтқанда, Платон (“Мемлекет”, ”Заңдар” деген еңбектерінде), Аристотель (“Саясат” деген еңбегінде), кейінірек Н.Макиавелли, Ф.Бэкон, Ш.Монтескье және басқа ойшылдар да бұл мәселеге көңіл аударған. Олар әр түрлі салт-дәстүрлерде тәрбиеленген, әр қилы әлеуметтік және саяси тәжірибе алған адамдар бірыңғай, біртектес жағдайды әр түрлі сезіп, оған сан қилы жауап қайтаратындығын байқаған.
Саяси мәдениет тұжырымдамасын белгілеп, оның негізгі пікірлерін жасауға М.Вебер, Э.Дюркгейм, Т,Веблен, Т.Парсонс сияқты батыстың ірі саясатшылары мен әлеуметтанушылары да елеулі үлес қосты. Ал жалпы ”саяси мәдениет” деген ұғымды бірінші қолданып, ғылыми әдебиетке енгізуші деп XVIII ғасырда өмір сүрген немістің ағартушысы, фәлсафашысы Иоганн Гердерді санайды.
Саяси мәдениет ұғымының жалпыға бірдей ортақ анықтамасы жоқ. Қазіргі саяси әдебиетте оның 30-дан астам анықтамасы кездеседі.
Саяси мәдениет мағынасын айқындау үшін ең алдымен оның құрылымын жақсы білген жөн. Бұл жөнінде де ғалымдар арасында келіспеушілік бар. Американың саясатшылар Г.Алмонд пен С.Верба саяси мәдениетті адамдардың психологиялық бағдарларының жиынтығы деп түсінеді. Бірталай саясатшылар оны саяси қазыналардың, нанымдардың, нұсқаулардың жиынтығы деп санайды.
Сонымен қатар басқа да көзқарастар бар. Мысалы, ағылшын саясатшылары Р.Карр мен М.Бернстейн саяси мәдениетке саяси идеялар мен әлеуметтік тәжірибе, адамдардың саяси өзін-өзі ұстауы да кіреді дейді. Олардың ойынша, саяси мәдениетке әлеуметтік топтардың саяси іс-әрекеттеріндегі тәсілдерді, саяси нанымның табиғаты және оның мүшелерінің қазыналары жатады.
Саяси мәдениет қоғамдағы саяси өмірдің барлық салаларын қамтиды. Оған ең алдымен саяси сананың мәдениеті, адамдардың, топтардың, ұлттардың өзін-өзі мәдени ұстауы, осы саяси жүйенің шеңберінде жұмыс істейтін саяси мекемелердің мәдениеті, өкімет пен азаматтардың өзара қатынастарына байланысты тарихи қалыптасқан саяси нұсқаулар, қазыналар жатады. Сонымен, саяси мәдениет деп белгілі бір қоғамға немесе әлеуметтік қауымдастыққа тән саяси сана мен іс-әрекеттердің ұқсастық жиынтығын айтады.
Саяси мәдениеттің өзіндік міндеттері, қызметтері бар. Оларға танымдық, реттеушілік, тәрбиелік, біріктірушілік, қорғау, сабақтастық қызметтері жатады.
Танымдық қызметі –қоғам мен саясаттың дамуын айқындайтын зандылықтар мен принциптерді танып-білуге, субьектіні саяси салада табысты жұмыс істеуге керекті біліммен, қоғамды басқарудың әдіс-тәсілдерімен қаруландыру.
Реттеушілік қызметі-саяси жүйенің қалыпты жұмысын, дамуын, саналы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, әлеуметтік таптық, ұлттық қатынастарды реттеу.
Тәрбиелік қызметі — әркімді қоғамдық-саяси қызметке, әрекетке, саяси белсенділікке ынталандыру, табандылыққа, кеңшілікке, төзімділікке, қоғам алдында жауапкершелік баулу.
Біріктірушілік қызмет қазіргі өмір сүріп отырған саяси жүйені қолдау арқылы әлеуметтік топтар, таптарды біріктіру
Қорғау қызметі-қоғамның қарыштап алға дамуына сәйкес келетін саяси құндылықтары, қазынадарды сақтау.
Сабақтастық қызметі-саяси тәжірибені бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жалғастырып, саяси процестің тоқтаусыз ұласып дамуын қамтамасыз ететін тарихи сабақтастық.