Бірінші сатыдағы соттың азаматтық iстердi қарау жəне шешу мерзiмдерi

      1. Азаматтық істі қарау мерзімі оның іс жүзіндегі күрделілігіне жəне іске қатысатын адамдардың мүдделеріне сəйкес келуге тиіс.

      2. Сот істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап екi айға дейiнгi мерзiмде азаматтық iстерді қарайды жəне шешедi.

      Жұмысқа қайтадан алу, əке болуды анықтау жəне алименттерді өндiріп алу туралы азаматтық істерді, сондай-ақ ерекше талап қою жəне ерекше іс жүргізу істерін сот істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап бір айға дейiнгi мерзiмде қарайды жəне шешедi. Ереуілдерді заңсыз деп тану туралы істер талап қою арызы сотқа түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады жəне шешіледі. Уəкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексерудің қорытындылары бойынша шешімдерін, қорытындыларын, нұсқамаларын даулау туралы істер істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады жəне шешіледі.

      3. Осы Кодексте азаматтық iстердiң жекелеген санаттары үшін оларды қараудың жəне шешудің өзге де мерзiмдері белгiленуi мүмкiн.

      4. Қарсы талап қою берілген істерді қарау жəне шешу мерзімінің өтуі негізгі талап қою бойынша істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап есептеледі.

      Сот ақылға сыйымдылықты жəне жеткілілікті ескере отырып, мерзімді белгілеуге тиіс.

      5. Негізгі істен бөліп алынған істі, сондай-ақ бірлесіп қарау үшін бір іске біріктірілген істерді қарау жəне шешу мерзімінің өтуі осы Кодекстің 167-бабының төртінші бөлігіне сəйкес есептеледі.

      6. Осы Кодексте белгіленген тəртіппен соттың ұйғарымына шағым жасалған кезде істі қарау жəне шешу мерзімінің өтуі, талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымға шағым жасау жағдайларын қоспағанда, істі жоғары сатыдағы сотқа жіберген кезден бастап ол бірінші сатыдағы соттың іс жүргізуіне түскенге дейін үзіледі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *