Отбасы татулығы
Аңыз әңгіме
Баяғыда бір үлкен отбасы өмір сүріпті. Отбасындағы адамдар саны өте көп екен, бір қауым ел болып, бірге тұрыпты. Ол отбасы ерекше екен, отбасының өзара келісімі де, татулықта өмір сүруі елді таң қалдырады. Оларда ұрыс-керіс, дау-жанжал деген атымен болмайды екен.
Бұл отбасы жайлы патшаның құлағына да жетеді. Патша естігенінің ақ-қарасын анықтау үшін ауылға келеді. Ауыл тап-таза, барлығы да жеткілікті, тыныштық пен береке қонған. Патшаның көңілі толып, ерекше бір шаттыққа бөленеді. Сыйластығы жарасқан бақытты отбасында қариялардың орны төрде, уайым-қайғысыз, балалары бақытты, мәз-мейрам екен. Бұған патша таң-тамаша болады. Отбасының қалайша бақытты, тату-тәтті өмір сүруінің мәнісін білгісі келеді.
Ол ауыл ақсақалына келіп, отбасындағы татулық пен бірлікке қалай жеткендерін айтуын өтінеді.
Қарт үнсіз ғана жүз рет «сүйіспеншілік», жүз рет «кешірім», жүз рет «бірлік» деп қағазға мұқият жазып шығады.
Үш сөзді оқыған патша таң қалып:
– Осы-ақ па?
– Иә, – деді ақсақал.
– Барлық жақсы отбасылар тек осы қасиеттерден құралады, – деді де, сәл ойланып, «және шыдамдылық» деген сөзді қосып қойды.
• Әңгімеден өздеріңе қандай ой түйдіңдер?
• Отбасылық өмірдің мәні неде деп ойлайсыңдар?
• Отбасындағы татулық пен бірлік болуы үшін қандай құндылықтар қажет?
• Өздеріңнің отбасыларың қандай қасиеттерден құралған?
• Отбасыңдағы сүйіспеншілік пен татулықтың орнауына өздерің қандай үлес қосып жүрсіңдер? Әңгімелеп беріңдер.