ТҮЙЕ ҮСТІНЕН
/ Бір әкімге/
Түйе үстінен шаптырып сие білген,
Сізде бір күн түсерсіз түйеңізден.
Сонда бірақ ар көріп ұялмассыз,
Арқа сүйеп өзіме сүйенуден.
Кері айналып заманның дөңгелегі,
Теңеледі құдайдың пенделері.
Сонда мені жағалап сүмең қағып,
Мақта дейтін шығарсыз елге мені.
Түйең шөгіп, қазірден жүреледі,
Бұрынырақ білмеймін кім өледі?
Тірі өледі біреулер, шын өледі,
Бүгінгінің сіз бүгін «Дуалы аузы».
Ертеңгінің сүмпиген сүмелегі.
Түкіресіз әзірге түйеңізден,
Шіренесіз бір мықты иеңізбен.
Қайран әппақ көңілім кірлеген-ай,
Сіздің жаққан баттиып күйеңізден.
Бұл заманның нән төбет үрегені,
Түйе үстінен түкіріп шіренеді.
Ертең маған келеді еркелегің,
Желкеңізден бір сипап ертең елің
Күзетуге қорасын жібереді.
Кері айналып уақыт дөңгелегі,
Кең келместің барлығын теңгереді.
Сіз жүзетін бір күні көл кебеді,
Ентігеді сонда осы өр кеудеңіз
Секілденіп балықтың желбезегі,
Келеді ғой, келеді ел кезегі.
Сонда маған жәутеңдеп
Беу, байшара-ай,
Таныстыр деп айтарсыз елге мені.
Сонда-ау осы айтамын елге нені?
Бір күні адам өмірін бітіреді,
Таудың өзі жүндей боп түтіледі,
Барлығынан бір сауал күтіледі
О, дүниеде бүгінгі түйең сенің,
Былш еткізіп бетіңе түкіреді.
Авторы Есенқұл Жақыпбек