Қазақ халқының рухани мұрасы да саяси ой-пікірлерге бай. Оның ішінде ең шоқтығы биігі ислам фәлсафасының негізін салушылардың бірі-біздің қандас бабамыз ұлы ойшыл әл-Фараби.
Қазақтың бірінші фәлсафашысы, әлеуметтанушысы, математигі, физигі, астрономы, ботанигі, логика және тіл маманы, музыка зертеушісі Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан әл-Фараби 870-950 жылдары өмір кешті. Ол Арыс өзенінің Сырдарияға құяр жерінде орналасқан Фараб (кейінгі Отырар) қаласында туды. Жасында сонда оқу-тәрбие алып, кейін Бұхара, Александрия, Каир, Дамаск, Бағдат қалаларында тұрып, білімін ұштап, қызмет атқарды. Оны әріптестері көзі тірісінде-ақ «екінші Аристотель» деп атаған болатын.
Бабамыз ғылымынің сан саласы бойынша 160-тан астам трактаттар жазып, артына мол мұра қалдырды. Саясаттануға байланысты «Рақымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жолдары», «Саясат туралы» деген еңбектері бар.
Ұлы ойшыл «Рақымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы» деген саяси трактатында мемлекетті адамдардың өз қажетін бірлесіп қоғамдық жолмен жақсылап қанағаттандыру үшін жасаған ұйым деп білді. Оның пайда болуына тіршілік үшін күрес айтарлықтай ықпал етті. Сондықтан адамдарды бір-біріне көмектестіріп, барлық жұрттың жақсы тұрмысына қам жеп, қамқорлық жасаған мемлекет қана өз міндетін атқара алады.
Әл Фарабидың ойынша қоғамдағы барлық қиыншылықты жеңетін, бақытқа жеткізетін — ақыл-парасат, адамның ақыл ойы. Сондықтан ада аянбай, тынбай ғылымды, білімді игеруі керек.
Әл-Фараби басқаруды қайырлы және қайырсыз етіп екіге бөледі. Қайырлы, білімді, мәдениетті басқару халықты бақытқа бастайды, олардың іс-әрекетін, ерік-қасиетін осы жолға бағыттайды. Ол үшін басқару заң күшіне, игі тәжірибеге негізделуі тиіс. Ал қайырымсыз, надан басқаруда теріс әрекеттер мен жаман қасиеттер бой алады. Сондықтан ол надан адам басқарған, озбырлыққа сүйенген, қайырымсыз, қатал мемлекеттік тәртіпті өткір сынайды. Ол мінсіз мемлекетті уағыздайды.
Әл-Фараби алғашқылардың бірі болып адамды ардақтап, асқақтатты. Оның айтуында, адам бақытты болуға лайықты, сол бақытын ол табуға тиіс. Оған өзінің іс-әрекетінің, жұмысының, тынымсыз ізденуі мен оқу-үйрену нәтижесінде жетуге болады. Ал адам жақсы да дұрыс басқарылатын қоғамда ғана шын мәнінде бақытты өмір сүре алады деді.
Жүсіп Хасхаджиб Баласағұн (1021-1075) — аты әлемге әйгілі ақын, фәлсафашысы, қоғам қайраткері болған. Оның өмірбаян туралы деректер аз. Жүсіп туралы мағлұматтарды біз оның негізігі еңбегі «Құтадғу білік» («Бақытқа жеткізуші білік», кейбіреулер «Бақыттылық жайлы ілім» деп те аударып жүр) дастанын білеміз. Бұл еңбектің ерекшелігі-ол кездегі реми араб тілінде емес, өзінің ана тілі-түрік тілінде жазылғаны. Ол, біріншіден, араб, парсы тілдерін жете білетін Жүсіптің өз еліне, өз тіліне деген сүйіспеншілігін, ұлтжандылығын білдірсе, екіншіден, сол кезде Орта Азияда билік құрған қарахандықтар әулетіне (династиясына) түсінікті болуы үшін жазылса керек.
Жүсіп дәуірінде қарахандықтардың жеке өлке билеушілері өзара билікке таалсып бастары қосылмады. Сондықтан «Құтадғу білікте» мемлекетті орталықтандыру, оның бірлігі, мемлекетті басқару мәселеріне басым көңіл бөлінген. Ол тек саяси трактат қана емес, онда өмірдің мән-мағынасына, адамның тағдыры, оның қоғамдағы орны мен рөлі, халықтың мінез-құлқы, салт – санасы, әдет ғұрпы және т.с.с. туралы көзқарастар жинақталған үлкен шығарма. Ол шындыққа, бақытқа жетудің адамгершілік жолдарын іздейді. Әділет, ақыл, рақымдылықты жырлайды. Өмірде әділ заңды, еркіндікті аңсайды.
Қазақ халқының ірі ойшылдарының біріне Қожа Ахмет Йассауи (1093-1157) жатады. Оның басты шығармасы «Диуани Хикмет» («Даналық кітабы»). Ол еңбегінде әділдікті, имандылықты, шыншылдықты, мейірімділікті жырлайды.
Қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған хандар да бар. Оларға Қасым, Есім хандар жатады. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп халық олар жасаған заң, тәртіптерді көпке дейін ұмытпаған. Бірақ өкінішке орай, олар бізге дейін жетпеді. Ал Тәуке ханның «Жеті жарғысы» негізінен сақталған.
Жәңгірдің баласы Тәуке хан 1680 жылы таққа отырғанда қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси және экономикалық жағдайы ауыр еді. Рубасылар, сұлтандар өзінше бөлек билегісі келді. Орта Азияның билеушілерімен қарым-қатынас тұрақсыз еді. Мұның бәрі қазақ мемлекеттігінің тұтастығына, сыртқы шапқыншылықтан қорғануға нұқсан келтірді. Сондықтан хандық өкімет билігінің беделін көтеріп, ақсүйектердің бөлініп, ақсүйектердің бөлініп, оқшаулануын тоқтату, халықты бірітіру үшін Тәуке хан «Жеті жарғы» деп аталған қазақ әдет-ғұрып заңдарының жиынтығын жасатты. Онда құқықтық тәртіп пен мемлекеттік құрылымның негізгі принциптері айқындалды. Атап айтқанда, жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал-мүлік дауы, ұрлық-қарлық, айып-жаза, алым-салық және т.б қаралады. «Жеті жарғы» нормалары қаулаған дау-дамайларды тежеп, рулар арасындағы тартыстарды бәсеңдетті, қоғам ішіндегі алауыздық азайып, ел бейбіт өмір сүрді.
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында саяси идеология ретінде ағартушылық кең өріс алды.
Бұл кезде қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы-демократ, саяхатшы, этнограф, Орта Азияның, Қазақстанның, Батыс Қытайдың тарихы мен мәдениетін зерттеуші Шоқан Уәлиханов (1835-1865) өмір сүрді. Ол атақты Абылай ханның шөбересі еді.
Шоқан өз өмірінің негізгі мақсаты – халыққа қызмет ету, оның мақсат-мүддесін патша шенеуніктері мен жергілікті байлардың зорлық-зомбылығынан қорғау, қолынан келгенше оның рухани және мәдени өркендеуіне ықпал жасау деп білді.
Шоқан Азия мен Қазақстан жағдайында халықты аяусыз қанап, соның нәтижесінде билеп-төстеушілердің орынсыз баюына жол ашатын нәрсе-олардың қолындағы шексіз билік деп ұқты. Сондықтан халықты қанаудан құтқару үшін бай-манаптардың билігін жою немесе тым болмаса олардың саяси үстемдігін шектеп, бұқара халықтың демократиялық құқығы мен бостандығын кеңейтпек болды. Жалпы, ол билікті халықтың еркімен шектеулі дұрыс деп санады.
Ғалым сол кездегі қазақ еліндегі тәртіпті өзгертпек болып, қоғамдық құрылысты жаңартудың жолдарын іздеді. Бұл ретте ол революциялық емес, реформалық жолды қалады. Ал реформа жасау үшін халықтың талап-тілегін, мақсат-мүддесін, ұлттық мінез-құлқын жете зерттеу керек. Сонда ғана реформа тиімді болады деді.
Қазақ халқынан щыққан ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин (1841-1889). Ол халықты дүниеге «дұрыс көзқараспен» қарауға тәрбиелеуді өзінің негізгі мақсаты етіп қойды. Тек білім, ағартушылық қана бұқара халықты билеп-төстеушілердің қысым-қыспағынан құтқара алады деп, барлық күш-жігерін олардың білімін көтеруге арнады. Адамдарды ойындағы бос қиялдардан арылып, дүниенің ақиқатына көздерін ашып, шын мәнінде алға жылжитын, прогрестік жолға түсуге тырысты.
Ыбырай «Қазақ даласындағы жұт жөнінде» деген еңбегінде халқының болашағы отаршылыққа көшу және егін шаруашылығымен айналысуда деп атап көрсетті. Бірақ оны өз еркімен, ықтиярымен біртіндеп істеуге тиіс. Сондықтан көшпелі қазақтарды күшпен отырықшылыққа айналдыруға болмайды деп оған үзілді-кесілді қарсы шықты.
Ыбырай адамдарды іс-әрекетке ынталандырып, жұмылдыратын негізгі себеп – өмірлік қажеттіктер, атап айтқанда, өмір сүру, білім алу, мәдениетке ұмтылу және т.б.қажеттіліктер деп есептеді. Сондықтан да адамдар оларға талпынады. Бұл ұмтылыстан келіп, билеудің ескі түрлерін өзгерту қажетілігі пайда болады деді.
Ыбырай қазақ қыздарын оқытуға ерекше көңіл бөлді. Сондықтан ол 1887 жылы Ырғызда 20 орындық интернат және қазақ қыздарына арнайы мектеп ашты. Ұлы ұстаздың қажырлы еңбегінің арқасында XIX ғасырдың 70-80 жылдарында қазақ даласында көптеген мектеп ашылды. Ол мектептердің мақсаты қазақ жастарын жоғары адамгершілік рухында тәрбиелеу деп ұқты.
Бұл кезде қазақтың кемеңгер данасы, заңғар ақыны, асқан ағартушысы, жазба әдебиетіміздің негізін салушы Абай Құнанбаев (1845 -1904) та өмір сүрген еді.
Абай қазақ даласында барлық жақсылықтың, жаңалықтың жаршысы болды. Ол адамды «ақыл, білім, ерік» жоғары дәрежеге көтеріп, асқақтататындай қоғамның прогрестік дамуын аңсады. Игілікті, парасатты қоғам орнату Абай еңбектерінің басты бағытының бірі болды. Сондықтан ол барлық адамдарды өзіңді өмірде қалай ұстадың, игілікке, ақылға сыйымды іс істедім бе деп күніне немесе аптасына, тым болмаса, айына бір рет өз-өзіне есеп беруге шақырды.
Абай патша өкіметінің сойылын соғып, байлардың мүддесін қорғайтын қарапайым халықты езуші старшина, би, болыс және т.б. атқамінер сияқты әлеуметтік топтың қоғам дамуына кедергі келтіріп отырғандығын жақсы түсіне білді. Сондықтан ол ел басқару жүйесіне жаңа заң, ережелер енгізуді армандап, сол жолда жүзден аса бабы бар ереже жасаған.
Ақын өзгерістің негізгі күші ағартушылық деп ұқты. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» сияқты кемшіліктерді көрсету арқылы халықты түзетуге тырысты. Ол үшін «Талап, еңбек терең ой, қанағат, рақым-ойлап қой» деп ақыл берді. Әсіресе,жастарға үлкен үміт артты. Адамның адамгершілік қасиетін арттыруға жұмылдырылды.
«Біріңді, қазақ, бәрің дос,
Көрмесең істің бәрі бос»,-
деп, ұлттық бүтіндік, ішкі татулық, ынтымақтастыққа шақырды. Өз халқымыздың мүддесі үшін күресте достық, татуластық, бірлік керектігіне назар аударды.
Қазақ халқының саяси санасының дамуына XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында пайда болған алғашқы зиялылар тобы да зор ықпал етті. Оларға: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбеков, Мағжан Жұмабаев, Бақытжан Қаратаев, Халел және Жаһанша Досмухамедовтар және басқалар жатады. Олар Ресейдің отаршыл саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалысын басқарып, қазақ халқының ұлттық бірлесуін мұрат етті. Олар қазақ елінің өзін-өзі басқару, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, адам құқықтары мен бостандақтарын сыйлау, демократиялық принциптерді қазақ жеріне кіргізуді мақсат етті. Алаштың білімді де білікті асыл азаматтары қызыл империяның құрбаны болып кетті. Бірақ олардың ісі, саяси мұраты өлген жоқ.