Ана қиялы
Аңыз
Баяғы өткен заманда, бір елді мекендегі сұрықсыз, жұпыны үйде екі баласымен жалғыз ана тіршілік етіпті. Ана өте өнерлі ісмер болыпты. Ол үнемі кестелеп орамал тоқып, соны ас-суға айырбастап, күндерін көріпті. Аналарының алып келген тамағына мәз болған балалар да уайымсыз өмір кешіпті.
Балалар да ер жетеді. Ана қартаяды, кестелеуге қолдары илікпей, көзжанары да тайып, қалжырай бастаған болатын. Күндегі әдетінше кестелеп тіккен орамалын алып базарға келеді. Бұйымын қажетті заттарға айырбастамақ болып, базар аралап жүріп, бір кісінің сурет салып отырғанын көреді. Суреттегі әдемі бау-бақшалы, шатырлы әсем үйлер, ғимараттар жанында ерекше сымбатты киініп, қолдарына кітап ұстаған адамдар анаға үлкен әсер қалдырады. Суретке әлсін-әлсін қарап таңданады. Суретшінің қиялына дән риза болады. Өмірде де осы суреттегідей әлемнің болатынына сеніммен қарап, оны өзінің бұйымына айырбастап алады. Жолда келе жатып, осындай зәулім үйде өзінің үлкен шеберханасы болуын, онда әдемі, асыл бұйымдарды әрі көп, әрі жылдам дайындауды, балаларының да суреттегі адамдардай оқымысты болып, ұқыпты да әдемі киініп, көліктермен жүруін қиялдайды. Ана қиялын ұлдарынан жасырмайды.
— Біз де сондай күнге жетер ме екенбіз?- деп балаларына күрсіне қарады.
— Егер бәріміз бірлесіп, жұмыс істеп, тіршілік жасасақ, ол күнге де жету қиын болмас – деп балалары аналарын жұбатқандай болды. Анасының қиялын шындық өмірге айналдыруға екі ұлы бар күштерін жұмсайды. Ертемен тұрып, жер жыртып, астық егіп, қаржы жинайды. Оқып, білім алады. Жұпыны үйдің орнына әсем де биік үй тұрғызады. Оның жанынан анасының қиялындағыдай шеберхана салады. Шеберханадағы станоктарда көздің жауын алатындай тұрмыстық бұйымдар дайындалады.
Ана балаларына, өмірге риза болып, көзіне қуаныштан жас алады. Қиялының арманға ұласып, арманының орындалғаны үшін өмірге алғыс айтады. Ел оларға қызыға да, қызғана да қарайды.
• Ана қиялының астарында қандай ақиқат жатыр еді?
• Қандай қасиеттер арқылы балалары анасының қиялын іске асырды?
• «Бірлік түбі — тірлік» дегенді қалай түсінесіңдер?
• Бірлігі жарасқан адамдардың бойынан қандай құндылықтар мен қасиеттер көрінеді?
• Өздерің аналарыңның арман-қиялын іске асыру үшін қандай әрекет жасап жүрсіңдер? Әңгімелеп беріңдер.