ӘОЖ 37.03
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ҰЛЫ ҰСТАЗ-ҒАЛЫМ
Қалдыбек Бөлеев,
педагогика ғылымдарының докторы, Ұлттық білім академиясының академигі, Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Жалпы педагогика» кафедрасының профессоры
Аңдатпа. Мақалада А. Байтұрсыновтың педагогикалық мұрасының зерттелу жайы қазақ ғалым-педагогтарының зерттеу еңбектеріне ретроспективті талдау арқылы анықталған.
Түйінді сөздер: А. Байтұрсыновтың педагогикалық көзқарасы, ой-пікірлері, идеялары, мұрасы.
Резюме. Проделав ретроспективный анализ научных работ казахских ученых-педагогов, в статье автором определено состояние исследованности педагогического наследия А. Байтурсынова.
Ключевые слова: педагогические взгляды, идеи, наследие А. Байтурсынова.
Summary. The article defines the state of research of the pedagogical heritage of A. Baitursynov, making a retrospective analysis of the scientific works of Kazakh scientists and teachers.
Key words: pedagogical views, heritage of A. Baitursynov.
Қазақ ұлтының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық мұрасын зерттеу қажеттігін, оның қазақ педагогикасы ғылымының дамуына қосқан үлесін еліміздегі белгілі ғалым-педагогтар Қ.Б. Жарықбаев — А. Байтұрсыновтың ұлттық тәлім-тәрбие хақындағы еңбектері жөнінде; С. Қалиев — А. Байтұрсыновтың еңбектеріндегі педагогикалық көзқарастарын; К.Қ. Құнантаева — А. Байтұрсыновтың білім беру мәселесі туралы ой-пікірлерін; Ә. Табылдиев — А. Байтұрсынов – қазақ этнопедагогикасы ғылымының негізін қалаушы екендігін негіздеген мақалалары мерзімді педагогикалық басылымдар беттерінде өткен ғасырдың 90-шы жылдары көрініс тапты [1].
А. Байтұрсыновтың педагогикалық мұрасы осыдан бастап зерттеліп, нәтижесінде бірнеше кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалғанын, олар монографиялар, жеке оқу және оқу-әдістемелік құралдар мен көптеген мақалалар болып жарық көргенін анықтадық. Енді сол зерттеулерге жеке-жеке талдау жасалық.
А. Байтұрсыновтың педагогикалық мұрасы бойынша зерттеу жұмыстарды екі топқа бөліп қарастыру жөн сияқты. Біріншісі — А. Байтұрсыновтың педагогикалық мұрасын тікелей зерттеу нысанасы ретінде алып, қорғалған жұмыстар, ал екіншісі — А. Байтұрсыновтың педагогикалық мұрасын әртүрлі педагогикалық зерттеу проблемасы тұрғысынан орындалған жұмыстар.
Ең алғашқы зерттеу жұмысы А.С. Қыдыршаевтың «Ахмет Байтұрсыновтың әдістемелік мұрасы» [2] тақырыбына 1995 жылы қорғалған диссертациясы.
Жұмыстың кіріспеде А. Байтұрсыновтың әдістемелік мұрасының көкейкестілігі дәлелденген. Бірінші тарау «А. Байтұрсынұлы әліппе, оқулықтарының әдістемелік негіздері» деп аталып, онда А.Байтұрсынұлына дейінгі ана тілін оқытуға байланысты мәселелерге шолу, оның әдіскер ғалым ретінде қалыптасуына өз кезеңіндегі әдістеме ілімінің әсері, әліппелері мен оқулықтарының жалпы сипаттамасы және оның әліппесі мен оқулықтарының әдістемелік негізі берілген. «А. Байтұрсынұлының ғылыми әдістемелік еңбектері» атты екінші тарауда А. Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерінің жазылу жайы, А. Байтұрсынов – қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаушы және оның әдістемелік еңбектерінің бүгінгі оқыту ісімен сабақтастығы қарастырылған.
Р.Б. Үсембаеваның «А. Байтұрсынов мұралары арқылы бастауыш сынып оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеу» [3] тақырыбына орындалған жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. «Қазақстанда XX ғасырдың басындағы педагогикалық ой-пікірлердің дамуы» атты бірінші тараудан А. Байтұрсыновтың педагогикалық көзқарасының қалыптасуына қоғамдық-тарихи жағдайлардың ықпалы ғылыми-педагогикалық тұрғыда сараланады және А. Байтұрсынов кезіндегі негізгі қаланған білім беру жүйесінің өзіндік ерекшеліктері ашылып көрсетілген. «А. Байтұрсыновтың педагогикалық мұралары арқылы бастауыш мектеп оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеудің әдістемесі» атты екінші тарауда А. Байтұрсыновтың адамгершілік мазмұндағы шығармаларын бастауыш сыныпта жүргізілетін пәндерде оқыту мүмкіндіктері қарастырылған. Сонымен қатар «Ахметтану» пәндік үйірмелерде, кітапхана жұмыстарында және «Ахмет поэзиясы» атты кештерді жүргізу арқылы оқушылардың рухани-құндылық қасиеттерін қалыптастыру мүмкіндіктері қамтылған.
Б.И. Иманбекованың «А. Байтұрсыновтың тәлімдік ой-пікірлерін педагогикалық колледждердің оқу-тәрбие үрдісіне енгізудің жолдары» [4] тақырыбына орындаған кандидаттық диссертациясы кіріспеден, екі тараудан, бес тармақшадан және қорытындыдан тұрады.
Кіріспеде А. Байтұрсыновтың тәлімдік ой-пікірлерінің көкейкестілігі дәлелденген. Бірінші «А. Байтұрсынов мұраларының ғылыми-педагогикалық негіздері» атты тарауда А. Байтұрсыновтың педагогикалық ой-пікірлерінің қалыптасуына ықпал еткен қоғамдық және саяси-әлеуметтік жағдайлар, А. Байтұрсыновтың Ы. Алтынсарин идеяларын жалғастыруы мен оның педагогикалық мұрасының зерттелу жайы, оның педагогикалық ой-пікірлері мен тәлімдік мүмкіндіктері ашылып көрсетілген. Ал «А. Байтұрсыновтың ой-пікірлерін оқу-тәрбие үрдісіне енгізудің әдістемесі» атты екінші тарауда А. Байтұрсынов мұралары арқылы бастауыш сынып мұғалімдерін даярлаудың маңызы, оның педагогикалық мұрасы бойынша жасалған «Ахмет тағылымдары» атты арнаулы курс бағдарламасының мазмұны және тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың нәтижелері сапалы және сандық көрсеткіштермен берілген.
Қ.Т. Ыбыраимжановтың «Ахмет Байтұрсыновтың бастауыш мектеп жайлы педагогикалық мұралары» [5] тақырыбына орындаған жұмысы кіріспеден, екі тараудан, бес тармақшадан және қорытындыдан тұрады.
Кіріспеде зерттеу тақырыбының көкейкестілігі дәлелденіп, «А. Байтұрсыновтың оқу-ағарту және бастауыш мектепте білім беру мен ұрпақты тәрбиелеу жұмыстары жайлы ой-пікірлері» атты бірінші тарауда оқу-ағарту жұмыстары жөніндегі патшалық Россияның саясатына А. Байтұрсыновтың көзқарасы, оның оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудағы мектеп ұстаздары мен мектеп қажеттігі және оның мектепте оқу-тәрбие жұмыстарын ана тілінде ұйымдастыру жайында пікірлері баяндалған. Ал екінші тарау «А. Байтұрсыновтың бастауыш мектептің педагогикалық мәселелері жайлы мұралары және олардың қазіргі мектептегі ұласымы» деп аталып, онда А. Байтұрсыновтың бастауыш мектептегі білім мазмұнын анықтауға арналған оқу кітаптары мен оқулықтары және оның бастауыш мектептегі пәндерді оқыту мәселелері мен олардың қазіргі жағдайы анықталып, баяндалған.
Б.С. Байменованың «Алашорда қайраткерлерінің педагогикалық мұрасы» [6] тақырыбын орындаған жұмысы кіріспеден, екі тараудан, алты тармақшадан және қорытындыдан тұрады. Кіріспеде Алашорда қайраткерлерінің педагогикалық мұрасын зерттеудің өзектілігі айқындалған. Бірінші тарау «Алаш қайраткерлерінің педагогикалық пікірлерінің қалыптасу, даму тарихы» деп аталып Алаш қайраткерлері, оның ішінде А. Байтұрсыновтың дүниетанымының қалыптасуына ықпал еткен әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық жағдайлар, Қазақстандағы XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі білім беру және А. Байтұрсыновтың педагогикалық көзқарасының қалыптасуының алғы шарттары анықталған. Жұмыстың «Алаш қайраткерлерінің педагогикалық мұрасы» атты екінші тарауында педагогика ғылымын қалыптастырудағы А. Байтұрсыновтың рөлі, оның еңбектерінің жалпы білім беретін мектеп процесіндегі бүгінгі көрінісі және А. Байтұрсыновтың педагогикалық идеяларын болашақ ұстаздардың даярлық үрдісіне ендіру жолдары анықталып, іске асыру барысы көрсетілген.
А.Б. Мұратованың «XX ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы қазақ жазушы-педагогтарының шығармашылықтарындағы халықтық идеяның қоғамдық тәрбие берудегі тағылымы» [7] тақырыбына орындаған жұмысы кіріспеден, екі тараудан, төрт тармақтан және қорытындыдан тұрады.
Бірінші тарау «XX ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы қазақ жазушы-педагогтарының халықтық идеяға көзқарастары және оған ықпал еткен тарихи-қоғамдық алғышарттар» деп аталып, онда халықтық идеяның педагогика ғылымындағы мәні мен маңызы, қазақ жазушы-педагогтарының, оның ішінде А. Байтұрсынов шығармашылығында көрініс тапқан халықтық идеяға ықпал еткен тарихи-қоғамдық алғышарттар және оның шығармашылығындағы халықтық идеяның зерттелу жайы сөз болған. Ал «XX ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы қазақ жазушы-педагогтарының шығармашылықтарындағы халықтық идеяның мазмұндық тағылымы» атты екінші тарауда Ахмет Байтұрсынов шығармашылығындағы халықтық идея – ұлттық білім беру жүйесінің негізі және оның шығармашылығындағы халықтық идеяның оқушыларға қоғамдық тәрбие беруде пайдалану іс-тәжірибесі баяндалған.
Н.А. Мухамединованың «Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының мұраларындағы ұлттық құндылықтар негізінде оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу» [8] тақырыбына орындаған диссертациялық жұмысы кіріспеден, екі тараудан, жеті тармақшадан және қорытындыдан тұрады. Кіріспеде ұлттық құндылықтың мәні, қазақ зиялыларының мұраларындағы ұлттық құндылықтарды оқушыларға отансүйгіштік тәрбие берудегі өзектілігі негізделген. Бірінші тарау «Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының мұраларындағы ұлттық құндылықтар негізінде оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеудің теориялық негіздері» деп аталып, онда А. Байтұрсыновтың мұрасындағы ұлттық құндылықтар – оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеудің құралы және сол құндылықтар негізінде оқушыларды тәрбиелеудің құрылымдық-мазмұндық моделі жасалынған. Ал екінші «Қазақ зиялыларының мұраларындағы ұлттық құндылықтар негізінде оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеудің әдістемесі» атты тарауда А. Байтұрсынов мұраларының оқу-тәрбие үрдісінде пайдаланылу жайы, оның мұрасындағы ұлттық құндылықтар негізінде оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеуді ұйымдастыру, факультативтік сабақтарда және сабақтан тыс іс-шаралар арқылы оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу жолдары қарастырылған.
А.К. Асаубаеваның «Саяси қуғын-сүргін құрбандары болған қазақ зиялыларының педагогикалық көзқарастары (1930-1938 жж.)» [9] тақырыбында қорғаған диссертациялық жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан тұрады.
Жұмыстың «Саяси қуғын-сүргіннің құрандары болған қазақ зиялыларының педагогикалық ой-пікірлерінің қалыптасуы» атты бірінші тарауында А. Байтұрсыновтың дүниетанымының қалыптасуына ықпал еткен сол кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық және тарихи-қоғамдық жағдайлар, халыққа білім беру, мектеп ісі, тәлім-тәрбиелік ой-пікірдің даму жағдайына сипаттама берілген. Ал «Саяси қуған-сүргін болған қазақ зиялыларының педагогикалық мұралары» атты екінші тарауда А. Байтұрсынов оқулықтарының педагогика ғылымы үшін маңызы айқындалып, оның педагогикалық көзқарастарын орта және жоғары оқу орындарының оқу үрдісіне ендіру мәселесі қарастырылған.
А.Н. Ильясова өзінің «Проблемы развития педагогической теории Казахстана (1900-1960 гг.)» [10] тақырыбына орындаған докторлық диссертациясында Қазақстанда оқыту және тәрбие теорияларының қалыптасуы мен дамуына А. Байтұрсыновтың педагогикалық көзқарасының ықпалын оның оқулықтары, оқу құралдары мен мақалаларын талдау жасай отырып, нақты көрсеткен.
Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын қазақ этнопедагогикасы ғылымы тұрғысынан зерттеп, оның елімізде ұлттық тәлім-тәрбиенің негізін қалаушы болғандығын көрсететін бірнеше ғылыми зерттеу жұмыстары қорғалғанын анықтадық [11]. Мысалы, С. Қалиевтің «Қазақтың халықтық тәлім-тәрбиесінің ғылыми-педагогикалық негіздері» [12] тақырыбына 1996 жылы қорғаған докторлық диссертациясында және «Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы» [12] атты монографиясының «Қазақ этнопедагогикасының қалыптасып даму кезеңдері» тарауларында Ахмет Байтұрсыновтың педагогикалық көзқарастары мен ағартушылық қызметі туралы айта келіп, профессор: «Қорыта келе айтарымыз, XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының ең ірі, ең беделді қолбасшы-көсемі А. Байтұрсыновтың қазақ ғылымы мен мәдениетіне, оның ішінде ұлттық педагогика мен оқу-ағарту ісіне сіңірген орасан зор еңбегінің тарихтан өшпес орын алатын бүгінгі демократия мен әділеттілік салтанат құрған дәуірде өмір шындығы дәлелдеп отыр» деп бағалаған [169 б.].
Қ. Бөлеевтің «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге дайындаудың теориясы мен практикасы» [13] тақырыбына 2002 жылы қорғаған докторлық диссертациясының бірінші «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге дайындаудың теориялық негіздері» атты бөлімінде «Қазақ ағартушы-педагогтарының оқушыларға ұлттық тәрбие және оған болашақ мұғалімдерді дайындау туралы ой-пікірлерлері» тармақшасында А. Байтұрсыновтың еңбектеріндегі ұлттық тәрбие беру және оған болашақ мұғалімдерді дайындау туралы ой-пікірлерін: «Ол өзінің оқушыларға ұлттық тәрбие беру, оған болашақ мұғалімдерді дайындау туралы «Қазақ» газетінде жариялаған мақалаларында, «Тіл туралы», «Әдебиет танышқыш», «Баяншы», «Тіл ашар», «Әліпби», «Сауат ашқыш», «Әліппе астар», «Оқу құрал» т.б. еңбектерінде жан-жақты айтып, өзі тікелей іске асырып отырды. … Сонымен, А. Байтұрсынов өзінің ағартушылық қызметі мен педагогикалық көзқарастарында ұлттық тәрбиені кеңінен наситтап, оны нақты іске асыру жолында бар өмірін арналған ғұлама ұстаз, халық педагогы болған екен деп қорытындылауға толық болады» деген [12-13; 16-17 б.].
Ә. Табылдиев «Қазақ этнопедагогикасын оқытудың дидактикалық негіздері» [14] тақырыбына қорғаған докторлық диссертациясының екінші «Қазақ этнопедагогикасының методологиялық негіздері» тарауындағы «Жазу мәдениетіндегі этнопедагогикалық ойлардың тарихы – зерттеудің әдіснамалық арқауы» тармақшасында, автор былай деп қорытындылаған: «Ахмет Байтұрсынов қазақтың халық педагогикасын жан-жақты зерттеп, қазақ этнопедагогикасын негізін қалады, ұлттық білімнің шамшырағы болды. Қазақ этнопедагогикасының бір саласы этнопедагогикалық ойлар тарихында үлкен орын алатын Ахмет Байтұрсыновтың ғылыми-педагогикалық еңбектерінің ұлттық ерекшеліктері мол, этнопедагогикалық мәні зор» [196 б.].
Т.Р. Әбдіқадырованың «Алаш қайраткерлерінің педагогикалық мұралары негізінде ұлттық тұлға қалыптастыру» [15] тақырыбына қорғаған докторлық диссертациялық жұмысының «Алаш қайраткерлерінің педагогикалық мұралары негізінде ұлттық тұлға қалыптастыру тұжырымдамасы» атты үшінші тарауында Ахмет Байтұрсыновтың ұлттық тұлға қалыптастыру жөніндегі идеялары туралы айта келіп, ол: «А. Байтұрсынов ұрпағының шынайы адам болуын, ол үшін оның бойына ұлттық қасиеттерді, ұлттық мәдениеті сіңіріп тәрбиелеу керектігін негіздеген ғалым. Оның идеясы мен саясаты – халқыны қалтқысыз қызмет ететін ұлттық қасиеті бар жас ұрпақ тәрбиелеу еді» [24 б.] деп қорытындылаған.
С.Қ. Әбілдинаның «Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасуы мен дамуы» [16] тақырыбына қорғаған докторлық диссертациясының «Қазақстанда этномәдени білім берудің XX ғасырдың 20-90 жылдары қалыптасу кезеңі» тармақшасында, автор былай депті: «Ұлы педагог-ғалым Ахмет Байтұрсыновтың ұстанған идеясы – қазақ халқының ұлттық санасын ояту, тұрмыс-тіршілігін жақсарту, ол үшін халықты жаппай сауаттандыру, оқыту керек екенін айтып, өзінің ұлттық идеясын насихаттайды» [125 б.].
Г.Р. Бахтиярованың «Қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениеті (Тарих. Теория. Практика)» [17] тақырыбына орындаған докторлық диссертациясының «Қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениетінің тарихнамасы» атты бірінші тарауының бесінші «Қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениеті – ағартушылар мен қоғам қайраткерлері шығармашылығының арқауы» тармақшасында, автор: «Ахмет Байтұрсынұлының әр саладағы ғылыми ізденістерінің он бойы ұлттық мүддеге негізделген озық идеяларға толы. Сонымен біз жоғарыда келтірілген талдаулар негізінде А. Байтұрсынұлының қоғамдық-ағартушылық еңбектерінен қазақ даласында туған халқының болмысына тән ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына зор үлес қосқан, ірі қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз тұлғасын танимыз» деп қорытындылаған [163, 166 бб.].
Л.Н. Ибраимованың «Қазақ этнопедагогикасындағы отбасылық тәрбие» [18] тақырыбына қорғаған кандидаттық жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Кіріспеде зерттеудің көкейкестілігі дәлелденген. Бірінші тарау «Қазақ этнопедагогикасындағы отбасылық тәрбиенің теориялық негіздері» деп аталып, онда қазақ ағартушылары мен ағартушы-педагогтарының, оның ішінде А. Байтұрсыновтың отбасылық тәрбие туралы ой-пікірлері мазмұндалған. Ал екінші «Қазақ халқының отбасылық тәрбиесінің мазмұны және оны мектепте іске асыру әдістемесі» атты тарауда А. Байтұрсынов шығармашылығындағы отбасылық тәрбие туралы ой-пікірлерін мектепте арнайы бағдарлама бойынша іске асыру әдістемесі, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың нәтижелері шығарылған.
Сонымен, Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық және этнопедагогикалық мұралары қазақ ғалым-педагогтарының көкейкесті зерттеу проблемасы болғанын, оның елімізде ұлттық білім берудің мазмұнын жасағанын, оны мектептің оқу-тәрбие үрдісіне ендіргенін, сондықтан ол – қазақ ұлттының «Ұлы ұстаз-ғалымы» екенін дәлелдейді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жарықбаев Қ.Б. Ұлттық тәлім-тәрбие хақында // Бастауыш мектеп. – 1989. — №10. – 33-35 б.; Қалиев С.А. Байтұрсыновтың педагогикалық көзқарастары мен ағартушылық қызметі // Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының тарихы. – Алматы, 1995. – 26-39 б.; Құнантаева К.Қ. Ахмет Байтұрсынов және білім беру мәселесі // Бастауыш мектеп. – 1998. — №10-11. – 10-11 б.; Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасының негізін қалаушы // Бастауыш мектеп. – 1998. — №10-11. – 7 б.
2. Қыдыршаев А.С. Ахмет Байтұрсыновтың әдістемелік мұрасы: п.ғ.к. … дисс. – Алматы, 1995.
3. Үсембаева Р.Б. Ахмет Байтұрсынов мұралары арқылы бастауыш сынып оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеу: п.ғ.к. … дисс. – Алматы, 1999.
4. Иманбекова Б.И. Ахмет Байтұрсыновтың тәлімдік ой-пікірлерін педагогикалық колледждердің оқу-тәрбие үрдісіне енгізудің жолдары: п.ғ.к. … дисс. – Алматы, 2000.
5. Ыбыраимжанов Қ.Т. Ахмет Байтұрсыновтың бастауыш мектеп жайлы педагогикалық мұралары: п.ғ.к. … дисс. – Алматы, 2001.
6. Байменова Б.С. Алашорда қайраткерлерінің педагогикалық мұралары: п.ғ.к. … дисс. – Алматы, 2001.
7. Мұратова А.Б. XX ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы қазақ жазушы-педагогтарының шығармашылықтарындағы халықтық идеяның қоғамдық тәрбие берудегі тағылымы: п.ғ.к. … дисс. – Шымкент, 2002.
8. Мухамединова Н.А. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының мұраларындағы ұлттық құндылықтар негізінде оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу: п.ғ.к. … дисс. – Алматы, 2006.
9. Асаубаева А.К. Саяси қуғын-сүргін құрбандары болған қазақ зиялыларының педагогикалық көзқарастары: п.ғ.к. … дисс. – Алматы, 2007.
10. Ильясова А.Н. Проблемы развития педагогической теории Казахстана (1900-1960 гг.): дисс. … д.п.н. – Алма-Ата, 1997.
11. Бөлеев Қ., Бөлеева Л.Қ. Қазақ этнопедагогикасы. Библиографиялық көрсеткіш (1922-2012 жж.). – Тараз: ТарМПИ, 2013. – 73 б.
12. Қалиев С. Қазақтың халықтық тәлім-тәрбиесінің ғылыми-педагогикалық негіздері: п.ғ.д. … дисс. – Алматы, 1996; Қазақ этнопедагогикасын теориялық негіздері мен тарихы. – Алматы: Білім, 2003.
13. Бөлеев Қ. Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге дайындаудың теориясы мен практикасы: п.ғ.д. … дисс. – Қарағанды, 2002.
14. Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасын оқытудың дидактикалық негіздері: п.ғ.д. … дисс. – Алматы, 2004.
15. Әбдіқадырова Т.Р. Алаш қайраткерлерінің педагогикалық мұралары негізінде ұлттық тұлға қалыптастыру: п.ғ.д. … дисс. – Алматы, 2010.
16. Әбілдина С.Қ. Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасуы мен дамуы: п.ғ.д. … дисс. – Қарағанды, 2010.
17. Бахтиярова Г.Р. Қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениеті: п.ғ.д. … дисс. – Түркістан, 2010.
18. Ибраимова Л.Н. Қазақ этнопедагогикасындағы отбасылық тәрбие: п.ғ.к. … дисс. – Түркістан, 2007.