Адамды ұстап беру (экстрадициялау) – қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе үкімді орындау үшін іздестіріліп жатқан адамды мемлекетке ұстап беру.
Адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салуды жіберу
1. Адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салу, егер өздеріне байланысты адамды ұстап беру (экстрадициялау) сұратылып отырған қылмыстардың ең болмағанда біреуі үшін бір жылдан кем емес мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген немесе адам бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталған және өтелмеген мерзімі кемінде алты айды құрайтын болса жіберіледі.
2. Шет мемлекеттің құзыретті органының адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салуы осы баптың бірінші бөлігінде көзделген талаптар сақталған жағдайда ғана қаралуы мүмкін.
3. Адамды уақытша ұстап беру (экстрадициялау) және транзиттік тасымалдау туралы сұрау салулар адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салулар сияқты тәртіппен жіберіледі.
4. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан Республикасының құзыретті органына осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген, адамды ұстап беруге (экстрадициялауға) кедергі болуы мүмкін мән-жайлар болған кезде шет мемлекетке сұрау салуды жіберуден бас тартуға құқылы.
Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайда және тәртіппен, қылмыстық процесті жүргізетін орган Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған және оның аумағын тастап кеткен адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы өтінішхатқа қажетті құжаттарды қоса бере отырып, осы өтінішхатпен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына өтініш жасайды.
2. Адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы өтінішхат жазбаша нысанда жасалады және онда:
1) іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органның атауы;
2) күдіктінің (сотталған адамның) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), туған жылы, азаматтығы туралы деректер, фотосуреттері;
3) жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылық көзделетін заңның мәтінін келтіріп, санкциясын міндетті түрде көрсете отырып, осы қылмыстың нақты мән-жайларының жазылуы;
4) заңды күшіне енген үкімнің не күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулының шығарылған жері мен уақыты туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
3. Адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы өтінішхатқа:
1) егер адамды ұстап беру (экстрадициялау) қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін сұратылса, күдіктінің іс-әрекетін алдын ала саралауды айқындау туралы қаулының, айыптау актісінің, тергеу судьясының немесе соттың адамды күзетпен ұстау туралы қаулысының куәландырылған көшірмелері;
2) егер адамды ұстап беру (экстрадициялау) үкімді орындауға келтіру үшін сұратылса, оның заңды күшіне енгендігі туралы анықтамамен бірге үкімнің көшірмесі;
3) Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен қылмыс сараланып отырған және олар бойынша ескіру мерзімдері көзделген бапты қамтитын үзінді көшірмелер;
4) Қазақстан Республикасының уәкілетті органының ұстап беру (экстрадициялау) сұратылып отырған адамның азаматтығы туралы қорытындысы;
5) егер сот тағайындаған жазаның бір бөлігін өтеген адамды ұстап беру (экстрадициялау) сұратылса, жазаның өтелмеген бөлігі туралы анықтама;
6) аумағында іздестіріліп жатқан адам анықталған шет мемлекет үшін де қолданылатын Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген өзге де мәліметтер қоса берілуге тиіс.
4. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе оның орынбасары Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген негіздер болған кезде шет мемлекеттің құзыретті органына Қазақстан Республикасына адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салумен жүгінеді.
1. Өзін шет мемлекетке ұстап беру (экстрадициялау) туралы мәселе қаралып отырған адамның:
1) өзін ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салу қандай қылмыс бойынша түскенін білуге;
2) қорғаушысының болуына және сөйлесудің құпиялығын қамтамасыз ететін жағдайда онымен кездесуге, жауап алу кезінде қорғаушысының қатысуына;
3) ұстап алынған жағдайда – ұстап алынғаны және өзінің болатын жері туралы жақын туыстарына, отбасы мүшелеріне немесе өзге адамдарға хабарлауға;
4) өзін күзетпен ұстауға және өзін ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салуға байланысты мәселелерді соттың қарауына қатысуға;
5) ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салумен танысуға немесе оның көшірмесін алуға;
6) күзетпен ұстау, экстрадициялық қамақты қолдану және ұстап беру жөніндегі сұрау салуды қанағаттандыру туралы шешімдерге шағым жасауға;
7) сот отырысында ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салу жөнінде өз пікірін білдіруге құқығы бар.
2. Егер өзін ұстап беру (экстрадициялау) туралы мәселе қаралып отырған адам шетелдік болып табылса және күзетпен ұсталса, онда оның өз мемлекетінің дипломатиялық немесе консулдық мекемесінің өкілімен кездесуге құқығы бар.