PISA зерттеуіндегі Қазақстан

PISA зерттеуіндегі Қазақстан
PISA нәтижелері білім алушы басына жұмсалатын қаражат өскен сайын, білім сапасының артатынын көрсетеді. Мәселен, рейтинг көшін тұрақты түрде бастап тұрған – Сингапур, Жапония, Финляндия елдері. Бұл елдерде бір оқушыға жұмсалатын қаражат мөлшері 10-14 мың долларды құрайды. 2017 жылғы деректер бойынша Қазақстанда бұл көрсеткіш 2,5 мың долларға тең.
Сондай-ақ, зерттеу нәтижесі әртүрлі облыстардың, ауыл және қала мектептерінің, мектепалды даярлық сыныбын аяқтағандар мен даярлықтан өтпегендердің білім сапасында айымашылық бар екендігін көрсетті.
Қазақстан зерттеуге 2009 жылдан қатысып келеді, яғни қазақстандық білім алушылардың оқу жетістіктері 2009, 2012, 2015, 2018 жылдары бағаланды (1-кесте).
1-кесте. PISA зерттеуіне қатысқан қазақстандық білім алушылардың оқу сауаттылығы бойынша көрсеткіштері
Бағыт 2009 2012 2015 2018
Оқу сауаттылығы 390 393 427 387
Оқу сауаттылығы бойынша алғашқы нәтиже 390 балды құрады, одан кейінгі жылдардағы көрсеткіш ілгерілеуді көрсетіп жақсара түсті, яғни 393 және 427 балды құрады. 2018 жылғы қорытынды бойынша құлдырау байқалады (387 балл), нәтижесінде Қазақстан оқу сауаттылығы бойынша 78 елдің ішінен 69-орынға тұрақтады. Сол жылы PISA зерттеуіне бірінші рет қатысқан Украина мемлекеті 466 балл көрсеткішімен бірден 39-орынға тұрақтап, Қазақстанды басып озды. Әлемдегі ең көп оқитын ел болып саналған бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы елдер рейтингтің ортасында тұр. Ресей мен Беларусь – 31, 36-орындарда.
PISA-2018 зерттеуі
2018 жылы тестке 15 жастағы 600 мыңға жуық білім алушы қатысып, 79 елдегі 32 млн мектеп оқушысының білім сапасына қатысты болжам жасауға мүмкіндік берді. Зерттеуге бірнеше мемлекет өкілдері бірінші рет қатысты. Атап айтсақ, Беларусь, Босния-Герцеговина, Бруней-Даруссалам, Марокко, Сауд Арабиясы, Украина және Филиппиндер. Ал PISA рейтингінің көш басында 2000 жылдан 2018 жылдар аралығында тұрақты түрде үздіктердің үздігі болып тұрған мемлекеттер: Финляндия, Корея, Жапония, Қытай, Сингапур. Өкінішке орай, Қазақстан тізімнің басындағы алғашқы 20 мемлекет қатарына кіре алмады.
2018 жылы Қазақстан атынан PISA зерттеуіне 5 мыңнан астам білім алушы қатысты. Оқушылардың кейбіреуі 1-сыныпқа 6 және 7 жастарында барғандықтан, 9 бен 10-сынып оқушылары тестіленді. Олардың арасында үздік нәтиже көрсеткен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары болды. Бұл НЗМ білім беру бағдарламасының тиімділігін көрсетті. Зияткерлік мектеп оқушылары оқу сауаттылығы бойынша 511 балл жинады, ол алдыңғы орындарда тұрған елдердің көрсеткішіне сәйкес келеді. Дегенмен қалған білім алушылардың нәтижесі жоғары емес. Оған себеп болған бірнеше фактор бар.
Біріншіден, тест Қазақстан үшін алғаш рет компьютерлік форматта өтті. Оқушылар үшін бұл жаңа тәжірибе болғандықтан, біраз қиындықтар туындады. Тест барысында өткен сұрақтарға кері қайту мүмкіндігі болмағанын да ескерген жөн. Қағаз форматта білім алушылар қиын сұрақтарға қайта оралуға немесе өз жауаптарын қайта қарап үйренген, ал компьютерлік тестілеу кезінде олай жасау мүмкін емес. Мұндай жағдай PISA-2015 зерттеуінде басқа елдерде де орын алған, яғни аталған жылы 57 қатысушы ел алғаш рет компьютерде тест тапсырып, нәтижесінде көптеген елдің балы төмендеген. Мысалы, PISA зерттеуі бойынша көшбасшы елдердің бірі – Корея мемлекетінің нәтижесі математикалық сауаттылық бойынша – 30, жаратылыстанушылық-ғылыми сауаттылық бойынша – 22 және оқу сауаттылығы бойынша 18 балға дейін төмендеген.
Екіншіден, 15 жастағы білім алушылар PISA нәтижелерін жақсартуға үлес қосатын жаңаша оқыту жүйесіне, яғни жаңартылған білім беру мазмұнына көшіп үлгермеген болатын. Жаңартылған бағдарламаның тиімділігіне PISA-2022 немесе PISA-2025 зерттеуінде көз жеткізе аламыз, себебі бұл уақыт аралығында білім алушылар жаңартылған білім мазмұны бойынша 7-8 жыл оқып үлгереді.
Үшіншіден, зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың негізгі бөлігін 9-шы (44%) және 10-сынып (53,4%) оқушылары құрады. Басқа елдерде мектепке қабылдау жасы нақты бекітілгендіктен, ол елдерден PISA зерттеуіне қатысушылардың көпшілігі бір параллельден болады. Мысалы, Жапония мен Сингапур елдерінің қатысушылары сәйкесінше 100% және 90%-ке 10-сынып оқушыларынан тұрады.
Бұл PISA-2018 қорытындысы бойынша алынған көлемді талдау материалының бір бөлігі ғана екенін атап өтуіміз керек.
Оқу сауаттылығын бағалаудың басты тәсілдері (1-бөлім)
Оқу сауаттылығын бағалаудың үшөлшемділігі
Оқу сауаттылығы – адамның мәтінді түсіну, оны пайдалану, бағалау, ол туралы ой қорыту және осы дағдыларын өз мақсаттарына жету, білімі мен мүмкіндіктерін кеңейту, қоғамдық өмірге қатысу үшін қолдана алу қабілеті.
PISA халықаралық зерттеуіне сәйкес, оқу қабілетін игеру нәтижесі мына үш өлшем негізінде бағалануы тиіс: мазмұн, оқу құзыреттіліктері және мәтіндердің жағдаяты
1. Мазмұн: мәтін форматтары
«Мәтін» ұғымы баспа немесе электронды форматта ұсынылған шынайы тіл қолданылған мәтіндерді меңзейді. Мұндай мәтіндер қатарына диаграмма, сурет, карта, кесте, график түріндегі визуал бейнелер жатады, бірақ қабылдаудың басқа стратегияларын талап ететін фильм, телесурет, мультипликация мен сөзсіз суреттер мұндай мәтіндерге жатпайды.
Мәтіндерді типке жіктеудің түпкілікті жолы жоқ. Бір ғана мәтіннің өн бойында әртүрлі мәтін типтері кездесуі мүмкін. PISA зерттеуі мына сипаттарды маңызды мәтін сипаттары ретінде ерекшелейді:
• ішкі байланыстылығы мен дәйектілігі;
• шынайылығы мен фактологиялық деректердің болуы (ғылыми, көпшілік, ресми және т.б. мәтіндер) және ойдан шығарылуы мен көркемділігі (көркем әдеби мәтіндер және т.б.);
• тұтастық немесе тұтас еместік сипаты.
PISA зерттеуінде мәтіндер бірнеше форматта беріледі. Біріншісі – тұтас мәтін, ол ірі мәтін бірліктерінен тұрады. Тұтас мәтіндер жеке жол түрінде ұсынылған формула, кесте, схема, иллюстрация немесе басқа ақпарат бірліктерімен бөлінбейді. Семантикалық тұрғыдан біртұтас абзацтар белгілі бір иерархиямен ұйымдастырылады және оқырманға мәтіннің логикалық құрылымын түсінуге көмектесетін тақырыптар мен тақырыпшалармен белгіленеді. Мұндай мәтіндерге әңгімелер, өлеңдер, мақалалар, мектеп шығармалары сияқты түрлі жанрдағы мәтіндер жатады.
