PISA оқу сауаттылығы дегеніміз не? (Шолу)
Тұлғаның өзін-өзі дамытуы мен білімін жетілдіруіндегі басты құралдардың бірі – оқу сауаттылығы. Бұл кеңауқымды ұғым үш құрамдас бөліктен тұрады. Біріншісі – оқылған мәтінді түсіну қабілеті. Ол білім алушыны оқуға үйрету кезінде педагог қызметінің маңызды бөлігі болып табылады. Қойылған сұраққа толық жауап беру үшін мәтін ақпаратын қолдану қабілеті де аса маңызды. Оны пән мұғалімі қызметінің қолданбалы бөлігі ретінде қарастырса болады. Үшіншісі – белсенді оқудың басты көрсеткішітерінің бірі – оқығаны туралы ойлана алу қабілеті.
Оқу сауаттылығы адамның қоғамдағы өмірінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан оқу сауаттылығы – PISA халықаралық зерттеуінің функционалды сауаттылықты бағалаудағы негізгі бағыттарының бірі. Ол PISA аясында 2000 жылдан бастап әр үш жыл сайын бағаланып келеді, 2000 және 2009 жылдары приоритетті бағыт болған.
Оқу сауаттылығын өлшеу құрылымы
Оқу сауаттылығы бағытындағы PISA тесті 15 жастағы білім алушының шынайы өмірлік жағдаяттарда өз білімі мен дағдыларын қолдануына қажетті құзыреттіліктерді анықтап берді. Оларды анықтауға мектеп білімінің сапасын бағалау саласындағы жетекші халықаралық сарапшылар атсалысты.
PISA зерттеуінде оқу сауаттылығын бағалау үшін білім алушыларға мәтінде берілген ақпаратты салыстыру, автордың ойын түсіну және қоршаған орта туралы жеке түсінігіне сүйене отырып, өз көзқарасын дәлелдейтін негіздемелерді табуды қажет ететін тапсырмалар беріледі.
Зерттеуде оқу сауаттылығы бойынша үш негізгі өлшегіш қолданылады. Олар: мәтін, жағдаят, сұрақ. Зерттеу мәтіндері әртүрлі форматта беріледі, бірақ барлық мәтіндердің ортақ ерекшелігі – мазмұнының шынайылығында, яғни өмірден алынған мысалға негізделгендігінде. Мәтінмен қатар, жағдаят та маңызды рөл атқарады, себебі ол мәтінді оқу мақсаты мен контекстті анықтайды. Ал үшінші өлшегіш, тапсырма сұрағы, оқу құзыреттілігін анықтауға көмектеседі. Осылайша әр тапсырма 15 жастағы білім алушы өмірде тап болуы мүмкін шынайы оқырман жағдайының моделін ұсынады.
Оқуға арналған материалдар түрлі форматтарда беріледі: көркем әдебиет, ғылыми-көпшілік мәтіндер, ресми құжаттар, қоғамдық мәні бар ақпараттар, кесте, графика, диаграмма мен карталар. Яғни оқу сауаттылығы бағытындағы зерттеу құралдары білім алу жағдаятындағы мәтіндермен қатар, оқырман жеке жағдаятта танысуы мүмкін мәтіндерді де қамтиды. Оған қоса, кәсіби және қоғамдық жағдаят мәтіндері де қарастырылады.
1-сызба. Оқу сауаттылығы дағдыларының дереккөздермен байланысы
Оқу сауаттылығының тест сұрақтары бірнеше мәтін форматында беріледі. Олар: тұтас, тұтас емес, аралас және құрамдас мәтіндер (2-сабақ).
Сонымен қатар, PISA тестінің құрылымы үш оқу құзыреттілігі мен оған сәйкес әрекеттерді қамтиды:
1. Ақпаратты табу. Қажетті ақпаратты тауып, мәтін контекстінен ажыратып алу;
2. Мәтінді интерпретациялау. Ақпарат бөліктерін біріктіру, интерпретация жасау және мәтін туралы жалпы түсінік қалыптастыру;
3. Мәтіннің мазмұны немесе формасы бойынша рефлексия жасау және мәтінді бағалау. Мәтіннің мазмұны мен формасына қатысты жеке пікірін білдіру (2-сабақ).
PISA тесті оқу құзыреттіліктерінің әртүрлі күрделілік деңгейлерін қарастырады – мәтіннің үстіртін, тура мағынасын түсінуді талап ететін қарапайым сұрақтарды да, аса күрделі сұрақтарды да қамтиды. Мысалы, мәтіннен ақпаратты тауып, оны іріктеу тапсырмасының күрделілігі мәтіннен табу керек мағыналық бірліктердің санына тәуелді болуы мүмкін. Интеграция мен интерпретация әрекетінің күрделілігі өзара байланыстыруды қажет ететін мағыналық бірлік санымен бағаланады. Оған қоса, мәтін құрылымы біртекті болмайды: оқырман мәтін тақырыбымен неғұрлым төмен деңгейде таныс болған сайын, мағыналық бірліктерді біріктіру де қиындай түседі. Рефлексия және бағалау күрделілігі де әртүрлі болады: ондағы сұрақтар фактілерді салыстырумен шектелмей, ұсынылған ақпарат негізінде болжам жасауды да талап ете алады. Тапсырмалар күрделілігіне сәйкес 1-деңгейден 6-деңгейге дейін беріледі. 1-деңгей 1c, 1b және 1a деңгейшелерінен тұрады.
Жоғарыда аталған үш құзыреттілік өзара байланысты және бір құзыреттілік тапсырмасын дұрыс не бұрыс орындау келесі тапсырманы орындауға әсер етеді. Бірінші әрекетті орындау барысында (ақпаратты тауып, ажыратып алу), оқырман мәтіндегі жекелеген бөліктерге назар аударады. Екінші әрекетте (интеграция мен интерпретация) осы бөліктерді біртұтас бірлікке айналдырады. Ал үшінші әрекетті орындау кезінде (рефлексия және бағалау) осы тұтас ақпаратты мәтіннен тыс білімімен байланыстырып, түйсіне алатындығын көрсетеді (2-сызба).
2-сызба. PISA зерттеуінің оқу құзыреттіліктері мен оған сәйкес дағдылар
Оқу сауаттылығын бағалауға арналған тапсырма үлгісі
ТОҚАШ
Бойжеткен орталық бекетте пойыз күтіп отырды. Ол уақыт өткізу үшін кітап сатып алмақ болды. Кітаппен бірге бір қорап тоқаш сатып алды. Содан соң күту залынан тыныш отырып, кітап оқуға болатын бос орын тауып алды.
Тоқаш қорабы бойжеткен мен газет оқып отырған ер адамның арасындағы орындықта еді. Қыз бір тоқашты алған кезде, ер адам да біреуін алды. Ол таңғалғанымен, ешнəрсе айта қоймады, кітабын оқуды жалғастыра берді. Ішінен: «Сене алар емеспін! Сәл батылдау болсам, міндетті түрде бірдеңе дер едім», – деп ойлады.
Ол əрбір тоқашты алған сайын, ер адам да тура солай істеді. Қорапта бір тоқаш қалғанға дейін осылай жалғаса берді. Бойжеткен ер адамның енді не істейтінін көру үшін күте тұрмақ болды. Ал, ол соңғы тоқашты алып, екіге бөліп, бұған жартысын берді.
Таңғалған қыз кітапты сөмкесіне лақтырып жіберіп, тұрып кетіп қалды. Ол сабырға келу үшін залдың екінші шетіне барып отырды. Ашуы тарқаған соң, ол сөмкесіндегі кітабына қол созды. Өзінің қорабы ашылмаған тоқашы сөмкесінде жатқанын тек сонда ғана көрді.
1-сұрақ
Әңгіменің басында бойжеткен не істеді?
А. Ол бекетте пойыз күтіп отырды.
В. Ол бекеттен кетейін деп жатты.
С. Ол бекетте ер адаммен сөйлесіп жатты.
D. Ол бекетте газет сатып алып жатты.
2-сұрақ
Әңгіменің ортасында бойжеткен «Сене алар емеспін!» деді. Ол неге сене алар емес?
_________________________________________________________________________
3-сұрақ
Әңгімедегі бойжеткен мен ер адам әңгіме аяқталған соң, бірнеше минуттан кейін қайтадан кездесті делік. Бойжеткен ер адамға не дер еді?
_________________________________________________________________________
Тұтас мәтін форматында берілген «Тоқаш» тапсырмасы тестілеуге қатысушылар үшін қиындық туғызбады. Үш сұрақтың екеуі толық жауапты талап етеді. Сұрақтарға жауап беру үшін мәтінді интерпретациялау, сыни тұрғыдан талдау және өмірлік жағдаятпен байланыстыру қажет.
PISA-2012 зерттеуіне қатысқан 15 жастағы білім алушылардың 90%-і бірінші сұраққа дұрыс жауап берді де, 54%-і «Ақпаратты табу» құзыреттілігін бағалауға берілген екінші сұраққа дұрыс жауап берді. Жағдайды бағалап, оны шешуге өз гипотезасын ұсынуды талап ететін соңғы сұраққа білім алушылардың 70%-і жауап бере алды.