Сансызбай Сарғасқаев ТӘМПIШ ҚАРА

Сансызбай Сарғасқаев
ТӘМПIШ ҚАРА
Танысу
Содан бері талай-талай жылдар өтті. Сол кезде мойындарына ал қызыл галстук тағып, сапқа тұрып: «Бір-екі, үш… жастар – алып күш» деп ауыл көшелерімен əн шырқап жүретін балалардың кейбірі бұл күндері немересін сүйіп отыр. Көбі күні кешегі Ұлы Отан соғысы майдандарынан оралмай да қалды. Топырағы торқа болсын олардың!
Ал күні бүгінге дейін бейнесі көз алдыма елестеп тұратын тәмпіш мұрын қара баланың не болғаны маған белгісіз. Үлкен-кіші оны, «өзіміздің тәмпіш қара», – дейтін. Осы бір сөзден-ақ соншама бір ықыласты, ыстық сезімді аңғару қиын емес. Шынында да ол өзіміздің тәмпіш қара еді.
Ол кезде біз Сұлутөрдiң етегіндегі Қосарық деген жерде тұратынбыз. Колхозымыздың аты да «Қосарық» болатын. Бұлай деп кім, қашан қойып жүргені бізге беймәлім. Бірақ әр жерде бір шоқиған тапал тамдардың ара-арасымен ирелеңдеп ағып жататын жалғыз арық бар болатын. Неше жылдар бойына су шайып, мүжіле-мүжіле, арнасының екі жиегі биіктеп, жарқабақтанып кеткен. Соның түбінде жылыстап аққан суды кей жерлерінен бөгеп, өзімізше терең көлшік жасап алатынбыз. Мұның өзі соншама мехнаты көп ауыр жұмыс еді біз үшін. Жазғы шілденің таңдай күйдірген ыстығында қорғалақтап жанға сая шақыратын жерің сол көлшік болса, суды бөгемеске шараң не. Былай-ақ түсейін десең, суы тым саяз.
Суды бөгеу үшін біз сол арықтың жар қабағын қопаратынбыз. Су тисе, шекердей үгітіліп, су тимесе, тастай сіресіп, қатып қалатын құмдақ сары топырақ. Көлшік жасау үстінде кейде қызыл кеңірдек боп ұрсысып, кейде жағаласып та қалатын едік. Оның есесіне бөгетке толған суға рақаттанып түскенімізде көңілдегі кірбің жуылып кетуші еді.
Бірақ бұл рақатымыз көпке созылмайтын. Кешке дейін лайланған суға түсіп мәз-мейрам боп үйге қайтқанмен, келесі күні келгенде көлшігіміздің жайрап жатқанын көретінбіз. Кешегі үйген топырағымыздың сілемі де қалмай, тып-типыл болады. Түнде біреу келіп тиеп кетті ме, әлде мына жылыстап аққан судың өзі ағызды ма, ол жағы бізге белгісіз. Арықтың жағасына тұрып алып, жатып кеп таласамыз. Ақыры бір шешімге келеміз. Ол – тағы да көлшік жасау, сонымен бірге қайткен күнде де кешкісін бөгеттің маңын торып, кім бұзғанын білу.
Ертеңгіліктегі осы байлауымыз кешке қарай божырап кететін. Шындап келгенде аңдуға ешкім шықпайтын. Оның да өз себебі бар. Біріншіден, біз бөгетті ауылдан тысқарырақ жасайтынбыз. «Шуылдап маза бермедіңдер!» – деп ауыл ортасынан жеңгейлер талай рет қуып шыққан. Екіншіден, осы араға кешкісін келіп, таң атқанша күзетуге, шынын айтсақ, қорқатынбыз. Үшіншіден, арамыздан батылдау біреу белсене шықса, оның батылдығы үйіне барғанша ғана еді. «Кешкісін қайда барасың? Тырп етпей үйде отыр. Күн ұзақ ойыннан басқа түк білмейсің», – деп шешең, немесе әкең жекірсе болды, көжектей жым болатынсың. Соның бірі – өзім едім.
Біздің ауылдың үйлері ол кезде бір-бірінен аумайтын шымнан жасалған тапал тамдар. Сырты әктелгендерінің өзі бірен-саран. Үйлердің аулалары да біріне-бірі ұқсас. Шым дуалмен қоршайтын. Үйге іргелес мал қора. Онан шыққан қи жаз ортасына дейін ауланың дәл ортасында шошайған мола құсап үйіліп тұратын. Ағаш атаулы атымен жоқ. Тек мектеп түбінде екі терек бар-ды. Жаз күндері оның көлеңкесінен қой-ешкі, бұзау арылмайтын. Атамның қыршаңқы қара биесін де, көршіміз Тілектің көк есегін де іздесең, сол арадан табатынсың.
Жасыратыны не, мектебіміз сол маңайда мақтан етерлік, еңселі, биік, төбесі қызыл қаңылтырмен жабылған, терезелері де үлкен, әдемі үй болатын. Рас, едені сол өңірдегі барлық үйлердей топырақ еді. Кейіннен Келдібай деген жаңа директор келіп, ұзын залдың табанына жалтыратып тас салған. Кейін білдік, цементпен сылатқан екен ғой. Кей күндері біз терезеден жасырынып түсіп, осы тас еденге асық ойнаушы едік.
Мектептің қарауылы Әміре деген қатып-семген жүдеу көк көз шал еді. Шіркіннің шіңкілдеген даусы құлағыңды жаратын. Оның бір ұл, бір қызы бар. Ұлы менімен бірге үшінші класты бітірген сол жазда. Бірақ менен үш жас үлкен. Қызы бір класс жоғары оқығанмен, жасы ересек, нағыз бойжеткен. Әміре шал көктем шығысымен-ақ, ауылдың сыртындағы бақшасына барып, күрке жасап, соған көшіп алады. Сары күзге дейін оның қарасын көрмейсің. Сонда мектепті күзету ұлы Оңалбек пен әпкесі Күлдәрінің еншісінде. Шешесін сырқаты көп адам дейді. Өз басым көрген емеспін.
Оңалбек екеуміздің ымы-жымымыз бір болатын. Өзі аңқау, не айтсаң, соған сенгіш. Бас балалар секілді шымыр емес, болбыр әрі жуас. Сондықтан өзінен кішкентайлардан да таяқ жеп қалатын. Сондағы арашашы менмін. Ал әпкесі қиқар, тілі де қыршаңқы. Қыздан гөрі ер балаға ұқсас: жауырынды келген, қол-аяғы балғадай, ақ сары қыз.
Бізді жасырып мектептің ішіне кіргізетін Оңалбек те, ал көре қалса, бізді тырқыратып қуып шығатын Күлдәрі. Оның қолына түссең, аямайды. Ұрса, бір сәрі ғой, құрғырың шымшиды. Ұстаған жерін жұлып алады-ау!
Бір жолы мен де қолына түстім.
Оңалбекке апам пісірген таба нанның бір үзімін беріп, үш-төрт бала мектепке кірдік. Күн жаңбырлы еді. Көше ми батпақ. Мұндайда ермегің – асық ойнау. Оңалбек асығын ұттырып қойған екен. Оған бір уыс асық беріп көңілдендіріп қойғам, өз басым асыққа сараңдығым жоқ. Себебі бұл төңіректе асықты менен шебер ешкім ойнай алмайтын. Көздегенімді мүлт жібермейтін ем. Ендеше, балалардың бар асығы менікі болмай қайтсін.
Бастапқыда балаларды қызықтыру үшін, қашанғы амалымды қолданып, ойынның бір-екі кезегінде ұтылдым. Сонан соң қолым жүре бастап еді, қайдан сап ете түскенін кім білсін, Иманбек тап бола кетті. Ол келді дегенше, ойынның шырқы бұзылды дей бер.
Айтпақшы, оны таныстырайын. Кейде біз оны «Көсеу қол» дейміз. Айтса айтқандай, бойы да, қолы да ұзын бала. Өзі ап-арық. Жүргенде дәл сұрақ белгісі секілді, басын төмен салып имиіп жүреді. Жағына пышақ жанығандай, терісі сүйегіне жабысып қалған. Көзі де мөлиіп, өлімтік малдың көзі құсап тұрады. Қысқасы, кескінсіз.
Қашан көрсең де, кішкентай балалардың арасында жүргені. Кейде біздің бөгетке келіп суға түсетіні де бар. Тек жүрмейді, балаларды шағыстырып, төбелестіріп қоятын әдеті. Мұндайда ыржақ-ыржақ күліп өзінше мәз болады. Ілмиіп алып, қарулы. Сондықтан, оған көп шендемейтінбіз.
– Ей, Ертай, – деді ол маған, – кел, ойнайсың ба?
Мен басымды шайқадым.
– Кел, ойнайық. Әлде қорқасың ба? – деді ол.
Балалар да бұл кезде:
– Ойна. Неден қорқасың? – дей берді. Шамасы өздері ұтыла бастаған соң, мені Иманбекпен дауластырып, қызыққа батқысы келетін сияқты. Сөйтіп, мені мұқатпақ ойлары болуы да мүмкін. Осындай ой келді де, намысым қозып кетті.
Иманбектің өз асығы жоқ екен. Маған көбірек ұтылған сары баладан алды.
– Қазір ұтып, бәрін саған берем.
«Ұтарсың көкеңді!..» – деймін іштей кіжініп.
Иманбек пәлендей көздемпаз болмаса да, арам ойнайды екен. Көзімізді алдай беріп, артық аттап басып, екі рет сақамды «өлтіріп» кетті.
– Сен арам ойнайды екенсің, – деп ем, ол мұрнын шүйіріп: – Тапқан екенсің. Міне, көрдің бе… дәл басып тұрмын ба… Ал, енді қара! – деп, алға еңкейіп резеңкеше созылғанда, анандай жатқан сақаға қолының қалай жеткенін де білмей қалдым.
– Ж-о, мұның болмайды, – деп мен қарсы шығып ем, ол менің төбеме төніп келіп, дәл төбемнен шертіп-шертіп жібермесі бар ма. Ол кезде қазіргідей шаш қою қайда! Шашы бар баланы көрсек, оған қызыға қарайтынбыз.
Иманбектің ұзын біз саусағы дәл төбемді шырт-шырт шерткенде, көзімнің оты жарқ ете түскен еді. Төбемді екі қолыммен жауып, баж ете түстім:
– Ой, әкең…
Осы кезде біреудің қолы құлағымды шап етіп ұстай берген еді. Ыстық, жұмсақ алақан.
– Әп бәлем, түстің бе қолыма!
Қыздың даусы.
Қарасам – Күлдәрі. «Мына сайтан қайдан кеп қалды?» – деп ойлауым мұң екен, бүкіл денем мұздап, жүрегім су ете түсті. Оң құлағымның түбі күтірлеп, бүкіл құлақшекем суырылып кеткендей болды.
– А-а! – Ащы даусым шығып кетті. Сасқандағы айлам: шоқпар қапқан бөрідей аузымды ашып арс еттім. Тісіме шүберек пе, бірдеңе ілініпті. Қыршып түстім.
– Ә-ә! – Бұл менің даусым емес. Құлақты ұстаған қол суси бергенде, жерде жатқан сақаны іле-міле тұра қаштым. Құдай жарылқағанда, есік ашық екен, зытып сыртқа шықтым.
– Ха-ха-ха! – Иманбектің қарқ-қарқ күлген даусы.
– Қолыма түсерсің, қараң қалғыр! – деген Күлдәрінің ащы қарғысы сыртқа ілесе шықты.
Кейіннен білдім, Күлдәрінің білегін қыршыппын. Ал Иманбектің мектепте неғып жүргені, Күлдәрінің қай жақтан келе қалғаны сол кезде ойыма кіріп те шықпапты ғой.
Сонан кейін Иманбектің де маңына жоламайтынмын. Мектепке баруды біржола қойғанмын. Ендігі асық ойнайтын жеріміз колхоздың ат қорасы еді. Ол ауылдың етек жағындағы үлкен қара жолдың үстінде болатын. Бізден қашықтау. Бірақ амал нешік.
Тәмпіш қарамен алғаш кездесуім де, міне, сол жазда болған еді.
Маусым айының аяқ кезі. Егін орағы басталған. Ауылда қолына орақ ұстар жан қалмаған. Бәрі егіс басында. Ол кезде колхоз егінді Қызылқұр деген жерге салатын. Қырман да, қос та сол арада. Ол ауыл тұрған жерден он шақты шақырым қашықта. Ал ауыл маңына қызылша өсіре бастаған-ды.
Қазіргі трактор, комбайн дегендердің ол кезде бізге келе қойған жоқ. Бірақ бидай шабуға, лобогрейка пайдаланыла бастаған. Оның сол кезде «тілін біле бермей ме, жүруінен тұруы көп. Сондықтан негізгі күш шалғы мен қол ораққа түседі. Бидайды таспен бастырады. Мұндайда атқа мінетіндер – біздерміз.
Бригадирдiң бізді ұстауы қиын. Шыжыған күнде қырман басына барғымыз жоқ. Алақандай қырманды күн ұзақ шиырлап айнала беру, ат тұрмақ тұлпар мінгізсе де, азап қой. Басың айналады, ішің пысады, шаршайсың. Сол себептен мұндай науқан кезінде біздер бригадирдiң көзіне түспей, үй тасалап қаламыз. Оның үстіне бізді олардан қоритындар да бар. Мәселен, соның бірі – біздің үйдегі әжем. «Әже, басым ауырды» десең-ақ, дәмді тамақты аузыңа тосып, бәйек болады да қалады. Шіркін, әжетайым-ай десеңші!..
Айтпақшы, Күлдәрі бұраған құлағым бірнеше күн күп боп ісіп кеткенде, әжем олардың үйіне барып, шаңын қаққан көрінеді.
Көп баланың осындай әже-аталары бар, «саған келген пәлеге мен дайын» дейтін. Олай болса, қорқатын да түк жоқ. Тек бригадирдің байқаусыз жерде ұстап алып, ай-шайға қарамай бақыртып алып кететіні бар.
Бұл күні күн ашық еді. Алыстан мұнартқан Сұлутөр шыңдарының басында қалқып тұратын ақша бұлттар да жоқ. Кейде соғатын жел де тынған, қапырық ыстық, тыныс тарылтатын шақтың өзі. Терезесін жаз күндері тұмшалап жауып қоятын «қоңыр салқын» бөлменің өзінде шыдау мүмкін емес. Әжем болса, ішіне жүн салған шолақ жең камзолын осындай күндерде де үстінен тастамайды. «Сыртқа шықсам, шаншулаймын», – деп, шекпен киіп алатынын қайтерсің.
Әрине, мұндай күнде үйде пысынап отыратын баланы табу қиын. Дүниені күйдіре жалмап тұрған ыссы күннен қорынатын жерің – көлшік. Суға түсіп сайран салғанда, шақырайған күнмен егеске түскендей әсерде боласың.
Бұл күні, әйтеуір, көлшігіміз бұзылмапты. Ерте бардым-ау десем де, бірнеше бала суға түсіп үлгіріп, боз топырақта аунап жатыр екен. Кейбірін танимын, кейбірін танымаймын. Танымайтын себебім – біздің колхоздан үш-төрт шақырым жерде тағы бір ауыл бар. Айналдырған он шақты үй. Оларды сиыршы дейді. Себебі көлікке жегер аты да, мінер көлігі де – сиыр мен өгiз.
Келдім де, дереу шешініп, суға қойып кеттім.
Көп ұзамай бұл арада балалар құжынап кетті. Суды шалпылдатып шашамыз, сүңгиміз. Жүгіріп барып топыраққа аунаймыз. Тіптен тамаша!
Осы арада ойламаған жерден шатақ шықты. Су қызығымен жүріп, әбден тоңғанымды білмеппін. Енді жағаға шығып, киінбек боп, жейдем мен шалбарымды іздесем, үшті-күйлі жоқ. Шашылып жатқан балалардың киімдері арасынан да таппадым. Әбден жылaрманға келіп:
– Ой, әкеңнің… Кім тықса…
Қолы сынып аузына жетпесін,
Бар пәлекет басынан кетпесін.
Көзін шел бассын,
Омақасып, тоңқалаң ассын.
Мұрны пұшық болсын,
Көзі қысық болсын!… – деп қарғысты жаудырдым-ай кеп.
– Ей, сен не оттап отырсың! – дауыс желке тұсымнан шықты. Қарасам, Иманбек. Қасында Оңалбек тұр. «Тыққан осы» дегендей көзімен белгі беріп, қасын қағады.
– Сенің не шаруаң бар? – дедім Иманбекке.
– Кімді қарғадың?
– Кім жасырса, соны. Шығар күнді көрмесін, жер бетінде тірі жүрмесін. Осы көргені көп болсын, үрім-бұтағы жоқ болсын! – деп тағы да шұбыртып ала жөнеліп ем.
– Міне, саған жоқ болған! – деп, Иманбек жауырынымнан теуіп жіберді. Арқамды сипалай бақырып, мен де орнымнан ұшып тұра беріп ем, Иманбек қарсы алдыма топ ете түсті.
– Ә, әкеңнің… – деп төне бергенім сол еді, біреу:
– Тоқта! – деп, кеудемнен кейін серпіп итеріп жіберді.
Иманбек те әлдекімді балағаттап тұра бергенде, тағы да жерге жұлынынан түсті. Сонда ғана барып байқадым. Иманбекті ұшырып түсірген де, мені итеріп жіберген де тәмпіш мұрын қара бала.
Ол жығылып жатқан Иманбекті иығынан ұстап көтеріп алды да:
– Давай, қайқай! – деді сабырлы зілді үнмен. – Түйедей болып, ұялсаң етті!
Міне, қызық! Әншейінде әркімге бір тиісіп, орынды-орынсыз қоқаңдай беретін қылжықбас Иманбек жүні жығылған әтешше тілге келместен тайып тұрды.
Ал енді тәмпіш мұрын қара балаға келейік. Кетіп бара жатқан Иманбектің артынан біраз қарап тұрды да, басын шайқап, мырс етіп күлді. Әлгі бір қадалған кезіндегі суық айбардан із қалған жоқ. Дөңгелек жүзіне сүйкімді бір арай ойнап шығып, қысыңқы көзінің ноқаттай қара жанарында ерекше бір ұшқын тұрды. Ол ұшқын балаларды өз маңына үйіріп, оның ақ көңіл жанын айқара ашқандай. Сонымен бірге осы бір ұшқыннан бұрын мен көрмеген, маған тіптен беймәлім бір батылдықты аңдағандай болдым.
Бейтаныс баланың түр әлпетінде пәлендей сымбат жоқ еді. Денесі түтінге ысталғандай қара қоңыр, әрі май жаққандай жылтырап тұр. Бұлшық еттері білеуленіп шығып бүлк-бүлк етеді. Оның суға түскенін байқамасам керек. Екі шекесі торсықтай жалпақ маңдайынан ұйысып түскен бұйра қара шашында су тамшылары күн сәулесімен таңғы шықтай жалтырайды. Қабағы да, төңкере салған кесе секілді бетінің еті де қалың. Бірақ ерні жұқа. Ақырын ғана жымиып күлгенде, қаз-қатар аппақ тiстерi тiзiлген ақ моншақтай көрінді. Оншама бойшаң да емес, төртбaқ, шымыр.
Балалар Иманбек ұзап кеткенше артынан ысқырып келемеждеп мәз боп жатқанда, әлгі бала күлімдеген бойы маған қолын ұсынды:
– Кел, танысып қояйық. Менің атым – Шаншатай.
– Менің атым – Ертай.
Екі алақан енді еш уақытта ажырамастай шарт етіп қабысты. Қолы темірдей қатты екен.
Тілеп алған азап
Енді ойлап тұрсам, арамызға сол Шаншатай келгелі бері біздің күнделікті күйкі тіршілігімізге жан кіріп, күні кеше өзімізге алыстан сағымдай мұнарланған жаңа бір дүние құшағына кіргендей әсерге енсек керек. Күні кеше қиялдың не екенін білмесек, енді сол тәтті, сұлу қиялдың қанатына мініп, жан-дүниеміз рахатқа шомылғандай болса керек. Бірақ біз күн сайын бойымызға там-тұмдап сіңіп, нәр болған сол бір әсерді ол кезде сезбеген едік. Сол әсер, енді ойлап тұрсам, біздің күнде ойнайтын ойынымызда, біздің күнделікті әңгімемізде, қимыл-әрекетімізде тамырды қуалаған қан секілді бойға байқалмай тарай берсе керек.
Танысқан күннің ертесіне біздің үйге Шаншатайдың өзі келді. Келетінін маған күні бұрын айтқан жоқ-ты.
Бұл күні малдағы атам үйде болатын. Атам келді дегенше, алты жасар інім Ержан екеуміздің қуанышымызда шек болмайды. Таласып атамның арқасына мінеміз. Алдына отырамыз. «Суғарып келейік», – деп атына таласамыз.
Әлгінде әжем шай әкелгенде, екеуміз атамның екі тізесіне отырып алған едік. Әжемнің:
– Қойсаңдаршы. Атаңа тіпті шай ішкізбейтін болдыңдар ғой, – дегеніне қараймыз ба, тәйірі. Атам болса мәз, кеңкілдеп күле береді.
Жаз күндері шайды есік алдындағы дәлізде ішетінбіз.
– Ассалаумағалайкүм! – деген баланың даусы шықты.
– Әликсалам, – деді атам да, сәлем берген балаға риза болғандай.
Ержан жылап, мені атамның алдынан итеріп отырған. Оны мен де итеріп жібергенім сол еді, келген балаға жалт қарасам – Шаншатай!
Анадай жерде ақсия күліп қарап тұр. Мен шиедей қызарып кетсем керек, сасқанымнан бетімді атамның кеудесіне баса беріппін. Дәл осыны күткендей, басқа баланың келуі оған мият болғандай, жылап отырған Ержан мені дәл құлағымның түбінен періп жібермесі бар ма?
– Үй, мыналар қайтеді?! – деп атам осы кезде қозғалақтап қалды. – Шырағым, жоғары шық, шайға кел!
Атам ендігі сөзін Шаншатайға арнады. Інімнің мені ұрғанын көргенде, Шаншатайдың күлген даусы қаттырақ шыққандай болып еді, енді атамның сөзінен кейін:
– Рақмет, ата, – деді ол, – шаруам боп, Ертайға келіп едім.
Атам «саған келіпті ғой, сөйлессейші» дегендей, бетімді басқан иығымен кеудемді серіпті. Амал жоқ, бұрылып қарасам, Шаншатай сол орнында тұр екен. Жүзінде мысқыл табы жоқ. Сабырлы.
– Ертай, қазір қолың бос па? Ешқайда бармайсың ба бүгін? – деді ол.
– Боспын.
– Оңда, сенде шаруам бар. Асықпай тамағыңды іш, мен мектеп қасынан күтем сені.
– Жарайды.
Әншейінде қыңырланып қиқаңдар ма едім, кім білсін. Дәл қазір оның тезірек кетуін қаладым Ержан тағы да бір сойқан шығарар!
– Шай ішпедің ғой, шырағым, – деді әжем.
Шаншатай рақметін жаудырды тағы да. Сосын:
– Ертеңгі ас қой, дәм ауыз тиейiн, – деп, ақырын басып, дастарқанның жанына келді де, өте бір инабатпен иіліп, стол үстінде жамырап жатқан әжемнің қызыл бүйір жүгерісінен бір-екеуін аузына салды.
– Уыстап ал, балам, – деді атам.
– Көп рақмет. Мазаларыңызды алғаныма кешіріңіздер!
– Өте бір әдепті бала екен – деді атам, Шаншатай кеткен соң.
– Өте бір ұқыпты бала екен, – деді әжем, оның тап-таза киімін сөз етіп.
Шынында да, оның киген киімі тазалығымен бұл жолы мені қызықтырған еді. Пәлендей су жаңа емес. Бұтында шолақ балақ шалбар. Үстінде кеше суға киіп келген торкөз көйлек. Аяғында сандал. Басына кигені көнетоз тақия. Бір қызығы, галстук тағып алған.
«Осындай күн ыссыда галстук таққаны сәндігі болар».
Бұрын мұндай қызғаншақтығым жоқ еді. Бірақ дәл осы арада әлгі баланы мұқатқым келгендей:
– Өзі тым сәнқой. Мақтаншақ! – деп қалдым.
– Қой, өйтпе, балам. Сыпайылығы көрініп тұр ғой, ондай бола қоймас.
– Кішіпейіл, ақ жарқын бала екен, – деді атам тағы да. – Бұрын көрмеген бала ғой.
– Келгеніне екі күн бопты, – дедім мен, атам мен әжемнің сөзіне іштей торсиып. – Келдібай директордың інісі екен.
– Е-е, болса болар, – деді атам басын изеп. – Тәлім көргені білініп тұр.
Мына сөзге тіптен жарылып кете жаздадым.
– Сонда мына мен кіммін, ата?
– Сен біздің ерке тайлағымызсың ғой, – деді атам күліп.
– Иә саған, – деді осы кезде Ержан. – Сен мақтаншақсың!
– Мен бе? – Тұра ұмтыла беріп ем, ол да аңдып отыр екен, сып етіп әжемнің қойнына кіріп кетті.
– Күтіп қалды ғой. Сөзіңдi бердің, бара ғой, балам, – деді әжем, мен шай ішіп болып тұра бергенімде. – Сондай баламен дос болсаң, өкінбессің.
Бұл сөз әжемнің берген батасындай сезілді. Үйге кіріп өзім оқуға киіп баратын көк сәтен жейдемді, ақ жолақ жолы бар шалбарымды, жуырда базардан əкем әкелген сары брезент бәтеңкемді кидім. Менің де Шаншатайдан қалысқым келмеді.
Сойтіп, үйден шыққанда, Ержан:
– Oho, қарашы, ата, мынаны қарашы. Айттым ғой мақтаншақ! – демесі бар ма.
Көңілім су сепкендей басылды. Ұнжырғам түсіп селбірейдім де қалдым. «Қап, мына иттің…»
Әжем:
– Атасы-ау, ерке тайлағың қандай әп-әдемі. Киімі де мұнтаздай тап-таза, өзіне жарасып тұр, – демесе, менің сол күні Шаншатаймен кездесуім де неғайбыл еді. Оны атам да қостап:
– Бәрекелді-і-і! Міне, нағыз жігіт. Келші, өзіңді бір иіскейін! – деп, кеудеме көгершін қондырды… Мына сөздерден кейін Ержанның айтқаны жайына қалды. Орайын тауып, тақыр маңдайынан бір шертіп баж еткіздім де, ытқып көшеге шықтым.
Айтқандай-ақ, Шаншатай мектеп қасындағы қос теректің түбінде күтіп тұр екен. Ол менің сәндене киінуімді байқамағандай пішін көрсетті. Сірә, ұялтпайын дегені болар.
Мен келген бетте оның сұрағы:
– Сендер күнде не істейсіңдер? – болды.
– Ойнаймыз. Суға түсеміз.
– Сосын.
– Тағы ойнаймыз.
– Не ойнайсыңдар?
– Не болсын. Асық ойнаймыз. Шілік ойнаймыз. Бірақ қазір күн ыссы, – дедім мен, қабағымды кiржитіп, қиналған әлпетпен. – Көктемде бірауық қашпа доп ойнаймыз.
– Кешке жақын ойнайсыңдар ма?
– Ойнамағанда ше, – дедім мен шап етіп. – Орамал тастама, түйе-түйелер, жасырынбақ, ақсүйек… Ой, несін сұрайсың, тіптен көп.
– Келгелі көрмедім ғой.
– Қазір ойнамаймыз.
– Heгe?
Қипақтап қалдым. Түнде қорқатынымызды айтқым келмеді.
Ана бірде кешкісін жасырынбақ ойнап жүргенімізде, алыстан айдалада жарқырап жанған отты көріп: «шайтан жаққан от», – деп, көптеген балалар бытырай қашқан. Содан кейін балалар кешкісін жиналуды мүлде қойғанды. Сондықтан:
– Кешкісін үй шаруасы көп, – дедім мен үйде бірдеңе тындыратындай жалтарып.
– Ә-ә, – Шаншатай түсіндім дегендей, иегін шұлғып қойды.
– Сонда, кешке дейін ойыннан басқа ешбір шаруаң жоқ қой.
– Иә.
Мен сенен бірдеңе өтінейін, орындайсың ба?
– Әуелі айт, – деп тұрып алдым.
Ол маржандай тістерін көрсетіп, басын шайқап күлді де:
– Eгic қосына, қырманға барсақ қайтеді?
– Қырманға?! – даусым қаттырақ шығып кетсе керек, Шаншатай маған таңырқана қарап қалыпты.
– Бармаймын, – дедім мен.
– Heгe?
– Сол.
– Онда өзің біл, – деді Шаншатай қиналған үнмен. – Мен саған комбайн көрсетейін деп ем.
– Ко… ком… комбайн, – дедім мен елең етіп. Енді әлгі бір мінезіме қысылғандаймын. «Сабырсыздығым-ай осы!.. Тым тыз етпемін», – деймін іштей өзіме-өзім қынжылып.
– Иә, – деді Шаншатай. – Сен білмейсің бе? Колхозға комбайн келгелі үш күн болды.
Ауылдың үстімен басқа ауылдың шыбыны өтсе біле қоюшы ек. Оған құлағымыз түрік. Ал атын естігенмен, кейде көрсек деп ынтығатын дәу машинаның біздің ауылға келгенін білмей қалуымыз нағыз өлім ғой. Мынандай тапа-тал түсте емес, жеті қараңғы түнде екі өкпемді қолыма алып жүгірмеймін бе? Ана Нұрқат бастықтың Нығмет деген баласы «шайтан арба» алып келгенде, осы ауылда оны ең бірінші білген де, жалынып-жалбарынып алғаш оны қолыммен сипап көрген де мен емес пе ем. Шаршы топтың көзінше Нығметтің алдына отырып, «шайтан арбамен» ауылды бір айналып шыққан сабаздың мына мен емес пе ем! Сонда төбем көкке екі-ақ елі ғана тимей қалып еді ғой. Ал бүкіл ауылды дүрілдеткен мына жаңалықты қалайша білмей қалғаныма таңым бар.
– Біздің колхозға ма? – дедім мен, әлі де Шаншатайдың сөзіне сенер-сенбесімді білмей қайталап қадала сұрап.
– Осы колхозға келді.
– Сен өзің көрдің бе оны?
– Жоқ. Келдібай ағам айтты. Әуелі Жарбастау деген жердегі егінге салған екен. Бүгін Қызылқұрға әкеледі, – деді.
– Ә-ә – дедім мен. Енді түсінікті болды гәптің қайда жатқаны. Жарбастау біздің ауылдан алыста. Атамның айтуынша, ол Сұлутөрдiң арғы жақ бөктерінде, яғни қалаға барар жолда. Ол жерде колхоздың бір бригадасы бар дейтін. Оны өз басым көрген емеспін. Ол жақтан келген бала да жоқ бұл жерде. Сондықтан Жарбастауға комбайн келмек тұрмақ, ол ара бір түнде аударылып түссе де, біздің білмеуіміз заңды емес пе. Ал ауылымызға комбайн келгенін бұл жерде дәл қазір менен басқа кім білді?! Әттең, жақын маңда балалардың қарасы көрінбейді, жария етіп айтатын.
Көңілім осылай көпіріп кетті. Келдібай ағай айтса, әрине, шын болғаны. Онда бұл не тұрыс? Шыдамсыздық билеп кетті.
– Айда кеттік!
– Барасың ғой? – деді Шаншатай маған сынай қарап.
– Бармағанда ше!
– Онда, сен үй ішіңе айтып кел.
«Ой, тамаша баласың-ау, Шаншатай. Менің көңілімдегіні қалай таба қойдың? Қазір Бейсекүлге барып айта қойсам болды емес пе. Ол қыз бір сағат болмай-ақ, бүкіл ауылға жаяды ғой. Ана Оңалбек, Ықсандардың іші күйсін, түге!» Мұндай қуанбаспын!
– Мен зу етіп барып келе қоям, – дедім де, тұра жүгірдім.
– Әй, Ертай! – деп дауыстады Шаншатай. Тұра қалдым. – Сен суретті жақсы салады дейді ғой. Үйде бояу қарындашың болса, ала кел!
– Жарайды!
Менің сурет салатынымды қайдан біле қойды екен?
***
Бұл сұрақтың жауабын үйге барып, мектепке қайтып оралысымен білдім. Мен келсем, мектеп маңына бірнеше бала жиналып қалыпты. Мәссаған, мынау қысық көз Ықсан, əнебір ұзын бойлысы – Атабек, қасында Оңалбек тұр. Ойнақтаған лақша секеңдеп Бейсекүл де кеп қапты.
Қастарына жете бергенімде:
– Шаншатай, ә, Шаншатай, кімді күтіп тұрмыз енді!? Ертай да келді ғой, – деген Бейсекүлдің шіңкілдек даусы мені еріксіз шегеледі. «Мына қыз Шаншатайды менен бұрын біліп қойған ба?» Мен осыған қайран қалып тұрмын.
– Үй, сен неғып тұрсың қақшиып, бері кел, – деді Бейсекүл ұзын кірпікті қара көзі қауақылана ойнап. – Қарындаштарың қайда?
«Мұны да біліп қойған?..» Ойымды Шаншатай үзді:
– Сенің сурет салатыныңды кеше мына Бейсекүл айтты маған. Оның үстіне алдыңгүні Келдібай ағам екеуміз мектептің кластарын аралағанда, қабырғада ілулі тұрған Тайбурылды көріп таңдандым. Сонда ағам тұрып: «Мұны Ертай деген бала салған. Болашақ үлкен суретшіміз», – деді.
«Ертай салған… Болашақ суретші!.. Келдібай ағай айтыпты. Ой, тамаша!» Жүрегім аттай тулап қоя берді. Менің сол кездегі қуанышымды айтып жеткізу қиын. Оңалбектің екі езуі құлағында. Бейсекүлдің көзі ойнақшып кеткен. Тек Ықсан ғана кішкентай танауының ішін саусағымен шұқылап, сәл тыржияды. Шамасы, Келдібай ағайдың мені мақтағаны оған жақпаса керек.
Қашан да Ықсанның осындайы бар. Әжептәуір болып жүреді де, болар-болмас нәрсеге қылт ете қалады. Тамаққа өкпелесе бір сәрі. Ондай әдет, қай балада болсын бар. Ал мен ауызға ілінбедім, – деп тырсия қалатыны несі? (Мұның аты іштарлық екенін сол кезде білмеппіз ғой).
– Рас па? – деппін ғой мен, Шаншатайды құшақтай алып.
– Мен өтірік айтпаймын, – деді ол салқын кескінмен.
– Шын өтірік айтпайсың ба? – деді осы кезде Бейсекүл таңырқана.
– Шын, – деді Шаншатай салмақты жүзбен. – Сенбей тұрсың ба?
– Қайдан білейін, – деді енді Бейсекүл, Шаншатайдың салқын қабағына қарап, солғын үнмен, – Мына біздің балалар қашан да бірдеңе айтса, «оллаһи!» деп қарғанып жатқаны.
Абыржыңқырап қалған Бейсекүлдің жыпылықтаған ұзын кірпігі, әркімге бір жалтақтап қараған жәутең көзі, қыбыжықтаған қимылы дәл осы сәтте кімнің болсын жүзіне күлкі үйірер еді. Содан ба, болмаса, бірден көңіліне қаяу салғысы келмеді ме, Шаншатай жүзін жылытып:
– Беталды қарғану да, өтірік айту да – жаман әдет, – деді.
Бір қызығы, бүгін бәріміз де әлдебір салтанатты жиынға баратындай болып бар әсем киімімізді киіппіз. Үнемі сатқал-сатқал боп жүретін Оңалбектің үстінде де кірсіз жейде. Бейсекүл болса, аяғына ақ кенеп туфли киіпті. Басында қызыл шаршы орамал. Үстінде гүлді көйлек. Ықсан бригадирдің баласы емес пе, кигені қара костюм. Екі қолын жан қалтасына салып, шертиіп тұруын! Басында зерленген тақия. Күн шүғыласымен жалтылдайды.
Біздің киімімізге көзі енді ғана түскендей Шаншатай бәрімізді бір шолып қарап шықты да, үндемеді, жымиып қана қойды.
Осы кезде бізге тағы да үш-төрт бала қосылды. Олар келе сала, Шаншатайды көптен білетіндей, шүйіркелесіп кетті. «Келмей жатып қайдан танып жүр?» деген сұрақ көңілімді қызғанышпен көлеңкелемеді, қайта жылы таңырқау сезіміне бөлеген еді.
Бала жүрген жер у-шусыз бола ма? Әлгі арада біріміз сөйлеп, біріміз күліп, оқу біткелі тым-тырыс тұрған мектеп маңын дуылдатып жібердік. Біздің даусымызға оянды білем, бір кезде шашы дудырап анадай жерде Күлдәрі көрінді. Оның білегін қыршығаннан бері көруім осы. «Мына шайтан пәле қылмаса еді!». Жүрегім шымыр ете түсіп, денем суынып кетті. Көзіне түспейін деп теректі айнала бердім. Ол мені көріп қалды. Анадайдан жұдырығын көрсетті. Бірақ қасымызға келмеді.
Осы кезде мектептің қара бестісі жегілген арба салдыр-гүлдірлеп қасымызға жетіп келді. Делбеде шəнтиiп Әміре шал отыр. Арба үстінде Келдібай ағай.
Әншейінде бізге тым қаталдау көрінетін ағайдың жүзі жарқын. Бәрімізбен дауыстап амандасты да:
– Кәне, тезірек келіп, отырыңдар! – деді.
– «Міне, тамаша! Біз арбамен баратын болдық. Әй, Шаншатай, жарайсың!».
***
Жол-жөнекей Шаншатай: «Қосылып өлең айтайық», – деп еді, қара басқанда бірігіп айтатын өлең білсекші.
– Ештеңе етпейді, үйренеміз, – деді ол.
– Кім үйретеді? – деді Бейсекүл.
– Табамыз, – деді Шаншатай иегін қағып, көзін қысып қойып.
– Онда мені де ұмытпаңдар, – деді Бейсекүл.
– Ұмытпаймыз. Кәне, күлейік. – Оған қызараңдар Бейсекүл мe. Шаншатайдың сөзіне жүзі құлпырып, мәз-мейрам. Шындығында бәріміз де көңілді едік.
Келдібай ағай бізді Қызылқұрға алып келгенімен, көп бөгелген жоқ, ізінше қайтып кетті. Көлігіміздің кетіп қалғанына біз қынжылғамыз жоқ. Ойымыз кештете жаяу қайту. Ал қазір комбайнды қызықтайық!
Алайда, біз бұл күні қайта алмадық. Оған себеп болған тәмпіш қара – Шаншатай.
Бізге комбайнның әр бөлшегі әрі таңсық, әрі қызық. Тр-трлаған даусы да, сартылдап-сатырлап жүруі де әуелде ерсі көрінгенмен, тез үйреніп кеттік. Комбайнның жанында шуылдап, топырлап жүгіре беруден жалығар емеспіз. Бірақ бір кезде бізбен бірге жүрген Шаншатайдың:
– Осылай топырлап бостан-бос жүгіре береміз бе? – демесі бар ма.
Мына сұрақ құлағымызға тым тосын естілді. Әдейі көруге келдік емес пе? Біз емес, сақалдары ербеңдеп шалдар да, шаштары жалбыраған кемпірлер де топырлап жүр ғой. Жиналған жұрт құмырсқадай құжынайды. Көзі ғана жылтырап үсті-басы май болған, шаңға көмілген мына бір қапсағай денелі комбайншы жігітті дәл қазір қолдарына берсе, допша төбелеріне көтеріп әкетердей. Сонда біздің бұл жүрісімізде не ерсілік бар? Әрқайсымыздың көңілімізге осы сұрақ оралыпты.
– Көргелі келдік емес пе?
– Енді не істемекпіз?
– Жалғыз біз бе топырлаған?
– Айтам-ау…
Шаншатай мырс етіп жымиды да:
– Қарап тұрсам, шетімізден сайдың тасындай шып-шымыр жігіт екенбіз, – деді.
– Әрине.
– Бәсе, десейші!
– Бейсекүл ғана болмаса.
– Иә, саған…
Оның сөзін күлкі араластыра жамырай сөйлеп, іліп әкеттік. Шаншатай жай ғана күліп қойды. Сонан соң:
– Олай болса, жігіт адамның лайықты орны бар, – деп өз байламын айтты.
Енді қиқаңдап көр. Жіпсіз байлағаны емес пе бұлтартпай.
Сөйтіп, біз орақ басында ұзаққа қармалдық. Енді денеміз суға емес, терге малынды. Бірақ неге екені белгісіз, бұрынғыдай шаршадық деп, қиналу, басқарушының көзі қалт етсе, тасаға ықтау дегенді ұмыттық тіптен. Тыржиып, қабақ шытқан да ешкім жоқ. Әлдебір кепілділік серпін қанаттандырған секілді.
Енді ойлап тұрсам, сол серпін Шаншатайдан тарап, әсер етіпті бізге.
Біз масақ та тердік, лабогрейка шауып кеткен бидайды бауладық та. Күліп жүріп, жапыра қимылдадық. Ал кешкісін денеміз дел-сал болып, сабан төселген балағанның ішіне сұлай-сұлай кететін едік. Шынын айтсақ, шаршау деген қаперімізге кірмеді. Керісінше, жұмысты тез аяқтап, кеш болуын шыдамсыздана күтеміз. Ондағы ойымыз дем алу емес.
Иә, дем алу емес еді. Кешкісін біз Шаншатайдың әңгімесін тыңдайтынбыз. Ал оның білетіні көп еді, оның бәрі біз үшін жаңалық еді. Батыр пионер Павлик жөнінде де біз сонда алғаш рет Шаншатайдың аузынан естіп ек.
Ол әңгімені қалай айтады десейші. Кәдімгі бір шым-шытырық оқиғасы мол ертегі тыңдағандай әсерде қалатынсың. Ертегі көбіне жын-шайтан, дию-жезтырнақтарымен үрей шақырса, кейде түсіңе кіріп шошытса, Шаншатайдың әңгімелерін естігенде, тәтті бір қиял тербеп, сол қиял қайығыңда кейде жүзiп, кейде сол қиял қанат бітіріп, самғап ұшқандай болатынсың. Бірде: «Шіркін-ай, Павликтей пионер болсам!» – деген арман жетелесе, енді бірде сонау ну тайгада Комсомол қаласын салып жатқан аға-әкпелердің қасында жүрсемші деп ойға бататынсың.
Шаншатай әнші екен. Сыбызғыдай сиқырлы даусы құлағымда тұр әлі. Ол бізге көп ән үйретті. Енді біз ертеңгісін жұмысқа сап түзеп, ән шырқап баратын болдық. Кешкілікте үнмен ораламыз.
«Бір… екі… үш», – деп шырқаған әніміз Қызылқұрдың мөлдір тұнық ауасында әлі күнге қалқып тұрғандай.
Мен әкелген бояу қарындаштар да кәдеге жарады. Бір күні Шаншатайдың айтып көрсетуімен мен үлкен ақ қағазға «Кірпі» деп бадырайтып жаздым да, тұсына кірпінің суретін салдым. Ал сонан соң…
Сонан кейін оны Қызылқұрдағылардың көрмегені де, ондағы жазуды оқымағаны да қалмаған болар.
Алғашқы газетімізді жұрт тамақ ішетін бастырманың жалпақ діңгегіне жапсырғанбыз. Оқығандар қыран күлкіге батты. Қарғыс сөздер де шығып-шығып қалады. Бірақ жұрт дән риза. Алғыс қардай жауды.
– Шешектің тілі керімдəрідей ащы екен…
– Жә, өйтпе… Жұмыстан гөрі ұйқыны тәуір көретінің өтірік пе? Айтшы, кәне!
– Әй, мынау біздің Шәймен бе? Ойдәйт, дерсің! Тасбақаға мініп, жарбиюын шіркіннің.
– Бетім-ау, үлкен Жәкемді неғып қойған?
– Ха-ха-ха… ха-ха.
– Хы-хы… хі…
– Ой, айналайындар! Ой, көсегелерің көгерсін, көп жасағырлар! – деп, апамның иіріп қойған шуда жібіндей домалана қалған бригадиріміз батасын да, алғысын да жаудырып жүр. – Міне, жігіт деп осыларды айт. Жұмыс та қолынан келеді, сауыққа да кенелтті. Енді, міне, жалғауларды қатырды білем.. Ой, айналайын!.. Ой…
Мұнан соң мен есірмей кім есірмек. Сөзге тоқтауы жоқ Бейсекүлге пысқырып қарар емеспін. Тіптен, оның да суретін салып іліп қоймақ ойым бар. «Бәлем, бір шыж-быж болсын!»
Бірақ мұныма Шаншатай тоқтау айтты:
– Бұлай етуге болмайды. Бейсекүл жалқау емес. Кіп-кішкентай боп алып масақты қалай тереді.
– Терсе ше? Ал тілі ше… шиқандай…– деп көріп ем.
– Болмайды! – деді Шаншатай шорт кесіп; – Тым мақтаншақпысың, ә?
Мына сөз инедей қадалды. Тасқындаған көңілімді басып тастады. Әрине, үнсіз жатқан қызбалық осы сәтте сумаң етіп шыға келді.
– Мен бе мақтаншақ? – дедім тіксініп келіп. – Сен өзің тым әлдекімсіңбе! Білдің бе? Мә, қағазың өзіңе…
Мен оралған бірнеше қағазды лақтырып тастадым да, сырт беріп жүріп кеттім. Осыныма өкініп опық жеймін-ау деу жоқ. Қыр көрсетіп барамын.
Шаншатайда үн жоқ. Түсі де өзгермеді. Ештеме болмағандай, шашылған қағаздарды жинап алды да, күркеге беттеді. Жас та болса, өзін қалай ұстайды десейші!
Сонымен, мен ол күні жұмысқа шыққам жоқ.
Үйге кетіп қалуға бірер оқталдым да, ол райымнан тез қайттым. «Қашқын…» деп балалар мазақтап жүрсе, қайтпекпін. Бейсекүлдің өзі-ақ бүкіл Қосарық пен Сұраттың өңіріне жайып бітер.
Кеудемнің түкпірінде: «Шаншатай менен кешірім сұрап жалынар» деген үміт шоғы да бықсиды.
Күн желкем болатын. Күндегі ашық аспанда қалқып жүретін ақша бұлттардың етегін әлдекім ыстаған тәрізді. Енді қара қошқыл тартып, тіркесіп көбейе түскен. Біреу үрлегендей ары-бері сеңдей көшіп жүр.
Мен қырманға тақау сабанның үлкен маясының түбіне бардым да, шалқамнан түсіп жатырмын. Бұлт арасынан сығалаған күн сәулесі оқта-текте маңдайыма шақырая қадалып, көзімді еріксіз жұмдырады да, қайтадан кері серпіледі. Бұл сәтте көлеңкемен бірге салқын леп бетімді сипайды.
Жейдемнің омыраулығы ашылып кеткен. Кеудем жалаңаш. Аяғымды созып жіберіп, балбыраған рақатқа батқандай әсердемін. Астымдағы сабан жұп-жұмсақ.
– Ей, жігітім, бұл не жатыс? – деген қарлыққан дауыс жұмған көзімді ашқызды. Қарасам – бригадир. Көк шолағының еріне бір жамбастап отырып, маған шұқшия қалыпты.
– Е-ей, мынау суретші Ертай ма? – деді мені енді танығандай. Жүзінде таңырқау бар. «Мәссаған, мен суретші атанғанмын ба?»
– Е-ей, неғып жатырсың? Бір жерің ауыра ма? – деді ол көтеріліп отырған маған бір түрлі ет-жүрегі елжіреген адамдай.
Не дерімді білмедім. Аузыма түскені:
– Ішім, – дедім тыжырынып.
– Ой, қызталақ, ауырған адам өстіп жата ма екен?
– Күнге қыздырынып.
– Кәне, тұр, – деді бригадир. – Кәне, менің күркеме жүр. Сонда көрпе-жастық бар, оранып жат.
Амал жоқ. Сау басыма сақина тілеген өзім. Сөлбіреп, бригадирдің алдына түстім.
Сол күні кештi батыра алсамшы. Әшейінде шатынап тұратын бригадир де сол күні мейірімді бола қалыпты. Көрпеге қымтап орап, қос басында жүретін Ләйлім деген кемпірге атап тапсырды.
Жазғы шілдеде пысынап, жүн салған қалың көрпеге оранып жатып көр. Ұрты ішіне кіріп, иегі шошайып, көзі шүңірейіп кеткен сойдақ тіс кемпір корғаштап қасыңда отырса, не істер ең?! Тозақтың өзінен артық болмаса, кем емес.
Апатайды да, әжетайды да тыңдар емес. Қыбыр етіп қозғалсаң болды, дереу көрпеге жармасып қымтай бастайды. Мұны білсем, Бейсекүлдің суретін саламын деп не әкемнің құны бар.
Балалар не десе, о десін, мана қолымды бір сілтеп ауылға кетіп қалуым керек екен. Осы кезде бригадирдiң «суретші жігіт» деген сөзі есіме түсті. Бригадир айтты дегенше, менің өнерім ауызға ілініп, бүкіл ауылға жайылды дей бер. Дәл қазір көрші қатындар әжемді ортаға алып, немерең суретші болды деп бізден қорып сақтап жүрген қарындағы майдың аузын аштырмасына кім кепіл. Біздің ауылда еріннен шыққан сөз от тиген қау секілді лап ете түсетін әдеті ғой. Осындайда әлгі Шаншатай айтқан сонау Мұзды теңізге безіп кетсең, шіркін.
«Түу, тағы да Шаншатай ретсіз жерде ауызға ілігуін! Жә, мен енді оған жоламаспын. Өзінше кісімсіп… Ол менің қандай екенімді білмейтін болар!»
Мен көрпені басыма тарта жамылып, саңылауынан көңілді бей-жай етер ми қажайтын ойлар кірмесін дегендей тұмшаланып алып едім, тарамыс кемпірге жан біткендей:
– Қарағым-ай, тер шығайын деді ме? Көп тыпыршып ең, жаныңа қатты батқан ғой. Енді тыншисың, – деп, бәйек ұрды да қалды. Ішімнен кіжініп мен жатырмын. Тұра салып, сыртқа безіп кетейін десем, мына кемпірдің тіріде айрылатын түрі жоқ. Бригадирдiң сөзі дәл құдайдың өзі берген жарлық секілді оған.
Көзім ілініп кетіпті, әбден су-су болып терлеппін. Күркенің іші қараңғы тартқан. Қасымда күн ұзақ күзетіп отырған кемпір көрінбейді. Күркенің алдында әлдекімдер сөйлеседі. Мына шіңкілдек дауыс, әрине, Бейсекүлдікі. Не дер екен, құлағымды түрдім.
– Жіберіңізші, бір-ақ ауыз сөзім бар, – деп жалынады ол. Күбірлей сөйлеген дауыс кемпірдікі:
– Жібермеймін, мазасын алма, күн ұзақ дөңбекшіп, әлгінде ғана тыншықты.
– Ол сап-сау, – дейді Бейсекүл күліп. «Мәссаған безгелдек! Менің өтірік ауруымды Шаншатай айтқан ғой, шамасы». Енді Шаншатайға деген жыным қатты қозды. Дәл қасымда тұрса, тұмсығын бұзар едім.
Кемпір ашуға мінді.
– Шіңкілдемей бар әрмен, о несі, түге, бірінен соң бірі келіп.
Е, басқа балалар да келген екен ғой. Қап, мына кемпірді-ай!
– Ертай, – деп дауыстады Бейсекүл.
«Ә, – дей жаздап, аузымды баса қойдым. «Мұның не?» – деп кейідім өзіме-өзім. – Шалқиып жатысың мынау. Мені жұрт ауруға санады. Соның өзі дұрыс емес пе?»
Тыңдап жатырмын. Кемпір есік алдынан кетер емес. «Бұл шіркін тамақ ішпей ме?» Осы кезде менің ішім шұрылдады. Таң атқалы нәр татпасаң, қарның ашпақ тұрмақ, қабысып қалар. Мана бригадирдің:
– «Көзің ауырса қолыңды тый, ішің ауырса аузыңды тый» деген. Жігіт емессің бе, бүгінше шыда, – дегені бар.
Бірер рет суыған қызыл күрең шай бергені болмаса, күн ұзақ кемпір нәр татырмады.
Енді неде болса, түнді күтпек болдым. Ендігі байлам – тысқа шығам деу, сонан соң тайып тұру.
Тағы да біреулер күңкілдесті.
– Әже, мен Ықсанмын ғой, кірейін бе?
Кемпір сөзге келмей жалпақтап:
– Кіре ғой, ақырын.., ұйықтап жатыр, – деді сыбырлай сөйлеп. – Оятпа.
Көрпені қымтай түстім.
– Әй, Ертай, – деді Ықсан қасыма келіп. Мен үндемедім.
– Оятпа, – деді біреу. Опырмау, бұл Шаншатай ғой. – Мана жүзі тым жабырқау еді. Қатты ауырып қалмаса нетті. – Даусында қатты қамығу бар. Әлгінде ғана жазғырып ем. Тіпті төбелеспек те болдым-ау. Әй, осы ұшқалақтығым-ай!
– Жәй ауырған болар, – деді біреу.
– Кім білсін… Мен оған әдейі «Октябрь балаларын» әкеп ем.
Құлағым елең ете қалды. Пионерлердің сонау Алматыда шығатын осындай газеті барын естігем, оны Шаншатайдың өзі айтқан.
«Ол газетте өлең де, әңгіме де, суреттер де басылады. Сен суретті көп сал. Жақсысын сонда жібереміз, сөзсіз басады», – деген болатын.
Енді, міне, сол газеттерді алып келген. «Айтпақшы, сонда бұл бүгін ауылға барған болды ғой. Әйтпесе, газет бұл араға қайдан келмек?»
– Жазылар, – деді Ықсан. – Ұйықтап жатыр ғой.
– Жазылса, жақсы болды, – деді Шаншатай. – Мен бүгін оны ренжітіп алып ем. Енді сөйлеспес те.
– Қайда барар дейсің. Өзіміз білетін Ертай ғой.
«Әрине, – деймін мен іштей. – Қайта мен ренжіттім ғой сені. Тұра салып, айтсам ба екен… Түу, осы жеңілтектігім-ай!»
– Мазасын алмайық, – деді Шаншатай, – ұйықтасын.
Енді маған ұйқы келер ме? Желіктіріп кетті емес пе! Жоқ, енді жату… Бірақ екінші ой дымымды құртты. «Бүкіл жұрт сені ауру дейді. Мұның не?»
Сол түнгі өзім тілеп алған «азапты» бастарыңа бермесін!
«Әзілі ме, шыны ма?»
Ызғарлы қыстан кейінгі әсем жаздың хабаршысы секілді көктемді ала келетін ала бауыр қарлығаштай «Октябрь балаларын» қолдан-қолға тигізбей жабыла оқыдық. Шаншатай әкелген сол газет бізге жаңа бір қымбат дос тауып бергендей болды. Сол газет бетінен өзіміз секілді Амантай, Әзілхан, Құрманғали деген балалардың суреттерін, жазғандарын көріп, менің де кеудеме әлдебір шоқ түскен еді. Оның үстіне Шаншатайдың айтқаны жел беріп, әлгі шоқты маздата түсті. Мен енді қолым сәл босаса болды, суретті төпелеп сала бастадым. Сурет маған енді жай ғана ермек емес, арманымның бастау көзі болып көрінді. Салғандарымды дәйім Шаншатайға көрсететінмін. Оның аузынан «нашар» деген сөз шықпайтын. Бірақ «жақсы» деуге де сараң еді. Көбіне: «Мынау былай болса қайтеді?» – деп арғы шешімін өзіме тастайтын. Тек бір жолы ғана:
– Мына салған суретіңдегі бала жақсы екен, – деді «Октябрь балаларын» оқып отырған баланың суретін көріп.
– Әрине, жақсы болуға тиіс. Бұл пионер ғой, – дедім мен, оның мақтау сөзіне есіргендей көзім жайнап.
– Пионер дейсің бе? – Ол астыңғы ернін сәл жымқыра тістеніп, басын сәл қисайтыңқырап, ойлана қарап тұрып қалды.
– Иә, – дедім мен оның мына сұрағына түсінбей.
Ол маған қарады.
– Пионер болса, галстугі неге жоқ?
– Түу, сол ма, – дедім, енді көңілім жайланып орнына түскендей. – Ол оңай ғой, қазір-ақ жасай саламын.
– Қағазға салу оңай ғой, – деді ол қабағын сәл шытынып. – Бірақ бұл бала нағыз пионер ме сонда?
Мен мына сұраққа түсіне алмағандай иығымды қомдадым.
– Енді не керек? – дедім солғын үнмен. – Өзі газет оқып отыр. Өзінің ұқыптылығы да байқалады. Тазалықты да сүйеді. Қарашы жақсылап.
– Көріп тұрмын. Бірақ галстугін ұмытыпты ғой.
– Түу, – дедім күліп, – ұмытқан ол емес, мына мен ғой.
– Әңгіме де сонда, – деді Шаншатай, – жақсы пионердің суретін салу үшін, әуелі өзің де сондай болсаң ғой.
Мына сөз маған тікенектей тиді. Шамданып қалдым.
– Сонда?
– Сен жақсы баласың. Мен сені бір көргеннен ұнатып, дос болуға ұйғардым. Сен еріншек те емессің. Өтірігің де жоқ. – Әнеукүнгі өтірік ауырғанымды шынымен-ақ білмеді ме екен. Ал ана қу бригадир сезіп койды. «Іші ауырған адам түзге жиі жүгірер болар. Сен түні бойы аяғыңды серіппей пырылдап ұйықтадың да жаттың, – деп еді ғой ертеңгісін қарқ-қарқ күліп. – Жә, жарар. Ана суретті қатырып салғаның үшін бұл жолы дымым ішімде болсын». Әбиір болғанда ши сөз шыққан жоқ еді. Мен Шаншатайдың көзіне қарап ем, жанарынан жымысқылық көрмедім. – Өнерің де бар. Балалардың айтуынша, оқуың да жақсы екен. Бірақ сонда да мен сендерді пионер дей алмаймын.
– Неге?! – Даусым ышқына шықты. Талай кештерде Павликтей нағыз пионер болуды қиялдап, арман толқынына жүзгенімде дәл мынандай сөз естимін деген жоқ едім.
«Сен өте жақсы баласың», – деді қайталай сөйлеп Шаншатай. – Шынымды айтсам бар ғой, мен сені жақсы көремін. Бірақ бір ғана түсінбейтінім – сенің мойныңнан келгелі галстук көрмедім. Әлде пионер болудан ұяласың ба?
Мына сөзге тіптен сасқалақтап қалдым. Бар ынта-тілегім, бар арманым жақсы пионер болып, коммунистей атаның нағыз жеткіншегі, комсомол ағаның арқа сүйер інісі болып өсу емес пе!
– Галстукті, – дедім мен жүзімді төмен салып, – мектепке барғанда… мереке күндері…
Шаншатай басын шайқады.
– Галстукті қашанда жарқырата байлап жүру керек. Көрсін жұрт!
Сол күні Шаншатай маған значогі мен галстук берді. «Мұны қайдан алды екен?» – десем, әнебір мен ауырған күні оның ауылға барып қайтқаны рас болды. Газетті де, галстукті де сонда әкепті. Маған берген галстугі су жаңа. Оны қысып қоятын значок те жарқырап тұр. Оның бетіндегі үш жалын лапылдап тұрған секілді.
– Қалаға барғанда алып ем.
– Мұны енді мен сенің көзіндей көріп жүремін, – дедім Шаншатайды құшақтап. «Кұдірет» салды ма аузыма бұл сөзді, кім білсін, Шаншатаймен күтпеген жерде айрылысатынымды білгенде, тілім шіріп түссе де, айтпас едім-ау бұл сөзді!
Сол барғанында Шаншатай біздің үйді-үйімізге кіріп, ескірген киімдерімізді де алып келген болатын. Және де жалғыз оралмай, бұл жолы да бір топ баланы ілестіріп әкеліпті. Соның ішінде сорайған Иманбек те бар.
Енді біз егіс басына мықтап орныққандай едік. Бригадиріміздің екі езуі құлағында. Мені көрсе, жымың етіп, көзін қысып қояды. «Ішің қалай, балақай?» Жерге кіріп кете жаздаймын. Еріксіз езу тартқанcимын: «Ж-a-қ-сы!» «Eе, онда дұрыс!» – деп күндіз-түні үстінен түспейтін қыршаңқы көк шолағын тебініп қойып, қамшысын білемдеп сілтеп, әлдекімдерге айғайлап кете барады.
Екі арада қабырға газетіміздің тағы бір санын шығарғанбыз. Бұл жолы сыннан гөрі мақтау басым болды. Екпінділердің аттарын қызыл бояумен бадырайтып жазып, өлеңмен құттықтадық. Сондағы өлеңіміздің түрі мынадай:
Жәмила апай қайратты,
Еңбек десе жанады.
Орағы, әне, жарқылдап,
Алда кетіп барады.

Апайдан үлгі алыңдар,
Астықты жаппай орыңдар!
Өлеңді жазатын Шаншатай, осындай өлеңдерінің өзіне бәріміз мәз-мейрам боп қалатынбыз.
Осы жолғы газетімізге Бейсекүл де ілінген. Мен оны жамандайын деп, Шаншатаймен ренішке келсем, енді оны мақтап жазуыма тура келді.
Еңбек десе жайнаған,
Бейсекүл – жас пионер.
Масақ терген ерінбей,
Бейсекүл – біздің нағыз ер!!
Бұл өлеңді де жазған Шаншатай. Ал мен болсам, газет бетіне ішім удай ашып отырып көшірдім. Жаңа ғана табысқан Шаншатаймен со қызға бола тағы да ренжіскім келмеді. «Мұны көрсе, тақылдап, құлағыңның етін жеп, төбеңде ойнар әлі», – деймін іштей. Айтқанымдай-ақ, мұнан кейін Бейсекүл тіптен сөзге ырық беруді қойды.
– Мықты болсаң, газетке шығып көр, – дегенді шығарды. Біреу бірдеңе десе: – Кел, жарысасың ба? – дейтін болды.
Несін жасырайық, Бейсекүл масақ теруге шебер-ақ еді. Талдырмаш денесі мен сүйрік саусақтары масақ теруге әдейі жаралғандай. Шіркіннің, қолы-қолына жұқпайды-ау!
Онымен жарысқа түсуге, әрине, ешкімнің батылы бармайды.
«Сені мақтағаны дұрыс», – деседі ақыры.
Сол Бейсекүл кеше кешкісін сурет салған менің қасыма келіп, біраз отырғанды. Салған суреттерімді де көрген.
– Мұншама көп суретті қайтесің? – деп сұраған.
– Газетке жіберем, – дедім мен алаңсыз көңілмен.
– Қай газетке?
– «Октябрь балаларына».
– Дәмесін қарай гөр. Пшту! – деп ернін шүйіріп, сықылықтап күлген еді ол. Мына сөз шымбайыма батып, кеудемдегі намысты осып түскен еді. «Қап, бәлем!»
Сонымен, жұрт таңқаларлық керемет сурет салуды ойландым. Түнімен осы ой қажап, дөңбекшіп шықтым. Соңғы күндері балалар кешкісін ойын ойнайтын. Сондағы ойынымыз: «Орамал тастамақ», «Ақ сүйек», «Жасырынбақ»…
«Орамал тастамақта» көбіне жүгіретін де, соққы жеп қалатын да Шаншатай. Бірақ ол бұған ызаланбайды. Сықылықтап күліп, мәз болады. «Жасырынбақты» да ойнайық деген өзі. Оған Иманбектен басқа балалар тартыншақтаған. Неге өйтетінін айтпады. Соның бірі – мен. Сонау бірдегі «Шайтанның отынан» жүрегіміздің қалай запыс болғанын қалай айтпақпыз. Сонда от біресе шалқып, біресе сөніп, біресе алыстап, біресе жақындап, үрейімізді ұшырған. Оның үстіне сол күні Иманбектің әңгімесі де ұшық болса керек. Ол Сүлеймен деген нағашысын шайтан айналдырып, жынданып кеткенін айтқан. Мұны естіген Ықсан:
– Шайтан бар. Менің үлкен әжем көріпті, – деп онан әрі қыздыра түскен.
Сонымен, келесі күні жүректі деген бірнеше бала: «Біреу от жақса, күлі қалады», – деп кешегi от шыққан жерді тұспалдап барғанбыз. Ол ара бұзылған ескі үйлердің орны еді. Бірақ біз күл таба алмадық.
– Көрдіңдер ғой. Шайтанның оты ол, – деп бізбен бірге болған Иманбек онан әрі сендірген-ді.
Мен әжемнен сұрап ем, ол кісі: «Шайтан болады дейді ғой», – дей салған. Сонда ол неге көрінбейді?» «Кім білсін, – деген әжем. – Ет пен терінің арасында, адамның көңілінде жүреді дейді ғой. Құдайға күнәкәр болма, балам. Шайтан пәлекетті аузыңа алма».
Мұнан кейін денемді шымшылап көргенім бар. Бірақ әжем айтқан шайтанды таба алмадым.
Осы арада Бейсекүл жұлқынып шыққан (ол сол көктемде шайтан дегенімізді мазақтап күлген болатын, әліне қарамай өжет-ақ өзі):
– Бұлар шайтаннан қорқады.
– Шайтаннан?! – деген Шаншатай таңырқанып.
– Иә.
– Саған не жоқ! – деп, Оңалбек оның өрілген бұрымынан тартып қалды.
Бір бастаса тоқтамай тақылдайтын Бейсекүл онан әрі өршіп:
– «Шайтанның оты. Ш-ай-тан» деген өздерің емес пе? Айтам-ау, енді аңқауси қалыпты бәрі.
Шаншатай маған қарады. Мен күмілжіп жауап қатқан ем:
– Жәй әншейін… ойын ғой.
– Иә, саған, ойын! – деген Бейсекүл.
– Иә.
Шаншатай қарқылдап тұрып күлген-ді:
– Шайтан деген жоқ нәрсе. Ол бос қауесет.
– Онда ертегіде неге айтады? – деп еді Ықсан.
– Ертегі жай қиял ғой.
– Молаларда от жанады, өлгендер өкіреді дейді.
– Бұл да бос сөз.
Осы арада Иманбек киліккен сөзге:
– Сен босқа мақтанба. Егер ер болсаң, жеті түнде молаға барып көр.
– Мен мақтанып тұрғам жоқ, – деген Шаншатай салмақты үнмен. – Барсам, барамын.
– Мына мақтаншаққа қараңдар, – деп күлген Иманбек. – Неге болса да, бәстесуге бармын. Ал сенің мұның – бос сөз.
– Мен бәстеспеймін. Бәстесу – қорқақтың ісі, – деген Шаншатай. Айттым екен, барамын. Бос саудаласып керегі не. Оған мына балалар куә болсын.
Оның бұл сөзіне Иманбек шошынғандай болып, бақжиып тұрып қалған еді. Шаншатайдың екі сөйлемейтін бала екенi санасына енді кіргендей.
Сол күні біз жасырынбақ ойнауға шықтық. Кейіннен мен Шаншатайдан сыр тартып көрмек боп:
– Кей молада от көрінеді дейді ғой. О несі екен? – дедім.
– Бос сөз. Мүмкін, фосфор болар?
– Ол не?
– Ол химиялық қосынды дейді ағам. Сол қосынды адам сүйегінде көп болатын көрінеді. Сол фосфор кейде түнде жарқырап көрінеді.
– Қызық екен?
– Біз білмейтін нелер қызық бар ғой, Ертай. Сол үшін көп оқуымыз керек.
– Дұрыс айтасың…
Бейсекүлдің «пшту» деп мұқатуынан кейін жұмыстан бос кезде жатсам-тұрсам ойлайтыным – керемет бір сурет. Ақыры, Шаншатаймен ақылдастым.
Ол біраз ойланып барып:
– Сен Бейсекүлдің суретін сал, – деді. «Бейсекүлдің?! Мынау не айтып тұр? Жынданғаннан сау ма өзі?!» – Саған күн өткен жоқ па? – деп маңдайынан ұстадым.
Шаншатай көзін сығырайтып, қулана күліп:
– Сап-саумын. Ақыл-есім де дұрыс, – деді. – Мен шын айтып отырмын. Бейсекүлдің масақ теріп жүрген кезін байқашы. Суретіңнің атын «Орақта» деп қоясың.
Ол сол күлген бойы жүре берді. Мен аңқиып тұрдым да қалдым. «Мынау не деп кетті, ә? Әзілі ме, шыны ма?!
Өкініш
– Ертай.
Біреу ақырын сыбырлап, мені түртті.
– Ә-ә… О не-ей!
– Тc-cc… Ақырын сөйле…
Дауыс тағы қайталаңды.
– Ертай.
– Ә-ә…
– Үш-төрт күннен соң біз қайтамыз. Мұнда біз істер жұмыс қалмады да. Сен тыңдап жатырсың ба? – Дауысты енді таныдым. Шаншатайдың даусы. Күрке іші қараңғы. Сырттан соққан желдің сусылы естіледі. Бүгін түстен кейін күн жауып, біз жұмысқа шыққан жоқпыз. Мұндайда менің құдайым жарылқайды. Бос уақытым мол. Әнеугүні Шаншатай айтқан суретті салып бітіріп, көңілім жайланғандай болған. Салғаным Бейсекүлдің суреті. Қаншама екі ойлы болсам да, Шаншатайдың сол айтқаны жөн секілденіп, ақыры Бейсекүлге тоқтағам.
Мен бүгін ерте жатып қалғам. Жұмыстан ба, әлде миды ашытып көп ойлағандықтан ба, шаршағандай сезінгем өзімді.
Енді, міне, Шаншатай оятты. Сыртта жаңбыр басылса керек. Себебі төбемнен тырс-тырс тамған тамшы жоқ. Бетіме Шаншатайдың демі тиеді. «Бүгін қасыма жатқан екен ғой».
– Сен қалай дейсің, егерде кетерде колхозшыларға ойын көрсетсек?
– Ойын! – Басымды көтеріп алдым.
– Т-с-с… – Алақанымен аузымды жаба қойды.
– Сен әуелі тыңда… Біз олардың алдына шығып, әуелі қосылып өлең айтамыз. Бейсекүл жақсы тақпақ біледі екен. Мен бір-екі ән айтып берем. Сосын ойын қоямыз.
– Ол не… «Жасырынбақ» па, әлде «түйе-түйе-түйелер» ме?
– Жо-о, ол емес, – деді Шаншатай тұншыға күліп. – Ойын дегеніміз кәдімгі біріміз бай, біріміз кедей болып ойнайтын ойын.
– Е-е…
Ондай ойынды көрмек тұрмақ, бұрын естіген де емеспіз. Әне бір күні Шаншатай бәрімізге айтып сілекейімізді шұбыртқан: «Мұхтар Әуезов деген дөй жазушы бар. Соның «Айман – Шолпан», «Еңлік – Кебек» деген пьесалары бар. Әулиеатаға барғанда көрдім». Ол бізге оқиғасын жыр қылып айтып берген еді.
Енді келіп Шаншатай сондай ойынның сирағын шығарғаны маған сайқымазақ күлкі тәрізді көрінді…
– Қалай дейсің?
– Әй, ол біздің қолымыздан келе ме? Жұрт мазақ етпей ме? Сен ойын көрген Әулиеата қайда, біз қайда.
– Сен әуелі тыңда. Біз өзімізге лайықты ойын қоямыз. Мен «Бауырсақ» деген шағын пьеса әкелгем. Ол мына біз секілді балаларға арналған. Тек сен осыған жарайды десең, басқа балаларды да екі жақтап көндірер ек.
– Tфу! Білмейтін пәлең жоқ екен өзіңнің!
Мен Шаншатайды құшақтай алдым. Осылай құшағымыз ажырамай ұйықтап, таң атқан соң, әлгі «Бауырсақты» бар балалар бірігіп оқып шықтық.
Шағын ғана күлдіргі пьеса екен. Оқып шығып, қыран күлкіге баттық. Сонымен, біздің өмірімізге тағы бір жаңалық енген еді. Күні кеше шаң кешіп көше кезетін, күн батса, бақшаға түсіп қауын-қарбыз ұрлайтын, көлшіктегі лай суға түскенде гана басы бірікпесе, жаз күндері шашылған тарыдай бытырап жүретін «сабаздар» енді оқта-текте жұдырықтасуға да мұршалары келмей, «пақыр» болды да қалды. Енді олардың күнделікті тірлігі де, ермегі де өзгерген еді. Біз Қызылқұрдан кетерде көпшілікке «Бауырсақты» көрсеттік. Бауырсақ болып мен ойнаған ем. Сол кештегі алған алғысымызда қисап жоқ, қуанышымызда шек жоқ.
Көңіліміз осылай тасқындап, ауылға қайттық. Мен Бейсекүлдің суретін салғанмын. (Әрине, өзіне көрсеткен жоқпын). Ол суретті Шаншатай алған. Айтқаны: «Келдібай ағаммен ауданға беріп жіберем. Ол кісі почтаға салады».
Енді мен екі көзім төртеу болып, суретімнен хабар күтудемін. Шаншатай: «Сөзсіз басады», – деп, мені әбден сендірген.
Ауылға келген соң, баяғыдай бытырап кеткеніміз жоқ. Күнде ертеңгісін ешкім айтпаса да, қос теректің қасына жиналамыз. Осы арада бір күнді қалай өткізуді жоспарлаймыз. Ешкім атап сайламаса да, Шаншатай біздің командиріміз секілді. Көбіне соның айтқаны болады. Иманбекке дейін қыңқ ете алмайды.
Бірте-бірте біздің қатарымыз көбейе берді. Тіпті боқмұрын Ержанның қатарластары келетінін қайтерсің. Олар біз сапқа тұрып өлең айтқанымызда артымыздан шаңды көбейтіп топырлап еріп жүргені. Бір жолы қуып жібермек болып ек:
– Неге қуасыңдар? Бұлар да үйренсін. Бұлар сендердің жеткіншектерің. Бұлар – октябряттар, – деді Шаншатай. Ол сөзімен қоймай, келесі күні қатты қағаздан бес жұлдыз жасап, оны қызылмен бояп әкелген екен, Бейсекүл екеуі Ержандардың кеуделеріне қадап берді. Мұнан кейін Ержанды көр!
Байлар мен молданы,
Қойдай қу қамшымен, –
деп, үйдің маңына келген иттерді тырқыратып қуып әндетіп жүргені. Өзі пәле деймін! Лезде-ақ біздің әніміздің бәрін үйреніп алды. Бір жолы әжем ши барқыттан маған әдейілеп тігіп берген сумкамды сүйретіп:
Қағаз-қалам.
Қолға алам.
Еңбекші елге барғанда,
Шам боп жанам, –
деп әндетіп жүр екен.
Әй, бәлемді ұстап алып, сыбағасын бердім-ау!
Бірақ келесі күні барлық балалар мектеп қасына жиналып тұрғанымызда, Ержан:
– Шаншатай, мені Ертай ұрды! – демесі бар ма. – Өзі Пионер, өзі ұрады.
Балалар маған жалт қарасты. Әй, сондағы ұялғаным-ай! Ержан тақылдап:
– Ұрдың ғой. Құлағымнан бұрадың ғой. Төбемнен шерттің ғой…
Қояр емес.
– Енді сені ұрмайды, – деді Шаншатай. – Ал бүгін Ертай сол үшін жаза тартып, сапқа тұрмайды.
Ол кезде балалардың қатарында сапқа тұрмау біз үшін ең ауыр жаза еді. Тумысымда таяқ жемей-ақ шаршы топтың алдында жылағаным сол болар…
Біз бір мезгіл сапқа тұрып өлең айтсақ, бір мезгіл мектепті жөндеу жұмысына қатысатын болдық. Көлшікке барып суға түсеміз. Су басында отырып кітап оқимыз. Бізге өте ұнайтыны Қалмақан ағайдың «Амантайдың ауылы».
Кешкісін, әрине, ойын. Шаншатай үйреткен доп қуу ойыны үлкен-кішімізге қатты ұнаған-ды. Ол кезде резеңке доп бізде жоқ-ты. Сондықтан жүннен жасаймыз. Кейде арасына тас салсақ, таяқпен соққанда тіптен зымырап ұшады.
Біздің бұл ойынымызға кәдімгідей жігіт боп қалған Нығмет, Айымхан, шашы дудырап Күлдәріге дейін қатысатын. Оларға іш тарлығымыз жоқ, қайта бұл ойынға адам неғұрлым көп қатысса, соғұрлым қыза түседі. Тек кейде Нығмет допты кезексіз ұрамын деп, ойын шырқын бұзады. Оған «сенiкi жөнсіз» деп айтуға батпаймыз. Біріншіден, жұдырығы қатты. Екіншіден, «шайтан арбасына» мінгізер деген үміт бар әркімде. Сондықтан мұндайда сенеріміз – Шаншатай. Бірақ ол да көбіне үндемейді, неге екені белгісіз.
Нығметке Бейсекүл ғана батыл. Кезегі келгенде таяқты оның қолынан жұлып алады, немесе шап етіп жармасады.
– Ұятың жоқ екен, түге. Әкел таяғымды!
Кейіннен байқадық Айымхан ойынға келгенде Нығмет қойдан да жуас, момақан. Оңалбек маған бірде: «Махаббат», – деген қулана жымиып. Ол Иманбек пен Күлдәрі қатар тұра қалса да, осы сөзді айтатын.
Бір жолы ол:
– Иманбектің мысы құрып жүр, – деді.
– Heгe?
– Мектеп жөнделіп жатыр.
– Онда не тұр?
Оңалбек мырс-мырс күлді.
– Менің әпкеммен оңаша кездесе алмай жүр.
О, аңқау басым! Анада таяқ жегенде Күлдәрi қайдан сап ете түсті десем.
Тымпиып алып Оңалбек те қу-ау деймін. «Үндемегеннен үйдей пәле шығады», – деп әжем текке айтпаса керек.
***
Мен ол күні түстен кейін үйден шықпадым. Жұмыс басындағы шешем келіп, кір-қоңымызды жуамын деп, үстіміздегі бар лыпамызды сыпырып алды да, Ержан екеумізді көрпеге орап, жатқызып қойды.
Шешеміздің мінезі қатал. Оның алдында көкем де (әкем) қыңқ дей алмайды. Ал біз қоянның көжегіндей көзіміз жәудіреп, моп-момақан боламыз да қаламыз.
Шешеміз келгелі бері күңкілдеп ұрсып жүр. Сондағы айтатыны:
– Зердесі жоқ мұның (онысы – мен), жалғыз киер киімін құртып. Елдің бұл секілді балалары тіршілік етіп жүр. (Бұл қашанғы айтатын сөзі. Тіпті Ержанға да соны айтады. Оған құлағымыз үйренген, мұның бәрі зілсіз ашу).
Келесі күні шешем таң қылаң бере, жұмысқа кетті. Әжем біз не істесек те, беттен қақпайды. «Ой, өркендерің өскірлер»,– деп отырғаны.
Мен ерте тұрдым. Ауызғы бөлмеде тайқара қазан бар. Оның ішінен не айран, не сүт арылмайды.
Тұрған бетте қазанға барып қақпағын ашып ем, бетіне сап-сары қаймақ тұрған айран бар екен. Жалма-жан тостағанды салып жіберіп, аузыма әкеле бергенім сол еді.
– Ертай! – деген Бейсекүлдің даусы шықты. Ышқынған үрейлі дауыс.
Атып шықтым сыртқа. Өңі боп-боз болып Бейсекүл түр. Қасында – Ықсан. Онда да өң-түс жоқ.
– Шаншатайды өлтіріп… – деді Бейсекүл, безгек болған адамдай ерні дірілдей.
– Не дейсің?!
Тұра жүгірдім. Бұрын Келдібай ағайдың үйінің маңынан жүруден батпаушы ек. Енді сол үйдің алдына қалай жеткенімді білмеймін.
Есік алдында Жамал апай тұр екен. Өңінен үрей байқалмайды. Бізді көріп:
– Шаншатайға келдіңдер ме? – деді. Басымызды изедік. – Оны ағасы мана апасына әкетті.
Біз әлі тұрмыз. Сұрауға тіліміз күрмелгендей.
– Қорқатын ештеңе жоқ, – деді Жамал апай езу тартып. – Байқамай қатты жығылып қапты.
Көңіліміз орнына енді түскен секілді. Мен Бейсекүлге наразы қабақпен қарадым: «Қашанда желөкпесің-ау осы!»
Біз бұрылып жүре бергенде, Жамал апай:
– Ертай, – деп шақырды мені – ұмытып барады екем. Шаншатай саған бер деп еді. – Жамал апай маған үйден газетке оралған бір бума алып шығып берді.
– Рақмет, апай!
– Оның тағы бір айтқаны, – деді Жамал апай, мені сәл бөгеңкіреп, – саған Теке шалға жолығып тұрсын деді. Ол кісіні білесің бе?
– Білем.
Әншейінде Бейсекүл: «Бұл не?» – деп қолымдағыға жармасар еді, қазір үндемеді.
– Жамал апай жасырды, – деді ол солғын үнмен күрсініп. – Шаншатайды түнде ұрып кеткен.
– Кім? Неге?!
– Не де болса мұны Оңалбек біледі, – деді осы кезде Ықсан. – Жүр, өзінен сұралық.
Оңалбек мынаны айтты:
Кеше балалар доп ойнап, әбден ымырт үйрiле тарқапты. Ең соңдарында Шаншатай, Ықсан, Оңалбек қана қалып қойыпты. Бір кезде қайдан сап ете түскенін кім білсін, ентігіп Иманбек кепті. (Ол екі күннен бері көрінбеген).
Ол келген бойда-ақ Шаншатайға:
– Анадағы сөзіңді ұмытқан жоқсың ба? – деп сұрапты.
– Ол не?
– Бәсе, қорқақсың деп ем ғой.
Ол кекетіп қарқылдап күлген.
– Әуелі айтсаңшы.
– Молаға барам деп ең ғой.
– Иә, айттым.
– Ол сөзіңнен қайтпайсың ғой?
– Қайтпаймын.
– Онда, – депті Иманбек, – бүгін, батыр болсаң, барасың. Ай қараңғы. Дәл дер кезі.
Шаншатай иығын қозғаң еткізіп:
– Жарайды, – деп келiсiптi. – Қашан барайын?
– Оны өзім айтам.
– Сонымен, – деді Оңалбек, – Шаншатай мына Ықсан екеумізді үйге қайтарып жіберді. Өзі де үйіне кетті.
Мен үйге келіп, тамақ ішіп, ақыры не боларын білмек боп ұйықтамай отырдым. Бірақ қалғып кетіппін. Бір кезде Күлдәрі келіп оятты. «Әй, – деді, – сенің ана батырыңды жын соғып кетіпті?» Ұйқылы көзбен әуелi түсіне алмай, артынан: «Кім айтты?» – деп ем, «Иманбек көріпті», – деді.
Тысқа шықсам, таң сарғайған екен. Жүгіріп Келдібай ағайдікіне келдім. Ағай киініп жүргелі тұр екен. Арбада Шаншатай жатыр. Бет-аузын ақ дәкемен шандып байлап тастапты. Мені көріп, ақырын жымиды. «Балаларға айтпай-ақ қой», – деді. Сосын үйге келдім. Жатсам, үйықтап қаппын.
Оңалбектің мына бір қаннен-қаперсіз мүләйімсіп тұрғанына жынымның қозбасы бар ма. Әлгі арада түтіп жеп жібергім кеп, кіжінген бойы ұмтыла беріп ем, менің кейбір оқыс мінезіме сырқанық әккі болған Оңалбек Бейсекүлді тасалай берді. Осы арада Бейсекүлдің әнеубір күні: «Қит етсе, жұдырығыңды ала жүгіресің. Өзің тағы да пионерсің!» – деп тамам балалардың алдында қызартқаны есіме сап етті.
Қазір Оңалбекті жәбірлесем, Бейсекүлдің күні ертең баттитып бар баланың алдында масқараламасына кім кепіл. Бұрынғы сөзшеңдігінің үстіне соңғы кезде Шаншатайдың мақтауымен тым есіріп кеткен сияқты. Әйтеуір, ауыздыға сөз бермейді. Қайсарлығы өз алдына.
Оның үстіне Оңалбекті де аядым. Қой аузынан шөп алмастың өзі. Оны ұрғанда, дәл осы арада болған іс бәз қалпына қайта оралар ма? Босқа ренжітіп қайтем?
Сондағы бар айтқаным:
– Ноқайсың ғой, ноқайсың. Өзіңде бір түйсік, саңылау болса ше? Маған келіп айтсаң ғой?!..
Бармағымды тістелеп, қатты өкінгенмен амал нешік! Көкейімді бір ғана сұрақ тесті де тұрды: «Келер ме екен?»
Теке қарт
Бұл кісінің шын аты Теке ме, басқа ма, оны осы күнге дейін білмеймін. Кемпір-шалдардан бастап жас балаларға дейін Теке қарттың аты аталса болды, жүздеріне күлкі үйіріледі. Ешбір зілсіз, кекету-мұқатусыз жылы күлкі.
Сөйлеген сөзі, болмаса, жүріс-тұрысы әлде түс-келбеті еріксіз езу тарттыра ма, оны мен дәл сол кезде аңғармаппын.
Әйтеуір, көк есегіне жарбиып мініп алып, анадайдан қарасы көрінсе-ақ болды, Ержан екеш Ержанға дейін:
– Теке шал келеді! – деп айғай салып, алдынан тұра кеп жүгіреді.
Ересек адамдар тығыз шаруасы болса да, оны қоя тұрып, Теке қарт қастарына келгенше күтіп тұрады.
Соған орай Теке қарт кездескен үлкенге болсын, кішіге болсын, өзі сәлем береді де, сонан соң көп жыл көрмеген адамдай хал-жайды сүрап, шұбыртып ала жөнеледі.
– Үй іші аман ба? Бала-шаға аман ба? – деп бастайды да, сол үйдің жалғыз күшігіне дейін халін біледі.
Мұндайда қағілез біреулер сұрау қойдырмай-ақ:
– Үй іші аман. Шаруа жақсы. Келініңіз сәлем айтты. Ала күшік ұйықтап жатыр. Сиыр өрісте, тауықтар жұмыртқалап жүр, – деп тақпақтатып барып, өзі сұрау қояды. Сондағы сұрайтындары:
– Ауданда не жаңалық?
– Дүкенде кездеме бар ма?
– Базардың нарқы қалай?
– Мәміле шай көзіңізге түспеді ме? (Бұл – әйелдердің сұрағы…)
Осының бәріне Теке қарт түгелдей сарқып жауап беріп шығады. Бұл кезде көк есегі тапжылмай мүлгіп тұрады. Шыр айналған тентек балалар тиіп-қашып түрткілесе де, қыбыр етпейді.
Бір қызығы: Теке қарт кеудесімен алға ұмтылып тебініп-тебініп қалғанда, көк есек аспанға қарап екі-үш рет ақырады да, тепеңдей жөнеледі. Онысы ұзаққа бармайды. Таяқ тастам жерге жете бере, қара жаяуына көшеді. Бұл кезде Теке қарт тағы біреулерге сәлем беріп, хал-жайын сұрап жатады.
Күніне жүз кездессең де, Теке қарт сәлемдеспей, амандық сұрамай кетпейді. Асығыс біреулер мойын бұрмаса да, соңынан:
– Әй, кемпіріңнің дені сау ма? Ақ тоқтыңның қотыры жазылды ма?..– деп айғайлап тұрғаны.
Бізді көрсе, тіптен қутыңдап:
– Сен әлгі әңгүдік Қанатбайдың баласымысың? Ой, айналайын, әкеңнің дені сау ма? Шешең қандай, ауырмай ма? Бетіңе қаспақты көп жағып алыпсың, апаңның айранын ұрлап ішкенсің-ау, ә?.. Әпкеңді ешкім айттырған жоқ па, әлі? – деп мылжыңдап тұрудан жалықпайды.
Кейде қысы-жазы үстінен тастамайтын қырық жамау көк шапанның сірне-сірне омырауынан қолтығына қолын сұғып, кір-кір бүктелген орамал суырып алады. Арасын жазып:
– Мә, мәмпәси жейсің бе? – деп, жіңішке шидің басына қондырылған жып-жылтыр тәтті ұсынады.
Оны көргенде көзің шоқтай жайнап, сілекейiң шұбырады. Шыдамсыз біреулер алмақ болып тап беріп қолын созғанда, Теке шал кеңк-кеңк күліп мәмпəсиді өзіне тарта қояды.
– Е-е, – дейді ол сүйір иегіндегі үш-төрт тал сақалы селкілдеп, – тегін жатқан дүние жоқ. Әуелі өнеріңді көрсет.
Батылдау балалардың бірі осы кезде қарттың алдына қасқиып тұра қалып, танауын қолының сыртымен оса бір сүртіп:
– Ей-й, айтыспаймын сенімен, тоның жаман,
Ей-й, қарға тұяқ секілді қолың жаман, –
деп әнге басып жіберсе, Теке шал мəз болады.
– Ой, иттің күшігі… Мә-мә… сенікі, – деп тәттіні бере береді.
Манадан батылсызданып, қысылып тұрған балалар осы кезде жан-жақтан жамырап:
– Ата, мен айтайын.
– Ата, мен билеп берейін!… – десіп, Теке шалды қаумаласады.
Бірақ Теке шал біреу-екеуден артық мәмпаси салып жүрмейді қойнына.
– Ата, бүгін тегін айтып берейін сізге, – дегенге де көнбейді. – Ата, мен тақпақ айтып берейін. Мәмпөсиді ертең берерсіз, – деп, несиеге айтпақ болғандарды да тыңдамайды.
– Бүгінге осы да жетеді. Барға қанағат қылыңдар, – деп, көк есегін тебініп қойып, жүре береді.
Бұл кезде біраз балалар әлі де дәметкен үмітпен оның соңынан шұбырса, біразы әлгінде конфет алған балаларды қоршайды.
– Маған бір сорғызшы!..
Әкелші, мен де бір тістейін… – Көк сақаны сұрап ең ғой, берейін!… – деп жалынып жатқаны.
Не керек, Теке шалдың қарасы көрінсе болды, балалар балға үйірілген шыбындай қаптап кетеді. Тәттіге қызықсақ та, сыр білдірмей шыдамдылық жасайтын біз секілді ересек балалар оның сөзіне құлақ түреміз. Аудан орталығының жаңалығы бізді де қызықтыратын секілді. Ішімізде ананы біліп кел, мынаны біліп кел, – деп шешеміз жіберетіндер де болады. Олар керек хабарды ести салысымен, үйді-үйге жүгіреді.
Қарттың тәттісінен үміт үзгендерге көк есектің қасында жүрудің өзі қызық. Шағын ауылдан ұзатып салып, көңілдері тынғандай, үйлеріне оралады.
Теке қарт – ауылдағы хат тасушы. Он сегіз шақырым жердегі аудан орталығына күнде қатынайды. Сондықтан осы ауылда жаңалықты көп білетін де сол. Ауданның базарын, дүкендерін аралап жүретін адамда мәмпәси болмай қайтсін. Оны алуға тиын керектігін, сол тиын Теке шалда бола бермейтінін біз ол кезде ойлаппыз ба? Теке қарт осы қара тірсек, қаспақ мұрын балаларға күніне мәмпәси әкеп беру үшін қолындағы жалғыз ешкісін сатып жібергенін де біз қайдан біліппіз?
Теке қарттың үйі ауылдан жырақта. Басқұдық деген жерде екенін білемін. Бірақ күні осыған дейін көрген емеспін.
Жамал апайдан Шаншатайдың сәлемдемесін алып, «Теке шалға жолығып тұрсын» деген хабарын естіген соң, көңілім алып ұшып, хат тасушы қарттың кешкісін келуін тосуға шыдамым жетпеді.
Оңалбекті ілестіріп, түске қарай «Басқұдық, қайдасың?» деп тартып бердім.
Біз тұрған жерге қырғыз Алатауы жақын болатын. Күн ашық күндері дәл төбеңнен төніп тұрады. Шілдеге дейін ғана ұшар басында қар жатады. Сонан соң тот басқан темірдің бетіндей күреңітіп біз жақ беті сақалы қырылған иектей сүйірленіп жып-жылмағай боп мелшиіп тұрғаны.
Басқұдық осы таудың етегінде екен. Ауылдан алты-жеті шақырымдай. Сайдың аузында болса да, ағып жатқан суды көрмедік. Шаңқиған күн өзімізді әбден қақтады да, терлетті де.
Айдаладағы жалғыз моладай жалғыз жапа там тұр, айналасын қураймен қоршап тастапты. Үйдің қасында мыжырайған қора.
Әріректе тұсалған тобылғы торы бір ат жайылып жүр. Көзім түсуі мұң екен, аузым аңқайып тұрып қаппын.
«Ауылды жердің баласы атты жақсы көреді», – дейміз ғой қазір біз. Меніңше, қай-қайсымызға болсын, аттың орны ерекше.
Өзім жасымнан атты сүйіп өстім. Кішкентайымда әкем маған бір құлынды бәсіре қып құлағына ен салған екен. Соның қасынан шықпасам керек. Тай кезінде үйретіп мініп, балалармен жарысқаным әлі есімде. Шіркін, қалың дүрмекке бүйірі қызып, көсілуші-ақ еді. Әлі де оны сағынам.
Амал не, әкем сол бір қысылтаң жылы сатып жіберді. Менің шырқырап жылағанымды көріп, мейірлі әжемнің көңілі бұзылып, әкеме жалынса да, көнбеді. Мен де әкеме ештеңе дей алмадым. Айбары жасқантты. Жылап-жылап, ақыры қойдым. Онан басқа қолымнан не келмек?
Жайылып жүрген ат менің сол тайымды көз алдыма елестеткендей. Шіркіннің сырт мүсіні қандай сұлу! Жотасы тұтас, мойны қысқа. Ұзын жалы Жібекше төгіліп тұр. Нағыз алысқа шабатын тобылғы торының өзі. Мұндай аттың мінезі байсалды келетінін жас та болсам, білетінмін.
Мен бұл үйге неге келгенімді мүлде ұмыттым. Аяғым еріксіз атқа карай жетеледі.
Атқа жақындай бергенде, көлеңкеде жатса керек, үлкен сары ит арс етіп тұра ұмтылды. Қорыққанымнан ба, болмаса «отырғанды ит қаппайды деген бір сөз миыма әбден сіңген бе, қарсы айбат көрсетудің орнына жалп етіп отыра кетіппін.
– Ойбай! – Ащы айғай шықты. (Оңалбек: «Айғайлаған – сен», – деп, мен: «Сенсің!» деп осы күнге таласып келеміз).
– Ақтөс! Кет, Ақтөс! – Қыз даусы естілді. Ұмтылған ит қаһары дым өшіп, айналып жүре берді.
Қолында газет бар бір жас қыз қарсы алдыма келе қапты. Оның лезде қайдан шыға келгенін аңғармадым.
– Ақтөс қауып ала жаздады ғой. Байқамайсың ба? – деді қыз маған күлімсірей қарап.
Аққұба дөңгелек жүзді, жасы мен шамалас, бейтаныс қыз. Үстінде қызыл гүлді, сарғыштау көйлегі бар. Аяғында ақ брезент туфли. Көйлектің етегі ұзын емес. Тізесінен сәл ғана түсіңкі. Шұлығы қысқа (оның носки екенін кейін білдік). Мойнында галстук. Жуан бұрымды ұзын шашын желкесінен асырып арқасына тастапты. Шашы қап-қара. Көзі ботаның көзіндей дөп-дөңгелек, мөп-мөлдір.
Айдаладағы кішкентай тапал тамның қасынан мен сұлу атты, әдемі қызды кездестіремін деп, ойладым ба екен? Ғажап!
– Жолдасыңыз ба анау қашып бара жатқан? – деді қыз қолын шошайтып.
Қыз нұсқаған жаққа қарасам, Оңалбек әлгінде біз келген жолға түсіп алып заулап барады.
– Оңалбек! Оңалбек! – деп, қолымды бұлғап айғай салдым.
Ол жалт қарады да, тоқтай қалды. Сонан соң әлденені жоғалтқан адамдай жерге шұқшия, жан-жағын қарай бастады. Қыз алдында жолдасымды қорқақ көрсеткім келмей:
– Әлгінде сақасын лақтырып жіберіп ем. Соны іздеп жүрген болар, – дей салдым.
Бейтаныс қыз сенгендей шырай білдірді. Зады, мінезі көнтерлі болса керек. Бейсекүл секілді жеңілтектік көрсетпеді.
– Атама келдіңдер ме?
– Иә.
– Атың кім? – деді. Даусы ашық.
– Ертай, – дедім мен.
– Менің атым – Назым, – деді ол. Жатырқауы жоқ. Қолын ұсынды. Алдым. Саусақтары сүп-сүйір. Ұп-ұзын. Алақаны ып-ыстық.
– Атам үйде. Демалып жатыр. Асығыс болсаңдар, оятайын, – деді Назым.
– Жоқ, оятпа, – дедім мен қыздың қасында тұра бергім келіп. – Асығыс емеспіз.
– Ендеше, жүріңдер! – деді қыз, бізді тапал тамның сыртына қарай бастап. Бұл кезде Оңалбек те қасымызға келген еді. Қызды көрген ол, көзі шарасынан шыға, кірпіктері жыпықтап, аңырайды да қалды. Қыз оған да қолын берді. Атын айтты. Оңалбектің құты қашқаны соншалық өз атын өзі сасқалақтап айта алмады.
– Бір жеріңіз ауырып тұр ма? Оңалбек басын шайқады. – Өй, саған не болды? – Бүйірінен түрттім.
Біз қызға ілесіп, тамның ту сыртына шықтық. Қалқадан көрмеппіз, жүні жидіп түскен терідей тап-тақыр тастақ жердің үлкен үй орнындай бұрышы көкпеңбек. Теңкиіп-теңкиіп сары қауындар жатыр. Алақандай-алақандай жасыл жапырақтар жасыра алмапты. Бір шетте желісін кең жайған ақшыл көк өрнекті жапырақтардың арасынан ала бүйір қарбыздар көрінеді. Бақшаны жағалай жүгері, күнбағыс отырғызыпты. Кейбір күнбағыстың табақтай басы жерге иіліп кеткен, жүгерінің қияқ жапырақтары арасынан собықтардың қызғылт шашағы көрінеді.
Бақша үлкен болмаса да, осының өзі бізді қатты таңғалтты. Теке қарттың мұндай өнері барын кім білген.
Біздің ауылдағылардың бау-бақша дегенмен ісі жоқ. Ана бір қысылтаң жылдан кейін үй-үйдің қасына жүгері салатын болған. Осы күні көбіне жейтініміз соның талқаны. Сүтке де шылаймыз, суға да шылаймыз. Былай да аузымызға құямыз. Кейде көзімізден жас парлап, киқылдап-шиқылдап жатқанымыз. Бұл көбіне қапқа түсіп, көмейлеп жатқанымызды сырттан біреу оқыс кеп көріп қойған кезде болатын жай. Сөйтіп «ұрлығымыз» ашылып қалатын.
Соңғы бір-екі жылдан бері бір үй өзбек көшіп келді де, ауылдың қасына бақша салды. Балалардың көбіне аңдитыны сондағы қауын-қарбыз. Қолға түсіп, таяқ жеп жатады. Бірақ оған да қарамай, жымқырып та жатады.
Мен де бала емеспін бе, бір-екі рет бақшаға түскенім бар. Тұтылғам жоқ. Рас, жап-жаңа шалбарымды жыртып, шешемнен таяқ жегенім осы күнге дейін ұмытылар емес.
Жапа тамға тақап күрке тұрғызыпты. Іші оншама кең болмағанмен, тап-таза. Көлеңкесі де мол, қоңыр салқын екен.
Алаша төселіпті. Үстінде газет-журналдар шашылып жатыр. Мұнша көп газет, мұншама көп журналды көруім осы.
– Отырыңдар! – деді Назым, газет-журналдардың шашылып жатқанына қысылғандай жүзі сәл алаулап, оларды тез жинастырды. – Қазір қауын жейміз.
Мен күрке ішіне кіріп, алаша үстіне жантайып жата кеттім. Оңалбек кіретін емес. Көзі әлі Назымда. Әншейінде сайрауық неменің тамағы кептеліп қалса керек. Күркенің босағасына отыра кетті. Кіруге батылы жетпеді ынжықтың.
– Неге кірмейсіз? – десе Назым.
– Осы ара болады, – дейді байғұс міңгірлеп. Назым жүгіріп бақшаға кетті. Жаңағы дәу сары ит үндемей келіп, күркенің алдына көлденеңдей жатты. Оңалбектің көзі бақшиып, құйрығымен ысырыла-ысырыла, күркенің төрінен шықты.
– Ой, су жүрегім-ай! – деймін мен, оның жотасынан қағып қалып. Күлкіге тығылам.
– Неменеге күлесің? – дейді Оңалбек жақтырмай.
– Әлгі қашқаның не, тырақайлап, – деймін мен оған. – Бақырған даусың да ащы екен өзіңнің.
– Ешқайда қашқам жоқ, – дейді Оңалбек міз бақпай. – Айғайлаған өзіңсің!
– Мүмкін, жоғалтқан асығыңды іздеген шығарсың? – деймін мен кекете.
– Іздедім. Сенбесең, міне! – дейді ол, қалтасынан көк сақасын шығарып. Беті бүлк етпейді.
Енді мен қызарақтаймын.
– Шын айтып тұрмысың?
– Шыным, – дейді бедірейіп,
– Tфу! Безбүйрек те сендей болмас!
– Болмай-ақ қойсын.
– Оңбаған-ау. Қашқан мен бе, сен бе? Бақырған мен бе, сен бе?
– Мен қашқам жоқ. Бақырған мына сенсің.
– Ендеше, күркеден былай шығып көрші, батыр екеніңді көрейін. Неғып тығылдың қазір?
– Тығылғам жоқ, отырмын. Шықсаң, өзің шық. Менің отырғым келеді.
– Tфу!
– Шықпайсың ба? – дейді ол енді маған мазақтағандай көзі ойнап. Әлгінде мен өктем болсам, енді тізгінді ол алған секілді. – Босқа кергілесіп қайтеміз. Батырлығыңды көрсет.
Оңалбекке дәл бұлай ыза болмаған шығармын, сірә. Көзімді бақырайтып қойып, мені кеңкелес қылғанына жыным мұндай қозбас.
– Кәне, кәне. Бақырмасаң, сыртқа шық! – деп мені иығымнан итеріп, қозғалып-қозғалып қояды.
– Тфу! – Мен орнымнан тұрмақ болып ем, ит тісін ақситып ырылдады. Сыртқа шығарар түрі жоқ.
Осы кезде үлкен торлама сары қауынды көтеріп Назым келді. Ит тұрды да, күркені айналып жүре берді.
Назым төрге шыққан Оңалбекті көріп:
– Міне, енді дұрыс болған, – деді, қауынды алдымызға теңкитіп қоя беріп.
– Жiгiт иттен қорықса… – дей бердім де, дымымды ішке тартып, аузымды жаба қойдым. Әлгінде өзімнің қорыққаным қара басып, есімнен тарс шығып кетіпті. Әй, аңқаулығым қалмайды-ау!
Ұялғаннан төмен қарай бердім. Назым сезбегенсіді. Оңалбек сыр бермеді.
– Хм, – деп жөткірініп алды да, Назым ұсынған пышақпен қауынның ішін қарс айырып жіберді.
Мұның өзі мені жер қылғандай: «Жығылып жатып сүрінгенге күлгенің не?» дегендей. Назымның ойында ештеңе жоқ секілді.
– Ақтөс үш қасқыр алған ит. Бөтен жанды үй маңына жолатпайды. Қорқытқаны болмаса, жас балаларды қаппайды, – деді.
«Қап, мына қызды-ай! Бізді көзіне ілмегені ғой бұл сөзі! Жас балаға санап, менсінбеуін!» – Неге екені белгісіз, әлгі арада іштей шамданып, қыз сөзін көңіліме алдым. «Әдейі бізді мұқатқаны ғой. Сендей тәкаппар қызға пысқырғаным бар ма?» – деймін, ішім қыз-қыз қайнап, іштей кіжініп.
Алдына қауын келген Оңалбекте әлгі бір қысылу жоқ. Жайсаңың сұғынып кеткен. Тәтті қауынның бал шырыны иегінен сорғалап, омырауына тамғанын да байқамайды. Екі танауы пысылдап, қарпып тістеп, қылғытып жұтуда. Назым оны ұялтпайын деді ме, күркенің іргесінде жатқан бір газетті алды да, бетін қалқалап, оқи бастады. Анда-санда көзінің астымен бізге қарайды. Мен болсам, қыздың менсінбегені жаныма батқандай, сұлқ отырмын. Күркеден шығып кетер ем, әлгі иттен қорқамын. Өзі де бір рабайсыз дөңкиген неме екен. Көзінің аласы қып-қызыл. Сырт түрінің өзі кісі шошытарлық. «Баланы қаппайды, дегенмен, кім білсін құрғырды! Итке сенім бар ма! Адам екеш адамның өзі алдап соғады, орайы келсе», – деймін іштей.
Оңалбектің ойында дәнеңе жоқ. Үлкен қауынның тең жарымын бітірді де, асқа тойған мешкейдей ыңыранды, қампиған қарнын қағып-қағып қойып (қыз отырғанын ұмытса керек. Ұят-ай! Осылар ғой беттің отын шығаратын. Тфу!), миығынан күлді. Жалаңаш қарнын көрсетіп, жейдесінің етегімен аузын, қолын сүртті. Орнынан тұрды.
– Кеттік, Ертай! – деді.
Нағыз кеңкелес деп осыны айтпай ма, ә? Назым лып етіп орнынан тұрды.
– Асықсаңыздар, атамды оятайын.
Мен тоқтатпадым. Алғаш көргенде әсем әсер қалдырып, ыстық көрінгенмен, шай қайнатым ішінде арамыз салқындаған сияқты.
Теке шалды көк есектің үстінде көп көргендіктен бе, оның бойы маған бір қарыс секілді болатын. Қазір көйлек-дамбалшаң күркенің алдына келгенде сұңғақтау сияқтанды.
– Е-е, ассалаумəликүм! Қал қалай, балалар? Үй іші… Күрке алдына шыққан біздің қолымызды қос қолдап алып, сұрақты түйдектетті. Біз де төпелеп жауап қайырып жатырмыз.
– Е-е, жөн-жөн! – деп, қарт сүйір иегіндегі бір тұтам сақалын шошаңдатып, иегін шұлғығанда, біз де тоқтадық-ау.
Мен Теке қартқа Шаншатайдың айтуымен келгенімді білдірдім.
– Е-е, ол бір айналайын жақсы бала ғой, – деді қарт, даусын көтере сөйлеп. – Ол сенің атыңа газет жаздырған.
Шал қасымызда тұрған Назымға: – Қарағым, әлгі балалардың газетінің біреуін әкелші, – деді.
Жүрегім аттай тулады. Көңілімді ерекше бір қуаныш кернеп кетті. Дәл осы арада қарсы алдыма келе қалса, қас дұшпанымды да құшағыма қысып сүйе берер ем, сүйе берер ем.
Назым секіре басып, газет әкелуге кетті. Осы арада Теке қарт оқыс бір қылық шығарды.
Ол сұқ саусағымен ымдап, мені қасына шақырды. Құлағыма сыбырлай сөйледі:
– Газеттің ақысын төлемейсің бе?
– Ақысын?! – дедім мен көзім бақжиып. – Тиын керегін білмедім. Әйтпесе әжемнен сұрап әкелер едім. Кешіріңіз.
Теке қарт басын шайқады. Қырқылдаған тауық құсап үн шығарып күлді.
– Сен өлең айт. Болмаса мына тақыр басыңнан шерткiз, – деді, тағы да көзін үй жаққа тастап қойып, ұрлана сөйлеп.
Бақсыға ұқсап, айдалада бақырып тұру немесе тақыр басты шерткiзiп ойбай салуды кім қалайды дейсің. Осындай бір амалсыздық басқа түскен соң, не шара. Қинала-қинала көнесің де.
– Бол! Бол! – деп, Теке шал асықтырып, тақымдап барады.
Тыжырынып қойып, жалтыр басымды алдына тоса бердім де, қайтадан жұлып алдым. Теке қарттың сіңірі адырайған саусақтары маған ертегіде көп еститін жез тырнақтың қолындай боп көрінді. Қазір шертсе, төбемді ойып, миымды аузыма лық еткізіп түсіретін сияқты.
– Өлең айтайын, – дедім, кеудемді кере дем алып.
Өлең айтып тұрған мені көріп Назымның не ойлағанын білмеймін. Оның қай кезде қасымызға келгенін де білмеймін. Себебі екі көзімді шарт жұмып алған ем. Кеңірдегімді созып айғайға басқан мені сырттан көрген адамның: «Есуас» деуі сөзсіз.
Өлеңді айтып бітіп, енді көңілің тынды ма дегендей, Теке шалға адырая бір қарадым. Ол иегі шошаң қағып күліп қалыпты. Көзінен шыққан жасты тарбиған саусағымен сүртіп-сүртіп кояды.
– Әнді жақсы айтады екенсің, – деді.
Шын мақтауы ма, әлде кекеткені ме? Теке шалдың жыртылған жердің қыртысындай әжім басқан түрінен оны байқау қиын.
– Еңбегің сіңді, енді ала ғой, – деді маған газетті беріп.
Газет қолыма тиюі мұң екен, алды-артыма қарамастан бездім-ай келіп. Дәл бір дозақтың отынан құтылғандай күйде едім.
– Табаныңа біреу шоқ басты ма? Сонша жүгіріп саған не болды? – дейді соңымнан қуып жеткен Оңалбек ентіге дем алып.
Шынында да, мен неден қысылып, неден қаштым? Теке қарттың мұнысын біздің ауылда көрмеген бала қалды ма, сірә? Ешбір қысылмай-ақ топ баланың алдында өлең айтып, тәттісін алып жатады ғой.
Теке қартты қойшы, оған ермек керек. Оңалбек болса, тонның ішкі бауындай, бір-бірімізді жақсы білмейміз бе? Жұртқа лақап етіп жаятын ол емес. Сонда мен мұншама қара терге түсіп, неліктен қысылдым? Сол арадан тұра қашуыма себеп не?
Көз алдыма Назым келді. Мөлдір көзінің жанарында кекесін бар. Езуінде әлдебір мысқыл тұр
Суық тер маңдайыма бұрқ етті.
Не болды бізге?
Ғашықтық үлкен-кішіге қарамайды-ау деймін. «Октябрь балаларын» алып оқығаннан бері онда суреті шыққан кыздардың бәріне ғашық болған сияқтымын. Әсіресе қоп-қою қара шашының алдын мандайына келтіріп, айналасын құлағының ұшымен тұспа-тұс етіп біркелкі кестірген дөңгелек жүзді қыз көз алдымнан кетпейді. Сан рет түсіме де кірді.
Бірақ қара басып, түндегі тәтті түсті ертесіне ұмытып қала беремін.
Адамға қиял көңілді демеу үшін берілген бе деймін. Оңашада сол қиял тербейтін мені. Мен газеттегі сол қыздың суретіне қаншама тесіле қарадым, қаншама онымен бірге бұзауларды жайып өріске шықтым десейші! Біресе көк теңізді кеудемен жарып қатар жүзіп бара жатқандай боламын, біресе қасымдағы сол қыздан көз жазып қалам. Соны іздеп, қиян даланы кезіп, бар өңірді шарлап, талмаурап барып, көзімнің ілініп кеткенін байқамаймын.
Түс кіреді. Мен жерден іздеген қыз үлкен самөлетке мініп алып, Солтүстік Мұзды мұхиттың үстінде қалқып бара жатады. Қолымды созамын. Айғайлаймын. Шақырғаныма қарамайды.
Өз даусымнан өзім шошып, селк етіп оянып кетемін. Оянғаныма өкінемін.
Кеше Теке қартқа өлең айтып беріп алып келген газетімде сол қыз жайлы үлкен мақала шығыпты. Көп баланың ортасында түскен суреті басылыпты. Мақаланы оқып шығып, суретті көз алдыма ұстап, тесіле қарап жатып, ұйықтап қалыппын.
Түс көріппін. Адырлы кең дала екен деймін. Соның дәл ортасына жұмыртқадай аппақ киіз үйлер тігілген. Сол үйлерге беттеп шоғыр-шоғыр топ келеді. Көбі сай тасындай сақа жігіттер. Апыр-ау, мынау Теке шал ғой. Оған не жоқ! Көк есегін тепеңдетіп, топ арасында ол да жүр.
Үлкен ақ үй алдында суреттегі қыз тұр. Үстінде үлбіреген ақ жібек көйлек. Бір шетте Нығметтің патефоны «Қара торғайды» сайрайды.
Осы кезде бір бала (ой, мынау Оңалбек қой!) қыздың алдына қаракөк тұлпарды тарта берді. Ер-тұрманы күмістей жалтырайды.
– Кел, Ертай, жарысайық! – дейді қыз, бота көзі жалт етіп.
Менің алдыма бір ат тартыла береді. Қарасам, Теке шалдың тобылғы торысы. «Е-е, маған берген екен ғой! Бұл үшін сізге мың өлең айтып беремін, ата!» – деймін қуанып.
Ерге қарғып міндім. Тақымымды қысып қалдым. Ат ырғып шыға берді.
Қыз алда. Мен қуып келемін. Оның аты ұшқыр екен. Бірден ытырыла суырылып, оза берді. «Саспа, бәлем! Ұзап кете алмассың. Бәрібір қуып жетемін!» – деймін мен.
Бүйірі қызған екі ат жұлдыздай ағады. Бірде құйрық тістесіп те қалады.
Астымдағы атқа ризамын. Белі берік. Бірте-бірте қарқыны да күшейіп, төрт аяқты көсіле, түйдектете тастайды.
Қызбен үзеңгі қағысып қатарласа бергенде, маған жалт қарап сыңғырлай күлді. «Апыр-ау, мынау Назым ғой!»
Осы кезде танауыма шаң кіргендей басымды кекжитіп кәне түшкір.
– Аштфу!
Біреу сықылықтап күледі. Көзімді ашып алсам, Бейсекүл. Қасында – Оңалбек.
– Аштфу! – Танауым жыбырлап, тағы да түшкірдім.
Оянып кеттім. Түстің нағыз қызық жерінде оятқандарына Бейсекүл мен Оңалбекке жақтырмай қарадым. Ыза буынып:
– Не керек? – дедім ашуланып. Бұрылып қайта жатпақшы болып ем, Бейсекүл жұлқылап:
– Түске дейін бұл не жатыс? Жүр жылдам, Келдібай ағай шақырып жатыр, – деді.
Аң-таңмын. Шаншатай келгенше біздермен онша көп сөйлеспейтін (мүмкін, көзіне ілмеген болар) директорымыз енді өзі әдейі шақыртқанына неге таң қалмассың!
Орнымнан ұшып тұрдым.
– Неге шақырды, ә?
– Білмейміз.
Сыртқа шықсам, күн арқан бойы көтеріліпті. Мен әлі күн батпаған екен десем, келесі күн түске тақапты. «Неге оятпады екен?» Есіме шешемнің кеше қос басына кеткені түсті. «Е-е, қамқор әжем екен ғой оятпаған».
Директор мектептің қасында тұр екен. Ұзын бойлы, кең маңдайлы, иықты кісі.
Қасында бірнеше бала тұр. Іштерінде Ықсан, Нығмет бар. Бойшаң деген Нығметтің өзі директордың иығынан әрең-әрең келеді екен.
– Ертай, бері кел! – деп, директор мені қасына шақырды.
– Шаншатайдың сәлемдемесін алдың ба?
– Алдым. Көп рақмет.
Кеше біз қағазбен ораған буманы ашып көргенбіз. Ішінде бірнеше кітап бар екен. Бейсекүл, Ықсан бас салып алып қойған. Біреуін Оңалбекке бергем. Өзіме қалғаны Сәбит Мұқанов алғысөз жазған «Батырлар жыры» еді. Оны мен шүберекпен орап, әжемнің абдырасына салғанмын.
Ашық жатса, біреу ұстап кетуі мүмкін. Ол кезде «Батырлар жырын» үлкен-кіші қолдан-қолға тұрғызбайтын. Және үй ішін ақтарып, тіміскілеп жүретін Ержанның қолына тисе, ертең-ақ жүні жұлынған тауықтай түтіліп шыға келуі сөзсіз. Қимас достың белгісін сақтай білмесем, несіне адаммын!
– Ағай, – дедім мен қысыла сөйлеп, – Шаншатай қайтып келе ме?
– Мөр апасы жіберсе, келеді.
– Ол кісі қайда тұрады? Алыс па?
– Сұлутөрде.
– Онда жақын ғой, – дедім мен, төбесіне өркеш-өркеш ақ бұлттар ілінген тауға қарап.
Келдібай ағай басын шайқады. Мені маңдайымнан сипап:
– Ол алыста, – деді. – Қордай жақта да Сұлутөр деген жер бар.
Менің қабағым түсіп, ақырын күрсініп қойдым. Сол Сұлутөр біздің Мерке жақтағы Сұлутөр болмағанына қатты қынжыламын.
– Қапаланба, әлі талай кездесесіңдер. Саған берген хаты бар, – дейді Келдібай ағай. Төс қалтасынан бүктелген қағазды суырып маған ұсынды.
Келдібай ағайдың даусы қатты шыққанын естіген емеспін. Қашан да жайымен асықпай сөйлейді. Бірақ соның өзінде біздің құлағымызға оның даусы ызғардай суық болып естілетін. Мүмкін, бастық адамның қауары қатты болады, қатал болады» деген сөз жасымыздан миымызға әбден сіңген бе, кім білсін. Ал бүгін оның даусы аса мейірімді боп естілді маған.
Қағаздың бүктеуін жазып, жалма-жан оқи бастап ем, манадан директордан именiп тұрған Бейсекүл, оның жұмсақ жүзін көріп, менің қасыма жетіп келді.
– Шаншатай бәрімізге ортақ. Әкелші бері! – деп, хатты қолымнан жұлып алмасы бар ма.
Мұндай қызды кім көрген десейші! Түк имену жоқ өзінде. Талассаң, шіңкілдеп бет бақтырмайды. Оқталсаң, жұлқыласуға да дайын. Нағыз қызыл шоқ бұл пәле.
Екі бетім ду етіп, қызарып кеттім. Келдібай ағайдың көзінше жармасуға бола ма.
Келдібай ағай байқамағансып, жүзін екеумізден бұрып кетті. Қасында тұрған Нығметке бірдеңелер айтып жатты. Осы сәтті пайдаланып, Келдібай ағайдың көзін ала бере, Бейсекүлге жұдырығымды көрсеттім. Ол тілін шығарып, танауын көтерді. «Қап, мына қызды-ай! Осының да суретін салып, газетке жібердім-ау. Оңбаймын өзім!»
Мұны көрген балалар үндерін шығармай, мырс-мырс күлді.
Бейсекүл хатты әуелі күбірлеп ішінен оқып шықты да, сонан соң қағазды төбесіне көтеріп, айғай салды:
– Алақай! Мына хатты бәрімізге жазыпты. Ықсан, сені де, Оңалбек сені де айтыпты. Күзге келе алмасам, қысқы он бес күндікте сөзсіз келемін, детті. Хат жазып тұрамын депті.
– Кәне, кәне…
– Көрсетші!
– Бері әкелші! – Балалар Бейсекүлді қоршаласты. Хат қолдан-қолға жүгірді. Шыдай алмадым.
– Әкелші бері! – деп, бір кезде мен де жармастым.
Хатты қарындашпен асығыс жазыпты. Айтқандары жаңағы, тек хат соңында: «Ертай, сурет салуды тастама. Қарындаштан гөрі бояумен салып үйрен. Менің қағаздарым мен бояуымды ағаның үйінен ал. Ол кісілерден ұялма. Барып тұр. Досың Шаншатай», – депті. Хатының ең соңында: «Шайтаннан қорықпаңдар! Шайтан жоқ!» – деген сөз бар екен.
Бейсекүл, дегенмен, жетесіз емес. Бұл сөздерді айғайлап жар салған жоқ. Оны оқуды менің өзіме қалдырса керек.
Келдібай ағай бізді неліктен шақыртқанын айтты:
– Оқу басталатын күн жақын. Оған дейін сендерге пионерлік бір тапсырма бергім келеді. Қалай, орындайсыңдар ма?
Пионерлік тапсырма дегенді Келдібай ағайдың аузынан алғаш естуіміз. Көбіне: «Қоғамдық тапсырма», – дегенге құлағымыз үйір.
– Орындаймыз! – деп шу еттік.
– Өзіміз де солай ойлаған едік, – деді Келдібай ағай жымиып. – Шаншатай сендерді бекерге мақтамаған екен.
Бұл сөзге қоразданып қалдық. Бір-бірімізге: «Көрдің бе» дегендей көзімізді қысып, иегімізді қағамыз. Жымың-жымың етеміз.
Келдібай ағай бізге бір-бірден кішкентай кітапша үлестіріп берді. Бұл – Совет Одағы Конституциясының жобасы болатын. Соны, үйді-үйге бөлініп, ата-әже, әке-шешелерге оқып беруіміз керек.
– Сендерді мына Нығмет басқарады, – деді Келдібай ағай. – Асықпай, күніне бір-екі беттей оқыңдар. Сұрақтарын жазып алыңдар. Сонан соң Нығметке әкеліп беріңдер. Түсіндіңдер ме?
– Түсіндік.
Нығмет біздің тізімімізді алды. Үйді-үйге бөлді. Маған Қарақұл деген кісінің үйі тиді. Ол үйді жақсы білемін. Мұрны біздей, басы қалт-құлт еткен сойдақ тіс арық кемпірі бар. Дүниеде тілі ащы. Қашан көрсең ауылды басына көтеріп, біреуді қарғап-сілеп, ұрсып-балағаттап жүргені.
– Басқа үй болмай ма? – дедім Нығметке, қаға берісте өзімсініп.
– Болмайды, – дейді маңғазданып.
Бұл – оның мені қасақана сол үйге бөліп өш алуы. Мұны сездім. Себебі соңғы бір хатын Айымханға алып бармай, жыртып тастағам. (Қашанғы құлағымды бұрата бермекпін).
Қарақұлдың үйіне кешке жақын бармақ болдым. Ол кезде жұрт жұмыстан қайтады. Үйлерінде болады.
Балалар үйді-үйлеріне тарқасты. Қос ағаштың түбінде, бір қарасам, Оңалбек екеуміз ғана тұрмыз.
– Жүр, ашымал ішесің бе? – деді ол. Оңалбектің үйінде жүгерінің жармасынан жасаған, айран қатқан ашымал үзілмейді. Оны айтқанда тамағым құрғап, ернім кеберсiп кеткендей болды. Бірақ Күлдәріден батпаймын.
Күлдәрі бір айтқанын еш уақытта ұмытпайды. Және сонысын орындамай көңілі көншімейді. Түнеугүнгіден бері ол мені аңдып келеді. Мен қолына түспей келемін. Қазір ашымал ішуге барып, денемді көгерткім келмейді. Оның қолы қатты, шымшыған жерін ойып түседі.
Күлдәрі былайша салақ болғанымен, алақаны ашық. Көңілі түссе, үйдегінің бәрін алдыңа жайып тастайды.
– Жүр! – Оңалбек жеңімнен тартқылайды. Осындай ноқай болар ма? Күлдәрінің менде тісі барын ұмытып кетсе керек.
Кешегісі анау. Көзімді бақырайтып қойып, өз істегенін мойындамады. Ойыны деуге келмейді. Бедірейіп отырып алды ғой.
Өкпелейін десең, оны да білетін адамға салық ету керек. Ренжі не, ренжіме не – бәрібір. Түсініп жатқан ол жоқ.
Ашымалдың қышқылтым дәмі аузыма келіп, жұтынып қоямын. Кешеден нәр татпағаным есіме түсіп, қарным енді шұрылдағандай.
– Жүр! – деді Оңалбек тағы да.
– Өзің бар. Мен күте тұрайын.
– Үйде ешкім жоқ. Жүрсейші!
– Күлдәрi қайда?
– Бригадир жұмысқа қуып кетті.
– Онда, жүр! – дедім көңілім жайланып.
Осы Оңалбектен өнер шығып келеді. Мұнда да сасық қулық болады деп кім ойлаған. Кішкентай терезесін тас қып бітеп қойған қара көлеңке үйге кіргенде, әуелі ештеңе көре алмадым.
– Төрге шық.
Соқыр адамдай жан-жағымды сипалап, оң жақ босағадағы ағаш тапшанға келіп отырдым.
Оңалбек төр жақ бұрыштағы ағаш күбіні пісіп-пісіп, бір тостаған ашымал құйып әкеліп қолыма ұстатты.
Дем алмай сіміріп тастадым. Оңалбек тағы да бір тостаған құйып әкелді. Шертіп ашып тұрған ашымал кекірік аттырып, шұрқыраған қарным тоғайып қалды.
Екінші тостағанды бір-екі ұрттап, дем алып, қоңыр салқын үйде желпініп қана отырмын. Ойымда дәнеңе жоқ.
– Терезені ашайын ба? – деді Оңалбек.
– Аздап саңылау жасап қой.
Терезеден күннің сәулесі жіп-жіңішке болып созылып менің бетіме түсті. Осыны күткендей мұрныма келіп бір көк шыбын қона қалды. Шапалақпен салып жібердім. Жаңғалақтық осы емес пе, шыбын ұшып кетті. Өз мұрнымды өзім сипаладым да қалдым. Сол қолымдағы тостаған шайқалып кетіп, бір қасықтай ашымал жерге төгілді.
– Берген дәмді неге төгесің?
Түпкі бөлменің есігінің алдында шашы дудырап, былшықтанған көзін уқалап, керіліп-есінеп Күлдәрi тұр.
Мен тостағанды тапшанның үстіне қоя салып, есікке ұмтылдым. Сөйткенше, быртиған толық денесіне қарамай, Күлдәрі келіп желкемнен бүрді. Уысын жіберместен дедектетіп тапшанға қайта әкеп отырғызды.
– Табалдырықтан аттап үйге кірген адамға тимеймін. Ата-бабамыздың салты ол. Қас дұшпаны болса да, күтіп алады. Өзің жаман састың-ау, ә? Ха-ха-ха…
Күлдәрі дарылдап кеп күлді.
– Ашымалыңды тауысып іш. Отыр. Әй, Оңалбек, нан тура. – Қасыма келіп өзі де отырды. Дастарқан жайылды. Қазанға қақтаған қатырма нан туралды.
– Же, же! – деп, төніп отырса, тамағыңнан ас өтер ме.
Көзімнің астымен аларып Оңалбекке қараймын. Оған қашан біткен бұл әдет? Бедірейіп мелшие қапты.
– Сен жақсылап тойып ал, – дейді Күлдәрі. – Тамақты көп ішкен адам күшті болады. Ауырмайды. Ата-бабамыз «Ас тұрған жерге ауру тұрмайды», – деп бекерге айтпаған.
Қашаннан бүйтіп ділмар боп алғанын білмеймін. Менің ойымша, осы үйдің жандары сөзге жоқ әлжуаз. Тұрмыстары да жүдеу, жұтаң. Жан баққан бір пенделер. Айбат шегері осы Күлдері болуға керек еді.
Жо-о, мен танымай барам бұларды!
– Ата-бабамыз «жамандыққа – жақсылық, қастыққа – достық, зұлымдыққа – ізгілік» деп өсиет еткен. «От бермегенді ас беріп ұялт», – дейді, ұқтың ба? Сен қағыңғыр менің анада қолымды қыршып алып, көгертіп қойдың. Оны ұмытты дейсің бе? Ұмытқам жоқ. Оның орайын бір қайтарамын, есіңде болсын. Ал қазір саған тимеймін. Мына жетпегiрге жалынып-жалпайып жатып сені әдейі шақырттым. Осылардың ішінде сенің ғана етің тірі. Сен ана Келдібайдың інісімен дос болдың ғой, ә? Соны соққыға жыққан Иманбек. Осында екі-үш жігітті ұйымдастырып, молаға алдап апарып соқты. Оны мен мына көзіммен көрдім. Неге ұрды дейсің бе? Онысын білмеймін. Бірақ Иманбекті біреу əдейі айдап салып отыр. Иманбек маған бір уыс ақша көрсетті. Тентіреген немеге оны кім берді? Көрдің бе?! Иманбекке сенбе. Ол қу, сұм, нағыз алаяқтың өзі. Сен де сақ бол. Саған да тісін қайрап жүр. Ұқтың ба?
Менде үн жоқ. Ойым сапырылысып кетті. Тізілген кіл сұрақтар. Қайсысына жауап берерімді білмеймін. Себебі, бәрі маған жұмбақ.
Ойым дал. Иманбектің Шаншатайға өшігуіне себеп не? Анада тоспа басында таяқ жегені ме? Оған өзі кінәлі ғой. Шаншатай мені қорғады. Сол үшін қолы тиді.
Талай рет төбелесіп жүрдік. Соның бәрін кек тұтсақ, қайсыбірін еске сақтамақсың?
Кейіннен екеуі татуласып кеткен сияқты еді ғой? Жоқ, мұнда басқа бір гәп бар. «Айдап салатын біреу бар», – деді ғой Күлдәрі. Ол кім? Ауылға бір келіп кеткен жас бала кімнің егініне түсіп үлгірді, соншама өштесерлік? Мұның сыры тереңде. Оған мен жете алмаймын. Сонда кіммен ақылдассам екен? Келдібай ағаймен бе? Жо-о, ол кісіні мазалауым ұят. Қап, осындайда Шаншатай болса, әттең!
Иманбекке көп ақшаны кім берді? Бұл да жұмбақ. Күлдәрі білсе айтар еді ғой. Айтпақшы, Күлдәрi мұның бәрін неге айтты, ә?
– Иманбек алдап кетіпті. Әпкем соған күйіп-пісіп жарылғалы отыр. Қызық, ә? – деп, сыртқа шыққанымызда Оңалбек басын шайқап-шайқап қойды.
«Е-е, гәп осында екен ғой!» – дедім іштей, бір сұрақтың жауабы шешілгеніне қуанып.
– Ал, енді қайда барамыз? – дедім мен Оңалбекке.
Бұрын мұндайда мектептің жөндеуіне көмектесетінбіз. Қазір оның іші-сырты әктеліп, іші даңғырап тұр.
– Суға түселік, – деді Оңалбек мүләйімсіп. Соңғы кезде тоғанға барғым келмейтін бір әдет пайда болған. Шыжыған ыстықта ғана амалсыз баратынмын. Онда да бірер ғана сүңгитінмін.
Бір ғажабы, кейінгі кезде тоғанды ешкім бұзбайтын болды. Тыр жалаңаш кішкентай балалар болмаса, мұнда келуге ересектер жалыққан сияқты.
– Бармаймын, – деп мен ашығын айттым.
– Ендеше газет алып келейік.
Онысы – Теке қарттың үйіне шақырғаны. «Октябрь балалары» бүгін де, ертең де келмейтінін білемін.
Неге екені белгісіз, көз алдыма манағы көрген түсім қайта оралды. Мұның неге есте қалғанына таңым бар. Суреттегі қыздың Назым болғаны қалай? Оятып жібермесе, қуып жетер ме едім, ә?
Тәтті бір қиял көңілімді қытықтап, жібектей сипап өтті.
Көз алдыма Назым келді. Мөлтілдеген көзі қиыла қарай ма, қалай?
– Ертай, ол қыз тым әйбәт, ә? – деп, Оңалбек тәтті бір сезімді тағы да бұзып жіберді.
– Кімді айтасың?
– Назым, – деді Оңалбек, еріксіз бір күрсініп. «Апырау, не болды бізге?»
Бұдан кейінгі күндерде…
Ол күні Теке қарттың үйіне барған жоқпыз. Келесі күні де бара алмадық. Бір-бірімізге сездірмесек те, екеуміздің де көңіліміз солай қарай жетектегені рас. Бірақ…
Қайда барарымызды білмей, екі ағаштың қасында тұрғанымызда тегенедей шомбал атқа мінген Келдібай ағай ердің басына кішкентай қара қобдишаны өңгеріп өте берді.
– Балалар, жүріңдер, радио орнатамыз, – деді.
Мына хабар бізге дүниенің барлығын да ұмыттырды. Бір сәтке «ғашықтық мәселесі» де кейінге қалдырылды.
Біз күс-күс табанымызды қарыған ыстық шаңды бұрқыратып, Келдібай ағайдың соңына ердік.
«Радионың» бар екенін естігенімізбен, әлі күнге көрген жоқпыз. Сырттай құмартып, бір тыңдауға ынтығатынбыз. Енді оның ауылға келуі үлкен жаңалық еді.
Осы арада айта кетерлік нәрсе – біз оқитын мектеп жеті жылдық болғанымен, оның қасында ер балалар мен қыздарға арналған интернат барды. Оған сырттан келген алтыншы, жетінші кластың балалары жатады. Бәрі оқуды кешірек бастаған ересек. Көбі жігіттер мен бой жеткендер.
Интернатта олар үш мезгіл тамақ ішеді. Киімді де интернаттан киеді. Өздерінің жеке-жеке жатақханалары бар. Сондай ұзын жатақхананың бір бөлігін олар: «Кітапхана», «Қызыл бұрыш», – дейтін.
Жазғы демалыста сол ересек балалар мен қыздар бірі жұмыс істеуге, бірі туған-туысқандарына кетіп қалады да, оқу басталуға екі-үш күн қалғанда қайта жиналады. Олар жоқта «Қызыл бұрыш» жабық тұрады. Жатақханаларда да ешкім болмайды. Сондықтан біз де мектептен қиғаштау тұрған бұл араға келе бермейміз.
Қазір бізді Келдібай ағай сол «Қызыл бұрыш» үйіне бастап әкелген.
Қолындағы қара қобдишасы ауыр екен. Ат үстінен бізге беріп еді, Оңалбек екеуміз әрең көтеріп, жерге қойдық.
Естуімізше, радио баған арқылы сыммен келуге тиіс. Ал мынандай қобдиша сөйлейді дегенді естіген емеспіз.
Сонымен, не керек, сол күні жатақхананың төбесінің екі жағына ұзын-ұзын екі сырық қағылды. Сырықтардың басына сым тартылды. Енді бір сым оларға жалғастырылып, ұшы «Қызыл бұрыштың» терезесінен ішке кіргізілді. Мұны «антенна» дейтінін кейіннен бiлдiк қой. Қобдишамыз – радиоқабылдағыш екен.
«Қызыл бұрышқа» радио орнатылып жатқан хабар ауылдың үлкен-кіші бәріне жетіп үлгеріпті. Күн еңкейе бере жатақхананың алды адамға толып кетті.
Оңалбек екеуміз осы радионың қожасы секілдіміз. «Қызыл бұрыштың» есігінен кішкентай балаларды тырқырата қуамыз. Сыртта тұрған ересек адамдарға:
– Жөндеп жатыр…
– Құлағын шырт еткізіп бұрады.
– Қыр-қыр етті.
– Гуiлдеді, – деп, деміл-деміл сыртқа жүгіріп шығып, хабар береміз.
«Қызыл бұрыш» ішінде Келдібай ағай мен дядя Петр дейтін орыс мұғалім екеуі әлгі қобдишаны кешке дейін шұқылады да, ақыры сілесі қатып:
– Қалғанын ертең жөндейміз, – десті. Мұны да біз іліп алып:
– Бүгін тараңдар! Ертең сөйлейді, – деп хабарладық. Жұрт осыған да риза болып, жөн-жөндеріне кетті.
– Сен мені қудың ғой, ә… Тұйа-түй, апам келсін… Саған әжем үйсып жати,– деп, тілін шайнап шолжаңдап, қасыма Ержан жетіп келді.
Сонда ғана күн ұзақ үйде болмағаным есіме түсті. Оның үстіне бүгін Қарақұлдың үйіне баруды да ұмытып кете жаздаппын. Алғашқы күннен пионерлік тапсырманы орындамасам, онда менің не болғаным. Есіме Шаншатайдың: «Пионер – ол жас лениншіл. Нағыз пионер ғана комсомолдың жеткіншегі бола алады», – деген сөзі түсті…
Қара кемпір мен келгенде күйбеңдеп есік алдында жүр екен.
– Әй, қараңқалғыр, неғып жүрсің? Саған кім керек? – деді.
Батылдық қайдан пайда болғанын білмеймін.
– Сіз керексіз, әже, – дедім.
Кемпір бүкшиген белін жазып, маған қарады.
– Мен керекпін бе? – деді, үйітілген терідей тырысқан бетінің арасынан жылтыраған көзі оқтай қадалып.
– Сізді оқытуға келдім, әже, – дедім, ішімді кеулеген үрейді білдіргім келмей көңілденіңкіреп сөйлеп.
– Әдіре қал, əдіре қалғыр. Алжыған менен не шығады деп едің? – деді кемпір, қатқыл даусы еріңкіреп.
– Ой, әже, мына кітапты оқысаңыз, бәрін де білесіз, – дедім мен, қолымдағы кітапшаны көрсетіп.
Қара кемпір қасыма келді де, кітапшаны алды. Жарылып, тілім-тілім болған саусағымен оның беттерін парақтады. Ойылып мүйізденген ақ жемтік алақанымен кітаптың бетін сипап-сипап қойды. Тамсанды.
Сонан соң мені үйдің қасында жатқан томарға жетектеп әкелді де:
– Отыр, – деді. Өзі қарсы алдыма жүреледі де:
– Ал, оқы, – деді жай ғана. Жападан-жалғыз қара кемпірге кітапты оқуға ыңғайсызданып, қипалақтап жан-жағыма қарап едім, көзіме ешкім түспеді шақыратын. Оқымасам, кемпір ендігәрі бұл үйдің маңына жолатпайтынын білем. Амалсыз кітаптың алғашқы бетін ашып, оқи бастадым.
Кемпір мүлгіген адамдай көзін жұмып, иегін изеп қояды. Не ұғып, не түсініп отырғанын кім білсін. Бір уақытта:
– Жақсы оқиды екенсің, балам, – деді. – Бір кезде Алмабай молда құранды осылай судыратып жақсы оқушы еді. Қазіргінің құраны осы ғой.
Қолымдағы кітапшаны құранға теңегеніне денем мұздап, төбе шашым тік тұрды. Көзімді бақырайтып қойып, діншіл сөз айтуы – барып тұрған қылмыс. Сүйегі саудыраған мына кемпірдің бұл сөзіне не күлерімді, не ұрсарымды білмедім. «Алжыған қақбасқа қайдан келдім!» – деймін өз-өзімнен налып.
– Әже, сіз жаудың сөзін айтып отырсыз. Бұл – Конституция, негізгі заң, түсіндіңіз бе? Молда-солдаңыздың заманы жоқ қазір! – дедім орнымнан атып тұрып, қызулана сөйлеп.
Кемпір жайбағыс. Менің сөзімді шіркей құрлы көріп отырған жоқ.
– Оқы тағы да! – деп бір зекіп тастады.
Мен тағы да оқи бастадым. Кітапшаның әр сөзін ашықайқын етіп, мәнерлеп оқуға тырысамын. Ашығын айтқанда, алғашқыдай емес, құлықсыздық бар. Бар ойым мына тарамыстай қатқан қара кемпірдің қасынан тезірек кету.
Мен желке тұсыма жиналып қалған үй адамдарын аңдамаппын. Кемпір тағы да бір тамсанып қойып:
– Нағыз Құран… Құран, – деп күбірлегенде, шыдай алмай орнымнан атып тұрдым.
– Әй, кемпір! Не айтып отырсың? – дедім қалшылдап. – Сен нағыз барып тұрған жаусың. Сен бар ғой, молданың құйыршығысың!
– Ха-ха… дұрыс айтасың, інім, – деп біреу желке тұсымнан күліп жіберді. Қарасам – Қарақұл.
Сасқалақтап қалып:
– Өзі ғой… өзі, – дей бердім.
– Ақылынан алжыған кемпірді қайтесің? – деді ол иығыма қолын салып. – Осы күнге намазын қойдыра алмай келемін. Оразада ауыз бекітем деп қиғылық салатынын қайтерсің. Сен оның сөзіне мән берме. Онан да, қане, үйге кір. Бізге де оқып бер, тыңдайық! Өзің жақсы оқиды екенсің.
Кемпір жұмған аузын ашпастан, шоқиып отырған күйі қала берді. Біз үйге кірдік.
Менен бұрын да талай үгітшілер келіп оқыған екен. Көп сөзін жаттап алыпты. Сонда да болмай маған кітапшаның бірнеше тарауын оқытты.
– Тыңдай бергің келеді. Сонау ата-бабамыздан армандаған асыл сөз ғой бұл, – деді Қарақұл. – Өкіметті өзіміз сайлап, өзіміз дауыс береміз дегенді кім ойлаған бұрын. Өзімізше іргелі ел болып, отау тігеміз. Кеңес Одағының бір мүшесі боламыз деу санамызға кіріп пе. Өкіметтен айналайын, Кеңестен айналайын, мұны да көрсетті. Теңдігін беріп, заңын қолымызға ұстатып отыр. Нағыз бақытты жандармыз ғой, біз.
Мұнан кейін әңгіме біразға созылды. Жасырын дауыс беріп, төте сайлау жайлы Қарақұлдың сары әйелі маған сұрақ қойып еді, жауап бере алмадым.
– Сұрағыңызды жазып алайын. Жауабын ертең айтайын. Бізге оқып беруді тапсырған, – деп, ешбір қысылусыз шынымды айттым.
– Жас бала қайдан білсін. Үгітшілер келіп жүр ғой, солардан сұрап алмайсың ба? – деп, Қарақұл әйеліне кейіді. Маған: – Ертең де кел. Күнде оқып беріп тұрсаң, тыңдаудан біз жалықпаймыз. Сендерді жібергені дұрыс болған, – деді. – Ал мына кітапшаңды бізге қалдырып кет. Жастанып жатып, ежелеп оқи берелік. Ертең аларсың.
Мен бұл үйден қуанып шықтым. Пионерлік алғашқы тапсырмамды орындай бастадым. Неге шалқымасқа!
Есік алдында қара кемпір қарсы ұшырасты. Үндеген жоқ.
Мен қуансам, ал Бейсекүл жылап оралыпты. Келесі күні ертеңгісін мектеп қасына Нығмет бәрімізді жинап алып, тапсырманы қалай орындағанымызды сұрағанда:
– Мен ол үйге бармаймын, – деді қайсар Бейсекүліміз жабыға сөйлеп. Жылап жіберді.
– Не болды?
– Саған кім тиді?
– Неге жылайсың? – деп үрпиісті балалар. Әлгі арада білгеніміз: Бейсекүлге Мешітбай дегеннің үйі бөлінген екен. Ол мыжырайған бір шал болатын. Жұрт түгелдей колхозға кіргенде, іргесін аулақ салып жекеше қалған. Үйі де ауылдан шеткерірек жеке тұратын.
Ауылда жер шарбақ, дуал дегенді кейіннен білді ғой. Әйтпесе ауласы ашық жататын. Ал Мешітбайдың үйі елден ала-бөтен, биік шым дуалмен қоршалған болатын. Ауласына қараған ит ұстайтын. Әр нәрсені білуге құмар, әр нәрсені тіміскілеп жүретін балалар ол үйдің маңына жоламайтын. Жуып кетсең, мерезі жүғатындай көрінетін. Шошитын.
Нығмет маған қасақана қара кемпірдің үйін бөлді десем, Бейсекүлге онан да жаманы тиіпті.
– Күні бойы ешқайда шықпай (бәсе, кеше жоқ боп кетіп еді), кітапты оқыдым. Дайындалдым. Барғанда оқи алмай ыңқылдап отырсам, күлмей ме… Кешкісін үйіне барып дарбазасын қақтым. Үйден Мешітбай шықты. Қасында – Иманбек. Мен неге келгенімді айтып ем, Мешітбай күлді де, қақпасын жауып алды. Кетпей тұрып тағы да ұрып ем, Иманбек шығып:
– Сен қызға не бар? Кет! – деп қуып жіберді. Бейсекүл бетін қолымен басып, екі иығы селкілдеп, кәне жыла.
Шыдай алмай қасына бардым. Әншейінде өзіміз де жылатып жүрміз ғой. Бірақ бұл жолы оны аяп кеттім.
– Жылама. Әлтаман бірге барамыз, – дедім жұбатып. – Есіңде ме Шаншатайдың айтқаны: Павликке бұдан да қиын болған. Есіңде ғой?
– Есімде, – деді Бейсекүл танауы пышылдап, басын изеп.
– Көзіңді сүрт. Балалардан ұят. «Дап-дардай боп жылағаны несі?» – дер.
– Ал, Ертай, енді сен айт, – деген Нығметтің даусы шықты.
Мен барлығын бастан-аяқ ештеңе қалдырмай айтып шықтым.
– Жарайсың! – деді Нығмет мақтап. Сонан соң мені оңашалап шығарып алды да:
– Сен қара кемпірдің айтқанын қағазға түсіріп бер, – деді.
– Heгe?
– Керек.
– Жазбаймын! – дедім мен. – Өлмелі кемпірде не шаруам бар?
Нығметке тік қарадым. Өзіме бір қайсарлық біткен тәрізді.
– Мен сенен мұны күтпеген ем. Сенде әлі пионерлік қырағылық жоқ, – деді Нығмет.
– Оны өзім білем.
– Кітапшаны жоғалтсаң, көзіңді құртамын! – деді Нығмет басқа амалы қалмағандай зіркілдеп.
Мен үндегем жоқ. Оның осы бір сөзінен көңілімде әлдебір күдік қалғандай болды. Оның қасынан тезірек кетуге асықтым.
– Әлгі не деді саған? – деді былай шыға бере Оңалбек.
– Қит етсе, жұрттың бәрін дұшпан көреді. Тфу! Менің кейiстi жүзімді көріп, онан әрі Оңалбек аузын ашпады. Тек көзімен ғана: «Қайда барамыз?» дегендей.
– Аңда «Қызыл бұрышқа», – дедім мен қолымды құлаштай сермеп қалып. – Бейсекүлді де шақыр. Бәріміз бірге баралық.
Ол күні радио сөйледі. Жаз бойы аты ауыздан түспей, үлкен-кішіні тамсандырған Күләш апайдың даусын алғаш рет сол күні естіп ек.
Баланың бәрі бірдей болды ма екен, күнұзақ тамақ ішпей тентіреуге бар? Түскі ас кезінде біріміздің шешеміз, біріміздің әжеміз шарқ ұрып іздеп, тамаққа шақырып айғайлап жүргені. Соңда тыжырынып, ішімізден ұрсып, біреу желкемізден итергендей қиналып барамыз-ау тамаққа. Кешкісін де солай. Әйтеуір, дала безердің нағыз өзіміз.
Бұл күні түс әлетінде Оңалбек, Бейсекүл үшеуміз әжеме іздеттірмей-ақ, біздің үйге бас сұғып шықтық. Бір-бір тостаған айранға талқан шылап, асыға-үсіге жеп алдық.
– Осыларды жын қуып жүре ме, түге! – деп, үйден біз дүркірей шыққанда, әжем күбірлеп қала берді.
Кешегі тау басына ілінген бүлт бүгін етекке сырғыған. Күн көзін бір жауып, бір ашып, кешке дейін арлы-берлі жөңкілді де, ымырт жабылар алдында бүкіл аспанға тұтасып тұра қалған.
Ымырт тез үйіріліп, көз байланды. Радионы тыңдаймыз деп отырып, тапсырылған шаруамыз естен шығып кетіпті.
– Енді қайттік? – дедік, тас қараңғы түн құшағында тұрып.
– Менi бөлген үйдің адамдары «Қызыл бұрышта» отыр, – деді Оңалбек.
Маған бір ой сап етті.
– Сен оларға ескерт. Бүгін келе алмайтыныңды айт, – дедім Оңалбекке.
– Мені осы арадан күтіңдер! – деп, өзім Қарақұлдікіне жүгірдім.
Бір-екі үй айнала бергенде, ол қарсы жолықты.
– Үйіңе іздеп барып ем, – деді ол маған, – Сені таба алмадым. Айтайын дегенім, бүгін бізді қонаққа шақырып еді. Бармауға ұят. Сен бізді кешір. Ертең сөзсіз келетін бол.
– Жарайды! – дедім мен жолымның болғанына қуанып. Бірақ іштей: «Осымды Шаншатай көрсе, не дер еді?» – деген күмәнді сұрақ келді. «Әй, біз ойнап жүрміз бе? Досымызға көмекке барамыз ғой. Ол да жұмыс емес пе?» – деген екінші ой жеңсік алды да, көңілім орныққандай болды. «Қажет болса, өз ісіңді тоқтатып, алдымен дос ісіне көмектес деуші ең ғой өзің де». Мен Шаншатаймен осылай сөйлескендеймін.
Үшеуміз Мешітбайдың дарбазасының алдында тұрмыз. Бойымызда діріл бар. Әлденеге жүрексінеміз.
Қақпаны қағып едік, қабаған иттің даусы түнгі аспанды басына көтерді.
– Енді не істейміз? – дейді Бейсекүл.
– Кетпейміз. Кіреміз! – деймін мен өжеттеніп. Қақпаны тағы да қатты-қатты соқтым. Біреу үйден шыққандай болды. Иттің үні өшті. Ешкім дыбыс бермеді. Кенет ит шабалаңдап үріп, қақпаның алдына келді. Босатып жіберген.
Енді бізге есік ашпасы айдан-анық. Итті әдейі жіберді. Дуалдан қарғып түсе алмайсың.
Не істеу керек?
Кетер-кетпесімізді білмей дағдарып тұрмыз. Ештеңе бітірмей кете беруге арланатын секілдіміз.
– Жүріңдер!
Үйді айналып өттік. Теріскей бетінде кішкентай жалғыз терезе бар екен. Шамның сәулесі көрінеді. Ортасынан ақ перде құрып қойыпты. Мойнымызды созып, аяғымыздың ұшымен тұрып сығаламақ болғанмен, бойымыз жетпеді.
Енді не істеу керек.
– Сен жеңілсің ғой, – дедім Бейсекүлге. – Оңалбек екеуміз көтерелік.
– Көріп қоймай ма? – деді Бейсекүл даусы қалтыраңқырап.
– Жарық үйдегі адам сырттағыны түнде көрмейді. Кәне, шық! – дедім мен.
Шайтан «отынан» қорқу бір сәрі. Ал қараптан-қарап тұрып қазіргі қалтырағанына жыным қозды.
– Бол!
Оңалбек екеуміз оның екі аяғынан тік көтердік. «Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма» деген рас па, Бейсекүл ап-арық бола тура, салмақты екен.
Қабырғаға тақалып, әрең ұстап тұрдық.
– Иә, не көрдің? – дедік біз жарыса сұрап, ол жерге түскенде.
– Ет жеп отыр, – деді Бейсекүл.
«Ет», – дегенде тамсандым. Оның дәмін ұмытып қалсам керек. Жемегелі қай заман!
– Кімдер бар екен?
– Көп адам отыр. Бәрін байқай алмадым. Араларынан көргенім Нығмет пен Сапар.
– Иманбекті көрдің бе?
– Сол ғой деймін. Ары қарап отыр. Желкесін ғана көзім шалды.
«Нығмет отыр», – дегенде, көңілім орнына түскендей болды. «Бейсекүлді жылатқан соң, өзі келген ғой, шамасы». Мен оны арамдыққа жорудан аулақ едім. Келдібай директор әдейі бізді басқаруға қойып, сенім білдірсе, өзі бір колхозды басқарған бастықтың баласы болса, оған күдік келтіру кімнің ойына келмек?
– Жүр, кеттік! Мұнда біз бітірер дәнеңе жоқ. Келесі күні мектеп қасына тағы да жиналғанда, ешбір алаңсыз көңілмен:
– Бейсекүл қатты қысылып еді. Өзіңнің барғаныңа қуандық. Енді қумайтын болар? – дедім Нығметке.
– Нені? Қайда? Өзің не шатып тұрсың! – деді Нығмет абыржып қалып.
Мен тағы да сөйлемек боп оқтала бергенімде, қасымда тұрған Бейсекүл бүйірімді шымшып алды. «Үндеме» дегендей қабағын қақты.
– Жай, әншейін, – дедім мен аңқаусып. Нығмет маған ала көзімен бір қарады да, басқа балалардың не істегенін сұрап жатты. Бізге тіл қатқан жоқ. Біздің бар-жоғымыз бәрібір секілді.
– Мен бір хабар айтайын. Тек ауыздарыңнан шықпасын, – деді Бейсекүл балалар тарап кеткен кезде.
Шаншатай «жаман әдет» десе де, әлгі арада біз: «Ешкімге айтпаймыз», – деп қарғандық. Өйтпесек, Бейсекүлдің тыртысып айтпай қоюы мүмкін. Бұл қыздан бәрін күтуге болады.
– Мешітбайдың үйінде ауылдың кейбір жігіттері жиналып, арақ ішеді екен. Карта ойнайды екен.
– Е-е, мен онысын білемін, – деді Оңалбек. – Әкем ана жылы сүндетке отырғызарда Мешітбайды шақырған. Мені сол кескен.
Мен мырс етіп, теріс айналдым: «Мынада ес жоқ! Алаңғасар ма, аңқау ма? Қыздың көзінше не айтып тұр өзі».
Оңалбектің ойына дәнеңе кірер емес. Маңқиып қарап тұр. Бейсекүл ештеңе түсіне алмағандай біресе оған, біресе маған жалтақтайды. «Сен қызды» білмейтін пәлең бар ма? Іш қулығың ғой бұл, ә?».
– Тағы да не білесің? – деймін мен оған.
– Бар болғаны осы.
– Мұны кім айтты?
– Апамнан естідім.
«Иә-ә. Арақ ішеді… карта ойнайды… Саудагер… Молда… Бір басына жетіп жатыр. Иманбек сол үйден шықпайды… Неге? Бар пәле осы үйден басталмаса…» – Ойланып тұрып қалдым. Ақыры, бір байлам жасадым. Онымды сездіргім келмей:
– Күн жауғалы түр. Үйге қайталық, – дедім.
– Әлі ерте ғой, күнұзақ не бітіреміз? – деді Оңалбек қиналып.
– Әнеукүнгі танысқан сұлуларыңа бармайсыңдар ма? Күтіп қалды ғой, – деді Бейсекүл жымысқылана.
– Е-е, рас екен-ау! – деді Оңалбек. «Мәссаған! Мынау нағыз есуас болмаса нетті!»
– Ол қандай қыз? – дедім мен білмегенсіп.
– Назымды айтамын. Сен Оңалбекке аларма, онда еш кінә жоқ, – деді Бейсекүл ойнақылана. – Айтпасаңдар да, бәрін білемін. Назымды көргенге рақаттанып, түске дейін ұйықтадың ғой. Мұрныңа ши жүгіртіп, әрең ояттық. Түсіңе кірген болар. Қызараңдама. Дәл таптым ба?
– Ойынды қой, – дедім мен шытынап. – Ондай қыздың маған қажеті жоқ. Сұлу көркі өзіне.
– Ә, бәлем, қытығыңа тидім-ау деймін. Қызараңдауын!
– Болды, Бейсекүл! Жетер енді!
– Жә… жə… Ашуланба, – деді Бейсекүл. Сонан кейін бұрылып біраз жүріп барды да, артына қарап бізге дауыстады: – Назым биыл бізбен бірге оқиды. Қуана беріңдер!
Мен жерге еңкейе беріп, бір кесек алғанымша, ол құлаш жетпес жерге жүгіріп барып қалыпты.
«Пәле енді басталды. Үй-үйге жарапазан айтқандай бұл әңгіме елге жайылмаса нетті. Назым қайдан кездесіп еді!..».
Ойламаған жерден
Бригадирдің баласы Ықсан Шаншатай кеткелі көрінбеді ғой. Менің қасымда ылғи Оңалбек жүреді. Бірде Бейсекүл көрінеді. Сонда, мені біреу мақтаса, іші күйетін Ықсанымыз қайда жүр? Азғана ауылдың ішінде онан көз жазып қалғанымыз ба?
Аспанды торлаған бұлт, ақыры, дегеніне жеткендей, әуелі шүмектеп құйып-құйып алды да, артынан сіркіреп жауып тұрып алды. Оңалбек пен Бейсекүлден жасырып жасаған байлауым: Мешітбайдың үйін кешкісін тору болатын. Оныма жаңбыр кесел болып, үйде жіпсіз байланып жатқанмын.
Далада еркін сайран салып ойнамаған соң, үйде отырып кітап оқу, не сурет салу көңіліңді жадыратпайтын секілді. Еңсеңді бірдеңе басып тұрады.
Жамал апай Шаншатайдың ақ қағаздары мен бояуларын беріп жіберген екен, кешелі бері бір сурет салмақ боп әлектенсем де, ештеңе шықпады. Оның үстіне Ержан біресе қағазды алып қашып, біресе қаламды алып қашып, біресе бояуды түрткілеп, әбден мазалады. Радио орнатқан күні «Қызыл бұрышқа» кіргізбегенiмнiң өшiн алып жүр.
Шынын айтсам, сурет салуға да зауқым жоқ секілді. «Октябрь балаларынан» ешбір хабар жоқ. Салған суретімді Шаншатай жіберген болса (ол екі айтпайды, оған сенемін) ендігі бір хат келуге тиіс еді. Мүмкін, салғандарымды жаратпаған болар. Бос әурешілік шығар мұным? Теке қартқа барып, газет әкелуге де құлықсызбын.
Апыр-ау, соншама не болды маған? Осындай күйде отырғанымда, асып-сасып Ықсан келді.
– Сен білесің бе? – деді үйге кірген бойда. – Шаншатайды ұрған Иманбектер екен.
– Білем.
– Білсең, Иманбекті неге соқпадың? Eh, тағы да Шаншатайдың досымын дейсің-ау.
– Өзің ше?
– Мен бұрын білсем, әрине, соғар ем. Таяқ жесем де, соғар ем, – деді Ықсан кіжініп. Танауын бір тартып қойды.
– Әлі де кеш емес, – дедім мен.
– Кеш, – деді Ықсан, сылқ етіп отыра кетіп. – Әлгінде Иманбекті милиция келіп, ауданға алып кетті.
– Алып кетті?
– Иә.
– Көрсеткен кім екен?
– Білмеймін.
– Шаншатай болар?
– Жоқ, ол емес.
– Оны қайдан білесің?
– Білмегенде ше!? Шаншатайды кеше ғана мына көзіммен көрдім. Қасында дәл осылай отырып сөйлестім.
– Не сандырақтап отырсың?
Сөйтсе, Ықсанды шешесі киім-кешек сатып алуға Меркедегі базарға апарыпты. Сол базарда Ықсан Жамал апайға кездеседі. Шаншатайдың емханада жатқанын біледі. Бірге еріп, емханаға барады. Сонда Шаншатайға жолығады.
Ықсанды ішке кіргізбеген. Ол терезеден сөйлеседі.
– Басын қатты бір затпен соғыпты. Қозғалтпайды екен. «Әлі де ұзағырақ жататын түрім бар» деді. Сендерге сәлем айтты.
Мен ойға қалдым: «Келдібай ағай оны» емханада жатқанын неге жасырды?»
– Келдібай ағай саған берген хатты Шаншатай басқа балаға жаздырыпты. Әуелде оған ешкімді кіргізбейді екен. Сөйлесуге де тыйым салыпты. «Босқа әуре болмасын, ағаға жасыртқан менмін. Ертай ренжімесін. Жазылған соң, өзім хабар беремін» деді. Мені де көп сөйлестірмеді. Көріп қойып, қуып шықты. Ол Иманбекті кінәлаған жоқ, «Біреулерді» айдап салуы болар. Қамқорлыққа алсаңдар, түзелетін бала» деді. «Ертай сурет сала берсін» деді. «Бригаданы ұмытпасын, барып тұрсын, газет шығарсын, ойын көрсетіңдер» деді. Атап тапсырды.
Шаншатайдан хабар алғаныма қуандым. Бірақ оның сәлемдемесі мені қатты ойға қалдырды.
Бұрын жаз шығысымен, шашылған тарыдай басымыз бірікпейтін. Біріміз ойда, біріміз қырда дегендей, тентіреуді ғана білетінбіз. Жұмысқа қуып, бүйідей тиіп әкіреңдеген бригадирден жасырынып қалғанымызға мәз болушы едік. Жазғы демалыста біздің қолымыздан пайдалы іс келеді деу ұғымымызға сыймайтын.
Ойда жоқ жерде келе қалған тәмпіш қара бала әбден сүрлеу болған біздің бұрынғы әдетімізді лездің арасында өзгертті. Біздің қолымыздан пайдалы іс келетінін, біздің де жаз күндері басымыз бірігетінін ойын екеш ойынды да ойнай білсек, онда да бір мақсат барын көрсетті. Бойымызда бұғып жатқан өнерімізді ашып, өз күшімізге өзімізді сендiрткен еді.
Біздің де игі мақсат үшін күрес қолымыздан келетінін білдік. Қос басында шығарған жедел газетіміз де, қойған ойынымыз да, күнде ертеңгісін барабан қағып, сап түзеп, ән айтып көшеде жүруіміз де бір жағынан бойымызда қаншама күш-қуат барын басқаларға көрсетсе, екінші жағынан өзіміздің де санамыз өсіп, көңіліміз марқая түсті.
Бөрік телпек, асық, ләңгі ойындарынан өзіміз де жерiнiп, доп қуу ойнына құмартқанымыздың өзінде сол тәмпіш қараның әсер-ықпалы бар емес пе. Кешкісін алқа-қотан отырып алып, оның айтқан әңгімелерін тыңдағанда баяғының жез тырнағы, қара дәуі, мыстан кемпірлері өз алдына адыра қалып, біздің көз алдымызда бүгінгінің батырлары тұрушы еді ғой. Сол әңгіме әсері емес пе, біздің келесі күндері «Қызыл» мен «Ақ» боп ойнайтынымыз Аманкелді, Чапай болуға таласатынымыз.
Енді ойлап тұрсам, біз сол ойындарымызбен қызу күреске араласыппыз. Біз көре білмегенді тәмпіш қара көрген екен.
Өз еркіміз өзімізге тиген жазғы демалыс тұрмақ, оқудың нағыз қызу кездерінде кейбіріміз ата-анамыз желкелемесе, сарсылып отырып кітап оқушы ма ек. Оқулықтардан басқа кітаптар мен газет-журналдарға мойнымыз жар бермеуші еді ғой.
Енді қарасақ, біреудің қолынан кітап не журнал көрсек, таласатын болдық. Оқуға құныққанымыз сонша, «Амантайдың ауылын» талай рет жарыса оқыдық. Өтебай ағайдың «Қарлығашын» жаттап алдық. Әттең, тек кітап жоқ. Әйтпесе, аранымыздың ашылғаны соншама, бір жазда талайын қылқыр ек.
Ал соңда бұрын бізге кітап оқы деп ешкім айтпады дейсің бе? Әкеміз базарлап қайтқанда соңғы тиынға «Саңлаусыз болма, ұлым», – деп кітап әкеп бермеуші ме еді. Бірақ соны тесіле оқимыз ба? Ертең қажет болар деп құнттаппыз ба? Өлең кітап болмаса, қара сөзбен жазылғандарын оқымаушы едік қой?
Енді біз лезде қалайша кітапқұмар бола қалдық? Кітапты оқығанда шәрбат ішкендей неліктен құмарымыз қанбайды? Осының бәріне желiктiрген тәмпіш қараның сиқыры бар ма?
Оны білу үшін, шіркін, бір кеште біздің қасымызда отырып Шаншатайдың әңгімесін тыңдасаң. Күндізгі оқыған кітабыңа қайтадан жан бітіп, тастап кеткен беттердегі табиғат бар әсем көркімен алдыңда тұрады-ау. Жансыз жапырақтар сыбдыр қағып, жапырылған шалғын бой көтеріп, иіле майысып тербелген орман, болмаса, даланың сыбызғы сырлы үні құлағыңа келіп, бойыңды балқытар әсерге шомасың.
Келесі күні сол кітапты бастан аяқ тесіле қайта оқисың.
Қазір ойлап тұрсам, Шаншатайдың әңгімесі біздің жаңа фильм көргеніміздей екен. Осы күні жазушының шығармасына қойылған жақсы фильмді көргенде, үйге келіп сол шығарманы тағы да оқимыз ғой. Сан оқыған шығармаң енді саған жаңа бір қырымен көрініп, әсер етпей ме?
Мені ойға қалдырған осылар еді. Байқасам, сол бір елтіп әкеткен жақсы өнеге, жақсы істерді іле жөнелмеппіз. Тағы да тарыдай шашырап, бұрынғы әуенімізге басқан көрінеміз.
Шаншатайды көбірек еске алғанмен, кейде онымен кеңескенмен, мұның бәрі көр-жер, ұсақ-түйек екен. Айтқан сәлемдемесінде үлкен мән, терең сыр жатқандай қалың көштен сырылып қалып барады екенбіз:
– Жүр! – дедім мен, орнымнан ұшып тұрып.
Қызылқұрдағы егін орылып біткен. Біздің ауылға оралуымыз да сондықтан болатын. Қазір колхозшылардың айналдырғаны – ауылдың етек жағындағы қара жолдың астында жатқан қызылша егістігі.
Оның басында ешқандай қос жоқ. Колхозшылар үйлерінен барып-келіп тұрады. Мынандай ақ жауында жұмысқа кім шықты дейсің. Кешелі бері Қарақұлдың үйіне күндізден барып кітапшаны оқып тамамдағам.
Бір қызығы, қара кемпір мені көрсе, үндемейді.
Оңалбек кеше де, бүгін де ертеңгісін келіп, босағаға сүйеніп тұрып-тұрып кеткен. Оған салса, осындай жауында су-су болып ойнай береді. Ал оған менің зауқым соқпаған.
Бейсекүл де бір соғушы еді. Шамасы, өзіне бір қызық іс тапқан болуға керек, қарасын көрсетпейді.
Назымды көргелі бері газеттегі қызға құмартуым көмескі тартты. Атағы бүкіл елге әйгілі болған алыстағы ол қыз мені қайтсін. Қасымдағы Назымды көбірек ойлаймын. Бірақ ол жаққа баруға жолым кесілгендей. Жұрттың лақабынан гөрі, балалардың мазағынан қорқамын. Бейсекүлдің аузында сөз тұрмайтыны белгілі. Бірде болмаса, бірде айтады. Меніңше қызға сену қиын ғой, бәрі де бір қалыптан шыққандай. Былтыр осында Сүйімхан мен Тұрғынбайды «Қыз Жібек пен Төлеген» деп келемеждеп, ит терісін бастарына қаптағандары бар. Ақыры, Сүйімхан шыдай алмай басқа мектепке кетіп қалуға мәжбүр болды.
Кеше «Октябрь балаларын» сыртта ойнап жүрген Ержан әкелді. Шамасы, Теке қарт көк есегін тепеңдетіп өткен болуға керек. Шіркін, оның да маңдайында бес елі ырысы бар екен. Назымдай немересі, тобылғы торы жүйрігі тұрғанда, оны кім «Жаман шал» демек. Маңдайымнан күніне жүз шерткізер ем, сол аттың үстіне бір мінсем.
Ықсанды ертіп мен колхоз кеңсесіне келдім. Қазіргідей кеңсе ол кезде қайда? Ұзыннан-ұзақ созылған ат қораның бір жағын кеңсеге бөлген. Жазда шатырына қарлығаштар ұя салып, шырылдай ұшып жүреді. Кірсең, аттың қиының иісі қолқаңды қабады. Еденнің шаңы шығып жатады. Кеңсе болар еш сиқы жоқ. Сонда да жұрт осында отырып жұмыс істейді. Қысы-жазы адам арылмайды.
Біз келсек, қараңғы тар коридорында құжынаған халық. Үш-төрт есікте дамыл жоқ, бір ашылып, бір жабылады.
Іздегенім – бригадир. Онымен кәдімгідей сөйлеспекпін. Ойлап алған іш есебім бар.
Біз сығылысып жұрттың арасынан өтіп келеміз.
– Мына әдіре қалғырларға не жоқ? – деп қалды бір әйел. Кимелегенде, шынтағымыз қатты тисе керек…
Бір есікті аштым. Шатырлатып есеп-шот қаққан адамдар. Екіншісін аштым. Мұнда да алдарына жуан-жуан папка үйіп қойып, есеп-шот қаққандар.
Үшінші есікті ашып қалғанымда…
Шегіншектей беріп едім…
– Мұнда кел, Ертай, – деп, Келдібай ағай шақырды.
Төргi столдың басында шашы аппақ ат жақты, кесек мұрын, үстіне жайылма жаға қара гимнастерка киген бір адам отыр. Оның алдындағы орындықта – Келдібай ағай. Оған қарама-қарсы күнқағары былғарыдай жылтыраған қоқырайтып фуражка киген қара сұр жігіт.
– Төрлетіңдер, балалар! – деп төрдегі кісі қолын созып ишарат жасады. – Бұлар да сіздің пионерлеріңіз ғой? – Мойнын Келдібай ағайға бұрды.
– Иә, – деді Келдібай ағай.
– Ұйымшылдығы ұнайды, – деді төрдегі кісі жымиып. – Ал… – Келдібай ағай оның сөзін бөлді:
– Ондай-ондай ханның қызында да болады деген емес пе? Інішек бір жолға кешірім етер… Бұдан былай қайталанбайды. Солай ғой, Ертай?
– Дәл солай! – қызыл әскер құсап тік тұра қалдым.
Біреулер сыңғырлап күлді. Жалт қарасам, Бейсекүл мен Назым. Есік жақ қабырғаға қойылған ұзын орындықта отыр. Ауыздарын басып күледі. Орындықтың екінші шетінде басы төмен салбырап, жүні жығылған түлкідей боп cөлбірейген Иманбек отыр.
Мен әуелі бригадирге жолығып, сонан соң Келдібай ағайға бармақшы болып жүргенімде, алдымнан орап кетіпті. Бұлардың неліктен жиналғаны санама енді-енді жеткендей. Жауындатып Келдібай ағайдың бұл жүрісі ішімді елжіретті. «Мен ноқай дәнеңе білмейді екем ғой…»
– Енді не істейміз, жігітім? – деп, ақ шашты кісі қара сұр жігітке қарады. – Ауылдық кеңеске, мына пионерлерге бір жолға сенерсің. Қалай, ә? Кешірім ете аласыңдар ма? Бастықтарыңа өзім жолығамын.
Түксиген қара сұр жігіттің реңі жіпсіп:
– Айтқандарыңыз болсын, ағасы, – деді.
– Рақмет. Аулымызды ұятқа қалдырмадың, жігіт екенсің! – төрдегі кісі орнынан тұрып, жігіттің, қолын қысып жатыр. Келдібай ағай да жүзі жадырап қолын сілкіледі.
Бәріміз сыртқа шыққанда, Иманбек Келдібай ағайға:
– Жақсылығыңызды ұмытпаймын, аға, – деді жыламсырап.
– Алғысыңды мыналарға айт, – деді директор бізді көрсетіл. – Білер болсаң, нағыз достарың осылар.
Үш күн қалғанда
Менен гөрі Бейсекүл де жақсы ма деймін. Ол Теке шалды көк есекпен тепеңдетіп ауыл кездірмей, аудан орталығынан алып келетін хат-газеттерін Назым екеуі тасуға келісіпті.
Ол кезде қазіргідей ме? Ауылда газет-журналды колхоз, мектеп, ауыл кеңесі, бірен-саран мұғалімдер алады. Хат, қатынас қағаздар келсе, әлгі айтқан орындарға келеді. Қиналатын дәнеңе жоқ. Бірақ мұның өзі – қолғабыс. Сексендегі Теке шал бұған риза. Ауданнан Cұратқа, одан Қосарыққа келу қарт адамға қиын да. Оның үстіне қолында қолғанат жігіт баласы жоқ, қыс отын-суын қамдап, қолындағы атын баптап, бақшасын күтерлік. Бұрын «қолында немересі бар» дегенді естімеген едік, Назымның қайдан тап болғанын кім білсін?
Дегенмен Бейсекүл тапқырлық жасаған. Бұл да пионерлік жақсы іс екені сөзсіз.
Сол колхоз кеңсесіне барған жауынды күні Келдібай ағай бізден:
– Иманбекке келдіңдер ме? Әлде басқа да шаруаларың бар ма еді? – деп сұраған.
Осы арада бір мақтанып қояйын. Өмірімде өтірік айтқан жан емеспін. Әжемнің: «Басыңды кессе де, шыныңды айтып өл», – дегені құлағыма әбден сіңсе керек.
Мен Шаншатайдың сәлемдемесін, кеңсеге бригадирді іздеп келгенімді жасырмай айттым.
– Сендердің Шаншатайларың маған да өтірік айтқызды, – деп күлген Келдібай ағай Иманбектің көзінше онан әріге барған жоқ. Неге бұлай дегенін Ықсан екеуміз түсіндік. Күлгенбіз.
Сонда Келдібай ағайдың кеңесімен ауылдық кеңес жанынан «Ауыл айнасы» атты қабырға газет шығармақ болғанбыз. Кеңседе көрген ақ басты кісі ауылдық Кеңестің төрағасы екен. Келдібай ағай мені онымен жолықтырған. Біздің ойын қоятын өнерімізді де ол кісі құптады.
– Жақсылап дайындалыңдар. Қызылша қазу басталғанда көрсетесіңдер, – деген.
Біздің ісімізден хабардар болып, біздің ісімізді ауылдық кеңестің төрағасы қолдаса, бұған неге мақтанбасқа! Неге көңіліміз тасымасқа. Ерекше бір құлшыныс, жігер бітеді екен.
Содан бастап, күнде ертеңгісін Ержандарды шұбыртып, сап түзеп, өлең айтып, көшемен өтетін болдық. Өзін ересек санамай, саптың алдында сорайып Иманбек тұратын болды. Ол Мешітбайдың үйінің қасынан өткенімізде:
Байлар мен молданы ,
Қойдай қу қамшымен! –
дегенді қаттырақ айтады.
Біздің газет шығаратынымызды естігенде Иманбек:
– Мешітбайды жазыңдар. Бар бәленің ұйтқысы сол, – деп қылқылдап қоймай қойды.
Ақыры, оның көңілін қимай, таң атқалы қағазды шимайлап отырғаным мынау. Шаншатай құсап өлең жазайын десем, сөздерім үйлеспейді. Атамның тонына оранып, азап шегіп, терлеп-тепшіп мен отырмын. Бар киімімді сыпырып алып, есік алдында шешем кір жуып жатыр.
– Көзім сәл тайса, өстіп кір-қожалақ боп кетеді, – деп күңкілдейді.
Шешем үйге келгенде, маған ешкім жоламайды. Ықсан да, Бейсекүл де, тіпті Оңалбек те шешемнен қорқады. Осы үйде шешемнен ықпайтын жан жалғыз Ержан ба деймін. Ол таңертеңнен бері бір қурайды ат қылып мініп, шапқылап, ойнап жүр.
Кеше біз Назымдiкіне барғанбыз. Әнеукүнгі теңкиген қауындар ада болып, біз қарбыз жедік. Теке қарт шаншулап үйде жатыр екен. Біз емін-еркін сыртта біраз ойнадық.
Шіркін, Назымды көргенде, Оңалбектің екі көзі жайнап құлпырып кеткені-ай!.. Менің қызғаныш сезімім аздап қозған болады. Бірақ оны кеудемнің қатпар-қатпар түкпіріне тығып, сездірмеуге тырысам.
Бір орайда Назымға:
– Бұрын қайда оқыдың? – дедім.
– Меркеде.
– Биыл бізде оқисың ба?
– Иә.
– Неге? Аудан орталығы жақсы ғой. Көңілді.
– Жақсы, – деді Назым.
– Атамды аяймын. Ол жалғыз ғой.
– Мектеп қашық болмай ма?
Назым басын шайқады. Көзімен үй қасында көлеңкелеп тұрған атты көрсетті жымиып.
Күлімсірегені қандай әдемі. Томпақ бетінің ұшы шұңқырайып, мөлтілдеген жанары шапақ атады.
– Атпен барасың ба?
Назым басын изеді.
– Қорықпайсың ба?
– Қорықпаймын, – деді.
– Мен мұны құлын кезінен өзім өсіріп келем.
Онда сен кішкентай болдың ғой?
– Ол да кішкентай болды, – деп күледі Назым.
– Сонда қалай, бұл атты да осында сен әкелдің бе?
– Иә. Екеуміз жұбымызды жазбаймыз, – деді Назым.
– Бұл қазір – бесті.
Ат біздің не сөйлескенімізді түсінгендей, басын шұлғып, оқыранып қойды.
– Бесті дейсің бе?
– Ат әуелі құлыннан өседі. Сосын тай, одан кейін құнан болады. Төрт жасында дөнен дейді, бес жасында – бесті. Бұл қазір бесте.
Қарабайырдан туған мұндай жылқының бабын білмесең, күту қиын ғой.
– Неге білмеймін, – дейді Назым. – Мұндай жүйрік аттар шікәмшіл келеді. Қорек пен сусынды жіті талғайды. Бұған бидай бермеймін. Аяғына жем түседі. Беретінім – түйген арпа, құрақ жоңышқа. Ішетіні – мөлдір су.
– Шіркін, бәйгеге қосса өзін!
– Ол үшін суыту керек қой. Қолтығы сөгіліп, өкпесі өшіп, жүні өлмесе, алысқа шаба алмайды.
– Осының бәрін қайдан білесің? – деймін сүйсіне таңырқап.
– Теке атам кезінде атбегі болған кісі, кісінеуінен, құлынын көрмей тұрып-ақ, қай айғырдың тұқымы екенін айырған. Көз ұшында бұлыңғырланып кетіп бара жатқан қыл құйрықты қай тұқым екенін білетін. Атам шабылар мен жабыларды осы күнге менсінбейді. Ат санатына қоспайды. «Бордақылап, соғымға сойса», – дейді. Тек шомбалды ғана жүк аты деп ауызға алады.
– Атаңның өнері мұндай болса, әкеңнің өнері қандай? – деймін мен әзілдеп.
Сөзімді шынға жорып, Назым бұған да жауап береді.
– Әкем – құсбегі. Жүйрік ат, тазысыз жүрмейді. Мына бесті – әкем мініп жүрген биенің құлыны. Биесі де жүйрік. Ой, Ертай білсең бар ғой! Аң аулау қандай қызық – дейді тәтті бір әсерге батқандай көзін шарт жұмып, тамсанып. – Былтыр мамыр айында әкем мені Сұлутөрдің жотасына алып шықты. Бұл айды шаруалар сәуір десе, аңшылар құралай айы дейді екен. Сонда мен мүйізі абажадай құлжаны, арқардың тушасын, құралайын көрдім.
– Ал өз өнерің қандай?
Назым менің бетіме бажырайып қарады. Менің үнім кекеткендей болып шықса керек. Іштей қысылып қалдым. Назым ештеңе болмағандай, Дәнеңе сезбегендей, бақжиып қараған бойы:
– Білмейсің бе? – деді. Мен алдымен бапкермін. Содан соң шабандозбын. Мен мінген ат еш уақытта сүрінбейді. Себебі: тартпасын тартамын. Ер мойнына кетпейді. Жауырдың тұғыры жаман ер екенін білемін! Ер батса, ат қайқаңдайды. Шоқтығы қажалады. Сондықтан тоқым, терлігін сайлаймын. Түсіндің бе? Тағы да не сұрағың бар?
– Түсіндім.
– Ендеше мен сұрайын.
– Айта ғой.
– Осы Қосарық колхозының төмен жағында үш терек өскені рас па?
– Төменгі жағы емес. Мектептің қасында өскен. Екеуі әлі түр, – деймін мен.
– Соны кескен адам тірі ме?
– Мен қайдан білейін. Жұрт: «Теректен қан ақты. Кескен адам өлді», – деседі ғой.
– Сен соған сенесің бе?
– Білмеймін. Қан саулап аққанын көргендер әлі бар.
– Адамның өлгенін көріп пе?
– Білмедім. Ол саған неге керек?
Назым менің сөзімді тыңдамай, қайта сұрақ қояды.
– Шайтанның бары рас па? Отын көріпсіңдер ғой.
– Ол шайтан емес дейді ғой.
– Кім айтты?
– Шаншатай.
– Ал өзің не дейсің. Күмілжімей, тоқ етерін айтшы.
– Мен қайдан білейін, – дедім мен, дүдәмәл жауап беріп.
– Түнде молаға барған Шаншатайды «жын ұрып кетіпті» десіп жұрт гу-гу етеді. Оған не дейсің?
– Ол өтірік қой. Иманбектер ұрыпты ғой.
– Жұмсаған кім?
– Мешітбай.
– Неге?
– Осы сен қайдан білесің бәрін? – деймін мен сұрағынан тайқақтап.
– Менің тағы бір өнерім – осындай білгіштігім, – дейді Назым күліп. – Мешітбай – молда. Мұнысын жасырады. Ал пионерлердің міндеті – соны әшкерелеу. Үйінің тұсынан өлең айтып өтумен ештеңе тыңдырмайсың. Аңдығанмен, қолға түсіру қиын. Ол өте қу, әккі. «Ағаштан қан ақты», «Шайтан бар» деп от жақтыру, молада «жын соқты» деу оның таратқан үгіті. Оған біраз жұрт сенеді. Сондықтан оны жұрт көзіне масқара етіп әшкерелеп, өтірігін ашу керек. Ол үшін ең алдымен өзіңнің сенімің мықты болуы қажет. Ұқтың ба?
– Дұрыс қой, – деймін мен. – Бірақ өтірігін ашу қиын ғой. Жұртты қалай сендіресің? Онан да аңдып, қылмысының үстінен түскен дұрыс.
– Бізсіз де онымен шұғылданатындар бар. Біз Мешітбайлар жайған дін уытына қарсы күресуіміз керек. Өтірігін ашу қиын дейсің, қалай ашамыз дейсің. Шыбық секілді солқылдақ екенсің өзің. Тыңда. Газет шығаратын болдың ғой? Сонда «Шаншатайды ұрған «жын» – мына бізбіз деп, Иманбек мақала жазсын.
– Жазбас, – дедім күмәнданып.
– Жазады, – деді Назым сеніммен. – Сен сөйлеспесең, Бейсекүл екеуміз сойлесеміз. Мен бір мақала беремін.
– Сен бе?
– Несіне таңқаласың?
– Не жазасың сонда?
– «Теректі кескен адам – менің әкем,» – деймін. «Өлген де жоқ, жын соққан да жоқ, тірі», – деймін. – «Сыпатайды» қаны тамған әулие ағаш деулерің қате деймін. «Терек тез өсіп, тез қартаяды. Қан дегендерің – оның ырса-ырса қабыршықтарының арасына толған құрт-құмырсқалар» деймін.
– Қызық екен?
– Қызықтың көкесі алда, – дейді Назым. – Бірге оқығанда көрерсің әлі. Ал сен молдалардың келемеж суретін сал.
– Сурет салатынымды да біліп қойғансың ба?
– Білмегенде, – деді Назым, маржандай ақ тістерін көрсете.
…Мен Мешітбайға ұқсатып түнде бір молданың суретін салғанмын. Енді соның астына жазуға өлең керек. Ақыры, нар тәуекелге салып, былай деп жаздым:
Шайтан да жоқ, жын да жоқ
Оған енді сенбеңдер
Молдалардың сөзіне
Бұдан былай ермеңдер!
Құлғана мен мерездей
Молда сөзі – ол да дерт.
Аластайық арадан,
Жан-жағына қойып өрт.
Өлеңнің жатық шықпағанын ішім сезеді. Дегенмен, оқуға болатын секілді.
Енді кешегі сөзімен Назым келіп қалмаса деп, қыпылдап отырмын. Менің мына тонға оранып отырған түрімді көрсе, кім болса да, шошыр. Газеттің тақырыбы, мен салған сурет пен астындағы өлеңнен басқа алдымдағы ақ қағазға еш белгі түскен жоқ. Иманбек пен Назым жазса, онда толып қалатын жайы бар. Дегенмен, мектептің қабырға газеті секілді бас жағына бір мақала керек тәрізді. Оны кім жазады? Бұл маған әзірге жұмбақ. «Ауылдық кеңеске бара көрермін, – деймін. – Көшіріп жазатын бәрібір өзіммін ғой».
Осы күні сол кездегі мұғалімдерге рақмет айтамын. Бірінші кластан кітапты мәнерлеп оқуға, сұлу жазуға қадағалап отырып үйретуші еді. Сұлу жазудың өзі мақтаныш болатын.
Сондықтан болар, мен әріптерді әдемі жазуға тырысатынмын. Оным жеміссіз болған жоқ. Қабырға газетін жазу не болмаса бірдеңені көшіріп жазу керек болса, маған тапсыратын.
Тон жамылып отырмын. Сырттағы ашық күннің сәулесі терезеден сығалап, делбемді қоздырып, көңілімді қытықтайды. Далаға шығуға дәрмен жоқ. Жіпсіз байлану деген осы екен.
Мұндайда кітап оқисың, болмаса, қиялға берілесің. Ұйықтауға болар еді. Бірақ түні бойы ұйқыны да сарыққан секілдімін.
Тағы да есіме әнеукүнгі түс түседі. Әйтеуір, сол түс есімнен шықпайды. Тобылғы торы үстінде Назым отыр. «Кел, жарысайық! Алда талай бөгет, талай сын бар. Солардан сүрінбей өте аласың ба?» деп тұрғандай. Әсем бір әсерге шомамын.
«Бас жарылса – бөрік ішіңде, қол сынса – жең ішінде» деген аталарымыз. Менің емханада жатқаным сөз болып па. Ертең-ақ мұның бәрі қолдың кіріндей шайылып ұмыт болады. Түнде молаға барсам, сендерге дүниеде ешбір шайтан мен жынның жоқ екенін дәлелдеу еді. Сол мақсатыма жеттім бе немесе жаңылыс басып көңілдеріне қаяу салдым ба? Білмеймін.
Бірақ менің ең бір қуанатыным – дүниеге жаңарған жаңа бір адам келіп бізбен бірге сапқа тұрды. Ол адасқан еді, тура жолға түсті. Енді ол бұл жолдан ешқашан да таймайды.
Міне, осы үшін таяқ жеуге де болады. Күресуге де болады. Берік саптың қатарына адамның қосылуы – үлкен жеңіс. Өмірдегі бақыт, міне, осында», – Шаншатай осылай деп сөйлеп тұрған секілді.
Ол да ат үстінде. Ол да қол бұлғап: «Кел, жарысайық!» – деп тұрғандай.
Көңілім өсіп, жүрегім лүп-лүп соғады. Осы әсер үстінде шешем үйге кіріп, төрдегі абдыраны ашты да, ішінен су жаңа киімдер алып:
– Мә, ки! – дедi. – Сыртта достарың күтіп тұр. Есік алдында Оңалбек, Ықсан, Бейсекүл, Назым, Иманбек, тағы басқа балалар тұр екен.
– Ой, Ертай, сүйінші! – деп, Бейсекүл бір газетті төбесінен жоғары бұлғап айғай салды. Балалар маған көрмеге қойылған заттай таңырқай қарап, қоршалап алған.
– Суретің «Октябрь балаларына» шығыпты. Құттықтаймын! – деді Назым қолымды алып. Басқа балалар да қолымды қысып жатыр.
– Көне, көрейінші!
Суретте – масақ терген Бейсекүл. Суретте ол маған сұлу көрінді. Астына «Егін орағында» деп қойыпты. Аты-жөнімді жазыпты.
– Ой, Ертай! Сен жақсы баласың! – деп, осы кезде Бейсекүл екі қолымен мойнымды айқара құшақтады да, бетімді шөп-шөп сүйді. Жүрегім шым ете түсті. «Апырау, осы мен Бейсекүлге ғашық болмасам нетті?»
Шынын айтқанда, мен жақсы достардың бәріне ғашық едім.
Газетпен бірге хат келген екен. Онда: «Нағыз пионердің суретін салып жібер», – депті.
Көз алдымда тәмпіш қара Шаншатай тұрды.
1971 – 1972 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *