1. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жеке құрамын жасақтау ерiктi негiзде жүзеге асырылады.
2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына құтқарушылар қызметiне, құтқарушылар даярлау жөнiндегi білім беру ұйымдарында оқуға медициналық байқауда құтқарушы жұмысына жарамды деп танылған және олардың кәсiби даярлығы мен дене шымырлығына, моральдық-психологиялық қасиеттерiне қойылатын талаптарға сай келетiн азаматтар қабылданады.
3. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларында құтқарушылар мiндетiн атқаруға жасы 18-ге толған, құтқарушыларды даярлау бағдарламасы бойынша оқу бiтiрген және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге белгiленген тәртiппен аттестаттаудан өткен азаматтар жiберiледi.
Авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының орта, аға және жоғары басшы құрамы жоғары кәсіби білімі бар және арнайы даярлықтан өткен адамдардан жинақталады.
Аталған адамдар кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінде және құрамаларында үш ай ішінде тағылымдамадан өткен соң және құтқарушы біліктілігін алғаннан кейін дербес жұмысқа жіберіледі.
4. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына құтқарушылар қызметiне азаматтарды қабылдау кезiнде олармен еңбек шарты жасалынады, онда еңбек шартын жасасу мен тоқтату шарттары; құтқарушылар жұмысының ерекшелiктерi мен режимi; еңбекақы төлеудiң тәртiбi мен шарттары; құтқарушыларға арналған әлеуметтiк кепiлдiктер мен жеңiлдiктер; құтқарушылардың өздерiне жүктелген мiндеттердi және кезекшiлiкте, құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу кезiнде аталған авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары басшыларының өкiмдерiн мүлтiксiз орындау мiндеттемесi баянды етiледi.
Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді — Қазақстан Республикасының 2007.05.15 № 253, 2007.07.27 № 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.