Қазақстан Республикасында сот ісін жүргізу тек мемлекеттік (қазақ) не орыс тілдерінде, тең дəрежеде жүргізілетіндігін білуге болады. Соттың қызметіндегі заңдылық деген соттың құқық нормаларын дұрыс қолдануын, шығарылатын актілердің жəне жасалатын барлық іс жүргізу əрекеттерінің қолданыстағы заңдарына сəйкестігін білдіреді. Диспозитивтік деген азаматтық іс жүргізудің құқықтық қатынастары субъектілерінің өз құқықтары мен міндеттерін еркін билеуін білдіреді. Азаматтық процесті қозғау іске қатысатын тараптар мен басқа адамдардың еркіне байланысты болады. Мүдделі адам (талапкер, өтініш етуші) өзінің талап-арызының, өтінішінің заты мен негізін, сондай-ақ берген талаптарының көлемін өзі айқындайды. Мұндай мəліметтер сотқа берілген талап-арыздың (өтініштің) мазмұнды бөлімінің мəнін құрайды. Талапкер талап арыздың негізін немесе затын өзгертуге, талап-арыздың мөлшерін азайтуға немесе көбейтуге құқылы. Сот өз бастамашылығымен талап-арыздың затын немесе негіздерін өзгертуге құқығы жоқ.