Тұтас емес мәтіндер басқа оқу дағдыларын талап етеді, себебі олар кесте, диаграмма, график тәрізді ақпараттық бірліктерден тұрады. Аралас мәтіндердің ерекшелігі – олардың вербал және бейвербал элементтерден тұратындығында, сондықтан олар тұтас мәтін белгілерін де, тұтас емес мәтін белгілерін де қамтиды (веб-парақша, журнал және т.б.). Құрамдас мәтіндер мазмұн және формат тұрғысынан әртүрлі бірнеше мәтінді біріктіреді. Соған қарамастан, мұндай мәтіндер мағыналық тұрғыдан іштей байланысты және аяқталған болады.
2. Құзыреттіліктер
Оқу әрекетінің өлшеуге болатын аса маңызды құраушысы – оқу құзыреттіліктері, яғни бір немесе бірнеше мәтінді оқу кезінде оны терең түсіну үшін қойылған міндеттер және оқырманның сол міндеттерді шешу үшін салған өзіндік жолы.
PISA зерттеуі аясында оқу құзыреттіліктерінің үш негізгі тобы бар. Әр құзыреттілікке жеке тоқталып, тапсырма мысалдарын қарастырып өтейік.
Ақпаратты табу
• Мұндай тапсырмаларды орындау кезінде мәтінге көз жүгіртіп өтіп, оның негізгі элементтерін анықтау қажет. Содан кейін белгілі бір сипатына сүйеніп (ұқсастық не айырмашылықтарды, себеп-салдарлық қатынастарды және т.б. анықтау), қажетті семантикалық бірлікті іздеу керек. Мәтінді бір қарап шығу арқылы бірнеше сөз, сөйлем немесе сан түрінде берілген қажетті ақпаратты табуға болады. Білім алушының бұл құзыреттілігін бағалайтын сұрақтарға «Сипатталған оқиға қай жылы болды?», «Пойыз қай стансадан шығады?» деген сияқты сұрақтарды жатқызуға болады.
Мәтінді интерпретациялау
• Бұл құзіреттіліктің тапсырмаларын орындау үшін мәтіннің бірнеше бөлігінде берілген ақпаратты біріктіру, мәтіндегі тілдік нюанстардың мағынасын түсіндіре білу, көзқарастарды салыстырып, салғастыра білу, мәтіннен ұсынылған тезистерді растайтын дәлелдер тауып, тұжырымдалған тезистерден қорытынды шығара білу керек.
Мәтіннің мазмұны немесе формасы бойынша рефлексия жасау және мәтінді бағалау
• Бұл құзыреттілікті бағалайтын тапсырмалар мәтінде берілген көзқарастардың біріне қатысты өз пікірін негіздеуді немесе оларға қайшы келетін дәлелдерді ұсынуды талап етеді. Сонымен қатар, ақпараттың сенімділігін, өзектілігін, дәлдігін, объективтілігін бағалап, мәтін формасының оқырманның ақпаратты қабылдауына әсерін бағалай алу дағдысы маңызды. Бұл деңгейдегі тапсырмалар көбінесе әртүрлі көзқарастарды салыстыру, салғастыру немесе өз көзқарасын тұжырымдау үшін тәжірибесі мен біліміне жүгінуді талап етеді.
Сонымен, мәтінді толық түсіну үшін білім алушы жоғарыда аталған құзыреттілік топтарының үшеуін де белгілі бір деңгейде дамытқан болуы керек.
Жаңартылған білім беру мазмұнындағы «Қазақ тілі» оқу бағдарламасы «оқылым» бөлімі аясында толықтай функционалды сауаттылықты дамытуға құрылған, яғни әрбір оқу құзыреттілігі белгілі бір оқу мақсаттарының мазмұнына кіріктірілген (2-сызба).
2-сызба. Оқу құзыреттіліктерінің «Қазақ тілі» пәнінің оқу бағдарламасына кіріктірілуі

3. Жағдаят типтері
PISA зерттеуінде оқудың әлеуметтік, танымдық, дербес аспектілері ескеріледі. Бұл аспектілер адам мен мәтін арасындағы байланыстан туатын түрлі жағдаяттарда көрініс табады. Әрқайсысына тоқталып өтейік.
• Жеке мақсатта оқу (өзі үшін оқу) жағдаятына жеке хаттар (соның ішінде, блог жазбасы, чат, хабарламалар), көркем әдеби шығармалар, өмірбаяндар және т.б. жатады.
• Қоғамдық мақсатта оқуға ресми құжаттар, қоғамдық мән-маңызы бар оқиғалар туралы әртүрлі сипаттағы ақпараттар және т.б. жатады.
• Кәсіби мақсатта оқуға нұсқаулық мәтіндері, тауарлар мен қызметтер туралы ақпараттар, жарнама, жолбағдарлар, көліктердің жүру кестесі, афишалар және т.б. жатады.
• Білім алу үшін оқуға оқу-танымдық, анықтамалық әдебиет, ғылыми-көпшілік мәтіндер жатады.
Жағдаяттарды типке бөлу оқу мақсатымен қатар, мәтін тақырыптарын да айқындауға мүмкіндік береді. Жаңартылған мазмұндағы «Қазақ тілі» оқу бағдарламасында (5-9-сыныптар) ұсынылатын мәтіндерді келесі тақырыптық салаларға біріктіруге болады: тұлғааралық қарым-қатынастар, адам мен табиғат, адам мен техникалық прогресс, экологиялық мәселелер, салауатты өмір салты, қауіпсіздік, саяхаттау, ғылыми жаңалықтар, тауарлар мен қызметтерді таңдау, білім беру, еліміздің ұлы тұлғалары, болашағы және басқалары. Мұндай тақырыптар оқушылардың ойлау көкжиегін кеңейтіп, пәнаралық байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мәтіннің қызметтік жағдаяты оқырман мен мәтін арасында байланыс орнататын контекстіні (жеке, қоғамдық, кәсіби, танымдық) анықтап береді.
Оқу сауаттылығын бағалаудың негізгі тәсілдері (2-бөлім)
Мәтін форматтары
PISA зерттеуінде оқу сауаттылығын бағалайтын тест сұрақтары әртүрлі форматтағы мәтіндерге негізделеді.
1. Тұтас мәтін. Мұндай мәтіндер негізінен мәтіннің ірі бірліктерінен тұрады. Мәтінге бөлек жол ретінде формула, кесте, диаграмма, сурет және т.б. енгізілмейді (1-сурет). Мәтін мағыналық тұрғыдан абзацтарға бөлінеді және оқырманға мәтіннің логикалық құрылымын түсінуге көмектесетін тақырыптар мен тақырыпшалармен белгіленеді. Тұтас мәтіндерге түрлі жанрдағы мәтіндер, оның ішінде әңгімелер, өлеңдер, мақалалар, мектеп шығармалары жатады.
2. Тұтас емес мәтін. Мұндай мәтіндер өзгеше оқу дағдыларын талап етеді, себебі мәтіннің ақпараттық бірліктерінен, яғни кесте, график, диаграммалардан тұрады. (2-сурет)
3. Аралас мәтін. Мұндай мәтіндер бір-бірін толықтырып тұратын вербал және бейвербал элементтерден тұрады, сондықтан оларға тұтас мәтіннің де, тұтас емес мәтіннің де белгілері тән. (3-сурет)
4. Құрамдас мәтін. Мұндай мәтіндер мазмұн және формат тұрғысынан әртүрлі бірнеше мәтінді бір тақырып аясында біріктіреді. Дегенмен мағыналық тұрғыдан өзара байланысты және аяқталған болады. (4-сурет)
PISA-2012 тестінде жоғарыда аталған форматтар бойынша тест сұрақтарының бөлінісі келесідей: тұтас мәтіндер – 39%, тұтас емес мәтіндер – 30%, аралас мәтіндер – 23%, құрамдас мәтіндер – 8%.
Электронды мәтіндер
PISA-2018 халықаралық зерттеуінде қазақстандық оқушылар тестті алғаш рет компьютерлік форматта тапсырды. ХХІ ғасырда сауаттылық деңгейіне қатысты қойылған жаңа талаптар оқырманға қойылатын әлеуметтік-экономикалық талаптармен тығыз байланысты. Олар:
• электронды технологиялармен жұмыс жасаудағы әмбебап дағдылар;
• ақпараттық сауаттылық – ақпаратты өз бетімен тауып, оны сын тұрғысынан талдау;
• әлеуметтік медиадағы ақпарат туралы сын тұрғысынан ойлану;
• бірнеше әртүрлі дереккөзден алынған ақпаратты жалпылап, өз сөзімен түсіндіре алу;
• Интернеттегі этикет нормалары мен желілік қауіпсіздік негіздерін түсіну.
PISA зерттеуіндегі электронды материалдар сызықтық немесе сызықтық емес мәтін түрінде ұсынылады. (5-сурет)

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *