5. Қазақстан Республикасында азаматтықты алудың негіздері мен шарттары, азаматтыққа қабылдаудан бас тартудың негіздері

1.Қазақстан Республикасының азаматтығын алу негіздері:

1) тууы бойынша;

2) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау нәтижесінде;

3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша;

4)Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы (1991 жылғы 20 желтоқсандағы Заңы) заңында көзделген өзге де негіздер бойынша.

2.Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау шарттары

  Қазақстан Республикасының азаматтығына:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады.

      Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаған кезде кәмелетке толмағандардан, әрекетке қабiлетсіз және Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбек сiңiрген адамдардан не Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн тiзбе бойынша кәсiптерге ие және талаптарға сай келетiн адамдардан және олардың отбасы мүшелерiнен осы тармақшаның бiрiншi абзацында көзделген шарттардың болуы талап етiлмейдi;

      2) Қазақстан Республикасы азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi — баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының бiреуi (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан, қабылданатын болады.

      Әскери қызмет атқарып жүрген және Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан әскери қызметшiлердiң азаматтығы мәселелерi Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарымен белгiленедi.

3.Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен)Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау шарттары

  Жеңiлдетiлген тәртiппен (тiркеу тәртiбiмен) Қазақстан Республикасының азаматтығына:

      1) тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын оралмандар;

      2) тұру мерзiмiне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын, өздерінің ерік қалауынан тыс азаматтығынан айырылған немесе оны жоғалтқан жаппай саяси қуғын-сүргiннiң ақталған құрбандары, сондай-ақ олардың ұрпақтары;

      3) Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында білім алатын этникалық қазақтар қабылдануы мүмкiн.

      Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) азаматтық алу туралы материалдарды қарау мерзімі өтініш берілген күннен бастап үш айдан аспауға тиіс.

4. Егер Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау және Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіру туралы өтiнiш білдірген адам:

      1) адамзатқа қарсы халықаралық құқықта көзделген қылмыс жасаса, Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсiздiгiне әдейi қарсы шықса;

      2) Қазақстан Республикасы аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырса;

      3) ұлттық қауiпсiздiкке, халықтың денсаулығына нұқсан келтiретiн құқыққа қарсы әрекетті жүзеге асырса;

      4) ұлтаралық және дiни араздықты қоздыратын болса, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк тiлiнiң қолданылуына қарсы әрекет жасаса;

      5) террористік және экстремистік ұйымдарға кірген немесе террористік әрекеті үшін сотталған болса;

      6) халықаралық іздеуде болса, соттың күшіне енген үкімі бойынша жазасын өтеп жүрсе не сот оның әрекетін ерекше қауіпті баукеспелік деп таныса;

      7) басқа мемлекеттiң азаматы болса оның өтініші қабылданбайды

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *