17-1-бап. Төтенше жағдайды жою басшысының өкілеттіктері

      1. Төтенше жағдайды жою басшысы:

      1) төтенше жағдай аймағында барлауды және жағдайды бағалауды, қолда бар күштер мен құралдарды пайдалана отырып, адамдарды құтқаруды ұйымдастырады;

      2) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу үшiн неғұрлым қауіпті учаскелерді, күштер мен құралдардың қажеттi санын, құтқару жұмыстарын жүргiзудiң әдiстерi мен тәсiлдерiн айқындайды;

      3) төтенше жағдайларды жою жоспарына сәйкес авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзудi ұйымдастырады;

      4) төтенше жағдайлар аймағындағы объектiлерде және ұйымдардың аумағында құтқару және шұғыл жұмыстар жүргiзу туралы шешiм қабылдайды;

      5) авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарына мiндеттер қоюды жүзеге асырады, олардың өзара iс-қимылын ұйымдастырады, олардың қауiпсiздiгiн және қойылған мiндеттердiң орындалуын қамтамасыз етедi;

      6) төтенше жағдай аймағындағы жағдайдың өзгеруiн бақылауды жүзеге асырады және тиiстi шешiмдер қабылдайды;

      7) қажеттiлiк шамасына қарай қосымша күштер мен құралдар шақыртады, оларды қарсы алуды ұйымдастырады, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу орнын (ауданын) айқындайды;

      8) күштер мен құралдардың резервiн құруды ұйымдастырады, ауысымдық жұмыс тәртiбiн айқындайды;

      9) төтенше жағдайдың жаһандық және өңірлік ауқымда таралуы кезiнде төтенше жағдайлар аймағында қалыптасқан жағдай және авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды ұйымдастыру және жүргiзу жөнiнде өздері қабылдаған шешiмдерi туралы Қазақстан Республикасының Үкiметiн, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді;

      10) күштер мен құралдардың төтенше жағдай орнынан кету тәртiбiн айқындайды;

      11) төтенше жағдай өршіген кезде төтенше жағдайды жою басшысы аса қажет болған (адамдардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп төнген) жағдайда:

      төтенше жағдай аймағына адамдар мен көлiктiң кіруiн шектейдi;

      төтенше жағдай аймағындағы ұйымдардың қызметiн тоқтата тұрады;

      авариялық-құтқару қызметтерiнiң күштерi мен құралдарын, азаматтық қорғаныс құрамаларын, сондай-ақ ерiктi авариялық-құтқару құралымдарын және аталған құралымдардың құрамына кiрмейтiн құтқарушыларды, олардың құтқару және шұғыл жұмыстар жүргiзуге аттестатталғанын растайтын құжаттары болған кезде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге тартады;

      халықты ерiктi негiзде шұғыл жұмыстарды жүргiзуге, сондай-ақ құтқарушы болып табылмайтын жекелеген азаматтарды өздерінің келiсiмiмен құтқару жұмыстарын жүргiзуге тартады;

      төтенше жағдай аймағында көшiру iс-шараларын жүргiзудi ұйымдастырады;

      төтенше жағдайларды жою үшiн төтенше жағдайлар аймағындағы ұйымдардың материалдық ресурстар резервтерiн броньнан алады;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кейіннен шығыстарды өтей отырып, ұйымдардың байланыс құралдарын, көлiк құралдарын және өзге де мүлкiн тартады;

      аса қажет болған жағдайда өздері қабылдаған шешiмдер туралы тиiстi мемлекеттiк органдарды, ұйымдардың басшыларын тез арада хабардар ету жөнiнде шаралар қабылдайды;

      төтенше жағдайлардың өрбуіне және құтқару және шұғыл жұмыстардың барысына байланысты басқа да қажеттi шараларды қабылдайды;

      12) төтенше жағдайларды жою басшылары, авариялық-құтқару қызметі мен құралымдарының басшылары құтқару және шұғыл жұмыстарды ұйымдастыру үшін қажетті төтенше жағдайлар туралы толық және дәйекті ақпаратқа құқығы бар.

      2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, төтенше жағдайды жою басшысының төтенше жағдайды жоюға бағытталған шешiмi төтенше жағдайлар аймағындағы барлық лауазымды адамдар, азаматтар мен ұйымдар үшiн мiндеттi болып табылады.

      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайдың жойылғаны туралы жариялағаннан кейiн төтенше жағдайды жою басшысының өкiлеттiгi тоқтатылады.

      Ескерту. Заң 17-1-баппен толықтырылды — ҚР 2011.01.10 № 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *